Нұр-Сұлтандағы төтенше жағдай. Бірінші күн

«Керуен» ойын-сауық орталығындағы бос қалған фудкорт. Нұр-Сұлтан 16 наурыз 2020 жыл.

Денсаулық сақтау министрлігінің наурыздың 16-сы күнгі дерегінше, Қазақстанда он адамнан коронавирус табылған. Елде төтенше жағдай жарияланды. Азаттық тілшілері төтенше жағдайдың бірінші күні қалай өткенін білу үшін ел астанасын аралап, сарапшылар мен кәсіпкерлерден коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулердің салдары туралы сұрады.

Қазақстанда төтенше жағдай режимі наурыздың 16-сы таңғы 8-де күшіне енді. Мектеп оқушылары сәуірдің 5-іне дейін мерзімінен бұрын демалысқа жіберіліп, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері онлайн оқуға көшті. Жүк тасымалын есепке алмағанда, елге кіріп-шығуға шектеу қойылды. Биліктің дерегінше, ірі сауда нысандарының қызметі шектелген. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер мен халық көп жиналатын басқа да орындардың жұмысы уақытша тоқтайды. Азық-түлік сататын дүкендердің (ойын-сауық орталықтарының ішінде орналасқан дүкендерді қоса алғанда) жұмысы жалғасады.

«ШЫҒЫНҒА ҰШЫРАМАСПЫЗ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»

Нұр-Сұлтан қаласының көшелері мен ойын-сауық орталықтарында адам аз. Медициналық маска киген адамдар жиі кездеседі. Қалада маскалар мен респираторлар тапшы. Азаттық тілшілері барған астананың әртүрлі бөлігіндегі бес дәріханада маска да, респиратор да жоқ болып шықты. Саудагерлер қолда бар тауардың тез сатылып кеткенін, ал жаңа тауарлар қашан келетіні белгісіз дейді.

«Артем» сауда орталығында жүрген жұрт Нұр-Сұлтан 16 наурыз 2020 жыл.

Нұр-Сұлтанның ескі орталығындағы Сәкен Сейфуллин көшесінде орналасқан «Артем» базары. Мұнда әдеттегіден адам аз. Бірақ сауда жүріп жатыр. Азық-түлік пен көкөніс сататын саудагерлердің кейбірі медициналық маска киген.

— Әзірге жұмыс тоқтайды деген хабарландыру болған жоқ. Әдеттегідей жұмыс істеп жатырмыз, — деді көкөніс сатып тұрған Қарлығаш (толық аты-жөнін айтқан жоқ).

Базарға көршілес орналасқан «Магнум» сауда орталығында да адам аяғы аз. Бірақ азық-түлік тапшылығы байқалмайды. Сөрелер тауарға толы. Бірнеше адам арбасын азық-түлікке толтырып, көлігіне қарай сүйреп барады.

Сол жағалауда орналасқан «Керуен» сауда орталығы да әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Онда тек кинотеатр ғана уақытша жабылған. Сауда орталығына келушілер көп емес. Бұрын адам көп жүретін футкорт жартылай бос.

Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. Күзетшінің сөзінше, ғимаратта оқытушылар мен өзге қызметкерлер ғана жүр. Оқу орнына қарама-қарсы бетте орналасқан «Бургер Кинг» фастфуд желісі жұмыс істеп тұр. Мекеме әкімшілігі фастфуд желісінің жұмысы тоқтайды деген ақпарат алмағанын айтты.

Үкімет ғимаратының жанынан өтіп бара жатқан маскадағы адам. Нұр-Сұлтан 16 наурыз 2020 жыл.

Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан автобөлшектер базары да жабылмаған. Саудагер Андрей Иларионов тауар жеткілікті болғанымен, базарға келушілер саны күрт азайғанын айтады.

— Ірі кәсіпкерлер тауар тапшылығы болмайтынын айтты. Тек жұрт аз келетін болды. Бұл сәттен шығынға ұшырамай өтерміз деп үміттенеміз, — дейді Андрей Иларионов.

КАРАНТИН КІМНІҢ ЕСЕБІНЕН ЖҮРЕДІ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың 16-сы күні төтенше жағдай туралы телеүндеуінде билік халықтың әл-ауқатын түсірмеуге тырысатынын айтып, Қазақстанның «90 миллиард доллар көлеміндегі» халықаралық резервін «экономикалық тұрақтылықты сақтаудың және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауының кепілі» деп атады.

— Экономикалық катаклизмдерге қарамастан, әлеуметтік шиеленіс пен жұмыссыздық деңгейін өсірмеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Отандық кәсіпкерлерді қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін 300 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді, — деді президент Тоқаев.

Шағын және орта бизнес өкілдері заңның анық жазылмағанына шағынып, коронавирусқа байланысты төтенше жағдайдан шығынға ұшыраймыз деп қауіптенеді. 80 адам жұмыс істейтін тігін фабрикасын басқаратын қарағандылық кәсіпкер Нұрхан Жұмабековтің айтуынша, заңда қазіргідей күтпеген жағдайлар анық көрсетілмеген.

— Мәселен, төтенше жағдай режимі енгізіледі. Біз сыйақы мөлшерлемесін төлеу мәселесі бойынша банкке хат жазу керек пе, жоқ па, білмейміз. Қызметкер карантинге шықса, оған жалақысын кім және қалай төлейді? Бұл жұмыс берушінің есебінен бола ма, әлде әлеуметтік төлем ретінде жүре ме? Жалақыны жұмыс беруші берсе, оған өтемақыны кім төлейді? — дейді Нұрхан Жұмабеков.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша уәкіл Рустам Жүрсінов Facebook парақшасына «халық жаппай қатысатын шаралардың өтуіне тыйым салу, кинотеатрларды, сауда орындарындағы ойын алаңдарын жабу және өзге де шектеу шараларының кесірінен кәсіпкерлер қиындық көріп, азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындай алмауы мүмкін деп» жазды.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, қазіргі заңда кәсіпкер қандай жағдайда қызметкерінің алдындағы міндеттемелерін орындаудан босатылатыны нақты көрсетілмеген.

«Еңбек шарттары бойынша міндеттемелерді орындай алмайтын жағдайға келсек, Еңбек кодексіне сәйкес, экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өндірістік немесе табиғи себептен жұмыстың уақытша тоқтауы өндірістің тұрып қалуы деп қабылданады. Кодекске сәйкес, жұмыс беруші мәжбүрлі түрде жұмысты тоқтатқанда қызметкерлерге еңбекақы төлеу тәртібі еңбек, ұжымдық келісімшарт арқылы анықталып, ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес (42 500 теңге – Ред.) мөлшерде еңбекақы төленеді» деп жазды Рустам Жүрсінов

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев елдегі жағдайды талдап, Қазақстан экономикасында қазірдің өзінде бірінші кезекте мұнай бағасының төмендеуінен туған қиындықтар сезіле бастағанын айтады. Сарапшының пікірінше, вирустың тарауына байланысты енгізілген шектеулер жағдайды одан әрі ушықтырады.

— Коронавирустан ел экономикасына тиген соңғы ауыр соққы болды. Төтенше жағдай девальвация кесірінен онсыз да қиындық көріп отырған бизнеске артық мәселе туғызды, - дейді ол.

Қазақстан теңгесі әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт төмендеген наурыздың 9-нан бастап құнсызданып келеді. Наурыздың 16-сы күні кейбір айырбастау пунктерінде доллар бағамы 438 теңгеге жеткен.

- Қазақстанда қазірдің өзінде экономикалық мәселелердің анық сезіле бастауы биліктің тәуелсіздіктің отыз жылында шикізат нарығына тәуелділікті азайтатын экономика құрмағанын дәлелдейді, - дейді Сәтпаев.

Ол «қазіргі жағдайға«бизнестің емес, шикізат сатудан түскен қаржыны желге ұшырып, тиімсіз, жемқор және шикізатқа тәуелді экономикалық модель құрған билік кінәлі» деп есептейді.

Сарапшы президенттің төтенше жағдай енгізу туралы мәлімдемесіне қатысты да пікір білдірді. Сәтпаевтың пікірінше, Тоқаев халықты сабырға шақыруға тырысқанымен, карантин салдарын жеңілдететін үкіметтік шаралар туралы ештеңе айтпаған.

— Жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпкерлердің белгілі бір бөлігі мемлекеттен қолдау күтіп отыр. Мәселен, басқа мемлекеттерде уақытша салықтық жеңілдіктер беріліп, несие төлемдеріне мораторий жарияланған. Өкінішке қарай, президенттің бүгінгі үндеуінде бұл айтылмады. Ол жағдай бақылауда екенін айтып, халықты сабырға шақыруға тырысты, — дейді Досым Сәтпаев.

Наурыздың 16-сы күні кешкісін Қазақстанда оныншы адамнан коронавирус табылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде 1 641 адам — стационарлық, 981 адам үй жағдайындағы карантинде жатыр. Барлығы 2 123 адам бақылауға алынған. Қызуы жоғары және жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ) белгілері байқалған 129 адам ауруханаға түскен.

Қазақстанда төтенше жағдай сәуірдің 15-іне дейін жалғасады және ұзаруы да мүмкін.