Төтенше жағдайда жұмыссыз қалғандар ипотекасын қалай төлейді?

Алматының шетіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешені. Алматы облысы Қарасай ауданы, 26 сәуір 2017 жыл.

Коронавируске байланысты төтенше жағдай жарияланған соң ипотекалық кредитімді қалай төлеймін деп уайымдайтындар көбейді. Үкімет уақытылы төлей алмағандарға «айыппұл салмаймыз» деп уәде берген.

«БАСПАНАНЫҢ УАЙЫМЫ»

Әділет Есенберді Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде тұрады. Кешен қаладан небәрі екі шақырым жерде болғанымен Алматы облысына қарайды. 22 наурыздан бастап карантин жарияланғанда-ақ Әділеттің Алматыдағы жұмысына жете алмайтыны мәлім болған.

Көп ұзамай кәсіпорындардың жаппай тоқтатылуына байланысты Әділетті де ақысыз демалысқа жіберді. Бұл – отбасы ақшасын жоспарламаған, күтпеген, дайындықсыз келген демалыс. Бұған дейін жинаған қорың болса жақсы, болмаса келесі айдан бастап қайткенде ақша табуға тиіссің. Өйткені мойнында шиеттей екі баласы мен әйелі, ай сайынғы ипотека тағы бар.

"Асыл арман" кешенінің тұрғыны Әділет Есенберді. 26 наурыз 2020 жыл.

2014 жылдың желтоқсан «Асыл Арманнан» құны 15 миллион теңге пәтерді «Самұрық Қазына» қоры арқылы 15 жылға алған. Айына 97 мың төлейді. Жалақысын опырып кететін ақша. Оның үстіне Әділеттің кәсібіне қатысы жоқ мұнай арзандап, теңгенің құнсызданғаны да қалтаға салмақ сала бастаған.

Енді карантиннің кесірінен айлығымызды толық алмай, ипотеканы қалай төлейтінімізді білмей отырмыз, - дейді Әділет Есенберді.

«Асыл арман» соңғы 7-8 жылда салынған еңселі ықшам аудан. Мұнда тұратындардың басым көпшілігі пәтерді Әділет тәрізді ипотекаға алғандар. Мәселен, осы кешеннің тұрғыны Самал Хасенова 2015 жылы Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы алған үш бөлмелі пәтері үшін әлі 15 жыл бойы 78 мың теңге төлеуі керек. Қазір Самал да жұмыссыз.

-15 наурыздан бастап жұмыссыз қалдық. Ипотекадан өзге Каспи банкінде тұтынушы кредитім бар. Оны кейінге шегеру үшін осы наурыз айының кредитін төлеуім керек. Бар ақшамды наурыздың онына ипотекаға төледім. Енді Каспидегі кредитімді, келесі айдың онына келетін ипотекамды қалай төлейтінімді білмеймін. Төлемесек осы күнге дейін берген ақшаңды қолыңа беріп, пәтерден шығарып жібереді. Бірнеше тұрғын бұрын екі ай төлей алмай далада қалған, - дейді жалғыз басты ана.

"Асыл арман" кешенінің тұрғыны Самал Хасенова (оң жақта). 26 наурыз 2020 жыл.

Осыған ұқсас жағдай тек Алматы емес, карантинге жабылған Нұр-Сұлтанда да бар. Астана тұрғыны 28 жастағы Әділет Жүнісов мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасымен былтыр екі бөлмелі пәтер алған. Ай сайын 90 мың теңге төлейді, жалақысының тең жартысы. Қазір ол да ақысыз демалыста.

-Тым болмаса таксилетіп ақша таба алмай отырмын, қауіпті ғой қазір. Банкке хабарластым, «үкімет қаулысында сіз таңдаған бағдарламаға жеңілдік қарастырылмаған» деп жауап берді. Енді екі балам, әйелім төртеуміз үйден шыға алмай отырмыз, - дейді Әділет.

«КРЕДИТ ШЕГЕРІЛЕДІ, АЙЫППҰЛ САЛЫНБАЙДЫ»

Азаттық хабарласқан Алматыдағы «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне жауапты «Самұрық-Қазына» қоры кешен тұрғындарына жеңілдік қарастырылғанын айтты.

«Samruk Kazyna Construction» акционерлік компаниясы жалға берілетін тұрғын және коммерциялық мүлікті жалға алу төлемақысы ешбір айыппұлсыз 2020 жылдың 1 маусымына дейін шегерілгенін хабарлайды. Жалға алушылар көрсетілген кезең үшін есептелген жалдау төлемдерін 2020 жылғы 25 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс. Шарттарда көзделген өсімпұл мен айыппұл санкциялары есептелмейді, сондай-ақ кепілдік төлемнен есептен шығарылмайды» делінген қор жіберген хабарламада.

Қазақстан ипотекалық компаниясы да осыған ұқсас жеңілдік қарастырған, тек баспана алған әр азамат компанияның ресми сайтында көрсетілген «ипотекалық төлемдер мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінішті» толтыруы қажет.

Компанияның Азаттыққа берген жауабына қарағанда, мемлекеттік "7-20-25" және "Баспана хит" ипотекалық бағдарламалары бойынша ай сайынғы төлемдердің мерзімі 90 күнге дейін ұзартылған.

"Самұрық Қазына" әл-ауқат қорының ғимараты. Нұр-Сұлтан, 2013 жыл

- Бағдарламаларға толықтырулар коронавирус пандемиясының таралуы және төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушылар үшін негізгі борыш және (немесе) сыйақы төлемдері бойынша күнтізбелік 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзімге айыппұлдар және (немесе) өсімпұлдар есептеместен мерзімін ұзартуды көздейді,- дейді Қазақстан ипотекалық компаниясы ресми хабарламада.

Қазақстан билігі төтенше жағдайға байланысты ипотекалық кредиті бар азаматтарға жеңілдік жасау туралы ұсынысы қарапайым азаматтарға осылай жетті. Бірақ ол қарапайым азаматтардың көңілінен шыға ма?

Мәселен, жоғарыда аталған Самал Хасенова мұны жеңілдік деп санамайды.

- Үш ай кейінге шегереміз дегені, қарыздың үстіне тағы қарыз төлейсіңдер дегені ғой. Жыл соңына дейін негізгі сомаға сол үш айдың ақшасын қосып төлесем, сонда ай сайын 78 мың емес 100 мың теңгеден астам төлеуім керек болады. Одан гөрі жылдың пайыздық үстемақыны азайтып бергені жөн еді, - дейді ол. Әділет Жүнісов те үш айдың ақшасын негізгі графикке қосқаны дұрыс еді деп санайды.

«КРЕДИТТІ КЕШІРУГЕ БОЛА МА?»

Ипотека кредиттер төлемін үш айға дейін шегеру туралы Қазақстан билігінің шешімін құптайтындар да, құптамайтындар да бар.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше,ипотекалық борышкерлердің үш айдағы ақшасын кешіре салуына мемлекеттің шамасы жетеді.

Экономист Мақсат Халық

-Қазақстан дағдарысқа қарсы күреске 4,4 триллион теңге бөлді. Елдегі жағдайдың үш айда жақсаруы екіталай. Сондықтан үш айдағы ипотекалықкредитті кешіріп, әлеуметтік көмекке зәру жандарға 42500 теңге емес, одан көп қаржы берген жақсы болар еді,-дейді ол.

Мақсат Халық Қазақстан үкіметінің төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылғандар мен басқа да зардап шеккендерге 42500 теңгеден үлестіру туралы шешімін де еске алды. Бұл санатқа Әділет Есенберді секілді ипотекаға пәтер алып, қазір ақысыз демалысқа шыққандар да ілігуі мүмкін.

-42500 теңгені бір жарым миллион адамға көбейтсеңіз, шамамен 63 миллиард теңгеден асатын сома шығады. Үкімет дағдарысқа қарсы бөліп отырған 4,4 триллион теңге әлеуметтік көмек сомасын көбейтуге де жетеді, - дейді экономист.

Парламент мәжілісінің депутаты Владислав Косаревтің сөзінше, билік қарапайым халыққа мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр. Оның айтуынша, қауіп төнген сайын кредит кешіретін болса халық әр қауіпке қуануы мүмкін.

Мәжіліс депутаты Владислав Косарев

- Кредитті кешіре салуға болмайды. Олай болса әр қауіпке қуанатын болармыз. Адам кредитті толығымен қайтаруға міндетті екенін түсініп, саналы түрде алады. Карантин уақытында биліктің жеңілдік бергені жақсы, ал әрі қарай шартқа сай болуы тиіс. Билік кредитті үш айға шегеріп, салықтан босатып, жұмыссыз қалғандарға көмектесіп отыр, - дейді депутат.

Бұған дейін Қазақстанның дағдарысқа қарсы 10 миллиард АҚШ долларына тең қаржы бөлетінін мәлімдеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше халыққа тағы да үндеу жолдады. Үндеуде 42500 теңге көмекті алатын азаматтарға да тоқталды.

Тоқаевтың сөзінше өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндерге 42500 теңге беріледі. Бұл санатқа 3 миллионға жуық адам кіреді.