"Проект" басылымы жақында жариялаған зерттеуінде Батыстың санкциясына ілінген ресейлік олигархтардың Украинадағы соғысты сөзбен де, іспен де қолдауын доғармағаны айтылған. Бірақ Ресейдегі режимнен іргесін аулақ салуға тырысып жатқандар да бар. Солардың бірі – "Яндекс" интернет компаниясының бұрынғы басшысы Аркадий Волож. Ол өмірбаянына "Қазақстанда тудым" деген өзгерту енгізіп те қойды. Ресейдің саяси және бизнес ортасында Волождың үлгісін қайталауға дайын адам аз емес.
"Яндекс" интернет компаниясының негізін қалағандардың бірі, миллиардер Аркадий Волож сайтында тұрған өмірбаянынан Ресейді алып тастап, "Қазақстанда туған израильдік кәсіпкер" деп жазып қойды. Енді миллиардердің өмірбаянында оның ұзақ уақыт Ресейде тұрып, кәсіп жүргізгені туралы ақпарат жоқ. Википедиядағы Волож туралы мақалаға да осыған ұқсас өзгертулер енгізілген.
Бұл өзгеріс әлеуметтік желіде қызу талқыға түсе бастады: біреулер Волож Ресейден іргесін аулақ салып, мемлекет бастаған соғыс үшін жауапкершіліктен жалтарғысы келеді деді. Басқалар керісінше, кәсіпкерді түсінетінін айтып, оның IT саласындағы еңбегін еске алды.
Волож 2022 жылдың маусымынан бері Еуроодақ санкциясына іліккен. Еуропа мемлекеттері бұл шешімін "Яндекс" компаниясы Ресей билігінің қолайына жағатын ақпарат таратып, интернеттегі режим мен соғысқа қарсы сын пікірді жасыруда үлкен рөл атқарып отыр деп түсіндірді. Сондай-ақ оның мемлекетке тәуелді екені, Ресейдің Украинадағы соғысын қаржыландырып жатқаны айтылды.
Волож қазір Израильде тұрып жатыр. Ол 2022 жылы желтоқсанда "Яндекс" компаниясынан кеткен. Кәсіпкер осы уақытқа дейін Украинадағы соғыс жөнінде ешқандай пікір білдірмеген. Бірақ өмірбаянын өзгерткені үшін сынға қалғанда мәлімдеме жасауына тура келді. Соғыс басталғаннан кейін бір жарым жылдан соң, Волож Ресейдің Украинаға басып кіруін "жабайылық" деп бағалайтынын айтты. Ол Ресейдің әрекеті үшін өзін де жауапты сезінетінін мәлімдеді.
Аркадий Волож – Қазақстанда дүние келген, Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін санкцияға іліккен жалғыз азамат емес. Азаттық санкция тізіміндегі тұлғалардың тағы қаншасы Қазақстанда туғанмын деп құбылуы мүмкін екенін тексеріп көрді.
ПАВЛОДАР ТУМАСЫ ГЕРМАН ГРЕФТІҢ "ҚЫЗЫҚ ӨМІРІ"
Мәселен, мына кісі – Герман Греф – "Сбербанк Россия" компаниясы басқармасының төрағасы. Ол 1964 жылы қазіргі Павлодар облысындағы Панфилово ауылында туған. Университетке оқуға түскенде Қазақстаннан кеткен. 1990-жылдары Санкт-Петербург қалалық әкімшілігінде жұмыс істеп, Владимир Путин, Дмитрий Медведев, Алексей Кудринмен танысқан. Кейін экономикалық даму министрі болды, 2007 жылы "Сбербанк" компаниясын басқарды.
"Проект" басылымының тәуелсіз зерттеуші журналистері Грефтің көп жыл бойы шетелде оффшорлық шот желісін құрып, сол арқылы елден миллиондаған доллар қаржы шығарғанын анықтады. Басылым Грефтің 33 жастағы ұлы Олегтің байлығы – 1 миллиард доллар деп жазды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Греф Еуроодақ, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Швейцария, Австралия, Украина мен Жаңа Зеландияның санкциясына ілікті. "Сбербанк" пен оның Қазақстандағы еншілес компаниясына да шектеулер салынды. Осыдан кейін қазақстандық "Сбербанк" атауы Bereke bank болып өзгеріп, санкциядан құтылды.
Греф соғысты сынаған жоқ, әлі де Ресейде тұрып жатыр. Ол 2022 жылы қарашада соғыспен бірге келген дағдарыс өміріна жасы әсер еткенін мәлімдеген еді.
– Өмірім жарқын, мың бояулы, қызық бола бастады. Алдағы жылдары қазіргіден де қызық болатын сияқты, – деді Сбербанк басшысы.
Ол санкцияларды "ресейлік компаниялардың дамуына түрткі болатын себеп" көреді.
2022 жылы мамырда "Сбербанк" Украина қарулы күштеріне ақша жинап жүрген азаматтарды анықтап, мұндай қаржы деректерін Ресей билігіне жіберіп отырғанын хабарлады. Банк украин босқындарға көмекке ақша жинаған шоттарды бұғаттады.
АҚМОЛАЛЫҚ МИХАИЛ ГУЦЕРИЕВ СОҒЫСТАҒЫ ЖАУЫНГЕРЛЕРГЕ ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕГЕН
Миллиардер Михаил Гуцериев 1958 жылы Ақмолада (қазіргі Астана) туған. Бірақ кәсібін Ресейден ашты. Ол – "Сафмар" өндірістік-қаржы тобының негізін қалағандардың бірі. Бұл компанияға мұнай өндіретін "Русснефть", "Нефтиса" және көмір өндіретін "Русский уголь" холдингтері кіреді.
Еуроодақ 2021 жылы Гуцериевке санкция салған. Ол оппозиционер белсендіні түсіріп алу үшін Ryanair әуе компаниясының ұшағын Минскіге күштеп қондырған Беларусь басшыларымен бір тізімге енді. Миллиардер ол тізімде "Лукашенконың ескі досы" деп көрсетілген. 2021 жылғы санкциялар кезінде Гуцериев "Русснефть" директорлар кеңесінен шықты. Кәсіпкер санкцияға қарсы Еуропа соттарына арыз берді, бірақ нәтиже болмады.
"Сафмарға" қарасты бірнеше актив Михаил Гуцериевтің інісі Саит-Саламға өтті. Ол да Ақмола қаласында туған. 2022 жылы маусымда Саит-Салам Гуцериев Ұлыбритания санкциясына ілікті.
Михаил Гуцериев соғысты қолдайтынын ашып айтпаған, бірақ 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген күні Кремльде президент Владимир Путинмен кездескен. "Важные истории" басылымы Гуцериевтің "Моспромстрой" компаниясы соғысқа ерікті түрде барғандарға жалақы төлеп отыр деп жазды.
ҚАРАҒАНДЫ ТУМАСЫ НИКОЛАЙ ТОКАРЕВ ЖӘНЕ "ПУТИН САРАЙЫ"
"Транснефть" басшысы Николай Токарев 1950 жылы Қарағандыда туған. 23 жасында Қарағанды политехника институтын бітірген. Одан кейінгі өмірі Қазақстаннан тыс жерде мемлекеттік қауіпсіздік қызметімен байланысты болған. 1980-жылдары мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) Дрездендегі резидентурасына түскен. Сол жақта жүріп Владимир Путинмен танысқан. Совет Одағы тарағаннан кейін Токарев өнеркәсіпке кетті. 2007 жылы ресейлік "Транснефть" мұнай құбыры монополиясын басқарды.
2022 жылдың ақпанынан бастап Николай Токарев Еуроодақ, Ұлыбритания, АҚШ пен басқа да Батыс мемлекеттерінің санкция тізіміне енген. Еуроодақ Токаревқа санкция салу себебін "Қырым аннексиясы мен Украинадағы тұрақсыздыққа жауапты тұлғалардан пайда көріп, оларды материалдық және қаржылай қолдағаны үшін" деп түсіндірді.
"Транснефть" "Геленджиктегі сарай кешенінің құрылысын қаржыландырған" деген ақпарат бар. Бұл сарай Путинге тиесілі деп айтылады.
Токарев Ресей билігіне жақындығынан пайда көріп отыр. Токаревтің туыстары мен таныстары мемлекеттік компаниялармен жасалған келісімшарттар арқасында байыған.
Қазақстанда туып, Путинге жақындығы үшін санкцияға ілінген басқа тұлғалар да бар. Мысалы, ресейлік миллиардер Эдуард Худайнатов Шымкентте туған. Ол қазір "Тәуелсіз мұнай-газ компаниясын" басқарады. 2022 жылдың 3 маусымынан бастап оған Еуроодақтың жеке санкциясы салынды. Бұған кәсіпкердің "Роснефть" басшысы Игорь Сечин мен Ресей президенті Владимир Путинмен жақын араласуы себеп болған. Мамырда Италияда Худайнатовтың атына жазылған, құны 600 млн доллардан асатын "Шехерезада" кемесі қолға түсті. "Досье" орталығы шын мәнінде ол кеме Путинге тиесілі деген дерек келтірген.
СОҒЫСТЫ ҚОЛДАМАҒАН ОЛИГАРХТАР
Ресейлік миллиардерлер мен басшылардың көбі Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсымыз демей, үнсіз отырғанда, соғысқа қарсы пікір білдіргендер де болды, яғни Аркадий Волож бұл тізімде бірінші адам емес.
2022 жылғы 28 ақпанда "Тинькофф банкінің" негізін қалаушы, шетелде жүрген кәсіпкер Олег Тиньков "Қазір Украинада күн сайын жазықсыз адамдар қырылып жатыр. Бұл ақылға қонбайтын, жол беруге болмайтын қылмыс! Мемлекет ақшаны соғысқа емес, адамдарды емдеуге, қатерлі ісікті зерттеуге жұмсауы керек. Біз соғысқа қарсымыз!" деп жазды.
Кейін Тиньков банктегі үлесін сатып, Ресей агрессиясын қолдамайтынын бірнеше рет айтқан. Ол Ресей паспортынан бас тартып, Кипр азаматтығын алды. Соған қарамастан Ұлыбританияның санкциясына ілінді. 2023 жылы шілдеде бұл санкция алынып тасталды.
2022 жылы маусымда Freedom Finance инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Тимур Турловтың Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алғаны белгілі болды. Турлов 10 жылдан бері отбасымен Қазақстанда тұрады. Ол Ресей азаматтығынан соғыс басталғаннан кейін бірнеше айдан соң бас тартты.
Турлов Украинаға 2,5 миллион доллар гуманитарлық көмек аударды. Freedom Holding Corp компаниясы тағы миллион доллар жіберді. 2022 жылдың аяғында кәсіпкер бәрібір Украинаның санкциялық тізіміне енгізілді.
"Украинадағы соғысқа қарсы бола тұра, олардың санкциясына ілігу жағымсыз дүние. Мәселені шешуге талпынып жатырмыз. Украинаның әлеуеті үлкен, оның ішінде банк, инвестициялық технологиялар қолдану, нарықты дамытып, соғыстан кейін елді аяққа тұрғызу үшін ипотекалық несиелендіру саласында мүмкіндік көп" деді Турлов қазақстандық Forbes журналына берген сұхбатында.
Coalco компаниясының негізін қалаған әрі "Газметалл" иегерлерінің бірі Василий Анисимов 1951 жылы Алматыда туған. Бірақ Ресейде байыды. 2018 жылы АҚШ қаржы министрлігінің "Кремль досьесі" құжатында Анисимовтің аты-жөні аталды, бірақ оған қарсы санкция салынбады.
Анисимов соғысқа қарсы пікір білдірген жоқ, бірақ 2022 жылдың аяғында Ресей азаматтығынан бас тартып, елден кетіп қалды. Ол Хорватия төлқұжатын алды. Кәсіпкер 2023 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президентінің бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қорына 22 миллиард теңге аударды. Анисимов Tengrinews басылымына берген сұхбатында ақша аударғаны жасырын қалғанын қалағанын, Қазақстанға қиын кезеңде көмектескісі келгенін айтты.
– Forbes тізіміне кіретін кәсіпкерлер тегіс "Қазақстанда қиын жағдай, көмектесу керек" дей бастады. "Газеттерге сенсек, аз ақша тапқан жоқпыз. 22 миллиард аударғаннан өмірім өзгеріп кетпейді" деп ойладым, – деді Анисимов.
ФРИДМАН ЖӘНЕ БАСҚАЛАР: ВИКИПЕДИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР
"Яндекс" компаниясын құрған Аркадий Волож өмірбаянын өзгертіп, Ресейден алшақтауға тырысқаннан кейін "Настоящее время" журналистері ресейлік басқа ірі кәсіпкерлерге де назар аударды. Нәтижесінде Википедиядағы жекелеген кәсіпкерлерге арналған мақалалар бірнеше рет өнделіп, Ресей туралы ақпарат алынып тасталғаны белгілі болды.
Мысалы, миллиардер Рубен Варданян – қазір армян қаржыгері. Былтыр қарашада ол "ресейлік армян саясаткер" деп жазылған еді. Ал қыркүйекте "Армениядан шыққан ресейлік кәсіпкер" деп аталды. Бұл өзгертулер Варданян халық алдында Ресей азаматтығынан бас тартқаннан кейін енгізілген.
Миллиардер Михаил Фридман да осыған ұқсас іс-әрекет жасады. Ол – 2015 жылдан бері Лондонда тұратын "Альфа-Групп" иегерлерінің бірі. Фридман Ресей азаматтығынан бас тартқан жоқ. Азаттықтың Украин қызметі жүргізген зерттеуге сәйкес, Фридманның компаниялары Ресей әскерін құрал-жабдық, киім-кешек және тамақпен қамтамасыз етіп келген. Осыдан кейін кәсіпкер Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да елдердің санкциясына ілікті. Миллиардердің адвокаты "Еуроодақтың санкциясы салдарынан Фридманның өмірі күл-талқаны шықты, оған санкция салуға еш негіз жоқ еді" деп мәлімдеді. Қазір Википедияның ағылшын тіліндегі нұсқасында Фридман "Украинада туған ресейлік-израильдік кәсіпкер" деп жазылған. Бұл ақпарат соғыс басталғаннан кейін 4 күннен соң өзгерген.
Санкцияға іліккен тағы бір миллиардер Виктор Вексельбергтің зауыттары ресейлік ұшақ және зымыран өндірісіне алюминий жібереді. Вексельберг Википедияның ағылшын нұсқасында "Украинада туған, Ресей-Израиль-Кипр олигархы" деп жазылған. Украина мен Әзербайжанда туған басқа кәсіпкерлер де осыған ұқсас өзгертулер енгізіп жатыр.
ПІКІРЛЕР