"Арал теңізінің кебін киюі мүмкін". Каспий жағадан ұзап барады

Каспий теңізінің жағасында тұрған адамдар. Маңғыстау облысы Ақтау қаласы. 15 маусым, 2023 жыл.

Каспийдің тартылуына байланысты Ақтауда маусымның басында енгізілген жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі тамызға дейін жалғаспақ. Бес мемлекет суын пайдаланып отырған теңіздің жағдайы өте күрделі екенін билік өкілдері растайды. Жергілікті халық барған сайын жағалаудан ұзай түскен Каспийдің мәселесін дереу шешпесе, ол Арал теңізінің кебін құшуы мүмкін деп алаңдайды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жағалау алыстап барады". Каспийдің қазіргі күйі қандай?

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МЕН АПАТ

200 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтау қаласы суды Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей мен Түркіменстан бірге пайдаланатын Каспийден алады. 7 маусымда Ақтау әкімдігі теңіз тартылып жатқанын, су деңгейі қатты төмендеп, жағалаудан алыстап кеткенін айтып, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған. Билік бұл шара Ақтаудағы Маңғыстау атом энергия комбинатының (МАЭК) жұмысына әсер етпейді деп мәлімдеген. МАЭК теңіз суын тұщытып, өңірдегі үлкенді-кішілі елді мекендерді ауыз сумен қоса техникалық сумен, жылумен, электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Маңғыстау атом энергия комбинатына Каспий теңізінен су келетін канал. Ақтау, 18 маусым, 2023 жыл.

3 шілде күні қазандыққа келіп тұратын тоқтың күрт өсуіне байланысты МАЭК-тің №1 энергия блогы істен шығып, жұмысы тоқтады. Апат салдарынан Маңғыстау өңіріне қоса көрші Атырау облысында да жарық сөніп, мыңдаған адам ауыз сусыз қалды. "Атырау мұнай өңдеу зауытында" (АМӨЗ) электр қуаты өшіп, бір мұнарада өрт шықты. Кейін АМӨЗ-де де апат болып, өндіріс орны жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазақстанның батысындағы бірнеше мұнай кәсіпорнының жұмысы жартылай және толық тоқтатылды.

Апаттан соң күндіз-түні жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін үкімет МАЭК жұмысы қалпына келтірілгенін, "кінәлілер жауапқа тартылатынын" хабарлады. Бірақ МАЭК-тегі апат болған блокта бұдан кейін де ақау шығып, тағы бір күн жұмысы тоқтады.

ТЕҢІЗ СУЫНА БАЙЛАНҒАН МАЭК

Мамандар ХХ ғасырда біресе төмендеп, сосын қайта көтерілген Каспий деңгейі 2005 жылдан бастап түсе бастағанын айтады. Қазір Каспий суы Балтық теңізі деңгейінен 29 метр төмен.

Маңғыстау атом энергия комбинаты Каспий суын тұщытып, өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қоса техникалық сумен, жылумен, электр қуатымен қамтамасыз етеді. Ақтау, 15 маусым, 2023 жыл.

Ақтау тұрғындары бір кездері толқыны ернеуінен асатын Каспий кейінгі жылдары жағалаудан едәуір ұзап кетті дейді. Кей жерде су жағадан 30-60 метрге, енді бір тұсында 100-200 метрге дейін шегінген. МАЭК Каспийден су алатын каналдың бойы да теңіз жағасынан алшақтай түскен.

МАЭК жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Игалиевтің айтуынша, 2005 жылы комбинатқа су келетін каналдың 590 метрі теңізге кіріп жатса, қазір 145 метр ғана суда тұр. Теңіз бұлайша алыстай берсе, канал мүлде сусыз қалып, комбинаттың жұмысы тоқтап қалу қаупі төнеді.

Игалиев мәселенің алдын алу үшін канал бойы мен оның теңізге қосылатын арасын тазалап, түбін тереңдету қажет деп есептейді. Жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізетін мердігерді тезірек анықтау керегін айтады. Игалиевтің сөзінше, теңіз экожүйесіне зиян келтірмейтіндей қандай техника құралдарын пайдаланған дұрыс екенін анықтау үшін теңіздің деңгейін, тереңдігін анықтап, түбін зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

МАЭК бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Игалиев теңіз бұлайша алыстай берсе, комбинат жұмысы тоқтап қалу қаупі төнеді дейді. Ақтау, 15 маусым, 2023 жыл.

– Бас-аяғы бізге 1400 метр жерді зерттеу керек. Теңізге дейінгі 870 метр су жинайтын канал бізге қарайды. Ал, ары қарай теңіз акваториясын тексеру үшін бас кеңсесі Атырауда орналасқан Жайық-Каспий бассейні инспекциясынан рұқсат алынуы тиіс, – дейді Игалиев.

Былтыр қыста теңіз жағалауына қоса МАЭК-ке су келетін канал да қатып қалып, өндіріс қуатын азайтуға мәжбүр болған. Мамандар теңіз суының қатуын Каспий деңгейінің азаюымен байланыстырады. МАЭК басшылары биыл қыста су тағы қата ма деп алаңдап отыр.

"ЖАЙЫҚ САҒАСЫ БІТЕЛУГЕ ЖАҚЫН"

Жайықтың теңізге құяр сағасы Каспийдің ең тайыз деген солтүстік бөлігінде – Атырау облысында орналасқан. Халық ол сағаны "теңіз тамағы" деп атайды. Қазір осы саға да тайызданып барады дейді жергілікті белсенділер. Бұл проблема өзенге балықтың жаппай кіруіне кедергі болып отыр.

Атырау облысы бойынша 25 мамырдан 31 тамызға дейін теңізде кәсіпшілік мақсатпен балық аулауға тыйым салынған. Бұл – балық уылдырық шашатын уақыт. Көктемде Каспийден өзенге уылдырық шашуға келген балық кейін теңізге қайтады.

Жайық өзені. Атырау өңірі.

"Жайық-Каспий" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсиннің айтуынша, жақында теңіз тамағын өлшеген кезде кей тұсында су тізеден төмен түскені байқалған. Кей жерде судың тереңдігі – 25-65 см. Орташа тереңдігі – 50 см.

Былтыр да осы уақытта осы шамалас тереңдік тіркелген. Ғайсин мұндай проблема 2021 жылдан бері бар екенін, бірақ биыл қатты білініп отырғанын айтты. Оның сөзінше, былтыр күзде балық кәсіпшіліктерінің су кемелері теңізге шыға алмай, өзенге кіре алмай қалған. Биыл көктемгі балық аулау маусымында да Каспийге шыға алмаған. Шекара қызметкерлері де теңізге шыға алмапты.

– Биыл Жайыққа су көптеу келгенінің арқасында теңіз бен екі ортада аз да болса су бар. Бірақ теңіз тартылып барады. Егер биыл теңіз тамағы тереңдетіліп қазылмаса, қыста өзенде балық болмай қалуы мүмкін, – дейді Нұрлыбек Ғайсин.

"РЕСЕЙ ҚУЛЫҚҚА БАСЫП ОТЫР"

Ақтаулық белсенді Азамат Сәрсенбаев бірнеше жылдан бері Каспийдің тартылып бара жатқаны айқын байқалатын көріністерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялап, проблемаға көптің назарын аударуға тырысып жүр. Азамат бала күнінде асыр салып ойнаған жағадан теңіз алыстап, көз алдында тартылып бара жатқаны жанға бататынын айтады.

– Міне, дәл қазір біз үстінде тұрған тастарға жету үшін он жыл бұрын 200 метрдей жүзіп келетінбіз. Ал қазір көріп отырғаныңыздай, жаяу келеміз, – дейді ол.

Жергілікті белсенді Азамат Сәрсенбаев теңіз жағадан алыстап, көз алдында тартылып бара жатқанын айтады. Ақтау, 16 маусым, 2023 жыл.

Белсендінің пікірінше, Каспийге құятын өзендердің бойында ондаған жылдың көлемінде пайда болған өте көп суқоймалары мен өндіріс орындары да теңіздің тағдырына әсер етіп отыр.

– Үлкендер Каспийдің суы 1977 жылы да тартылып, кейін орнына келген, бұл – теңіздің тынысы дейді. Бірақ ол кезді қазіргімен салыстыруға бола ма? 1977 жылы халық саны аз болды, Еділ мен Жайық өзендерінің бойында да өнеркәсіп орындары шамалы болатын. Қазір түгелдей суқоймаларын салып тастаған. Олар да тартылып жатыр. 50 жылда қаншама нәрсе өзгерді. Суды қалай пайдаланып жатырмыз, мәселе соған да байланысты, – дейді Азамат.

Белсенді Қазақстанда Каспий мәселесімен кәсіби деңгейде тыңғылықты айналысып жатқан ешкім жоқ деп налиды. "Бәрі Ресейдің ғылыми зерттеулеріне сүйенеді" дейді ол.

Жергілікті халықты Каспий теңізінің жағадан алыстап бара жатқаны алаңдатады. Ақтау қаласы. 15 маусым, 2023 жыл.

Азамат биыл жазда Әзербайжанда болып, Бакуде теңіздің жағасында тұратын қарапайым тұрғындармен сөйлесіп, жағдайды көріп қайтыпты. Ол жақта да теңіздің тартылып жатқаны анық байқалады дейді белсенді.

– Өзім сөйлескен байырғы тұрғындар теңіз жағадан бір жерде 50 метр шегініп, деңгейі 2 метр төмен түсіп кеткенін айтты. Тағы бір үлкен кісі теңіз 20-30 жылдан бері түсіп жатыр дейді. Ескі қаладағы ертеректе тұрғызылған "Қыз мұнарасы" маңында да су мол кеткен. Жағажайлардан да су 100 метр алыстаған. Бизнесмендер сәкілерді жыл сайын жағаға жақындатып жылжытып отырады екен, – дейді Азамат Сәрсенбаев.

Ол келешекте Каспий жағалауындағы қалған үш мемлекетке де барып, олардағы теңіздің жағдайын көзімен көріп, салыстырғысы келеді.

Маңғыстаулық экобелсенді Қажымұрат Хайрушев.

"EcoJer" қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Қажымұрат Хайрушев теңіздің тартылып жатқанын анықтау үшін оның астында қандай өзгерістер болып жатқанын зерттеу керек деп есептейді.

– Каспийге қанша көлемде су келіп, қаншасы кетіп жатқанын, буланып жатқан су көлемі қанша екенін білу керек. Қарабұғаз шығанағына қанша су кетеді, оны ешкім айтпайды. Теңіздің астындағы құбылысты зерттеу керек. Бакуден бастап Түркіменстанға дейін теңіз астындағы тау құрылысы процестері жүріп жатыр. Мүмкін теңіз астындағы жер көтеріліп не төмен түсіп жатқан шығар? Жер көтерілсе теңіз суы да көбейіп, төмен түссе азаюы мүмкін. Егер теңіздің неден азайғанын нақты біле алсақ, әрі қарай қандай шаралар қабылдау керегі белгілі болады, – дейді бұрын бірнеше жыл облыстық төтенше жағдай департаментін басқарған Хайрушев.

Бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев. Алматы, 2 шілде, 2023 жыл.

Қазақстанның бұрынғы су шаруашылығы министрі, гидротехник Нариман Қыпшақбаев Азаттыққа сұхбатында Қазақстан үкіметін трансшекаралық өзендер мәселесінде Ресейдің шылауында кетіп отыр деп сын айтқан.

– Мысалы Жайықтың жылдық су қоры 11 миллиард текше метр су. Соның 7-8 миллиарды Каспийдің үлесі. Қалған үш миллиарды Ресей мен Қазақстанның халық шаруашылығының үлесі. Енді қазір [экология министрлігіне қарасты] трансшекаралық өзендер жөніндегі департамент "біз өз суымызды алып жатырмыз" дейді. Жаңа құжатқа қол қойған. Енді мұндағы Ресейдің қулығын қараңыз. Ресей "Қазақстанның үлесін шекарада береміз" деген. Оған біздің мамандар қол қойған. Бұрын мен қол қойған кезде "Каспийге баратын су үшін екеуіміз де жауап береміз, себебі Каспий екеуімізге ортақ. Сондықтан суды сен шекарадан бермейсің, шекарадан маған алып келесің. Екеуіміз бірге айдап, Каспийге жеткіземіз" деп келіскенбіз. Егер Каспийге су келмесе, онда Ресейден "Каспийдің суы қайда?" деп сұрайтын едік. 7 миллиард текше метр Каспийдің суы келіп тұрса, онда қазір ана Жайықты шалбардың балағын түріп алып жалдап өтетіндей болмас еді, – деп қынжылды тәжірибелі су маманы.

Your browser doesn’t support HTML5

Нариман Қыпшақбаев: Трансшекаралық өзендер тартылған жоқ, Қазақстан тек өз үлесін ала алмай отыр

ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІНІҢ ПІКІРІ

Қазақстанның экология министрі Зүлфия Сүлейменова Каспийге құятын өзендердің ағысы төмендегенін, теңіздің экожүйе ретіндегі жағдайы "өте күрделі" екенін айтып, егер тұрақты су болмаса, тартылып қалу қаупі барын растаған.

"Қазір Каспийге құятын өзендердің жай-күйін көріп отырмыз және кез келген азаю, өзгеріс, реттеулер тікелей әсер етеді. Тағы бір мәселе – климаттың өзгеруі де өзендердің гидрологиялық режимдеріне әсер етеді. Кейінгі бірнеше жылда су тартылып жатқаны байқалады. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі ең таяз болып саналады, сондықтан біз сыртқы экзогендік фактор ретінде климаттың өзгеруі мен реттеу қызметінің салдарын бірінші болып көріп отырмыз. Өкінішке орай, проблема бар", – деген Сүлейменова өткен айдың басында.

Каспийдің тартылуы экологияға кері әсерімен бірге жағалаудағы елдерге аса ауыр экономикалық шығын әкелмек. Сондықтан мәселені шешудің тиімді шарасын бес мемлекет бірлесіп қабылдауы қажет дейді үкімет өкілі.

ТУРИЗМ ЗИЯН ШЕГІП ЖАТЫР

Биыл Каспий жағалауында теңіз балдыры көбейген. Кей жерде жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Жеке кәсіпкерлер өз аумағындағы балдырды өз күшімен тазартады. Ақтауға қыдырып келген қала қонақтары жағаға таяу жерде су бетінде пайда болған тастарға шығып, фотоға түсіп жатыр. Тас үстіндегі адам теңіздің ортасында тұрғандай көрінеді.

Каспий жағалауында жүрген адамдар. Ақтау, 15 маусым, 2023 жыл.

Ақтауда туып-өскен Самат Товморинов сапсерфингке арналған тақталарды жалға берумен айналысады. Кәсіпкер жыл сайын тартылып жатқан теңіздің балығы да азайып бара жатқанын айтты.

– Егер бұрын теңізге екі аттап барып шықсам, қазір терең тұсына жету үшін жағадан 15-20 метр ұзауым керек. Тақтаға тұру үшін теңіз асты тайыз болмау керек. Теңіз тартылған соң астындағы құм да шайылып, түбі тас болып жатыр. Көп проблема экожүйеге де қатысты болар. Бала кезімізде майшабақ пен шаянның түр-түрін аулайтынбыз. Қазір олар жойылып барады. Үлкендер теңіз қайтып келеді дейді, бірақ қайдам, оған сену қиын, – дейді Товморинов.

Ол Каспий мәселесін тезірек шешпесе, арты үлкен апатқа ұласуы мүмкін деп есептейді. "Каспийдің ең тайыз солтүстік бөлігі бірінші болып Аралдың кебін киеді, теңіздің бұл бөлігінің орташа тереңдігі 4 метр ғана" дейді ақтаулық кәсіпкер.

Каспий теңізінің жағасында. Ақтау қаласы. 15 маусым, 2023 жыл.

Сергей Кулькин – Каспий жағалауында 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Бриз" яхт-клубы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Ол ең алғаш теңіздің тартыла бастағаны 2005 жылы білінгенін, содан бері жылда айлақты 50 метрден жағаға жақындатып салу әдетке айналғанын айтты. Бұған жыл сайын 5-6 миллион теңге жұмсалады екен.

"Біз үшін бұл қомақты шығын" дейді кеме, қайық, катамарандарын жалға берушілердің мүшелік жарналарына өмір сүретін бірлестікті 20 жылдан астам уақыт басқарып отырған Кулькин.

Ақтаудағы "Бриз" яхт-клубы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сергей Кулькин.

– Ақтауға жас маман ретінде 1977 жылы жолдамамен келдім. 1980 жылға дейін теңіз деңгейі көтеріліп, одан кейін қайта төмендеді. 1977 жылы біз толқынмен жарысып, Гавай аралдарында жүргендей серфингпен айналыстық. Қайықта бір ескекпен жүзе алмадық. Қазір олай емес. Биылғы маусымда су кемелерін пайдалану үшін айлақ маңын тастардан тазарттық. Әсіресе, теңізде экскурсияға арналған катамарандарға қиын. Егер келер жылы су тағы тартылса, бұл катамарандар жағада қалады, – дейді Кулькин.

Ал былтыр ашылған №1 жағажайдың өкілі Аманжол Шабаевтың сөзінше, ұзындығы 10 метрге жуық айлақты теңіз тартылуына байланысты биыл тағы 12 метрге ұзартып салған. Шабаев биыл теңіз жағасы жағажай аумағынан 15 метрге шегінгенін айтты.

– Теңіздің жағасындағы жағдай әртүрлі. Қаражанбас, Қаламқас кен орындарында және жақында өзім болып қайтқан 43-шақырым деген жерде теңіздің қаншалықты тартылғанын айқын көре аласыз, – деді Шабаев.

АҚТАУ МЕН ҚҰРЫҚ ПОРТТАРЫ

Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий арқылы жүк тасымалдаумен айналысатын Ақтау және Құрық порттарының басшылығы теңіздің тартылуы жұмысқа кері әсер етіп отырғанын мойындайды. Каспий деңгейі түсіп кеткелі теңіз көлігіне жүкті жартылай толтыруға мәжбүр.

Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау қаласының биіктен көрінісі.

Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен Ақтау халықаралық теңіз сауда портының төрағасы Абай Түрікпенбаевтың сөзінше, 2022 жылғы 1 қаңтар мен 2023 жылғы 1 қаңтар аралығында теңіз деңгейі 30 сантиметр төмендеген, оған дейін жыл сайын 5-10 сантиметр түсіп отырған.

Ол Қазақстанда теңіздің неден тартылып жатқанын зерттейтін ғылыми-зерттеу институты жоғына қынжылады. Сондықтан Ресей ғалымдарының болжамдарына жүгінуге мәжбүр екенін, бірақ олардың болжамы кейде көңіл көншітпейтінін айтып отыр. Мәселен, ресейліктер биыл онсыз да белгілі былтырғы көрсеткішті берген.

– Егер теңіз ары қарай да түсе берсе, су кемелері жүк тасымалдауына кедергі болмас үшін теңіз түбін бәрібір терең қазу керек болады. Әзірге тек мұнай тасымалдау танкерлеріне әсер етіп жатыр. Оларға жүк толық тиелмейді, – дейді Абай Түрікпенбаев.

"Құрық порты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Серік Ахметов кейінгі үш жылда жүк тасымалы артқанын айтады. Ол мұны коронавирус пандемиясымен және қазіргі геосаяси өзгерістермен байланыстырады.

"Құрық порты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Серік Ахметов.

– Теңіздің тартылуы бізге әсер етіп жатыр. Бірақ бізде [Құрық портында] теңіз түбі терең, бір жақсысы. Себебі, Құрық порты соңғы салынған порттардың бірі. Біз жобаны әзірлеу кезінде тереңдігін 6,5 метрге есептегенбіз. Осы уақыт ішінде Каспий теңізі жылына шамамен 23 сантиметр төмендеп жатыр. Теңіз қайта қалпына келеді немесе әрі қарай тартыла береді деген болжамдар айтылып жүр. Бірақ оны күтіп, қол қуысырып отыра алмаймыз. Қазір теңізді тереңдетіп қазумен айналысатын бельгиялық, грекиялық компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселемен жарты жылдан бері айналысып келеміз. Теңіз түбі қатты, оның тереңдігін зерттеп, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Ахметов.

Айлақтағы теңіз түбін 1,5-2 метр терең қазу жоспарланып отыр. Ахметов әзербайжандық әріптестерінен теңіз кейінгі екі жылда төмен түсетінін естіген. Сондықтан қазірден алдын алмаса, екі жылдан соң кеш болады дейді ол.