Заңгер Тимур Ержанов жетекшілік еткен ғылыми-зерттеу тобы Қазақстан ақпарат және коммуникация министрлігіне арнап отандық және шетелдік заңдар мен БАҚ және телехабар таратуды реттеу саласындағы тәжірибені зерттеу жұмысын әзірледі.
Зерттеушілердің пікірінше, олардың жұмысы ең алдымен БАҚ-тың азаматтардың жеке өмірі туралы әрі қоғамдық сипаты жоқ ақпаратты таратпауына бағытталған. Алайда құқық қорғаушылар мен медиа-заңгерлер зерттеу жұмысы қазақстандық баспасөздің мүмкіндігін одан әрі шектейтін БАҚ туралы жаңа заң қабылдауға себеп болуы мүмкін деп алаңдайды.
БАҚ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ШЫҒАРУ - УАҚЫТ ЕНШІСІНДЕ
Ресми ақпарат бойынша, есепті әзірлеуге құрамына медиа саласын зерттеу тәжірибесі бар бес заңгер мен бір филолог енген топ қатысқан. Олар жұмыс барысында Бельгия, Германия, Канада, Финляндия, Швеция, Франция, Оңтүстік Корея, Эстония мен Жапонияның тәжірибесін зерттеген.
Құжатта "жұмыс мақсаты – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары мен тәжірибесін және шетелдік заңдарды зерттеу, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасын модернизациялау мүмкіндігін бағалау үшін шетелдің БАҚ пен телерадиохабар тарату саласындағы тәжірибесін зерттеу" екені айтылған.
Алайда "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры сайтында жариялаған ескертуде зерттеу жұмысына күмән білдірген. Атап айтқанда, қор зерттеу жұмысында заңнаманы жетілдіру жайлы ұсыныстардың аз екенін айтады. Оның үстіне зерттеу жасалған ресми құжаттардың арасында, қордың пікірінше, назар аударуды қажет ететін Азаматтық кодекс жоқ. "Әділ сөз" қоры заң қызметінің жетекшісі Тамара Симахинаның пікірінше, бұл зерттеу жұмысы қазақстандық БАҚ-тың ақпарат алуына шектеу қоюы мүмкін.
- Мұның бәрін қол сұғуға болмайтын жеке өмірдің құпиясы деген уәжбен бүркемелейді, сондықтан олар Еуропадағыдай жасағылары келеді, сосын тағы бір жеделдетілген процедура енгізуді ұсынады: егер адам өзі туралы қандай да бір ақпаратты таратқалы жатқанын білсе, сот арқылы оны таратуға тыйым сала алады. Министрліктің логикасы түсінікті: қолында ресми зерттеу бар, енді соның негізінде БАҚ туралы жаңа заңның тұжырымдамасын жасайды, ол 2019 жылы жазда пайда болуы мүмкін, - дейді Тамара Симахина.
Зерттеу тобының біліктілігіне қатысты да сауалдар бар: Тамара Симахинаның айтуынша, былтыр "Әділ сөз" қоры ақпарат және коммуникация министрлігінен неліктен зерттеумен тек теоретик заңгерлер ғана айналысып жатқанын, не себепті медиа-заңгерлер мен құқық қорғау ұйымдары қатысқан үлкен жұмыс тобы құрылмағанын сұраған.
Заңгердің сөзінше, әзірге министрліктен бұл сауалдарға жауап келмеген, ал Ержановтың командасы жүргізген зерттеуді толыққанды жұмыс деп айту қиын.
- Толымды, салмақты зерттеу жүргізу үшін Қазақстан мен бірнеше шет мемлекеттің тәжірибесін талдап қою аз, оған қоса Қазақстан тәуелсіздіктен кейін бекіткен ақпарат және коммуникация саласындағы отандық заңнаманың халықаралық стандарттар мен шарттарға сай болуын талдау керек. Қазір балама зерттеу жүргізу үшін медиа құқық бойынша қазақстандық және шетелдік мамандарды тартуға тырысып жатырмыз, жаңа заңнаманың тұжырымдамасын жазып, артынан заң жобасын дайындамақпыз. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде, министрлік жаңа заңды тез қабылдап тастауы мүмкін, олардың жоспарын білмейміз, - дейді Тамара Симахина.
"МІНДЕТІМІЗ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ ЕМЕС"
Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлескен зерттеу тобының жетекшісі Тимур Ержанов зерттеу жұмысы кезінде сөз бостандығы, адам құқығы мен қоғамдық құқық арасында әділетті теңдік табуға тырысқандарын айтты. Заңгердің сөзінше, "көптеген дамыған елдер өз заңдарына ұмыт болу құқығын, жеке өмірге құрметпен қарау құқығын белсенді түрде енгізіп жатыр".
- Сөз бостандығын шектеуді немесе қандай да бір мемлекеттік тапсырысты орындауды міндет етіп алған жоқпыз. Осындай кездесулерде мемлекет "журналистерге қысым жасамақшы" немесе ғылыми зерттеуді жамылып, сөз бостандығын шектемек деп бізді бірнеше рет айыптады. Меніңше, журналист жемқорлықпен күрес, экология, спорттағы допинг немесе мектеп пен балабақша құрылысын қаржыландыру туралы жазған кезде абсолютті сөз бостандығына ие болуға тиіс. Бірақ БАҚ қоғамдық сипаты жоқ, жекелеген адамдардың жеке өмірі жайлы ақпаратты таратқанда ондай бостандықты шектеу керек, - дейді Тимур Ержанов.
Ол құқық қорғаушылар мен медиа-заңгерлерге зор құрметпен қарайтынын, себебі "олардың жұмысын аса қатты қиындатқан елде тұрып жатқанын" түсінетінін, бірақ олармен кездесудің күткендегідей жемісті болмағанын айтады.
- Ұсыныстарымыздың бірі Азаматтық процестік кодексте сот талап-арызды қанағаттандыру я қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін даулы мақаланы жариялауға қысқа мерзімді жеделдетілген тыйым салатын ерекше процедураны қарастыру еді. Бірақ олар "еш қисынға келмейді" деп бұл ұсынысқа қарсы шықты. Жеке өмірді құрметтеу құқығын қорғау туралы ресми қарарды Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы 1999 жылы қабылдаған. Оның бәрін қопарып, қарап шықтық, бізге қалай бейімдеуге болатынын ойластырдық. Ал жаңағыдай дәлелдерге тап болғанда адамға бірдеңе түсіндіру өте қиын, - дейді Тимур Ержанов.
БАҚ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ТҮЗЕТУЛЕР
2017 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат және коммуникация мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңға қол қойған. Оған дейін, желтоқсанның 21-і күні парламент "насихат" (пропаганда) термині енгізілген және журналистерді заңмен қорғалатын құпияларды БАҚ-та таратпас бұрын тұлғалардың келісімін алуға міндеттейтін (банк және коммерциялық құпияларды да қамтиды) және мемлекеттік мекеменің БАҚ сұрауына жауап беру мерзімін екі жарым есе ұзартатын (жеті күнге дейін) заң жобасын мақұлдаған. Сондай-ақ, биліктің бастамасымен БАҚ туралы заңға енгізілген түзетулер Қазақстандағы сайт иелерін материалға пікір жазушыларды идентификациялауға міндеттейді.
Парламент мәжілісі мақұлдаған осы түзетулер сенатта қаралған кезде қазақстандық журналистер қауымдастығы мен құқық қорғаушылар жоғарғы палата депутаттарын БАҚ туралы заңға баспасөз еркіндігіне кепілдік бермейтін өзгертулер мен түзетулер енгізетін даулы жобаны қабылдамауға шақырған. Бұл құжатты құқық қорғаушылар мен түрлі ұйымдар әлі күнге дейін сынап жүр. Қабылданғанына бір жылдан астам уақыт өткен БАҚ туралы жаңартылған заң оннан астам заң мен бірқатар кодекстерге өзгеріс енгізді.
"Әділ сөз" қорының мәліметі бойынша, 2018 жылы журналистерге қарсы қозғалған 20-дан астам қылмыстық істің оны сотқа жеткен. Азаматтық істер бойынша сотқа түскен 42 шағым мен талап-арыздың 30-дан астамы ар-намыс пен іскерлік беделді қорғауға арналған. Моральдық шығынды өндіріп беруді сұраған талап-арыздарда көрсетілген өтемақының жиынтық көлемі 230 миллион теңгені құраған.