Мамырдың 9-ы күні Алматыда билік өкілдері "Мәңгілік полк" шеруінде жүрген көп балалы ана Оксана Шевчукті әкетіп, полицияға жеткізген. Жауап алғаннан кейін үйін тінтіген. Оксана Шевчукке тінту жүргізілгені туралы хаттамада "тергеу амалдарына 02.10.2018 жылы туған Ева Шевчук қатысқаны" жазылған. Сол күні анасы мен баласы 12 сағат бойы полициямен бірге болған. Оксананың айтуынша, сәбиі екеуі екі сағат изоляторда қамауда отырған.
- Еваның үстінде жылы киімі де жоқ еді. Оның жаялығын ауыстыруға да мүмкіндік бермеді. Бізге "тек кіріп қана шығасыңдар" деген. Изолятордан түнгі сағат 12-де шықтық , - дейді Оксана Шевчук Азаттық тілшісіне.
Омыраудан әлі шықпаған қызы ұйқысынан оянса өзін іздейтіндіктен Оксана оны үйіне қалдырып кете алмаған. Анасының айтуынша, баласы екеуін билік өкілдері әкеткен күні және кейін қамауда болғанда полиция қызметкерлері "өзін жақсы ұстайды екен" деп Еваны "мақтаған".
- Ева жарады, әйтеуір жылап, мазамды алған жоқ. Тек тар әрі лас изолятор ішінде еңбектегісі келіп, біраз тынышсызданды. Мен қатты уайымдадым. Ол жерде науқас адамдар болуы мүмкін еді, - дейді ол.
Полиция Оксана Шевчукке сот тыйымм салынған ұйым қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінгені туралы хабарлаған. 2009 жылдан бері шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын 2018 жылы наурыздың 13-і күні Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. 30 жастағы жұмыссыз Оксана Шевчук бұл қозғалыстың мүшесі емес екенін, алайда оның идеялары өзіне ұнайтынын айтады. Ол мамырдың 1-і күні Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағында үкіметке қарсы рұқсат етілмеген наразылық шеруіне қатысқан. Оған дейін Әблязов халықты наразылық акциясына шығуға шақырған болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "ҚДТ-ны қолдайтын" көп балалы ананың үстінен іс қозғалды"Тергеу амалдары" өткеннен кейін, мамырдың 10-ы күні кішкентай Ева жөтеліп ауырып қалған. Оксана Шевчук "қызы енді тәуір бола бастағанда" полиция өзіне бұлтартпау шарасын тағайындауды соттан сұрағанын айтады.
Мамырдың 31-і күні Оксана Шевчук қызы Евамен бірге кештен бастап түн ортасында дейін тергеу сотында жүруге мәжбүр болды. Істі қараған судья Алма Әбдіхалықова сот отырысын маусымның 1-іне ауыстыру туралы шешімін түн ортасына қарай қабылдады. Судья сот отырысын ауыстыру себебін Шевчуктың омыраудағы баласын сотқа бірге алып келуімен түсіндірді.
Маусымның 1-і, Балаларды қорғау күні сот көп балалы ана Оксана Шевчукты екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Шевчуктың адвокаты Ғалым Нұрпейісов кішкентай Еваны емханаға қарату, таза ауаға серуенге шығару қажеттігін ескеріп, соттан Шевчуктің жүріп-тұруын шектемейтін бұлтартпау шарасын тағайындауды сұраған. Бұған қоса адвокаты Оксана Шевчуктың 12, 10 және 8 жасар тағы үш баласы барын ескеруді өтінген. Сот көп балалы ананы үйқамақта ұстағанды жөн деп тапты.
ЗАҢГЕРЛЕР МЕН БИЛІК ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?
Мамырдың ортасынан бастап Оксана Шевчукті қорғауға кіріскен адвокат Ғалым Нұрпейісов мамырдың 9-ы күні жеті айлық Еваның құқығы өрескел бұзылды деп санайды. Ол Қазақстан президентіне, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкіліне, ішкі істер министріне хат жолдап, бала мен ана құқының бұзылғаны туралы уәжін айтып, осы оқиғаға араласуын сұраған.
Нұрпейісовтің пікірінше, бұл жерде Қылмыстық кодекстің кемінде үш бабы ("заңсыз ұстау және күзетпен ұстау, қамау" - 414-бап, "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" - 362-бап, "конституциялық құқығын бұзу" - 145-бап) бұзылған. Адвокат тергеуші мен қамау изоляторының кезекші офицері заңға сай әрекет етпеген деп санайды.
- Тергеуші сол жерге кезекші прокурорды шақыртып, түсіндіру жұмысын жүргізген соң босатуы тиіс еді. Олар анасын қамап қана қойған жоқ, балаға да зат ретінде қараған. Омыраудағы сәбиді қоса тұтқындап, оны кісі өлтіру, адам зорлау тәрізді қылмысқа күдіктілер отыратын, санитарлық талапқа сай келмейтін камерада ұстауды өкілетін асыра пайдалану деп санаймын. Тергеуші мен изолятор бастығы жазалануы тиіс, - дейді ол.
Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, әзірге сауал жіберген органдардан жауап түспеген
- Тінту хаттамасымен таныстым. Полиция өкілі Еваның да жеке заттарын тінтіген. Бізде интернетте араб әндерін тыңдағаны үшін де, ақ плакат үшін де жазалап жатыр. Енді омыраудағы сәбиге кезекке келді ме? Бұны жай қалдыруға болмайды, - дейді Ғалым Нұрпейісов.
Құқық қорғаушы Анар Ибраева кішкентай Ева Шевчук тек анасының ғана емес, мемлекеттің де қамқорында және оның құқығының сақтау ең алдымен мемлекеттің міндеті деп санайды
- Мұндай омыраудағы баласы бар әйелдер сотқа тартылғанда да, заңға сәйкес олардың жаза өтеу мерзімі кейінге шегеріледі. Ал кішкентай баланы көре тұра оны изоляторға қамау не үшін қажет болды? Құзырлы органдар бұған реакция білдіруі тиіс, - деп санайды құқық қорғаушы.
Азаттық бұл оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Азаттыққа Ева Шевчук туралы мүлдем естімегенін айтты.
- Менің хабарым жоқ, бұл ақпаратты тексеріп көруім керек, - деді уәкіл Азаттық тілшісіне.
Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Оксана Шевчуктің омыраудағы сәбиімен бірге изоляторда болғанын жоққа шығарды.
- Ол омыраудағы баласымен отырған жоқ онда. Мен сізге қайталап айтамын, - деді министр.
Қазақстанда түрлі наразылық акциялары кезінде ересектермен бірге балаларды да ұстау оқиғалары тіркелген. Қазақстан заңдарында қандай да бір шара, акция немесе демонстрацияға баламен баруға тыйым салынбаған.