"ҚОЛЫМДЫ ҚАЙЫРЫП ӘКЕТІП, ҮШ САҒАТТАЙ ҚОРЛАДЫ"
Қазақстанда билікке наразылық акцияларына байланысты айыпталып, сотқа тартылған ондаған азамат пен танымал кәсіподақ жетекшілерін қорғаған адвокат Төлеген Шайықов көлік ұрлығы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде полиция тергеуінде болғанын айтады. Адвокат "кәсіби қызметіме бола қысым көріп жатырмын" деп санайды.
Іс материалдарына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны көлігін біреулер айдап әкеткені туралы полицияға шағым түсірген. Ертеңіне, қазанның 27-і күні полицейлер Нұр-Сұлтанда табылған көлік маңынан адвокат Төлеген Шайықовқа тиесілі үш жыл бұрынғы құжаттарды тапқанын адвокатқа телефонмен хабарлаған.
- "Үйіңіздің қасынан көлік таптық, шығыңыз" деді. Телефонымды алып үйден шыққаным сол еді, қолымды қайырып, Алматы ауданындағы полиция бөлімшесіне апарды. Үш сағаттай қорлап, киімімнен тартқылап, телефонға түсіріп, мені "блогер" деп атады. Құқық қорғаушыларды қорғағанда үнемі қоқан-лоқы көресің. Мені бұған дейін әкімшілік сотта жауып тастаған, қорқытып-үркіткендері диктофонымда сақтаулы тұр. Сес көрсеткендер – полицейлер, - дейді адвокат.
Полиция ұрлық ісі бойынша куәгер ретінде жауап алған Төлеген Шайықов бұл істі өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады. Адвокат Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында ұсталардан бір күн бұрын сотта шеруге шыққаны үшін жауапқа тартылған белсендіні қорғағанын жазған.
Қазақстандағы белсенді адвокаттар бұл істі сынап, Төлеген Шайықовқа ара түсіп жатыр. Оның адвокаты Әсел Тоқаева полиция Шайықовтың құқығын бұзған деп есептейді.
Оны жібермей, тергемей, ешқандай тергеу амалдарын жүргізбей ұстап отырған. Яғни, адвокаттың құқығы бұзылған.
- Оған қорғалуға хақы бар куәгер статусын еш негізсіз берген. Бұл оқиға Шайықов (26 қазанда митингіге шыққан) белсенділерді қорғаған күннің ертеңіне болған. Оны жібермей, тергемей, ешқандай тергеу амалдарын жүргізбей ұстап отырған. Яғни, адвокаттың құқығы бұзылған, - дейді Тоқаева.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті "істің астары бар" дегенді жоққа шығарады.
- [Төлеген Шайықовқа] ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Бір істі ашу барысында ол кісі полиция бөлімшесіне куәгер ретінде шақырылған болатын. Қазір ол қылмыс ашылды. Енді ол кісіге полицияға келіп жауап берудің еш қажеті жоқ. Қолға түскен күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова.
"ҚОРҒАУШЫЛАРҒА ҚАТЕР ТӨНУІ ЖИІЛЕДІ"
Қазақстандық адвокаттар өздеріне қысым жасалатынын ұдайы айтып келеді. Құқық қорғаушы Айман Омарова биыл маусымда өзі жоқта үйіне әлдекімдер кіріп, итін өлтіріп кеткенін хабарлаған. Алматылық адвокат Жохар Өтебеков билік өкілдерінің бірнеше рет өзін жұмыстан шеттетуге тырысқанын айтады.
Олар адвокаттарға өз ой-пікірін айтатын азаматтарды қорғаушы болма дегендей емеурін жасайды.
Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның заңгері Маргарита Ходус "соңғы жылдары адвокаттарға қысым күшейіп келеді" дейді. Оның сөзінше, қорғаушылар көбіне сот пен полицияның қырына ұшырайды.
- Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстандағы адвокаттар қауіпсіздігіне байланысты ахуал Орталық Азияның басқа елдерінен мүлде өзгеше болатын. Бірақ соңғы жылдары қорғаушыларға қызметіне байланысты жиі қатер төнетін болды. Қазақстанда адвокаттарға төнетін қауіптің 48 түрі бар. Көбіне оларды лицензиясынан айырады, не айыруға тырысады. Екінші орында – әлдебір қылмысқа күдікті қылу. Осылайша олар адвокаттарға өз ой-пікірін айтатын азаматтарды қорғаушы болма деген емеурін жасайды, - дейді Маргарита Ходус.
"Қадір-қасиет" құқық қорғау ұйымының дерегінше, Қазақстанда соңғы сегіз жылда 76 адвокаттың өміріне түрлі қауіп-қатер төнген. Екі жыл бұрын билік адвокаттар туралы заңға өзгеріс енгізіп, іс кезінде олардан куәгер ретінде жауап алуға мұрсат берген. Қорғаушылар мұны "тәуелсіз адвокаттарды жуасыту тәсілі" деп атаған. Билік адвокаттарға қысым жасалатынын жоққа шығарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адвокаттар заң жобасынан шектеу көреді