Қазақстандағы оппозициялық күштер елде коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін бірінші рет көлемді наразылық митингісін өткізуге әрекет жасады.
Қоғамда дау туғызған "Бейбіт жиын туралы" биыл қабылданған жаңа заң күшіне енген маусымның 6-сына Алматы мен Нұр-Сұлтанда ресми тіркелмеген оппозициялық екі топ - "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Демократиялық партия" жақтастары наразылық митингісін өткізбек болған алаңды полиция қоршауға алды. Билік өкілдері алаңда "коронавирусқа қарсы дезинфекция шарасы" жүргізілетінін айтып, жұртты тарауға шақырды. Бірақ жиналғандар оған келіспей, өздерін алаңға өткізуді талап етті.
АЛМАТЫ: АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ МАҢЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Алматыда полиция Абай ескерткішінің алдына өткізбей қойған азаматтардың кейбірі сол жерде тұрып, билікке талабын айта бастады. Олар Алматы әуежайының сатылуына, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы екенін, табиғи ресурсқа бай мемлекетте халықтың кедейлік тауқыметін тартып отырғанын айтты. Наразылар биліктен несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.
"Шал кетсін!" Алматыдағы митингіде жүзден аса адам ұсталды
Your browser doesn’t support HTML5
Таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Алматыда оппозициялық ұйымдар "митинг орны" деп белгілеген Абай ескерткіші маңына келген бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Полиция көлікке күштеп салғандардың бірі "Назарбаев жүйесі құриды!", "Қазақстан, алға!" деп айғайлады.
Қаладағы Достық - Құрманғазы, Абай, Сәтпаев көшелері қиылысын полиция қоршап, адамдарды Абай ескерткіші орналасқан алаңға жібермеуге тырысты.
"Біз жерімізді қорғау үшін келдік. Алаңға өткізіңдер, талабымызды айтамыз да, қайтамыз", – деді жиналғандардың арасынан орта жастағы ер адам.
"Қазақстандағы жағдайға жаным ауырады. 44 мың теңге зейнетақы аламын, ет сатып алуға жетпейді", – деді қарт әйел.
Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң бүгін, маусымның 6-сынан бастап күшіне енгенін айтып, бұл митингіге қала билігінің рұқсат бермегенін алға тартты. Ал құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов осы уақытқа дейін қала әкімдігіне маусымның 6-сына митинг өтетіні жайлы ескертілгенін, бірақ биліктің жауап бермегенін айтты.
"Жаңа заңға сәйкес, егер билік жауап бермесе, онда шараға рұқсат етілген болып есептеледі", - деді құқық қорғаушы.
Прокурор елде COVID-19 індетіне байланысты карантин шарасы енгізілгендіктен көп адам жиналуына тыйым салынғанын ескертті.
Ескерткіштің жанына қойылған қоршаудың алдына жиналған ондаған адам: "Біз бұл жаққа төбелес жасау үшін келген жоқпыз, барып пікірімізді айтамыз да кетеміз, жіберіңдер!" деп, өздерін алаңға өткізуді билік өкілдерінен тағы да талап етті.
Сәлден соң азаматар жиналған жерге "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, журналист Жанболат Мамай да келді. "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін! Жер - халықтыкі. Біз бейбіт жиынға келдік, сіздерің бұларыңыз заңсыз" деді ол билік өкілдеріне.
Мамайдың жанындағы адамдар "Мұнай мен газға баймыз, ал халық неге кедей?", "Жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін!" деген жазу ұстап тұрды.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров митинг өткізу туралы әкімдік рұқсаты жоғын алға тартып, жиналғандарды тарауға шақырды. Мамай мен жақтастары 10 күн бұрын әкімдікке өтініш бергенін мәлімдеді. Бабақұмаров митинг өтетіні жайлы билікті хабардар ету туралы бап жазылған жаңа заң тек бүгін ғана күшіне енгенін айтты.
Арада біршама уақыт өткенде наразылар өздерін қоршауға алған полиция қызметкерлерінің ортасынан ешқайда шыға алмай, бір орында тұрып қалды.
Ондаған адам қоршаудың сыртында қалды. Олар Азаттық тілшісіне Алматының өзге аудандарында да наразылар жиналғанын, Абай мен Гагарин даңғылдары бойынан бірнеше адамды полиция алып кеткенін айтты.
Абай даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысына жиналған ондаған адам "Шал, кет!", "Назарбаев, кет!", "Парламенттік республика!" деп айғайлады.
Олардың кейбірі ҚДТ лидері Мұхтар Әблязовтың саяси серігі Жанар Ахметті Украинадан Қазақстанға экстрадициялауға жол бермеуге шақырған жазуы бар парақтар ұстап тұрды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда полиция "Көше партиясының" жақтастарын ұстадыҚазақстан соты 2018 жылы наурызда "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын былтыр наурызда Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Өткен айда Қазақстан соты тағы бір оппозициялық қозғалыс - "Көше партиясын" да "экстремистік ұйым" деп жариялап, қызметіне тыйым салды. Билік "Көше партиясы" қозғалысын "атауын өзгертіп алған ҚДТ" деп санайды. Бірақ "Көше партиясы" белсенділері сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсіргендерін хабарлады. Әблязов "ҚДТ өз атауын өзгерткен жоқ әрі белсенді қызметін де тоқтатқан емес" деп мәлімдеген.
Сенбі күні Алматыда Абай ескерткішіне полиция қызметкерлері өткізбей қойған топтың арасынан орта жастағы бір әйел "Парламенттік республикада халықтың үніне құлақ асатын болады", - деді сол жерде тұрған журналиске.
Фотогалерея. 6 маусымда Қазақстанда полиция наразыларды қалай ұстады?
Алматы әкімдігінің ресми өкілі Айдар Есенбеков "Қолданыстағы заң аясында бүгінгі шараларыңыз заңсыз. Сіздер бес күн бұрын өтініш берулеріңіз керек. Сол себепті тарауларыңызды сұраймын. Талапты орындамағандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін” деп ескертті.
Дауыс зорайтқыш құралмен сөйлеген "Желтоқсан-86" ұйымының мүшесі Талғат Рысқұлбек әкімдік өкілінің сөзін қолдап, жиналған жұртты митингіге келесі жолы шығуға шақырды. "Мына әкімшілік рұқсат береміз деп жатыр ғой. Бүгін өтініш берейік те, келесі жолы шығайық. Менің бауырым Қайрат құрбан болған. Сондықтан қазір тарқайық, бірақ келесі жолға заңды түрде келейік" деді ол.
Рысқұлбек билікке талап айтуға жиналғандардың алдында сөйлеп тұрған Мамайдың сөзін бөліп, оны "арандатушы" деп айыптады. Мамай мен жақтастары биліктің талабы заңсыз деп, митингіні басқа күнге ауыстырудан бас тартты. Олар елді тарауға шақырған Рысқұлбектің өзін "арандатушы" деп атады.
Қасына бір топ адам ерткен Рысқұлбек "жанында жиырма жігіт барын" айтып, "төбелес керек пе, төбелесеміз" деді Мамайға қарата.
Сол маңда тұрған полицейлер, арнайы жасақ я әкімдік өкілі белсендінің бұл сөзіне ешқандай реакция білдірген жоқ.
Билікке талаптарын айтуға жиналған азаматтар мен оларды Абай ескерткішіне қарай өткізбей, жолын бөгеген полиция тұрған маңдағы көшеде үстіне арнайы киім киіп, құрал асынған бірнеше адам сұйық зат шашып жүрді.
Сенбі күні бұл ауданда көшені осылайша бірнеше рет дезинфекциялады. Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров дезинфекцияның "митингіге қатысы жоқ" деп мәлімдеді. Шенеунік мұны енді ғана бәсеңси бастаған коронавирус қайта өршіп кетпесі үшін жасалған шара деп түсіндірді.
НҰР-СҰЛТАН: НАРАЗЫЛАРДЫ ҰСТАУ
Нұр-Сұлтан қаласында маусымның 6-сы күні таңертеңнен бастап "Қазақ елі" ескерткіші тұрған Тәуелсіздік алаңына полиция ешкімді өткізбей қойды. Алматыдағы сияқты мұндағы алаң да "дезинфекция жұмыстары" жүргізілетіндіктен жабылды деп түсіндірді билік өкілдері.
Азаттық тілшілері алаңның арғы бетінде арнайы киім киген "дезинфекция жұмысшылары" ештеңе істемей жайбарақат отырғанын көрді. Олар оппозиция "митинг орны" деп белгілеген жерге қарай адамдар келе бастағанда ғана өре түрегеліп, алаңға беттеді.
Азаттық тілшісінің көзінше полиция өкілдері Хазірет Сұлтан мешітінің жанынан кемінде он адамды көлікке күштеп салып, алып кетті. Тәуелсіздік алаңына жапсарлас аумақтан белгісіз бағытқа бет алған үш автобуста осы маңнан ұсталғандар отырды. Автобустағылардың бірі: "Бостандық!" деп айғайлайды.
Азаттықтың түсірілім тобы сенбі күні Нұр-Сұлтанда полиция ондаған наразы азаматты өткізбей, қоршауға алған аумақтың үстінде дрон ұшып жүргенін көрді.
Республика алаңы маңына жиналған адамдар Қазақстандағы саяси режимді өзгертуді, қаржы мекемелерінен алған несие қарызын кешіруді талап етіп, сөз сөйледі. Полиция оларды алаңға өткізбей, жолын жауып тұрды.
"Шіріген билік жастарға орын берсін". Нұр-Сұлтандағы митинг қалай өтті?
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанның санитар дәрігерлері "адам көп жиналса, вирус жұғуы мүмкін" деп ескерткен еді. Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева "митингіге шыққандар тұтас қалаға коронавирус жұқтыруы мүмкін" десе, Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантин кезінде митингіге келгендерді санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары видеоға тіркейді деп мәлімдеген.
"Бұл қала тұрғындары арасында індет тарауының алдын алу үшін қажет" деді Бекшин.
АЙМАҚТАРДА ПОЛИЦИЯ ОНДАҒАН АДАМДЫ ҰСТАДЫ
Сенбі күні Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділерді ұстағаны туралы ақпараттар тарады. Журналист Инга Иманбайдың хабарлауынша, таңертең Алматыдағы митингіге қатыспақшы болған белсенді Дамир Катекеевті қалаға жеткізбей полиция жолдан ұстап әкеткен. Интернетте жарияланған қысқа видеода Катекеев полиция өзін көлікке салып, бөлімшеге апара жатқанын айтады.
Қарағандыда бастамашыл топ өкілі Бақытжан Жансейітовті де ұстағаны хабарланды. Павлодарда Нұргүл Қалуованы аялдамада тұрған жерінен полиция әкеткен. Белсенді мұны Facebook-та тікелей эфирге шығып хабарлады.
Қазақстанның оңтүстігіндегі республикалық маңызы бар Шымкент қаласындағы Ордабас алаңын таңертеңнен полиция қоршап, ешкімді өткізбей қойды. Полицейлер алаң маңынан ешқандай ұран я талап айтпай, жай ғана тұрған 15 шақты адамды әкетті. Олардың арасында кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай да бар.
"Бас басына би болған өңшең қиқым..." Бірнеше қалада митингіге шыққандар ұсталды
Your browser doesn’t support HTML5
Түске қарай Шымкентте жергілікті белсенділер Мұрат Әштаев, Нұрлан Әбілдаев пен тағы бірнеше адамды ұстады. Олардың бірі: "Шал, кет!", "Диктатура жойылсын", "Жер сатылмасын!" деп айғайлады. Полицияның белсенділерді ұстап жатқанын көрген автобус аялдамасында тұрған адамдар наразы болған еді, ізінше полиция оларды да көлікке салып, алып кетті.
Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласында сенбі күні полиция бейбіт жиын өтеді деп белгіленген жерден 20 шақты адамды әкетті. Митинг басталуы тиіс уақытта – таңертеңгі сағат 11.00-де полиция қаланың орталық алаңына келген азаматтарды ұстай бастады. "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі Талғат Нысанбайды әй-шайға қаратпай алып кетті. Оның алдында Нысанбай жергілікті белсенділердің митинг өткізетіні жайлы қала әкімдігін мамырдың 29-ы күні құлағдар еткенін Азаттыққа айтқан еді.
"Заңда митинг жайлы [билікті] бес күн бұрын ескертуіміз керек екені жазылған, ал бүгін маусымның 6-сы болды. Яғни жаңа заңның барлық талабын орындадық. Біз митингімізге қолдау білдіргендердің бәрінен маска тағып келуді, арақашықтықты, яғни барлық санитарлық норманы сақтауын сұрадық", - деді белсенді Нысанбай.
Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаевтың сөзінше, митинг жайлы хабарлама жаңа заң күшіне енбей тұрып берілгендіктен жарамсыз саналады. Сенбі күні Семейдің орталық алаңында ғана емес, қарсы беттегі көшеде де азаматтарды ұстап жатты. Оқиғаны видеоға түсіріп жүрген Азаттық тілшісін ұстауға да бірнеше рет талпынды.
Ақтөбе облысының әкімшілік орталығында полиция бұл күні оннан астам азаматты көлікке салып алып кетті. Оларды таңертең Ақтөбе қаласының орталық алаңына келген кезде ұстады.
Қызылорда қаласының орталық алаңына келген 30 шақты адам биліктен белсенділерді қудалауды доғаруды, саяси тұтқындарды түрмеден босатуды талап етті. Кемінде жеті адамды полиция әкетті.
Орал қаласында полиция отызға жуық адамды орталық алаң маңынан ұстап әкетті. Алаңның төңірегін полиция таңертеңнен қоршап тұрған еді. Билік өкілдері алаңда "санитарлық шара" жүргізіліп жатыр деп түсіндірді.
Маусымның 6-сы күні Қазақстанда жиынтығы қанша адамды полиция әкеткені әзірге белгісіз. Елдің ішкі істер министрлігі мен аймақтық полиция департаменттері бұл жолы да олардың санын айтқан жоқ.
Осыдан бір-екі күн бұрын елде бірнеше қалада белсенділерді ұстап, кейбіріне сенбі күні полицияға келуді міндеттейтін шақыру қағазын тапсырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Пандемия кезінде Қазақстан билігі асыра сілтеп жатыр"Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары карантинді пайдаланған Қазақстан билігі азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектеп, белсенділерге қысымды күшейтіп жатыр деп дабыл қаққан еді. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақтан үкіметінің коронавирус індетіне қарсы шаралар ауқымын негізсіз кеңейтіп, карантин шектеулерін "өктем әрі жосықсыз" әдіспен енгізгенін сынаған.
Елдегі құқық қорғаушылар да пандемия кезінде билік белсенділерге қысымды күшейтті деп дабыл қаққан.
Сенбінің қарсаңында бас прокуратура бұл митингілердің "заңсыз" екенін айтып, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды. Бас прокурормен қатар денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер де бірінен соң бірі "митинг вирустың жаппай тарауына әсер етеді" деп ескерткен.
Коронавирус пандемиясына байланысты шамамен үш айға созылған карантиннен кейін Қазақстанда оппозиция күштері алғаш рет көлемді митинг өткізетінін мәлімдеген. Соңғы рет наурыздың 1-іне бірнеше қалада белсенділер ұйымдастырмақ болған митинг орнына жақындағандарды полиция жаппай ұстап, алып кеткен еді.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент қызметінен кеткеннен кейін елде наразылық акциялары үдеген. Назарбаев президеттіктен кеткенімен мемлекеттік аппаратқа ықпал ететін өкілетке ие болып қалды. Назарбаев өзінен кейінгі президент етіп қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев "саяси реформаларды" жүзеге асыруға, бейбіт жиын, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдарды жетілдіруге уәде еткен. Тоқаев билікке келгелі бері қабылданған заңдарды сынаушылар Назарбаев орнатқан бұрынғы авторитарлық жүйенің мұрты бұзылмай, сол қалпында тұрғанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Митинг күні полиция көше мен алаңды жауып, белсенділерді топтап ұстады