МЕЙРАМГҮЛ БАЙМҰРАТОВА. МЕРЗІМІНЕН ЕРТЕ ТУҒАН ҰЛ
Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Ақжар ауылында тұратын Нұрболат Баймұратовтың кенжесі Ерсарының туғанына 30 қыркүйекте тура үш ай толды. Ай-күні толмай дүниеге келген нәрестеге қазір әжесі қарап отыр. Ерсарының екі ағасы мектепте оқып жүр. Сәбидің анасы Мейрамгүл Баймұратова үшінші ұлын дүниеге әкелген соң бір аптадан кейін қайтыс болған.
Нұрболаттың айтуынша, бір аптадан астам уақыт жөтеліп жүрген аяғы ауыр әйелі 23 маусым күні Хромтау аудандық ауруханасына түскен. "Екіжақты пневмония" деген диагноз қойылған науқасты алты күннен кейін санитарлық авиациямен Ақтөбе облыстық ауруханасы жанындағы перзентханаға жеткізіпті. Дәрігерлер әйелдің денсаулығына қауіп төніп тұрғандықтан, 30 маусым күні хирургиялық жолмен жатырын тіліп, мерзімінен бұрын босандырған. Мейрамгүлді реанимация бөліміне, ал нәрестені арнайы медициналық бесікке жатқызған.
Күйеуі әйелінің босанғаннан кейін "оттегі жетпей жатыр", "дәрігерлер көңіл бөлмейді", "дәрі керек" деп шағымданғанын айтады. Ауруханаға барып дәрігерлермен сөйлескен Нұрболат "әйеліңіз бос байбалам сала береді, хаттамаға сай емдеп жатырмыз" деген жауап естіпті.
– Мейрамгүлмен ең соңғы рет 6 шілде күні кешкі жетінің шамасында сөйлестім. "Ауа жетпей жатыр. Мұрныма қойылған оттегі түтігі ыңғайсыз, шығып кете береді. Күні-түні қолыммен ұстап жатамын. Дем ала алмай, ұйқы көрмегеніме үш тәулік болды" деп шағынды. 7 шілде күні қарындасым мен күйеубалам ыстық сорпа апарса, дәрігерлер "Баймұратова бүгін таң алдында қайтыс болды" деп хабарлаған. Төбемізден жай түскендей болдық, – дейді Нұрболат.
Күйеуі жүкті әйелі қайтыс болғаннан кейін денсаулық сақтау мекемесінің жұмысына шағымданбақшы болғанын, бірақ ол ойынан айнығанын айтады.
Балық құсап басынан шіріп жатқан жүйемен соттасып абырой таппайтынымды да, ақиқатқа жетпейтінімді де білдім.
– Өлер адам өлді. Дәрігерлердің енді ештеңені мойындамасы анық қой. Әуелде арызданғым келген. Балық құсап басынан шіріп жатқан жүйемен соттасып абырой таппайтынымды да, ақиқатқа жетпейтінімді де білдім. Сосын қолымды бір-ақ сілтедім, – дейді Нұрболат Баймұратов.
38 жасында ауруханада қайтыс болған Мейрамгүл Баймұратова өзі 20 жылдай тұрған Хромтау ауданы Ақжар ауылына жерленді. Ол осы ауылдағы мектепте мұғалім болып істеген еді.
Мейрамгүлдің артында үш ұлы қалды. 11-класта оқитын Бекболат пен биыл 4-класқа көшкен Бекжан аналарын әлі іздейді, кейде бірнәрсеге ренжісе "мамам болғанда..." деп мұңаяды дейді әкесі.
– Ерсарыға жетпістен асқан шешем қарап отыр. Бауырларым да қол ұшын беріп тұрады. Оңай емес, әрине. Маңдайға жазған соң амал бар ма, көнесің, – деп күрсінеді Нұрболат Баймұратов.
Мейрамгүл Баймұратова қайтыс болған Ақтөбе медицина орталығының бас дәрігері Рүстем Исаев ауруханада аяғы ауыр әйелдерге ең бірінші кезекте көмек көрсетіледі деп сендіреді.
– Баймұратова ауруханада болған кезінде дәрі-дәрмектен тапшылық көрген жоқ. Бізде оттегі де, түтік пен канюля (медициналық құрал – ред.) да жеткілікті. Ауруханаға сырқаты асқынып түскен науқастың екіжақты пневмониядан басқа да дерті болды. Қосалқы диагноздарын ескеріп, бекітілген хаттамаға сай толық көлемде емдеу шарасы жасалды, – дейді Исаев.
Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Асхат Әлімжанов Азаттық тілшісіне Мейрамгүл Баймұратова туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан сұрауға кеңес беріп, ақпарат беруден бас тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Азаттық сауалына әзірге жауап берген жоқ.
ГҮЛНҰР ІЛИЯСОВА. "ҮШ САҒАТ СЫРТТА САРЫЛЫП КҮТТІК"
Шымкент қаласының шет жағындағы көпқабатты үйлердің бірінде екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатқан Ерлан Дәулетқұловтың үш баласының екеуі мектеп жасында. Бір жасар Нұриман әкесі көзінен таса болса іздеп, жылай бастайды. Нұриманды әпкесі Айсана еркелетіп, бесікке салып, тербетіп еді, бала алданғандай болды. Ерлан жеке көлігімен адам тасып, нәпақа табу үшін кішкентай ұлына білдірмей сыртқа шықты.
– Менің барым да, байлығым да – балаларым. Жұмысқа шықпасам аш қаламыз. Күнкөріс қамы ғой. Қайтейін енді, әйелім барда жұрт қатарлы өмір сүріп жатыр едік. Бұлай болады деп кім ойлаған? – дейді ол ауыр күрсініп.
Ерланның әйелі 39 жастағы Гүлнұр Ілиясова 26 маусым күні Шымкенттегі Асар шағын ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасында демігіп қайтыс болған. Ерлан Дәулетқұлов 22 маусым күні өз аяғымен ауруханаға кеткен екіқабат әйелінің ажалына дәрігерлерді кінәлайды. Гүлнұрдың бақилық болғанына ері де, балалары да әлі күнге көндіге алмай жүр.
– 21 маусымда Гүлнұр ауыра бастады. Ертеңіне "ауа жетпей жатыр" деген соң жедел жәрдем шақырдық. Жуынып, қажет затын алып жедел жәрдем қызметімен №2 қалалық ауруханаға барды. Екі күннен кейін реанимация бөліміне түсті. Содан кейін жағдайы ауырлай берді, – дейді Ерлан.
25 маусымда түнде №2 қалалық аурухана дәрігерлері Гүлнұр Ілиясованың жағдайы өте ауыр екенін жұбайына ескерткен. Баланы аман алып қалу үшін ота жасау керегін, бірақ ауруханада оған мүмкіндік жоғын жеткізген. Реанимация бөлімінде демігіп, тыныс алу аппаратында жатқан әйелді жедел жәрдем көлігімен №1 қалалық клиникалық ауруханаға апарған. Ерланның сөзінше, ол аурухананың қызметкерлері орын жоғын айтып, науқасты қабылдамай, әйелі екі сағаттай уақыт қиналып жатқан.
Асар шағын ауданындағы жұқпалы аурулар орталығында орын бар деген соң, тынысы тарылған жүкті әйелді сонда жеткізген. Өстіп жүргенде тағы бір сағат өткен. Орталықтың реанимация бөліміне жатқызған кезде Гүлнұр әбден әлсіреп, сөйлеуден қалған еді дейді күйеуі.
Ең қымбат уақытымызды №1 клиникалық аурухананың орындығында күтумен өткізіппіз.
– Қиналғаны соншалық, Гүлнұрдың аузы кеуіп, ерні тілініп кетті. Сөйлеуге шамасы келмей қалды. Қазір ойласам, ең қымбат уақытымызды №1 клиникалық аурухананың орындығында күтумен өткізіппіз, – дейді Ерлан Дәулетқұлов.
26 маусым күні берілген медициналық куәлікте Гүлнұр Ілиясованың жүктілігінің 34-35 аптасында "тыныс ала алмай, жүрегі қысып", "жоғары тыныс алу жолдарының жедел инфекциялық қабынуы" салдарынан қайтыс болғаны жазылған.
"НҰРИМАНҒА ҚАРАҢДАР ДЕП АЙТА БЕРДІ"
Гүлнұр Ілиясовамен соңғы рет 14 жастағы қызы Айсана Мухитдин телефонмен сөйлесіпті. Анасын айтқан кезде жанарына толған жасты жасырып, жерге қарай берді. Қасында отырған інісі 13 жасар Нұртас болса анасының телефонына салып қойған суретін көрсетіп "мынау менің анашым" дейді.
– Мамаммен соңғы рет сөйлескенде "Нұриманға қараңдар" деп қайта-қайта тапсырды. Басқа ештеңе айта алмады. Мамам барда бәрі жақсы еді. Қазір бәрі өзгерді, – дейді Айсана сөзінің соңын жұтып.
Гүлнұрдың қайтыс болғанына үш ай, арыз жазғаныма бір айдан асты. Полициядан тергеуші телефонмен "Арыз жазған сіз бе?" деп бір-ақ рет хабарласты.
Ерлан Дәулетқұлов №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлерін "аурудан қиналып келген жүкті әйелімді қабылдамай, уақыт өткізді" деп кінәлайды. Ол бұл туралы Шымкент қалалық полиция басқармасына, қалалық прокуратураға, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне, Қаржы мониторингі комитетінің Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне арыз жазған. Прокуратура жауабында арыздағы жайттармен танысып жатқанын, ал экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 317-бабы ("Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы") бойынша тексеріп, құқықтық баға беру үшін арызды қалалық полиция департаментіне жібергенін хабарлаған.
– Гүлнұрдың қайтыс болғанына үш ай, арыз жазғаныма бір айдан асты. Полициядан тергеуші телефонмен "Арыз жазған сіз бе?" деп бір-ақ рет хабарласты. Бітті. Әлі күнге тергеу басталды ма, жоқ па, білмейміз, – дейді Дәулетқұлов.
Гүлнұр Ілиясованы жедел жәрдем қызметінен қабылдап алған №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Сәрсен Пернебеков жүкті әйелдің ауруханаға ауыр хәлде жеткізіліп, реанимация бөлімінде жатқанын растады. Бірақ қандай диагноз қойылғанын, қандай ем қабылдап, реанимация бөлімінде жатқан жағдайы ауыр жүкті әйелді неліктен басқа ауруханаға жіберілгені туралы сұраған Азаттыққа ақпарат беруден бас тартты.
– Барлық ақпаратты қалалық денсаулық сақтау басқармасынан алыңыз, – деді ол.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Азаттықтың сұрағына "ондай ақпарат медицина қызметкерінің құпиясына жатады" деп қысқа жауап берді.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2020 жылдың наурыз айынан 15 қыркүйекке дейін Шымкентте коронавирус жұқтырған аяғы ауыр бір әйел, пневмониядан 10 жүкті әйел қайтыс болған. Одан бөлек 97 жүкті әйелге коронавирус жұғып, 235 екіқабат әйел пневмониямен ауырған.
АЙСҰЛУ ШЫҢҒЫСБЕКОВА. "АМПИЦИЛЛИН САЛА БЕР ДЕП АЙТТЫ"
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мәдімар ауылының тұрғыны Жасұлан Ахметовтың әйелі Айсұлу Шыңғысбекова жүктілігінің отыз бірінші аптасынан асқанда, 10 шілде күні Тараздағы жұқпалы инфекциялық ауруханада көз жұмды. Қайтыс болғаны туралы медициналық куәлікте 30 жастағы екіқабат келіншектің ажалына коронавирус инфекциясы, вирустық пневмония, тыныс жолдарының қабынуы себеп болғаны жазылған.
Ампициллин сала беріңіз" деп қағаз жазып берді де, Айсұлуды үйге қайтарды.
Күйеуінің айтуынша, Айсұлу маусым айының соңына қарай тұмауратып, қызуы көтеріліп, бірнеше рет ауылдық, аудандық емханаға барыпты.
– Қызуы көтеріліп, тұмау симптомдарымен дәрігерге қаралған еді. Аудандық емханаға барғанымызда 2-3 рет қайтарып жіберді. Бір күні мен, тағы бірде әкем алып қайтты. "Ампициллин сала беріңіз" деп қағаз жазып берді де, Айсұлуды үйге қайтарды, – дейді ол Азаттық тілшісіне.
Жасұлан Ахметовтың сөзінше, Айсұлу аудандық емханада коронавирусты анықтайтын ПТР-тест тапсырғанда, вирус жұқпаған деген қорытынды берген.
30 маусымда Айсұлудың тыныс алуы қиындап, деміге бастаған соң күйеуі оны Тараздағы қалалық балалар ауруханасына апарған. Бұл мекеме сол кезде коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген науқастарды қабылдайтын провизорлық стационарға айналған еді. Жасұлан әйелін оған жатқызу үшін "таныс іздеп, солардың көмегімен ғана келіншегін стационарға қабылдағанын" айтады.
Стационарда Айсұлу тағы да ПТР-тест тапсырған, бұл жолы әйелге коронавирус жұққаны анықталған.
– 2 шілде түнгі сағат он екіде келіншегім хабарласып, өзін жұқпалы аурулар ауруханасына апара жатқанын айтты. Алғашқы екі күн палатада жатты, кейін реанимация бөліміне ауыстырды. Халын сұрағанымда әйелім "дәрігерлер қарап жатыр" деді, алайда жағдайы қиын болған соң дұрыстап сөйлесе алмадық. Дәрігерлер де қарап жатырмыз деген. Не керек деп сұрағанымда екі дәріні айтты. Аса қымбат емес, бірақ бірден табылмады. Таныстарым арқылы дәріханалардың қоймасынан іздетіп, алдырдық, – дейді Жасұлан.
Ол жұбайын қайтыс болардан бірнеше сағат бұрын ғана көрген. Жасұлан 10 шілде күні таңертең әйелінің жағдайы нашарлаған соң оған жолығу үшін "дәрігерлермен сөйлесіп, реанимация бөліміне кіргенін" айтады. Тыныс алу аппаратына қосылған Айсұлудың денесі ісіп кеткенін, қатты ентігіп жатқанын көрген. Қасында бірге жатқан қарт әйел қайтыс болған соң, екіқабат келіншек үрейленіп қалыпты. Бұдан кейін үйіне қайтқан Жасұлан бірнеше сағаттан кейін әйелінің хал-жағдайын білмекке дәрігерге телефон шалған.
– Түскі сағат екінің шамасында дәрігеріне хабарласып, жағдайын сұрамақ болдым. Маған "келіп кетесіз бе, сөйлесу керек" деді. Барып едім, түскі сағат бірде келіншегімнің қайтыс болғанын естіртті. Неге маған бірден хабарламайсыздар десем, телефонмен айтуға ыңғайсызданып айтпадық дейді, – деді Жасұлан Ахметов.
Өзің сатып алып, сала бер" деп қағазға ампициллинді ғана жазып берді. Соны күніне екі рет салдық.
Ол ауруы енді біліне бастаған кезде әйелін ауылдағы дәрігерге қаратамыз деп жүріп уақыт өткізіп алғанына өкінеді.
– Ауылдағы, аудандағы дәрігерлердің салғырттығы да себеп болды ма деп ойлаймын. 3-4 күн босқа жүріп, біраз уақыт жоғалтып алдық. Негізі жүктіліктің соңғы аптасында вирус жұқтырса қауіпті деген еді. Бірақ бізді ауданда ауруханаға жатқызбады. Нақты керек дәріні айтса, тауып берер едік. "Өзің сатып алып, сала бер" деп қағазға ампициллинді ғана жазып берді. Соны күніне екі рет салдық, – дейді Жасұлан.
Айсұлу Шыңғысбекованы жерлегеннен кейін оның қайынатасы да қатты ауырған. Жасұланның айтуынша, үй-іші әкесін ауруханаға апаруға қорқып, үйде емделгені жөн деп ұйғарыпты. Қария оншақты күн емделген соң тәуір болған.
Жасұлан Ахметов ауылдағы мектепте мұғалім болып істейді. Үй шаруасында болған Айсұлудың артында екі, төрт және алты жасар үш баласы қалды.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева Азаттыққа Айсұлу Шыңғысбекованың өліміне байланысты жүргізілген сараптама қорытындысы жүкті әйелдің Covid-19 вирусынан қайтыс болғанын анықтағанын хабарлады.
Оны ажалдан құтқара алмайтын едік. Емдеу шарасының әсері әр адамның ағзасына да байланысты болады.
– Ол коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы құжаттарын, хаттамасын тексеріп, [емдеу шарасының] барлығы дұрыс жүргізілді деген қорытынды шығарған. Яғни оны ажалдан құтқара алмайтын едік. Емдеу шарасының әсері әр адамның ағзасына да байланысты болады. Шыңғысбековамен қатар тағы екі жүкті әйел ауырды, олардың жағдайы мүлде қиын болды. Бірақ кейін дерттен жазылып шықты, – дейді Исаева.
Оның айтуынша, Шыңғысбекованың алғашқы ПТР-тестінің қорытындысы вирус жұқпаған деп көрсеткен соң Байзақ аудандық ауруханасы оны қабылдамаған.
– Ол жүкті кезінде ЖРВИ-мен ауырды, қажет дәрілер жазылған. Ал симптомдары білініп, провизорлық стационарға жатқызылып, ПТР-тест қорытындысы вирус жұққанын анықтағаннан кейін бірден инфекциялық ауруханаға ауыстырылды. Хаттамаға сай ем көрсетілді, – деді Жібек Исаева.
"Хирургиялық операция жасап, іштегі баланы аман алып қалуға болмады ма?" деген сауалға Исаева былай деп жауап берді:
– Мен оның акушерімен де сөйлескенмін. Министрлікпен хабарласып, әйелдің өміріне қауіп төндіретіндіктен жатырды тіліп алуға болмайды деген шешім қабылданған. Себебі онда [әйелдің] жағдайы күрт төмендеп кететін еді.
Жібек Исаеваның Азаттыққа айтуынша, Сovid-19 індеті тарағалы бері Жамбыл облысында коронавирус жұққан бір жүкті әйел, ПТР-тест қорытындысы коронавирус жұқпағанын анықтаған екі жүкті әйел вирустық пневмониядан қайтыс болған.
Қазақстанда наурыз айынан бері 107 908 адамға коронавирус жұғып, 1731 адам көз жұмған. Елде коронавирус пневмониясы статистикасы бөлек есептеле бастаған 1 тамыздан бері 32799 адам осы дертке шалдығып, 353 науқас қайтыс болған.
Індет кезінде коронавирус пен вирустық пневмониядан қанша жүкті әйел қайтыс болғаны жайлы Азаттықтың сұрағына министрлік әзірге жауап берген жоқ. Бұған дейін, 21 шілде күні денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғинаят елде 40 екіқабат әйел коронавирустан қайтыс болған деп хабарлаған.