Батыс басылымдары бұл аптада АҚШ президенті Байден қыркүйек айында Орталық Азия елдерінің басшыларымен не үшін саммит өткізбек деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар теңге өткен аптада Аргентино песосынан кейінгі ең қатты құлдыраған валютаға айналғанын жазды. Бұдан бөлек миллиардер, Kaspi.kz акционерлерінің бірі Вячеслав Кимнің Jusan төңірегіндегі дауды реттеуге қалай көмектескеніне тоқталды.
АҚШ ПЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАСШЫЛАРЫНЫҢ САММИТІ НЕНДЕЙ МАҚСАТ КӨЗДЕЙДІ?
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы биыл қыркүйекте АҚШ және Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өте ме және өткен жағдайда нені көздейді деген сұраққа жауап іздейді.
Осы аптада АҚШ сенаты ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерс Қазақстан мен Қырғызстанға сапарлады. Питерс пен Тоқаевтың кездесуінен кейін қыркүйекте АҚШ пен Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтетіні жайлы хабар тарады. Ақорданың хабарлауынша, кездесу кезінде Тоқаев қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ бас ассамблеясы алаңында C5+1 форматында өтетін АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы саммитіне шақырғаны үшін Джо Байденге ризашылық білдірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин агрессиясына кез келген ел тап болуы мүмкін". АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға қандай мақсатпен келді?Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысы немесе мемлекеттік департамент өкілдері C5+1 форматындағы кездесуді он жылдан бері өткізіп келе жатыр. Бірақ аймақ басшылары осы күнге дейін АҚШ президентімен саммит өткізген емес. Мақала авторы Кэтрин Путц C5+1 форматындағы кездесуді алғаш рет Жапония 2004 жылы бастағанымен, АҚШ мұны платформаға айналдырғанын келтіреді.
Дегенмен АҚШ-тың аймақтағы бәсекелестері – Қытай мен Ресей бұл форматты мемлекет басшыларының деңгейіне көтерді. Қытай 2022 жылдың қаңтарында аймақ басшыларымен онлайн саммит өткізді. Ал 2023 жылдың мамырында Сиань қаласында мемлекет жетекшілері деңгейінде Орталық Азия – Қытай саммиті өтті.
Ресей президенті Владимир Путин аймақ басшыларының кейбірін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жиынында, тағы бірін Шанхай ынтымақтастық ұйымы кездесулерінде көріп жүрсе де, Мәскеу былтыр қазанда Астанада алғаш рет «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтетінін хабарлады.
Қазақстан президентінің мәлімдемесіне сенсек, Ақ үй АҚШ президентінің Орталық Азия басшыларымен кездесетін кезі келді деген шешім қабылдағандай. Байден әкімшілігі әзірге бұл туралы ресми хабарламады, дегенмен бұл жоспарланбаса, Ақорда ол жайлы хабарламас еді.
Автор Вашингтон үшін Киевті қолдауға басқа елдерді жұмылдыру маңызды дейді. Ресей мен басқа елдердің ортасында орналасқан Орталық Азия қиын жағдайда тұр. Аймақ елдерінің үкіметтері Ресеймен қарым-қатынасқа сызат түсіру экономиканы құлдыратумен парапар деп есептейді.
Ресейден бөлек Қытай бар. Ресейдің Украинадағы соғысы оның Орталық Азиямен қарым-қатынасына нұқсан келтірсе, Қытай тұрақты және мықты серіктес болуға дайын. Ресей мен Қытайдың халықаралық тәртіпке байланысты көзқарасы үйлесетінін ескерсек, Пекин ұтқан жерде Мәскеу ұтылады деген сөз емес. Путц Орталық Азия экономикалық қиындыққа тап болды, АҚШ пен Еуропа аймақпен қарым-қатынасты тереңдету үшін осы сәтті пайдаланбаса, онда бұл мүмкіндікті мүлде қалт жіберуі мүмкін дейді.
Басылым Байден Орталық Азия елдерінің президенттерімен Нью-Йоркте кездессе, Ресей мен Қытайды қаперде ұстайтынын жазады. Алайда Вашингтонның аймақ мүддесі мен проблемасын ескермей, АҚШ пен Орталық Азияның қарым-қатынасын тек геосаяси тұрғыдан ғана қарастыруы қателік болар еді. «Мұндай нәзік нәрсені ескерген жөн әрі ешбір ел басқалардың өзін үлкен проблеманы шешетін құрал ретінде пайдаланғанын қаламайды».
"ТЕҢГЕ – ПЕСОДАН КЕЙІНГІ ЕҢ ҚАТТЫ ҚҰЛДЫРАҒАН ВАЛЮТА"
Bloomberg ақпарат агенттігі өткен аптада Ресей рублінің қысқа мерзім ішінде құлдырауы Қазақстанның валюта нарығын шайқалтып жібергенін жазды.
Ресей орталық банкі өткен апта басында шұғыл жиын өткізіп, капиталды бақылау үкіметтің күн тәртібіне оралған соң, рубль бағамы қалпына келді. Дегенмен теңге бағамының құлдырауы өткен жұмаға дейін жалғасты. Мақала авторы Нариман Гизитдинов өткен аптада теңге Аргентино песосынан кейін әлемде ең қатты құлдыраған валюта болғанын келтіреді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамының құлдырауын «рубльдің әлсіреуіне реакция» деп түсіндірді.
«Рубль мен теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы арасында байланыс сақталғаны анық», − дейді Молдабекова. − Бірақ қазір бұрынғыдай жоғары корреляция байқалмайды».
Өткен аптада бес күн бойы құлдыраған теңге бағамы өткен жұма күні 2 пайызға нығайып, дүйсенбі күні долларға шаққандағы бағам өзгеріссіз қалды.
Молдабекованың айтуынша, Ұлттық банк валюта нарығындағы саудаға араласпаған. Теңге құлдырағанның бір себебі – экспортерлер теңге ары қарай құлдырайды деп болжап, шетел валютасын сатқысы келмеген.
Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі, Астана мен Мәскеу арасындағы тығыз экономикалық және сауда қарым-қатынас теңгені рубльге байлады.
Молдабекованың сөзіне қарағанда, екі валютаның арасындағы корелляция бұрынғымен салыстырғанда қатты әлсіреді. Мәскеуге қарсы Батыс санкциялары Ресей экономикасын қыспаққа алды, миллиардтаған доллар оңтүстікте жатқан көршілерге аударылды, сол елдердің экономикасына қан жүгіртіп, валютасын нығайтты.
Дей тұрғанмен теңгенің құлдырауы осы аптада да жалғасты. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 7,83 теңгеге әлсіреді. 25 тамызда Қазақстан қор биржасындағы доллардың орташа бағамы 460,84 теңгеге жетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рубльдің құлдырауы Орталық Азияға қалай әсер етеді?"МИЛЛИАРДЕР КИМ JUSAN ДАУЫН ШЕШУГЕ ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК КӨРСЕТКЕН"
Bloomberg ақпарат агенттігі мән-жайдан хабары бар дерек көздерге сүйене отырып, Kaspi.kz финтех алпауыты акционерлерінің бірі Вячеслав Ким Jusan төңірегіндегі дауды шешуге көмектесу үшін қаржылай қолдау көрсеткенін жазды.
Құпия дереккөздердің ақпарат агенттігіне айтуынша, Қазақстан билігі Kaspi төрағасы Вячеслав Кимнен First Heartland Jusan Bank-тің иесін ауыстыруға мүмкіндік беретін процедураға қаржы бөлуді сұраған.
Jusan тобымен мәміле бойынша, бұған дейін банктің миноритар акционері болған Ғалымжан Есенов банкті толығымен бақылауға алды. Оған сондай-ақ Kcell ұялы операторының 14.87 пайызы өткен. Бұл акцияларға бұған дейін Люксембургте орналасқан, бұрын экс-президент Назарбаев қорына қатысы болған Pioneer Technologies S.A.R.L компаниясы иелік етті. Jusan тобымен дауды реттеу үшін жүздеген миллион доллар қолма-қол ақша төленуі керек болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Jusan bank дауына нүкте қойылды ма? Орталық Азия Батыс пен Қытайдың текетірес алаңына айнала ма?Мақала авторы Нариман Гизитдиновтың жазуынша, Кимнің рөлі Назарбаевтың ұзақ жылғы билігі кезінде байлыққа қол жеткізген ең дәулетті адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қантөгіске ұласқан толқудан кейін отбасы мүшелері мен көптеген одақтастарды шеттеткен соң, жаңа жүйеге бейімделіп жатқанын көрсетеді.
Дереккөздердің айтуынша, Ким Kaspi атынан емес, өз бетінше әрекет етті. Kaspi-дің ақпарат агенттігіне жолдаған жауабында Ким Есеновтің «жеке кеңес беруді» сұрағанын айтады, ол Есеновті бұрыннан келе жатқан досы әрі бірлескен қайырымдылық жобаларындағы серіктесі деп көрсеткен.
«Jusan bank төңірегіндегі ахуалды мемлекет пен клиенттердің мүддесіне шешуге көмектескеніме қуаныштымын. Бұл жеке бастамам болатын, Kaspi.kz-ке қатысы жоқ», − деді Ким ақпарат агенттігіне жолдаған жауапта.
Ол мәмілеге қатысушы болмағанын, ешқандай пайда көрмегенін айтты. Jusan bank пен оның ірі акционері Есенов Bloomberg сұрақтарына жауап бермеген.
Есенов пен Jusan тобының арасындағы мәміле алты айдан бері жалғасқан сот дауына нүкте қойды. Ақпанда бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық ауданы соты "Назарбаев қорына" тиесілі Pioneer Capital Invest компаниясы мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.
Ақпанда Jusan Bank-ке иелік еткен Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметі мен бірқатар мемлекеттік органның үстінен шағым түсірген. Jysan Holding пен Jusan Technologies шағымда Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптаған.
Тамызда Ғалымжан Есенов және Jusan тобы келісімге келген соң, прокуратура мен Jusan тобы өз шағымдарын соттан қайтарып алды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Рубльдің соңынан теңге де әлсіреді. Енді не күтіп тұр?Ресейлік олигархтар Кремльден алшақта(ма)ды ма? Арасында Қазақстаннан шыққандар да бар"Құлдық іспетті". Қазақстандықтардың еңбекақысы ішіп-жемнен артылмайдыТоқаев тапсырмасымен әзірленген заң жобасы заңсыз алынған активтерді қайтаруға қауқарлы ма?"Биліктен айырылып қалудан" үрейленетін Тоқаев және Мәскеуді "ығыстыруға талпынған" Пекин