Бірнеше халықаралық басылым Қазақстанда 10 қаңтар күні өтетін сайлауды талқылап, саяси бәсекенің қорытындысы "айтпаса да белгілі" деп жазды. Ақпарат құралдары сайлауға қатысты оқиғаларды "элиталар" арасындағы бәсекенің күшеюі деп сипаттап, бұл жағдай елдің тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін деген болжам жасады. Шетелдік басылымдар сондай-ақ "Құлыбаев қолдаған партия", Есімов пен Маминнің партиялық тізімге кіруі және Дариға Назарбаеваның рөлі туралы жазып, "халықтың "апатиясы" оның елдегі жағдайға қатысты "ашу-ызасынан" асып түсе ме?" деген тақырыпты талқылап көрді.
БАЛАМА ЖОҚ
Британдық Economist журналының "Қолдаудың бес түрлі әдісі. Қазақстанда сайлауға қатысатын партиялардың бәрі үкіметті қолдайды…" деген мақаласы Қазақстандағы сайлау тақырыбына арналған.
Автор президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы билікке келген кезде "Қазақстанда саяси бәсеке болады" деп уәде бергенін еске салады.
"Ол бірнеше сайлауда 90 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жеткен, қуыршақ парламент тарапынан көп қарсылық көрмеген бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтан осылай ерекшеленді. Бірақ 2019 жылы Назарбаев отставкаға кеткелі бірінші рет өтетін, 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы демократия тұрғысынан алғанда алдыңғы алты сайлаудан (1991 жылдан бері Қазақстанда жеті парламент сайлауы өткен – Ред.) да төмен деңгейде өткелі тұр. Бірінші рет дауыс беру бюллетенінде бірде-бір шынайы оппозициялық партия болмайды" деп жазады Economist.
Басылым биліктен кетсе де, саяси ықпалын сақтап қалған 80 жастағы Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы сайлауда бәрін қирата жеңеді деп болжайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайларыEconomist пікірінше, сайлауға қатысатын төрт партияны теориялық тұрғыдан ғана "Нұр Отанның" бәсекелесі деп атауға болады. Олардың бәрі үкіметтің адал жақтастары саналады. Басылым олардың бірде-бірі Азаттық сайтына жарияланған, Назарбаев отбасының әлемнің әртүрлі елінде жалпы құны 800 миллион долларға жуықтайтын мүлкі бары жазылған мақалаға қызығушылық білдіріп, бұл мәселені талқылауға тырыспағанына назар аударады.
Мақала авторы әрі қарай әр партияға жеке тоқталған. Бір ғана "Адал" партиясының өзіне Назарбаевтың күйеубаласы, бай инвестор әрі бизнес жөніндегі лоббистік топтың төрағасы Тимур Құлыбаевтың бірнеше әріптесі мүше. Жақында Financial Times Құлыбаев мырзаны газ құбырын салу кезінде құрылыс материалдарын сатып алу жөніндегі келісімшарттардан пайда көрген деп айыптады. Құлыбаев мұны жоққа шығарады.
Сайлаушылар ауыл мәселесін көтерген партияны, болмаса парламенттің осыған дейінгі құрамында үкіметке адал қызмет еткен екі партияның бірін: "Нұр Отанның" бұрынғы мүшесі басқаратын "Ақ жолды" немесе "Қазақстан халық партиясын" таңдай алады.
Басқалармен салыстырғанда сенімге ие оппозициялық күш саналатын "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" Францияда тұратын қазақстандық олигарх, Қазақстанда қызметіне тыйым салынған қозғалыстың негізін қалаушы Мұхтар Әблязовтың тарапынан өзі қаламаған қолдауға ие болғаннан кейін сайлауға қатысудан бас тартты. Әблязов мырза "спойлер" (ағылшын тілінде "бұзу", "бүлдіру" деген мағынаны береді) рөлін таңдап, енді өз жақтастарын "Ақ Жол" партиясына дауыс беруге шақырды" дейді Economist.
Басылымның дерегінше, президент Тоқаев халыққа плюрализмге кепілдік беріледі деп уәде бергелі "бірде-бір жаңа партия тіркеуден өтуге рұқсат ала алмаған". Economist әділет министрі Марат Бекетаевтың "оларға ешкім кедергі жасап отырған жоқ" деген сөзін берген. Қазақстан үкіметі 2020 жылы пандемия өршіген тұста заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, партия құруға қажетті мүшелер саны қысқарып, тіркеу процесі "жеңілдегенін" мәлімдеген.
Басылымның дерегінше, кейінгі екі жылда жаңа партия құру туралы берілген сегіз өтініштің бірде-бірі қанағаттандырылмаған. Жақында үкіметтің пандемияға қарсы күресіне күмән келтіргені үшін "Нұр Отан" партиясынан шығарылған Нұржан Әлтаевтың да партия құру туралы өтініші қабылданбаған. "Тоқаевтың уәде еткен реформалары бос сөз болғанын көріп отырмыз" дейді Economist басылымына пікір берген Жанболат Мамай. Ол да былтыр партия құрмақ болғанда құрылтай съезіне жиналған бірнеше делегат ұсталып, бастама сәтсіз аяқталған.
Economist тәуелсіз бақылаушылар тақырыбына да тоқтаған. Алдыңғы жылдары дауыс беру кезінде болған заңбұзушылықтар туралы айыптаулар жиі айтылатын. "Бұл жолы көлемді бақылау болмайды. Қазақстанның жер көлемі Батыс Еуропаның территориясымен бірдей болғанына қарамастан, ЕҚЫҰ небәрі 35 адамнан тұратын делегация ғана жіберіп отыр" деп жазады автор. Ол бақылаушыларға арналған ережелердің күшейгенін де атап өткен.
"Мұқалмас" байқаушылар бірлестігі филиалдарын тіркей алмай жатыр (28 желтоқсан 2020 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5
Economist мақалаға халықты саясатқа белсенді араластыруға үндейтін Мария Лобачеваның да пікірін қосқан. Ол алдағы сайлауды "бақылаушылар мен сайлаушыларсыз өтетін инсайдерлер кездесуі" деп атаған.
Автор мақаланы "Кей белсенділер 2019 жылы Тоқаевты сайлау кезінде болған наразылық акциялары сияқты митингілер өткізуге шақырып отыр. Бірақ жақында болған демонстрацияларға аз адам келгенін ескерсек, биыл ашу-ызаға қарағанда апатия басым болуы мүмкін. Басқа азаматтар халықты бюллетеньді бүлдіру арқылы наразылық білдіруге үгіттеп жатыр. Үшінші бір топ сайлауға бойкот жариялағанды жөн көреді. Елдегі бар саяси бәсеке осымен ғана шектеледі" деп қорытындылайды.
ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАРСЫЗ ӨТЕТІН САЙЛАУ
Ағылшын тілді Eurasianet.org сайтындағы "Қазақстан: ашулы билік бақылаушыларды сайлаудан шеттетіп отыр" деген мақалада тәуелсіз бақылаушылардың жайы баяндалған.
Автор парламентке тәуелсіз партиялар өтіп кетеді деген қауіп болмаса да, билік наразылық болуы мүмкін деп сескеніп отырғанын айтады.
"Шынайы оппозициялық топтар сайлаудан шеттетілгеннен кейін, қуғында жүрген, елге мезі болған Мұхтар Әблязов қолынан келген залалын тигізуге тырысып, наразыларды "Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға" (ЖСДП) дауыс беруге шақырды. Нұр-Сұлтанның қырына іліккен адамның қолдауына ие болудан қауіптенген, елеусіз, жағдайға қарай бейімделгіш оппозициялық саясатты ұстанатын ЖСДП сайлауға қатысудан мүлде бас тартты" деп жазады Eurasianet.org.
Автор Қазақстанның саяси сахнасы "билеуші режимді сынаушылардан" жақсы қорғалған, бірақ билік сайлауды мұқият бақылаусыз өткізу үшін қосымша шараларға жүгініп отыр деп есептейді.
Өткен айда сайлау өткізуге жауапты шенеуніктер осы мақсатпен жергілікті тәуелсіз бақылаушылардың қызметін қиындатып, тіпті оларды сайлауға бақылау жүргізу мүмкіндігінен айыратын ережелер қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерінде фото мен видеоға түсіруге тыйым салып, сайлауға бақылаушылар жіберетін ұйымдарға қойылатын талаптарды өзгертті. Бақылаушылар коронавирусқа ПТР тестін тапсыруға міндеттелді. Елдің әртүрлі бөлігіндегі тәуелсіз бақылаушылар тест тапсыру кезінде қиындықтарға тап болғанын, кей азаматтардың сараптама қорытындысы "оң" нәтиже беріп, оларға үйден шықпау туралы кеңес берілгенін хабарлаған.
Бақылаушылардан "коронавирус анықталып жатыр". Олар тест нәтижесіне сенбейді (7 қаңтар 2021 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5
"Шынайы бәсеке жоқ жерде алаңдаудың қажеті қанша?" деген сұраққа жауап іздеген автор мұны биліктің сайлауда халық қолдауының белгісі саналатын жоғары пайыз дауыс жинауға талпынысымен түсіндіреді.
Ал бұрынғыдан әлдеқайда табанды әрі жинақы бола түскен тәуелсіз бақылаушылардың сайлаудағы рөлі зор. 2019 жылғы Тоқаев жеңіске жеткен президент сайлауы кезінде тәуелсіз бақылаушылар "көп заңбұзушылықтарды" анықтап, үкіметке қарсы наразылық толқынына себеп болған. "Сондықтан мәжіліске билікке ұнамсыз партия өтіп кетеді деген қауіп болмаса да, мемлекет басындағылар наразылыққа әсер етуі мүмкін кез келген себепке қатысты алаңдай береді" деп жазады Eurasianet.
"Еркіндік қанаты" құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Елена Швецова Нұр-Сұлтанның сайлаудан кейін наразылық акциялары өткен Беларусь пен Қырғызстандағы жағдайға алаңдаушылықпен қарап отырғанын айтады.
"Сайлау комиссиясы сайлау нәтижесі бұрмаланды деген айыптауларға жол бермеу үшін заңбұзушылық фактілерін қоғамнан жасырып қалуға тырысады" дейді Швецова.
ЭЛИТА АРАСЫНДАҒЫ БАҚТАЛАСТЫҚ ЖӘНЕ "КОМПРОМАТ ЖАРИЯЛАУ"
Вашингтонда шығатын Diplomat журналы PRISM "Саяси қауіпті басқару" сараптама бөлімінің басшысы Бенджамин Годвиннің алдағы сайлау туралы сараптамасын жариялады.
"Сайлау нәтижесі алдын-ала белгілі болғанымен, саяси науқан Қазақстандағы билік ауысымының келесі кезеңіне жол ашуы мүмкін. Билеуші партия "Нұр Отан" мәжілісте басымдыққа ие болып, билікке адал оппозициялық партиялар да пайда көреді. Шынайы оппозициялық күштер сайлаудан шеттетілді, белсенділер де халық арасында наразылық акциялары жаппай қолдау тапқан 2019 жылғы президент сайлауы кезіндегі серпінін жоғалтып алғанға ұқсайды. Алматыда 2020 жылы 16 желтоқсанда өткен наразылық шарасының әлсіз болғаны соншалық, билік рұқсат етілмеген демонстрацияны таратуға да тырысқан жоқ" деп жазады Годвин.
"Қазақстанның мұқият басқарылатын саясаты постсоветтік мемлекетте жақында болған тұрақсыздықтан қатты ерекшеленеді" деп есептейтін Годвин Беларусь пен Қырғызстанда сайлаудан кейін болған үкіметке қарсы наразылық акцияларын мысалға келтіреді.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанның заң шығарушы органдарының депуттарын сайлау қорытындысы алдын-ала белгілі болғанымен, бұл бәрібір маңызды шара саналады.
Оның пікірінше, сайлаудан кейін Тоқаев жаңа үкімет құруы мүмкін. Өйткені партиялық тізімде премьер-министр Асқар Маминнің, "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімовтың аты-жөні кездеседі. "Бұл олар сайлаудан кейін қызметінен кетіп, мәжіліс депуттарының заңды қудалаудан құтқаратын иммунитетіне ие болу үшін жаңа орынға жайғасуы мүмкін дегенді білдіреді" дейді Годвин.
"Тоқаев президент қызметіне кіріскен кезде Назарбаевтың негізгі серіктестері мен отбасы мүшелерінің ортасында қалды. Үкімет құрамын жаңартып, "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасын тағайындау Назарбаевтың біржола кетуіне әсер ететін қадам болар еді" деп жазады Годвин.
Ол мәжілісті "эксклюзивті клуб" және "элитаның қолдауы мен бәсекесіне арналған форум" деп атайды. Годвин "Мәжілісте халықтың әртүрлі топтарының атынан сөйлейтін өкілдер болмаса да, бұл орган Қазақстанның саяси экономикасында бейресми маңызды рөлге ие. Назарбаев өзіне адалдық танытқан белгілі бір топтарға осы органға мүше болу мүмкіндігін береді" деп жазады.
Автор бұл тұрғыдан алғанда мәжіліс "элита бақталастығының жаңа майданы" болуы мүмкін деп топшылайды. Дариға Назарбаева сенаттағы билік базасын құруға талпынысы сәтсіз аяқталғаннан кейін мәжіліске өтуі керек. Ал оның "басты қарсыласы" әрі күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Адал" партиясын қолдады. "Адал" партиясы парламенттен орын алса, Құлыбаев бірінші рет парламенттегі саяси күшке қолдау көрсетеді.
"Қазақстандағы элиталар арасындағы бақталастық билік ауысымынан кейін күрт күшейді. Элиталық топтар бір-біріне қарсы компромат жариялау үшін халықаралық журналистер мен ақпарат құралдарын пайдалана бастады. Кейінгі бірнеше айдың ішінде Financial Times, Wall Street Journal және London Times басылымдарында Назарбаева, Құлыбаев және Назарбаевтың тұсындағы ірі қаржыгер, тау-кен өндірісі саласындағы магнат Болат Өтемұратов туралы көлемді материалдар жарияланды. Аталған тұлғалар Назарбаев саяси сахнадан біржола кетпей тұрып өз позициясын нақтылап алуға тырысып жатқанда бұл бақталастық одан әрі күшейіп, тұрақсыздық туғызуы мүмкін" дейді Годвин.