Мәжіліс залынан шыққан соң Әділет министрі Марат Бекетаев журналистерге заң жобасынан ОБСЕ де "жалпы алғанда позитивті жақтарын көретінін айтты" деді.
- ОБСЕ-нің қортындысын оқыған кезде тек ескертулерге назар аударасың. Заң жобасы бойынша негативті баға бергендей әсер қалдырады. Бірақ олардың қорытындысын дұрыстап оқыса, мәтіннің басында және соңында жалпы позитивті баға бар және олардың ескертпелері соңынан ашылады, - дейді Марат Бекетаев.
Бекетаев тезиске байланысты қазіргі адвокаттық жүйе мен құқықтық көмек тиімді дегенмен келіспейтінін айтады.
- Республика бойынша жалпы деңгей төрт мың адамға - бір адвокат. Ресейді алсақ, осыған ұқсас көрсеткіш, 1900 тұрғынға - бір адвокат. Еуропа мен Америкада бұл сан 400 мыңнан басталады, яғни, адвокаттар арасында үлкен бәсекелістік. Жеке облыстарды қарастырсақ, Маңғыстау облысында, мысалы, 12 мың адамға бір адвокат, – дейді Марат Бекетаев.
Былтырғы желтоқсан айында Халықаралық заңгерлер комиссиясы (International Commission of Jurists, ICJ) заң жобасының бірқатар нормаларына қатысты алаң білдіріп, "құжат осы күйінде қабылданса, адвокаттардың тәуелсіздігі шектеліп, олардың өзін-өзі басқаратын ұйым құру мүмкіндігінен айырылатынын" мәлімдеген.
Комиссия өкілдерінің ойынша, атқарушы билік Қазақстан адвокаттар алқасының тәртіптік рәсіміне араласпауы керек. Себебі араласпау кез келген қауымдастық тәуелсіздігінің негізі саналады.
Дауысы басымдыққа ие төраға адвокаттар қатарынан болады. Мен бұл жерде адвокаттар үшін айтарлықтай тәуекел көріп тұрған жоқпын.Марат Бекетаев
Парламентке түскен жаңа заң жобасына адвокаттардың әрекетін алқа ғана емес, судьялар мен Әділет министрлігінің өкілдері де бағалайтын тәртіптік комиссияның жаңа құрамын енгізу ұсынылған.
Бекетаевтың ведомствосы бұл сұрақ бойынша халықаралық тәжірбиеге сілтеме жасайды: Әділет министрлігі еуропалық елдерде аталған тәртіптік комиссиялардың құрамында мемлекет өкілдері болады деген тәжірибе бар деп сендіреді.
- Комиссия құрамы жайында айтатын болсақ, онда алты адвокат, үш уәкілетті органның өкілі, отставкадағы екі судья өкілі, яғни, алтыға бес (адвокаттар пайдасына). Дауысы басымдыққа ие төраға адвокаттар қатарынан болады. Мен бұл жерде адвокаттар үшін айтарлықтай тәуекел көріп тұрған жоқпын, - деді Бекетаев.
Заң жобасын талқылау барысында мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин уәкілетті орган қызметкерлерінің орнына адвокаттардың тәртіптік комиссиясының құрамына қоғам өкілдерін енгізуді ұсынды.
Мұнымен қоса ол заңдық қызмет пен заңды көмек көрсетудің ақсауына "аймақтардағы президиумдарда ондаған жыл бойы адвокаттар алқасын өзгеріссіз басқаратын адамдардың отыруы" себеп екенін айтты.
- Маңғыстау облысында облыстық алқаның төрағасы орын ауыстырмастан 25 жыл, Алматы облысында 27 жыл, Атырау облысында 31 жыл отыр, мұнымен бітпейді: ақтөбелік бәрін асып түсті – 33 жыл. Бұл нені білдіреді? Бұл тұрғындарға заңды көмек көрсету саласында бәсекенің жоқтығын көрсетеді. Бәлкім, әлгі адамдар кәсіпқой шығар, ол адамдардың тәжірбиелі екеніне күмән жоқ. Бірақ қазір бәсеке көп нәрсені шешетін заман. Заңды көмек көрсету саласында шынай бәсеке болуы керек, - деді Нұрлан Нығматулин.
Бұдан басқа, парламенттегі талқы кезінде заң жобасы жас заңгерлерді алқаға өту жарнасынан босататыны, ал олардың басшылары орнында төрт жылдан артық отырмайтыны сөз болды.
Астаналық адвокат Төлеген Шаиков мемлекеттік адвокатураға енгізілген жаңашылдықтан қауіптенетінін айтады. Ол заң жобасы қазір қандай күйде екенін білмейді, мемлекет адвокаттар алқасының жұмысына араласуы дұрыс емес деген ойда.
- Адвокаттар алқасы – бұл қоғамдық ұйым және олардың қызметіне араласуға Конституция тыйым салады. Бірақ бізде конституциялық соттың жоқтығын ескерсек, ешқайда жүгіне алмаймыз. Ал Конституциялық кеңеске құқығы барлар, мәселен, депутаттар ғана жүгіне алады, - дейді Төлеген Шаиков.
Адвокаттың сөзінше, барлық заңгерге арнап бірыңғай стандарттар жазу мүмкін емес. Өйткені адвокатураны бағалау маманның тәжірбиесіне, беделіне, мекеніне байланысты.
Адвокат Сергей Сизинцевтің пікірінше, заң жобасына қатысты мәжілістегі жұмыс тобы олардың көптеген ұсыныстарын ескермеген. Оның сөзінше, заң жобасы мемлекеттік реттеуді және адвокатураның тәуелсіздігіне араласуды күшейтеді.
- Адвокатураның ішкі актілерін мемлекеттік органдармен келісу мен адвокаттар қызметін мемлекет тарапынан бақылау орынсыз болуына байланысты алып тастауды ұсынамыз. Өйткені адвокатура тәуелсіз және өзін-өзі басқаратын ұйым, - дейді Сергей Сизинцев.
Оның пайымынша, заң жобасы қабылданса, адвокаттар мемлекетке тәуелді бола түседі және өз клинетінің мүддесі үшін қажетті ымырасыздық қағидасын сақтай алмай қалады. Бұдан өзге ол қазірдің өзінде мемлекеттік тетікке жақын көп тұлғалар тарапынан адвокаттардың қысымға ұшырайтынын айтады.
- Біздің айтқанымыздай егер заң халықаралық ұстанымдарды бұзып қабылданса, онда бірінші кезекте тұрғындардың өздері әлсіз болады. Өйткені оларда жалтақтамай қимылдай алатын, өзінің принципшілдігі үшін "жазаланудан" қорықпайтын тәуелсіз қорғаушы болмайды, - дейді Сергей Сизинцев.
Былтырғы қазан айында 500-ден астам адвокат "Адвокат қызметі мен заңдық көмек туралы" заң жобасын Әділет министрлігі ұсынған түрінде қабылдауға боламайтынын айтып Қазақстан премьер-министріне хат жазған еді.