Мәсімовтың еуросаяхаты, Есімов күйеу баласының Назарбаевтарға қатысы және Англиядағы "болашақтықтар"

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімов АҚШ мемлекеттік департаментіндегі кездесудің алдында. Вашингтон қаласы, 26 сәуір 2019 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Кәрім Мәсімовтың Парижге саяхаты туралы зерттеудің жалғасын жариялады. Шетелдік баспасөзде сондай-ақ Ахметжан Есімовтің қызы мен күйеу баласының ажырасуы салдарына АТФ Банкінің едел-жедел сатылуы және Ұлыбританияда "Болашақ" бағдарламасымен оқитын студенттердің мәселесі жазылды.

ЛОНДОНҒА САЯХАТ

Британдық Financial Times (FT) газеті Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің Еуропаға саяхаты тақырыбын одан әрі қазбалады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәсімов отбасының Парижге сапары Ұлыбританиядағы тергеуге ілік болды

Азаттық бұған дейін Кәрім Мәсімов отбасының 2011 жылы Парижге саяхаттағаны, құны 100 мың долларға жуықтайтын бұл саяхатты "Қазақмыс" компаниясы (қазір Kaz Minerals деп аталады – ред.) қаржыландырған болуы мүмкін екенін жазған. 2011 жылы Мәсімов Қазақстан премьер-министрі болған. Миллиардер Владимир Кимге тиесілі компанияның акциялары Лондон қор биржасында сатылатындықтан, британ билігі компания елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарын бұзған-бұзбағанын тексере алады. Ұлыбританияның құзырлы ведомствосы бұл айыптан хабардар екенін хабарлағанымен, тергеу жүргізіліп жатыр ма деген сұраққа жауап бермеген.

FT қолына түскен жаңа мәліметтерге сүйеніп, Парижге саяхат ұйымдастыруға пәрмен берген қазақстандық шенеунік 2013 жылы "Қазақмыс" менеджеріне енді Лондонға саяхат ұйымдастыруды тапсырған. "Бұл уақытта Мәсімов мырза Қазақстанның диктатор президенті Нұрсұлтан Назарбаев аппаратының басшысы болған", деп жазады басылым.

FT 2013 жылғы қарашада Мәсімовтің кеңесшісі "Қазақмыс" директорына "[Мәсімовтің] отбасына қонақүй, көлік және "мәдени бағдарлама ұйымдастыруға тапсырма берген. Басылым мәліметінше, бұл кезде Мәсімовтің кеңесшісі мен компания директоры жеке электрондық пошталарын қолданған.

Британ басылымы аталмыш саяхаттан бас тартылған болуы мүмкін екенін жазады. Бірақ басылым 2011 және 2013 жылғы оқиғалар "қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктің Ұлыбританияда листингтен өткен компанияға әлгідей нұсқаулар беруі әдеттегі жайтқа айналған" деп болжам жасауға негіз болатынын айтады.

Financial Times бұған қоса "Қазақмысқа" компания төлесін деп шығарылған 30 мың фунт стерлингтің әлдебір чегін көргенін де хабарлайды. Басылым бұл чек "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылы Лондондағы Hyde Park Corner алаңында орналасқан Лэйнсборо қонақүйінде тұрғаны үшін" төленуі тиіс болған дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Клептопия". Британ журналисінің кітабындағы Назарбаевтар, Әблязов және олигархтар

Басылымның мәліметінше, бұл чекті Қазақстан бойынша маман Том Мэйн тапқан. Ол басылымға берген пікірінде "[қазақстандық] жоғары лауазымды шенеуніктердің кез-келген қажетін өтеуге міндетті" әлдебір "әмиян компанияның" бар екенін айтқан. Мэйн бұдан "британдық менеджерлер мен компания аудиторлары аталмыш нұсқаулар туралы не біледі және компания Қазақстан билігі өкілдеріне жағыну үшін тағы не істеді екен?" деген сауал туындайды дейді.

Компания бұған дейін 2011 жылғы жайт бойынша "тергеу жүргізіп", "Қазақмыстың" Парижге саяхаттың шығынын төлегеніне "дәлел таппағанын" мәлімдеген. Компания 2013 жылы Лондонға саяхат ұйымдастыруға тапсырма беру жөніндегі хатқа қатысты "ешқандай жеке электрондық поштадан хат жазысу болған емес және компанияның бұған уақыт пен ресурс жұмсағанына еш дәлел жоқ" деп жауап берген. Kaz Minerals "президенттің Ұлыбританияға ресми сапар жасауына заңды үлес қосқанын" мәлімдеп, Назарбаевтың 2006 жылы Лэйнсборо қонақүйінде тұрғаны үшін жіберілген чекті төлегенін растады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайрат Сатыбалдының Kaspi-ге қатысы және Сағынтаевтың "қымбат киімге әуес" қызы

Қазақстандағы ең ірі мыс өндіретін "Қазақмыс" компаниясы 1992 жылы құрылған. Оның акциялары Лондон биржасында 2005 жылдан бері саудаланады. 2014 жылы компания қайта құрылымдалып, атауы Kaz Minerals деп өзгерген. Financial Times "компанияның негізін салушы миллиардер Владимир Ким Лондон листингінде 15 жыл тұрған [компанияны] қайтадан жекеге шығару үшін 3 млрд доллар ұсынып отырғанын" хабарлайды.

"АЖЫРАСУДАН КЕЙІНГІ" АТФ БАНКІ

Globenewswire.com сайты "Қазақстандық Jýsan Bank бәсекелес АТФ Банкін сатып алады" деген тақырыпта мақала жариялап, аталмыш екі банктің таяуда бірігетінін хабарлады. Қос банк те Қазақстан қор биржасында жасаған мәлімдемесінде бірігу туралы келісім жасалғанын растады. Қазір екі қаржы институты Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің мақұлдауын күтіп отыр.

АТФ Банкінің иесі, Ғалымжан Есеновке тиесілі KNG Finance холдинг компаниясы АТФ Банкіндегі өзінің 99,76 пайыз үлесін Jýsan Bank-ке түгел береді де, біріккен банктің акцияларына ие болады. Бұл үлестің қанша екені әзірге белгісіз.

"АТФ Банкін сатуға қайтарылуы қиын қарыз және оның иесінің әйелімен ажырасуы себеп болып отыр. 2012 жылы АТФ Банкті 500 миллион долларға сатып алған Ғалымжан Есенов 2007 жылы Айжан Ахметжанқызы Есімовке үйленген еді. Бірақ қазір ерлі-зайыптылар ажырасайын деп жатыр. Бұдан активтерді бөлу қажеттігі туындап, АТФ оның әйелінің отбасына өтпек", деп жазды Globenewswire.com.

Ахметжан Есімов (алдыңғы қатарда) "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы кезінде. Астана, 31 қазан 2016 жыл.

Ғалымжан Есеновтің қайын атасы – Қазақстандағы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов. Есімов бұрын үкіметте бірқатар жоғары лауазымды қызмет, оның ішінде вице-премьер қызметін атқарған.

Әуелде "Цеснабанк" деп аталған Jýsan Bank-ті 2019 жылы ақпанда First Heartland Securities компаниясы иеленген. Бұл компания Pioneer Capital Invest компаниясына тиесілі First Heartland компаниялар тобының бір бөлігі саналады. Сайттағы мақалада Pioneer Capital Invest-ке "Назарбаев Университеті" (16,06 пайыз), "Назарбаев Зияткерлік мектептері" (9,46 пайыз) және Назарбаев Қоры (74,48 пайыз) иелік ететіні айтылған.

Назарбаева Қоры 2009 жылы "Назарбаев Университеті" мен "Назарбаев Зияткерлік мектептеріне" қаржылай қолдау көрсету үшін құрылған. Қордың акционері – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі.

Global Newswire бұған қоса Есенов басқарған АТФ Банкке соңғы үш жылда мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға да шолу жасайды. 2017 жылы Қазақстан Ұлттық банкі банкке балансын толтыруға 100 миллиард теңге (260 миллион доллар) бөлген. 2020 жылдың басында АТФ Банктің қайтарылуы қиын несиелер мөлшері активтерінің 29 пайызына дейін жеткен соң оған қосымша 80 миллион доллар көлемінде көмек қаржы берілді. Банк сонымен қатар "Самұрық-Қазына" қорынан ақшалай депозит түрінде көмек алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бюджет триллиондары есебінен «сауықтыру»

Америкалық Businessmagazine24.com іскерлік ақпараттар сайты жариялаған "АТФ Банкі Есімов отбасындағы ажырасуда есеп айырысу құралына айналды" атты мақалада да банкті сату иесінің ажырасуымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылады.

"Некеде тұрған 13 жылда Ғалымжан Есенов табысты бизнесменге айналды. Forbes оның байлығын 500 миллион доллардан асады деп бағалайды. Есеновтің бұл табысының көбі Есімовтер отбасымен құдандалы болған соң орнатқан қарым-қатынаспен байланысты" деп жазады Businessmagazine24.com.

Сайт АТФ мемлекеттен алған қаржылай көмектен бөлек, қайынатасы басқаратын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қаржылай депозиттерін де ұтып алғанын еске салады. Қор АТФ Банкіне 350 миллион доллардан астам қаржы үлестірген.

"Қазақстанда "Самұрық-Қазына" депозиттері Есімовтің күйеубаласының банкіне қатысты мүдделер қақтығысына байланысты ашу-ыза тудырды. "Самұрық-Қазына" қаржысын АТФ сияқты несие рейтингі төмен қаржы ұйымында сақтауға құқығы жоқ болғандықтан, аталмыш депозиттер заңсыз болуы да мүмкін. Бұл Есенов АТФ Банкті иеленуді жасыру үшін әрекет етті, енді ол Есімовтер отбасымен байланысын үзгенде банк оның шынайы иелеріне өтпек деген айыптауға себеп болды" деп жазады Businessmagazine24.com.

Сайт бұдан өзге Есенов Есімовтің қызына үйленетін жылы "Қазфосфат" компаниясын 120 миллон долларға сатып алғанын" да айтады. "Бұл кезде ол небәрі 22 жаста ғана болған. Сатып алу келісімін онымен байланысты жалған компания қаржыландырды", - дейді мақала авторы.

"Бұл жайт Есеновті Қазақстанның билеуші элитасының қатысы бар бірқатар келісімдегі жалған адам деп сипаттауға негіз болды" деп жазады сайт. Мақалада бұған қатысты The Times және SourceMaterial басылымдары жүргізген тергеу де аталады. Бұл тергеулерде Есенов экс-президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның активтерінің иесі болуы ықтимал деген тұжырым жасалады.

ЕСЕНОВ НАЗАРБАЕВАНЫҢ ӨКІЛІ МЕ?

Құқықтық ақпараттар жариялайтын Legal Reader ақпараттық сайты Ғалымжан Есенов пен Дариға Назарбаеваның арасындағы ықтимал байланыс туралы әңгімені одан ары қаузайды.

Бұл сайт та Times және SourceMaterial басылымдарындағы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевке қатысты Лондондағы жылжымайтын мүлік туралы зерттеуге жүгінеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтар, Шерлок Холмс үйі және "корольге сыйлық"

Legal Reader бұл зерттеуді "шығу тегі белгісіз байлықты" бұғаттау туралы ордермен байланыстырады. Ордер Ұлыбританиядағы "лас ақшаның" ізін жасырумен күрес бойынша салынады. 2019 жылы Назарбаева мен Әлиевтің Лондондағы үш жылжымайтын мүлкі Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігінің (NCA) талабы бойынша бұғатталған. Кейін сот Назарбаева мен Әлиевтің бұғатталған жылжымайтын мүліктерді "заңды қаржыға", атап айтқанда қазақстандық қант өндіретін "Қант" компаниясының акцияларын сатудан түскен ақшаға сатып алдық деген уәжін қабылдап, 2020 жылы бұғатты жойған. Legal Reader-дің жазуынша, бұл іс "NCA-ны ыңғайсыз жағдайға қалдырып, бұғаттау туралы ордердің тиімділігіне күмән тудырған".

Legal Reader сайты енді SourceMaterial мен Times зерттеуінен "Назарбаева "Қанттың" акциясын өз елінде Ғалымжан Есенов есімді делдал арқылы сатып алған болуы мүмкін" деп болжауға болатынын жазады.

SourceMaterial осыған байланысты "тергеу бұл іске және Назарбаеваның өз миллиондарын қалай тапқаны туралы түсініктемесіне қатысты жаңа қауіп тудырады" деп жазады.

"Назарбаева өзінің активтерінің біріндегі қаржыны басқа активке салу арқылы шын сатып алу келісімін жасағандай түр ғана көрсетті" делінеді мақалада.

Legal Reader хабарлауынша, "Қант" акциялары Ербол Тымбаев пен Ardelis компаниясына тиесілі Gas Development компаниясына 74,3 миллион долларға сатылған. "Келісім жасалар сәтте Ardelis Ғалымжан Есеновтің туысы және оның иелігіндегі KNG Finance холдингтік компаниясының акционері Динара Есеноваға тиесілі болды. Ербол Тымбаев бұдан бөлек кейінгі 15 жылда Есеновпен басқа бірнеше компанияда жұмыс істеген. Ақырында, Gas Development Рас-Әл-Хаймда орналасқан Kingsway Limited компаниясына сатылды. Kingsway Limited Есеновтің меншігіндегі компания болған" деп жазады сайт.

Legal Reader бұл жағдай "Есенов Gas Development-ті Дариға Назарбаеваның атынан құпия түрде басқару үшін пайдаланылған деген болжамды күшейте түседі" дейді.

Дариға Назарбаева Қазақстан парламенті сенатының спикері кезінде. Фото сенат сайтынан алынды.

"Қантпен" келісім жасалатын кезде Есеновтің небәрі 25 жаста болғанын және 74 миллион доллар қаржыға қол жетпегенін ескерсек, оның жалғыз өзі әрекет етуі неғайбыл. Есенов Gas Development "Қант" акцияларын иеленетін жылы Алматының бұрынғы әкімі және Дариға Назарбаеваның әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі Ахметжан Есімовтің қызына үйленді" делінеді мақалада.

Назарбаеваның адвокаттары оның британ сотын шатастырғанын бірнеше рет терістеген.

"БОЛАШАҚТЫҚТАР" НҰСҚАУҒА БАҒЫНА МА?

Британдық Times газеті болса Ұлыбританияда мемлекеттік "Болашақ" бағдарламасымен оқитын стипендиаттарға қатысты жағдай туралы жазды. Басылымның дерегінше, редакцияға хабарласқан дереккөздері бағдарлама бойынша оқитын қазақстандық докторанттардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін деген қауіп айтқан. Олардың сөзінше, Қазақстан үкіметі пандемия және оқудың жарты жылға ұзаруына байланысты туындаған қосымша шығындарды төлеп беруден бас тартып отыр. Мемлекет стипендиаттардың оқу ақшасын ғана емес, жүріп-тұруы мен басқа да қажеттілікке жұмсайтын шығынын төлеп береді.

Times мәселенің мән-жайын білмек болып Қазақстан елшілігіне хабарласқан. Осыдан кейін басылымның электрондық поштасына "бір сағаттың ішінде" қазақстандық студенттердің атынан үндеу хаттар келген. Студенттер хаттарында "елін мақтап", стипендияның "тамаша мүмкіндік" сыйлағанын және "мемлекеттегі жағымды реформалар" туралы айтқан".

Times басылым елшілікке қайырылған соң "Болашақ" өкілдері "Ұлыбританиядағы 230-ға жуық стипендиатқа "бағдарлама мен режимді қорғап хат жазуды тапсырған" деген тұжырым жасайды. Редакцияға хат жазғандар өздерін "Қазақстанның патриоттары" деп атап, "үкімет біздің болашағымызды ойлайды" және "қиын-қыстау жағдайға қалдырмайтынын" мәлімдеген.

Басылым осыған байланысты бағдарламаға бұған дейін сын айтылғанын еске салады. Times мысалы, келісім-шарт бойынша "студенттер университетте қолданатын логині мен паролін өздерінің не оқып жатқанын тексеріп отыру үшін шенеуніктерге беруі тиіс екенін айтады. Студенттерден сонымен қатар "шетелде жүрсе де, Қазақстанның заңдарын бұзбау" талап етіледі. Басылым мұның бәрі "өз-өзіне цензура жасауға" алып келетінін айтады.

Басылым қарашада қабылданған "болашақтықтарға" қосымша қаржы төлеу туралы шешімнің қайта қаралып жатқанын айтады.

Қазақстанның Лондондағы елшілігі Times газетіне электрондық хаттардың кімнен келгенін растап, одан басқа пікір білдірмеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Элита "үнсіздігі", қауіпсіздік сертификаты және интернет-цензура