Қазақстанды Назарбаев мұрасынан толық арылтуға Тоқаевтың дәті жете ме?

Қазақстан президенті міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономика форумында. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанның қазіргі билігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасының соңына түсті: өткен айда оның туыстарының бірі түрмеге қамалса, оған қатысы бар кейбір кәсіпорындар мемлекет бақылауына өтті. Тоқаев Назарбаев мұрасынан арылу үшін тағы қандай қадамға баруы мүмкін?

Қазақстан Қаңтар оқиғасынан кейін әлі толық ес жиған жоқ. Ол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жасалатынын айтып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасының бұрынғыдай басымдыққа ие болмайтынын байқатқандай болған.

Содан бері Нұр-Сұлтан қаласының аты қайтадан Астана болып өзгерді. Назарбаевтың немере інісі алты жылға сотталып, қызы Дариға Назарбаеваның құдасы қамауға алынды. Ал інісі ауырып жатыр. Қаңтар қырғынынан кейін тоғыз ай өткенде елдегі "Назарбаев мұрасынан арылту науқаны қалай аяқталуы мүмкін?" деген сұраққа әлі толымды жауап жоқ.

Бұл мәселенің елдің әлі де болса Назарбаев отбасы бақылап отырған экономикаға да қатысы бар.

11 қаңтарда Тоқаев халыққа үндеу жасағанда, Қазақстандағы жағдай әлі де шиеленісіп тұрған еді. Содан бір апта бұрын Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауына наразы жүздеген адам шеруге шықты. Бейбіт акциялар жаппай тәртіпсіздікке ұласып, құқық қорғау органдары мен әскерилердің зорлық-зомбылық жасағаны айтылды.

Қаңтар оқиғасы кезінде 230-дан астам адам қаза тапты. Олардың арасында оқиға орнынан өтіп бара жатқанда мерт болғандар да бар. Ал Алматы мен басқа бірнеше қалада ғимараттар өртке оранып, тоналды.

Тоқаев елге "террористер шабуыл жасап жатқанын" желеу етіп, Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрады.

Ал "Елбасы" атанып кеткен Нұрсұлтан Назарбаев халық алдына шыққан жоқ.

Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаевтың туыстары Тоқаевты орнынан кетіруге тырысты деген әңгіме тарады. 2019 жылы наурызда президенттіктен кететінін мәлімдеген Назарбаев орнына Тоқаевты өзі қойып кеткен еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін парламент мәжілісінің отырысында сөйлегенде Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты сөзіне қыстырып, оның билігі тұсында елде қалыптасқан жағдайды сынады.

"Бірінші президент – Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен тіпті, халықаралық стандарттар бойынша бай адамдар тобы пайда болды" деді Тоқаев. "Халыққа тиесіліні өзіне қайтарып, оған жүйелі және тұрақты негізде көмек көрсететін уақыт жетті деп ойлаймын".

Журналистердің бірі Facebook-те "Бүгін бірінші президент – Елбасының арқасында" деген сөз мүлдем басқаша айтылды" деп жазды.

Қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген Тоқаев мемлекеттік қолдау тетіктері "достарға бәрін беріп, қалғанына – заң бойынша" деген ұстаныммен жұмыс істеп келгенін сынға алды.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева.

Бұға қоса Тоқаев Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның аты-жөнін атамаса да, оған тікелей қатысы бар "Оператор-РОП" компаниясының утилизация алымын жинауына тыйым салды.

Содан кейін Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы төрағасы қызметінен, ал Дариға Назарбаеваның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев "Қазақгаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кетіп, әлеуметтік жобаларға бағытталатыны айтылған "Қазақстан халқына" қоры құрылды.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева.

Аталған қорға алғашқылардың бірі болып Назарбаев отбасы мүшелерінің ақша аударғаны хабарланды.

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізіп, "Елбасы" статусын алып тастаған референдум кезінде Тоқаев Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржыны қайтарумен айналысатын комиссия құрылатынын айтты.

Маусымда бұл комиссия елге 500 миллион доллар қайтарылғанын мәлімдеді.

"НАЗАРБАЕВСЫЗДАНДЫРУ НАУҚАНЫНА" КҮМӘН

Бір ай бұрын Тоқаев ел президентін сайлау мерзімінен бұрын – биыл күзде өтетінін айтты. Өткен аптада Қарағанды және Павлодар облыстарына жұмыс сапарымен барғанда ол "олигархтар капитализмінің дәуірін" аяқтауға уәде берді.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының аты Астана болып өзгеріп, бұдан былай тұңғыш президент күні ұлттық мереке болып атап өтілмейтін болды. Бұл "назарбаевсыздандыру" науқанының бір бөлігі ретінде қарастырылды.

Дегенмен, Назарбаев туыстарының тек екеуі қылмыстық іс бойынша тергеуге алынды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды.

26 қыркүйекте Астанада сот "Қазақтелеком" компаниясынан 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясына тиесілі "Көлік қызметі орталығынан" (КСО) 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған Қайрат Сатыбалдыға алты жыл түрме жазасын кесті.

Тергеу кезінде кәсіпкер "Қазақтелекомның" 28,8 пайыз акциясын қайтарып берді. Ол бұған Люксембургте тіркелген оффшорлық Skyline Investment Company S.A. арқылы иелік еткен.

Қайрат Сатыбалдының басқа да қылмыстарға қатысы тергеліп жатыр. Ал Дариға Назарбаеваның құдасы, "ҚазМұнайГаз" компаниясынан ақша жымқырды деген күдікке ілінген Қайрат Боранбаевқа жуырда үкім шығады. Ол "McDonald's" компаниясының Қазақстандағы франшизасы мен "Қайрат" футбол клубының иесі ретінде белгілі.

Саясаттанушы, оппозиция белсендісі Димаш Әлжанов Назарбаевтың жақын туыстарының жауапқа тартылмауы бұрынғы және қазіргі президенттер арасында келісім барын білдіреді дейді.

Қаңтар оқиғасынан кейін бизнесінің бір бөлігінен бас тартқан адамдардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев. Бұрын сантехник болған оны "базар патшасы" деп те атайды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев.

Азаттық Болат Назарбаевтың Қазақстанда біршама жері мен қымбат мүлкі барын анықтаған еді. Сонымен қатар әйелімен ажырасып жатқанда оның Нью-Йорк пен Канн қалаларында мүлкі бары белгілі болған.

Жақында 69 жастағы кәсіпкерге тиесілі бірнеше базар мемлекетке өтті.

"Бірақ прокурорлардың оған айып таға қоюы екіталай" дейді Әлжанов.

Шілдеде билікшіл басылымдар Болат Назарбаевтың сырқат екені туралы видео жариялады. Әлжанов мұны қоғамдық пікірді өзгерту амалы деп атады.

Ал осы жемқорлықтың себепшісі болған Назарбаев Қазақстан мен Дубай арасында уақыт өткізіп, анда-санда халық алдына бір шығып қояды деді Әлжанов. Ол Сатыбалдының жеңіл жаза алғанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтың аралы, астанадағы резиденциялар және меншіктелген Үшқоңыр жайлауы

ШЕТЕЛДЕГІ ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРУ МҮМКІН БЕ?

Ұлыбританиядағы Prism саяси қатерді зерттеу компаниясының сарапшысы Бен Годвин Азаттыққа Назарбаевтардың шетелдегі мүлкін биліктің тәркілеуі екіталай дейді.

Ол үшін үкіметке біршама ресурс жұмсауға тура келеді, сонымен қатар шетелдегі прокурорларға мемлекет қаржыны жауапты түрде қайтара алатынын дәлелдеуі керек.

Ол Астана экономиканы қайта конфигурациялауға үлкен мән беріп отырғанын, қаңтарда Назарбаев биліктен шеттетілген соң Тоқаев мұны "билікті консалидациялаудың" бір бөлігі деп атағанын айтады.

Болашақта билік тау-кен өндірісі мен банк секторындағы Назарбаев отбасының мүддесі бар компанияларды нысанаға алуы мүмкін. Бірақ қазір билік рентаны қайтаруға тартылған компанияларға басымдық беріп отыр дейді Годвин.

Оларға шикізат сатумен пайда табатындар жатады деді ол. Сарапшы билік саяси толқулардың алдын алу үшін табиғи өсімге жағдай жасауы керек дейді.

Бұл типтегі кей компаниялар тығырыққа тірелген.

Кәсіпкерлер Қайрат Сатыбалдыға тиесілі "Көлік қызметі орталығы" компаниясын қаржы жымқырды деп айыптады. Бұл компания мемлекеттік темір жол компаниясына тәуелсіз негізде бақылау жүргізген.

Компания мен оның активтері мемлекетке өткен.

Әлия Назарбаеваның "Оператор-РОП" компаниясының жағдайы да соған ұқсас.

Билік қолдаған монополияның арқасында компания шеттен әкелінген автокөліктердің утилизация алымын жинап келген.

Бұл Қазақстандағы автокөліктердің қымбаттауына әсер етіп, кәсіпкерлер утилизация алымына қарсы қозғалыс бастаған.

Содан бері РОП жинап келген алым төмендеп, оны мемлекеттік мекемелер жинай бастады. Ал компанияның бұрынғы директоры Медет Құмарғалиев қазір қаржы жымқырды деген айыппен қамауда отыр.

Бірақ Назарбаевтың жауапқа тартылуы мүмкін екенін ешкім болжап отырған жоқ.

Билік Назарбаев қоры мен журналистер арасындағы сот туралы да пікір білдірген емес. Журналистер бұрынғы президент құрған бірнеше қордың 8 млрд доллар болатын "қонақүй, банк, фабрика, қойма мен басқа да активтерді бақылайтынын хабарлаған еді.

Маусымда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Назарбаев тамызда Қазақстан астанасында жаңа мешіттің ашылуына қатысты. Билігі әлсірегеніне қарамастан, ол Тоқаевқа үлкен қолдау білдірді.

Мамырда ол туыстарына қатысты тергеу туралы пікір білдіріп, "менің атымды жамылып қылмыс жасаған кез келген адам сот алдында жауап беруі тиіс" деді.

"Қазақстанда көп жыл бойы құқықтық мемлекет құрып келдік. Оның басты ұстанымы – заң бәріне бірдей" деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Назарбаевсыздандыру" науқаны, "Отбасын шетелде қудалау ықтималдығы" һәм жүйені бейімдейтін ТоқаевНазарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды? OCCRP зерттеуі"Уақтылы кету керек". Назарбаевтың "күйреген беделі", Тоқаевтың мүмкіндігі және "автократия қақпаны"Пандора құжаттары: Назарбаевтың "тоқалы" офшордан 30 млн доллар тапқан"Назарбаевты ұмыт қалдыру" немесе экс-президенттердің тағдыры