Көп балалы аналардың "тұрақты тіркеу" машақаты

Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған азаматтар. Алматы, қаңтар айы 2017 жыл.

Жуырда болған "аналар наразылығы" кезінде жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрақты тіркеу талап ету нормасының артық екені туралы арыз-шағым естілді. Іле-шала президент Назарбаев "Нұр Отан" съезінде жәрдемақыны өсіру туралы айтты. Ал әлеуметтанушы тұрақты тіркеуден бұрын қағазбастылықтан құтылу керек деп санайды.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылының тұрғыны Құралай Жұмабаеваның алты баласы бар. Үйдегі үлкен ұлы мен күйеуі ғана еңбекке жарамды. Кейінгі туған егіздері әлі бір жарым жасқа толмаған. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Құралай "32 шаршы метр үйде қысылып тұрып жатқандарын, тапқан табыстары бастарындағы несиеден артылмайтынын" айтып шағынды.

"БЕС БАНККЕ ҚАРЫЗБЫЗ"

Құралай – Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының тумасы. Алматы қаласынан 30 шақырым қашықта жатқан Жалғамыс ауылына келіп қоныстанғандарына екі жыл ғана болыпты. Оның айтуынша, күйеуі – Іле ауданында, өзі кішірек үш баласымен – Шонжы ауылындағы әке-шешесінің үйінде, үлкен үш баласы – басқа бір туысқанының үйінде тіркеуде. Бір отбасындағы сегіз адамның үш бөлек тіркеуде тұруына байланысты мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қолы жетпей жүр.

- Мемлекеттен ештеңе алмаймын. Мысалы төрт баладан көп болса, берілетін жәрдемақы бар. Аз қамтылған отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмек бар. Ешқайсысын алмаймын. Тек балаларыма бір жасқа дейін ғана берілетін жәрдемақыны алдым. Ол былтыр қараша айында тоқтап қалды. Жәрдемақы алуға құжаттарымды өткізу үшін өзім тұрып жатқан мекен-жай бойынша барып едім, "Пропискаңыз басқа жақта екен. Болмайды" деп қабылдамады. Бұл жақта тұрақты тіркеуге алты баламен кім тұрғызады мені, - дейді Құралай Жұмабаева.

Көп балалы ана Құралай Жұмабаева. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Құралай кейінгі туған егіздері бір жасқа толғаннан кейін өзі тұрақты тіркеуде тұрған Шонжы ауылына барып, көпбалалы аналарға берілетін "Күміс алқа" мәртебесін алу үшін құжаттарын өткізбек болған. Егер "Күміс алқаға" қол жеткізсе, ай сайын 16 160 тенге алатынын айтқан ол:

- Ол жақта да "Сіз бізде тұрақты тіркеуде болғаныңызбен қалада тұрасыз" деп қабылдамай қойды. Сонда да күш бермей өткізіп кеттім, - дейді.

Бірақ өткізген құжаттарының анық қабылданғанынан хабарсыз.

Құралайдың күйеуі экспедитор-жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Айлық табысы 110 мың теңге көлемінде. Ал үлкен ұлы 60 мың теңге табыс табатын болса керек. Отбасы бірігіп, үй салу үшін алған несиелерін өтеу үшін банкке ай сайын 180 мың теңге төлеп тұрады.

- Үй саламыз деп кредитке кіріп кеттік. Бір банктен алып, екінші банктегі кредитті жаптық. Шынымды айтсам, қазір бес банкке қарызбыз. Жолдасым мен баламның тапқаны соған кетеді, - дейді өзі.

"10 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ҚАРАП ОТЫРМЫЗ"

Тұрақты тіркеуінің басқа ауданда болуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргендердің бірі – Әйгерім Қыдырберген. 30 жастағы Әйгерімнің төрт баласы бар. Кішкентайы бір жастан енді асқан ана бала күтіміне байланысты жұмыссыз отыр. Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылынан уақытша баспана салып, тұрып жатқан Әйгерімнің тұрақты тіркеуі – Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жетісу ауылында. Ол Азаттыққа атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қайда барарын білмейтінін айтты.

Алматы облысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Әйгерімнің күйеуі де тұрақты жұмыс істемейді. Алматы мен Қызылқайрат ауылының арасына жеке көлігімен кісі тасиды. Көлікті несиеге алған.

- Жолдасымның тапқаны кредитке кетеді. Қазір төрт балаға төленетін 10 мың теңгеге ғана қарап отырмыз. Кішкентайым дүниеге келген кезде жөргекпұлын алу үшін амалсыз қайынапамның үйіне тіркеуге тұрдым. Өйткені времянкамызда құжат та жоқ, - дейді Әйгерім.

Ел аузында "времянка" деп аталып кеткен уақытша тұруға арналған лашықтарға тек легализация кезінде жеке баспана ретінде құжат жасауға мүмкіндік берілді. Қазақстанда жылжымайтын мүліктерді заңдастыру шарасы соңғы рет 2014-2016 жылдар аралығында өткен болатын.

"КОМИССИЯ ШЕШЕДІ"

Атын атаудан бас тартқан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Азаттыққа мемлекет қаржылық көмекті тиісті адамға тұрақты тіркелген мекен-жайына байланысты беретінін айтады.

- Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адам бір ауылдың шеңберінде бір үйде тіркеуде, бірақ басқа үйде тұрып жатуы мүмкін. Заңда мұндай нәрсе қарастырылған. Ондай жағдайда комиссия құрылып, [әлеуметтік жәрдемақы] комиссияның шешімі бойынша беріледі. "Тұрғылықты мекен-жайы мен тұрақты тіркеуі бір елді мекен болуы тиіс" дегенді айтатын болсам, атаулы әлеуметтік көмек жергілікті бюджет есебінен беріледі. Сол себепті тұрақты тіркелген басқа ауданнан бір, тұрып жатқан жерінен тағы бір рет, яғни бірнеше рет алмас үшін өтінім берушінің тұрақты тіркеуі өзі тұрып жатқан елді-мекен болуы керек деген шарт енгізілген. Жалпы мұндай мәселелерді жергілікті жерден құрылған комиссия шешеді, - деді министрлік өкілі.

Ал Талғар аудандық жұмыспен қамту бөлімінің өкілі, өзін "кеңесшімін" деп таныстырған Айқан Мұстафанова Құралай Жұмабаеваның мәселесін аудандық комиссия арқылы шешуге болатынын айтады.

- Бізге мұндай адамдар өте сирек келеді. Ондай жағдайда аудандық комиссия бар. Құжаттарын бізге әкеліп өткізеді. Біз құжат өткізушінің жағдайын, оның басқа жақта тіркеуде тұрғанын, тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуге тұра алмай жүргенін аудандық комиссияға түсіндіреміз. Сол арқылы комиссия шешім шығарып береді. Егер дұрыс шешім шығарса, біз [атаулы әлеуметтік көмекті] тағайындай береміз, - деді аудан әкімдігінің өкілі.

"БӨЛЕК ТІРКЕУ КЕРЕК"

Алайда әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова "Ең бірінші қағазбастылықты жою керек" деген пікірде. Оның пайымдауынша, мемлекет беретін азын-аулақ көмек үшін көп балалы аналар жинайтын қағаздардың көптігінен кейбірі шаршап, бас тартады.

- Қалаға жақын ауылдарға көшіп келген адамдардың тиесілі жәрдемақыға ілінуі өте қиын. Өйткені көпшілігі жалдамалы пәтерде тұрады. Кейбірі тұрақты тіркеуге тұру үшін пәтер иесіне ай сайын ақша төлейді. Кейбірі мүлдем тұра алмайды. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығында ондай адамдарды бөлек тіркейтін талап болу керек. Оларды жеке бір категорияға бөліп, уақытша тіркеу арқылы жәрдемақы тағайындау немесе тұрғылықты мекен-жайында алты ай тұрғанын нақтылау арқылы [мәселені] шешуге болады, - дейді әлеуметтанушы.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Айсұлу Молдабекованың айтуынша, орталықтан алыс аймақтарда тек жәрдемақыға байланып өмір сүретін адамдар бар.

Ол "жәрдемақы – кедейлік қақпанына түсірудің бір жолы. Сондықтан жәрдемақыдан басқа да табыс табудың механизмдерін ойластыру керек" деп есептейді.

Ақпан айында Қазақстанның ірі қалаларында болған аналар наразылығы кезінде "тұрақты тіркеудің жоқтығынан жәрдемақы ала алмау" мәселесі де көтерілген еді. Бұл толқуға Астанадағы уақытша баспанада тұрып жатқан отбасының бес баласы өрттен қаза болған қайғылы оқиға түрткі болған. Наразылық жиындары кезінде үкіметтің атына көп сын айтылған. Іле-шала Қазақстан үкіметі отставкаға кетіп, кабинет қайта жасақталған.

БИЛІКТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Жәрдемақы туралы сөз ақпанның 27-сі күні Астанада өткен "Нұр Отан" партиясының кезекті 18-сьезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да аузынан шықты. Ол көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақыны көбейту керектігін айтты. Назарбаевтың сөзінше, табысы аз отбасылардың 111 мыңы ғана атаулы әлеуметтік көмек алады. Жыл сайын көп балалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрған.

- Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көп балалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын, - деді президент.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп бала бағып отырған 340 мың отбасы бар. Олардың әрқайсысына 2019 жылдан бастап мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы көлемі 4,16 АЕК – 10 504 теңге болды. Қазақстанда 271 мың отбасы осы жәрдемақыны тұрақты түрде алып отыр.

ВИДЕО: Бір баланы асырауға 21 мың теңге жете ме? (28.02.2019 жыл)

Егер көп балалы отбасы аз қамтылғандар санатына жатса, яғни орташа жан басына шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан аз болса, атаулы әлеуметтік көмек алуына хақы бар. Атаулы әлеуметтік көмек көлемі белгіленбеген, отбасының табысына байланысты тағайындалады. Жетпейтін сома атаулы әлеуметтік көмек түрінде (әр отбасы мүшесіне 14 850 теңгеге дейін – ред.) беріледі.

Құралай Жұмабаеваның отбасылық табысы 170 мың теңге, жан басына шаққанда 21 250 тенге (шамамен 57 АҚШ доллар) болғандықтан бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты болып бөлінеді. Шартсыз көмек еңбекке қабілетсіз балалары жоқ отбасына (көп балалы аналарға, 7 жасқа дейінгі баланы асырауына байланысты уақытша жұмыс істемейтін жалғызбасты әкелерге, мүгедектерге, қарттарға) ай сайын төленеді. Ал шартты атаулы әлеуметтік көмек отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасқанша белігілі бір уақытқа төленеді. Бұл көмек мұқтаж адамның әлеуметтік келісім-шарт жасауына, оқыту курстарына баруына, кейін жұмысқа орналасуына демеу болады.

Бұдан бөлек, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иелеріне немесе "Батыр ана", І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған барлық көп балалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы зейнетке шыққанына немесе отбасының табысына қарамастан өмір бойына тағайындалады.

Қазақстанда 237 мың ана алып отырған мұндай жәрдемақының көлемі 2019 жылы 16 160 теңге (6,4 АЕК) болған және бұл сома жыл сайын инфляция көлеміне сәйкес индекстеліп отырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Көп балалы аналар наразылығы. Себебі тереңде ме?