Қазіргінің қарты қандай адам? Бақытты қарттық ұғымы өзгерді ме?

Your browser doesn’t support HTML5

Немере бағушы ма, хоббиін дамытушы ма? Қазақстанда қарт болудың ерекшелігі қандай? Азаттық видеосюжеті

Қазақстан халқының 12 пайызға жуығы – зейнеткер. БҰҰ классификациясы бойынша, халқының 7 пайызынан көбі 60 жастан асқан адамдар болса, ол ел қартаюшы санатына енеді. Қарттықты немере бағып, той-жиында бата беру деп қабылдайтын қоғамдағы дәстүрлі түсінік кейінгі жылдары өзгерген. Қазіргі қарттардың көбі әлі де белсенді, бойындағы күш-жігерін пайдалы жұмсағысы келеді. Әлеуметтанушылар олардың бұл ресурсын тиімді пайдаланған жөн дейді.

Астананың іргесіндегі Жібек жолы ауылында тұратын Күлән Мадиярова, аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері Астанадағы Нұра ауданына қарасты "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына" жолға шығады. Барып-келуіне кететін төрт сағат та кедергі емес. Ұқыптылыққа жаны жақын 78 жастағы зейнеткер шағын қызыл сөмкесіне ішетін суын, орамалы мен көйлегін бүктеп салып алды. "Спорт киімі жолда ыңғайлы. Ал орталықтағы хорда ән салғанда көйлек кимеймін бе?" деді ол жымиып.

"Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында" отырған адамдар. Астана, 17 қыркүйек, 2024 жыл.

Орталықта абыр-сабыр жұрт: бірі йога кілемшесін қолтығына қысып ұстап, екінші қабатқа көтеріліп барады, енді біреулер рюгзагын асынып, арт-терапияға келген, тағы бірі – шахмат үйірмесі басталатын сәтті күтіп отыр.

– Мұнда мыңға жуық зейнеткер келеді. Алпыстан асқандардан бастап, ең үлкені – 92 жаста. Оннан аса үйірме, клубтар бар. Бәрі белсенді. Жақында "Көшпенділер ойындарында" тіпті ерікті болып қайттық, апаларым келген қонақтарға жөн сілтеп, көмектесті, – деді орталық қызметкері Ләззат Өтеғұлова.

Күлән Мадиярова мұндағы хордың белді мүшесі, арасында өзі жазған әндерді де шырқайды. Одан бөлек жаттығулар жасап, әдеби-мәдениет клубында ақындар шығармаларын оқып, өздері ізденіп тапқан мәліметтерді бөлісіп, көппен бірге талқылайды.

– Ұлы тұлғаларды, ақын-жазушыларды, солардың өмірін, шығармашылығын талдаймыз. Көп нәрсені өзіміз де білмей жатырмыз ғой. Білгенімізден білмегеніміз көп. Өткен жолы Мағжанның шығармашылығын талдағанбыз. Осы сабағымызда Мағжанның өлеңдерін оқимыз, – деді "Ұлағат" әдеби-мәдениет клубының төрайымы Рауза Есмұрзина.

Зейнеткер Күлән Мадиярова. Астана, 17 қыркүйек, 2024 жыл.

Күлән Мадиярова орыс тілінде білім алған. Бірақ қазақ әдебиетіне жақын болдым дейді өзі. Зейнетке шыққан соң, өмірі мен отбасы жайлы естеліктері мен көкейіндегі ойларын қағазға түсіріп, кітап шығарған. Жарынан ерте айырылған әйел төрт баласын өзі жеткізгенін айтты.

– Төрт баламды оқыттым, диплом алып шықты. Біреулер бала-шағасына мирас қылып супермаркет сияқты дүниелер қалдырып жатады, ал менің қалдыратыным – осы кітап, менің барым осы. Арманым – тағы бір кітап жазу, оған үлгерсем әрине, – деді қария.

"КӘРІЛІК ЖАЙЛЫ ЕСКІ КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТУІМІЗ КЕРЕК"

Қарттық кезең мәселелерін зерттеп жүрген әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек әдемі қарттық – отбасымен ғана бірге болу емес дейді. Қазір денсаулығы жақсы қарттар мүмкіндігінше өзіне көңіл бөліп, қоғамдық істерге араласуды жөн көреді. Ал қоғам кейде ондайға қарсы боп жатады дейді ол.

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек

– Біздің қоғам қарттарға "сен қариясың" деп айтып тұрғаннан кейін олар не істерін білмейді. Мысалы, сәнді киінгісі келсе, қоғам сынынан кейін дәстүрлі әже бейнесіне сай жабық киім киюге тырысады. Сондықтан біз кәрілікке деген көзқарасты өзгертуіміз керек, – деді Әйгерім Жақыпбек.

Оның пікірінше, ондай өзгеріс жасайтын алғашқы қадамды қазір қоғам көп пайдаланатын әлеуметтік желіден бастаса да болады.

– Қарияларды тек ата-әже рөлінде, қымыз-қымыранды, ұлттық салт-дәстүр, нақыштарды насихаттаушы ретінде ғана көрмей, олардың белсенділігін дәріптесек, ата-әжелер "жұрт мен туралы не ойлайды" деген ойдан арылады. Біз кәрілікке деген жалпы қатынасымызды өзгертсек, олар белсенді бола алады, олар өмірлік тәжірибесінде бар жинаған ресурстарын ұрпаққа әрі қарай беріп, қоғамда бақытты қарттар саны көбейеді деп ойлаймын. Тек қана немере бағушы, немесе бір отбасындағы балаларды ғана тәрбиелеуші емес, барша қоғамды тәрбиелеушіге айналады, – деді Әйгерім Жақыпбек.

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ КІМДЕР ТҰРЫП ЖАТЫР?

Егде жастағылар мәселесін айтқан кезде қарттар үйін айналып өту қиын. Бүгінде қарт адамға қарайласатын 280 ұйым бар. Онда 19 мыңға жуық адам тұрады. Мәселен, Астанадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 70-тен аса адам бар. Қазақстандағы дәстүрлі отбасыларда қарттар үйінде тұру ұят саналғанымен, ондағылардың көбі ол жерге өз еркімен келгенін айтады.

Астана қаласының тұрғыны Жанболат Бейсенбаев. 17 қыркүйек, 2024 жыл.

– Шалдардың "кемпірімнің алдында кетейін" дегені бар ғой. Сол сияқты, әйелі өмірден өткеннен кейін ер адамға қиындау болады. Мен қазір жүріп жүрмін, ал ауырып, күнің біреуге қарап қалса, онда қиын ғой. Кемпір болса, көмектесер. Ал енді келінге қарасаң, қиын. Сол үшін келген де дұрыс бұл жерге. Мұнда бар жағдай бар, – деді қарттар үйінде он жылға жуық тұрып жатқан Жанболат Бейсенбаев.

Қазақ қоғамында қарттар үйі қанша стигмаланса да, ондай үйлер әлі де бола береді. Әлеуметтанушының сөзінше, мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – елдегі патриархалды қоғам. Үй шаруасында әйел толықтай жұбайына қызмет етіп, ері одан айырылып қалған жағдайда өзіне күтім жасауға шамасы келмей жатады дейді ол.

– Біздің дәстүр, әдет-ғұрпымыз кәдімгідей әсер етеді қария адамның қарттар үйінде болуына. Мысалы, "қазақта, мұсылманда қыздың үйіне барып, күйеу баланың қолына қарау – ұят" деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті қарттар үйін таңдайды. Сосын бір себеп – миграция. Ауылдан қалаға көшу, қаладан үлкен қалаға көшу деген секілді. Туған жерінен алыстағысы келмеген қарттар, бала-шағасы үлкен қалаға кеткесін өзі қарттар үйін таңдайды. Одан кейін бір проблема – ажырасу, әсіресе ер адамға ажырасу үлкен себеп. Бізде ерлі-зайыпты ажырасқан кезде заң балаларын анасымен қалдыруға тырысады. Ананың қасында өскен бала әкеге өкпелі болуы мүмкін. Содан ер адам егде жасқа келгенде баласына бара алмайды, себебі баласы оны қабылдай алмайды. Ал әйел адам ұлға да, қызға да сия береді. Бірақ қарттар үйіндегі апалардың басым көпшілігі бала туа алмай, баласы бар ер адамға тұрмысқа шығып, кейін ері қайтыс болған соң өгей балаға керегі болмай қалғандар, – деді Әйгерім Жақыпбек.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ӨССЕ ДЕ, КҮНКӨРІСКЕ ЖЕТПЕЙДІ

Қазақстандық қарттардың бірі – отбасында, бірі – қарттар үйінде тұрып жатса, бала-шаға қамымен зейнетке шықса да жұмыс істеп, күнін көріп жүргендер де аз емес. Оған зейнетақының аздығы итермелейді.

Астанадағы базарда үйдің тағамын сатып жүрген Гүлнар Хамитқызы зейнетақысы ішіп-жемнен артылмайтынын айтты.

Астана қаласының тұрғыны Гүлнар Хамитқызы. 17 қыркүйек, 2024 жыл.

– Алып отырған зейнетақым 46 мың теңге (шамамен 96 доллар), амал жоқ, осы базарға келіп сатам. Қызым Қояндыда тұрады, жұмыртқасы, тауығы бар, мынау бақшаға отырғызған [көкөністер], тағам істеп, сатамын. Енді 46 мыңға өмір сүру өте қиын ғой. Алты жыл бұрын 26 мың теңге базалық [мөлшерлемемен] зейнетке шыққам, алты жылда маған 20 мың қосылды, үкіметтен, сонымен 46 645 теңге қазір зейнетақым. Маған көбі "қартайдыңыз, неге шығасыз жұмысқа, балаларыңыз сізге қарамай ма?" дейді. Балалардың да өз балалары бар ғой, осыған да тәуба, – дейді Гүлнар Хамитқызы.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда орташа зейнетақы – 165 968 теңге (345 доллар) болса, ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге (120 доллар). Елде мұндай төмен зейнетақы алатын 2128 зейнеткер бар.

Көшеде жұрттан қайыр сұрап отырған қарт әйел. Азаттық архивіндегі фото.

– Кейінгі жылдары қарттардың зейнетақысы өсті. Дегенмен, біздегі қарттар алатын зейнетақы қарт адам тұтынатын тауарлар сатып алуға жетпейді. Әрбір қарттың үйіндегі дастарханды қарасаңыз, онда май тұруы мүмкін, шай, нан, тағы да ыстық тамақ тұруы мүмкін, дастарханында одан артық ештеңе болмайды. Бұл олардың экономикалық жағдайының көрсеткіші, – деді әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек.

Экономикалық жағынан кез келген елге зейнеткерлер салмақ түсіреді. Дегенмен Қазақстанда еңбекке қабілеттілер саны жеткілікті болғандықтан, яғни еңбекке қабілетті 100 адамға зейнет жасындағы 14 адамнан келетіндіктен, әзірге бұл салмақ онша сезілмей тұр дейді маман.