ҮШ БАЛАСЫ ҚҰЖАТСЫЗ ОТБАСЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАНУДАН ҚОРҚАДЫ
Алматы облысы Жамбыл ауданында тұрып жатқан Қытай азаматтары Берзат Жұмағазы мен Роза Отанбектің үш баласы бар. Үлкені Нұрдана бес жаста, Есқарының жасы үш жарымда, ал үйдегі кенже Зере – екіде. Бірақ үш баланың да жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ.
Анасы Роза Отанбектің айтуынша, балаларының үшеуі де Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Үлкені Нұрдананың құжаты болған, кейін жоғалып кеткен. Ал кейінгі екі баласына құжат жасата алмаған.
- Мен Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында орта мектепті бітіріп, Семейдегі технологиялық колледжде білім алдым. Оқуымды бітіргеннен кейін тұрмысқа шықтым. Үлкен қызымды дүниеге әкелдім. Өскемен қаласының іргесінде орналасқан "Шығыс" ауылындағы үйде тіркеуде болатынмын. Бірақ екінші балам дүниеге келген кезде Семейдегі ауруханада менің еш жерде тіркеуде жоқ екенімді айтты. Сосын Өскемен қалалық Көші-қон комитетіне барып едім, олар да "Ақсуатқа барып, тіркеуден шығу туралы қағаз алып кел, тіркеуің сол жақта" деп жұмсады, - дейді Роза Отанбек.
Розаның сөзінше, Өскемендегі халыққа қызмет көрсету орталығынан өзінің тұрақты тіркеуде тұрғаны туралы мекен-жай анықтамасын алып берген. Сонымен қатар Көші-қон полициясы сұратқан қағазды да Ақсуаттан алып келіп тапсырған. Бірақ сонда да тіркеуге тұра алмаған. Оны өзі "Өскемен қалалық көші-қон мекемесі маған бір айдан кейін хабарлас, компьютерде тұрасың деді. Бірақ бір айдан кейін барғанымда Ақсуатқа қайта жұмсады" деп түсіндіреді.
- Ақсуатқа барсам олар "Сіз неге қайта-қайта келе бересіз? Өскемен көші-қон полициясы бізге сұраныс жіберсе болды, тіркеуде сондасыз" деп қайтарады. Ал Өскеменге келсем "сұраныс жібердік, күте тұр" дейді. Сөйтіп екі ортада сандалып жүргенде үш жыл өте шықты, - дейді Роза Отанбек.
Осылай жүрген кезде оның үшінші баласы да дүниеге келген.
Розаның күйеуі Берзат Жұмағазы орта мектепті Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында бітірген. Семей педагогикалық институтын химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған.
- Өскеменде пәтерден пәтерге көшіп қонып жүргенімде барлық құжаттарымды қызымның туу туралы куәлігімен қоса жоғалтып алдым, - дейді ол.
Бүгінде Берзат пен Розаның Қытай азаматы екенін айғақтайтын паспортының да, Қазақстанда тұрақты тұруға берілген ықтияр хаттың да уақыты біткен. Берзатқа Қазақстанда тұрақты тұруға берілген ықтияр хатының мерзімі 2014 жылы, Розаның ықтияр хатының мерзімі 2017 жылы аяқталған. Олардың сөзінше, Өскемен қалалық Көші-қон полициясы "сендерді Қытайға депортациялаймыз" деп ескерткен.
Қарай отырыңыз: Туыстары Қытайда қамалғандар АҚШ-тан көмек сұрады
Өздерін Қытайға қайтарып жібере ме деп қауіптенген олар Алматы облысына қоныс аударуды ұйғарыпты.
Азаттық тілшісі Берзат Жұмағазы мен Роза Отанбектің отбасындағы құжат мәселесіне байланысты Өскемен қалалық көші-қон полициясына хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген облыстық көші-қон полициясының өкілі Қанат Мұсаханов бұл мәселеден хабарсыз екенін және телефон арқылы ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтып, сауалды ресми хатпен арнайы поштамен жіберуге кеңес берді. Ол көші-қон полициясы мекемесінде хат қабылдайтын электронды пошта да, факс те жоқ деп түсіндірді. Азаттық арнайы пошта арқылы хат жібергенімен әзірге Өскеменнен жауап келмеді.
АТА-АНАСЫ ҚЫТАЙДА ҚАЛҒАН ПЕЙІЛДІҢ ТАҒДЫРЫ
Алматы облысы Жамбыл ауданындағы нағашы апасының қолында тұрып жатқан Пейіл Тілеуберді қазір үшінші сыныпта оқып жүр. 2009 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Нылқы ауданында дүниеге келген. Нағашы апасы Гүлзира Қанатбектің айтуынша, баласын қазақша оқытқысы келген әкесі Тілеуберді Пейілді бес жасында Қазақстандағы туысына қалдырған.
- Шілде айында бұл баланың шетелге шығу паспортының уақыты бітті. Ол паспорт бес жылға ғана беріледі. Қытайдың Қазақстандағы консулдығына барып, паспортының мерзімін ұзартайық десек, әке-шешесінің нотариалды түрде бекітілген келісімі керек екен. Консулдық "сенімхат алып келіңдер" деді. Оны алдыру мүмкін болмай отыр, - дейді Гүлзира Қанатбек.
Гүлзира Пейілдің әке-шешесі Қытайдағы азшылық ұлттарға жаппай жүріп жатқан жатқан қысымнан қорқып, Қазақстанда қалған баласына сұратқан сенімхатты жібере алмағанын айтады. Оның сөзінше, баланың ата-анасы Қазақстандағы туысына "өздерің сол жақтан бірдеңе қылып бітіріңдер. Онсызда ұлың Қазақстанда оқиды деп бізді қысымға алып жатыр" деп айтқан.
- Өткенде жергілікті сақшы бөлімі "баланың дауысы керек" деп жатыр деп әкесі хабарласқан соң Пейілді видеоға сөйлеттіріп, үстіне костюм кигізіп, суретке түсіріп жібердік. Оны не үшін сұратқанын ашып айта алмады. Осы жазда Алматыда дайындық курсын бітірген бір студент қыз Қытайға барып қайтты. Бір ауылдан едік. Сол қыздан Пейілдің әке-шешесінен сенімхат ала кел деп тапсырғанбыз. Барған екен, бірақ "біз таңбаны сыртқа шығармаймыз" деп сенімхатты бермей қойыпты, - дейді нағашы апасы.
Пейілдің Қытайдан шетелге шығуға берілген паспортының мерзімімен бірге визасының да уақыты біткенін айтқан Гүлзира Қанатбек "егер әке-шешесіне қайтадан салып жіберейін десем, ол жақта бірінші сыныптан бастап қайтадан Қытай тілінде оқуына тура келеді. Үлгере алмаса обалына қаламын ба деп қорқамын" дейді.
Алматы облыстық көші-қон қызметінің өкілі Ғалымжан Лекеров бұған дейін Азаттыққа Қазақстанда оқитын балаларға "Қытай паспортының мерзімі ұзарған жағдайда ғана көп мәрте оқу визасын ашып бере алатындарын" айтқан болатын.
- Егер оған Қытай мемлекетінің паспорты берілетін болса, онда сол оқушы оқып жүрген аудандық оқу бөлімі облыстық көші-қон қызметі бастығының атына арыз жазып, өздерінде оқып жатқан оқушыға білім визасын сұраса, біз бір реттікті де, көп мәртелік визаны да береміз, - деді ол Азаттыққа.
АҚЖОЛДЫҢ МЕРЗІМІ ӨТКЕН ОРАЛМАН КУӘЛІГІ
Ата-анасы Қытайда, өзі Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердің бірінде оқып жүрген оқушылардың бірі – Ақжол Ерсінұлы. Ол 1999 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданына қарасты Обалы қыстағында туған. 2012 жылы ата-анасымен бірге Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қоныс аударған. 2017 жылы желтоқсан айында әке-шешесі Қытайға туысқандарына қыдырып кетіп, содан қайтып келе алмаған. Ақжолдың айтуынша, әкесі қазір Шыңжаңдағы саяси тәрибелеу орталығында көрінеді.
- Ата-анам Қазақстан азаматтығына құжат тапсырмады. Ол кезде мен кәмелеттік жасқа толмағандықтан өз бетіммен құжат өткізе алмадым. Енді азаматтыққа құжат өткізейін десем оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Екінші қайтара ұзартылмайды екен. Қазір тек ықтияр хатпен ғана жүрмін, - дейді Ақжол.
Ақжол қазір Шығыс Қазақстан облысындағы Көлденең ауылында 11-сыныпта оқиды. Өзінің айтуынша, он жасында ойнап жүргенде жардан құлап кетіп, жамбасы мен омыртқасына зақым келген. Қос балдаққа сүйеніп қана жүреді. Оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін, ата-анасының жоқтығын айтқан ол: "Бұрын жылына екі мәрте ем қабылдап тұратын едім. Ата-анам кеткелі одан да қалдым. Денсаулығым нашарлап барады. Егер Қазақстан азаматтығын алсам тегін емделуге қол жеткізер едім" дейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы Көші-қон комитетінің өкілі Дастан Айтқұлов та Ақжолдың заңға сәйкес жеңілдетілген жағдайда азаматтық алу мүмкіндігінен айырылып қалғанын, енді тек "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңында көрсетілген жалпыға бірдей тәртіппен ала алатынын айтты.
- Өзінің бұрынғы тұрғылықты тұрған жерінен, яғни Қытайдан шығу туралы анықтама қағазды алып келіп, жаңадан азаматтыққа тапсыра алады, - деп түсіндірді министрлік өкілі.
Аталған заңның 16-бабында "Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданады" деп жазылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Туыстарымның қай лагерьде отырғанын білмеймін"Азаттық Көші-қон комитетінен Қазақстанда қанша Қытай қазағының құжатсыз жүргені туралы статистика сұрап, ресми хат жолдады.
2017 жылдың қаңтар айынан бастап Қытайда тұратын этникалық қазақтардың қысым көре бастағаны туралы сол жылдың сәуірінде алғаш рет айтыла бастаған. Қытайда тұратын этникалық қазақтармен бірге Қазақстанға қоныс аударған, бірақ ықтияр хатпен жүрген, кейін Қытайдағы туыстарына қыдырып барған қазақтар да саяси тәрбиелеу орталығына жіберілгені туралы Азаттық бұған дейін жазған.
Олардың арасында Қазақстан азаматтығын алғандар да бар. Бұған дейін "Қытайда туыстарымыз қамауда отыр" деп шағым айтқан азаматтар "Қытайда тұратын қазақтардың жеке басын куәландыратын құжаттарын жергілікті полиция жинап алып, ешқайда шығармай отырғаны" туралы бірнеше рет мәлімдеген.