Орал тұрғындары қаладағы көне саябақты жалға беруге қарсы

Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағы. 13 қазан 2018 жыл.

Оралдың мәдениет және демалыс саябағы елдегі ең көне осындай орындардың бірі саналады. Өңір билігі оны кәсіпкерлерге сенімді басқару шартымен жалға беруді ұйғарды. Қала тұрғындары әкімдік шешіміне наразы: олар саябақ коммерциялық нысанға айналып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Облыс әкімі саябақты жалға беру процесі карантин кезінде уақытша тоқтайтынын айтқанымен, бастамадан бас тартқан жоқ.

Оралдағы мәдениет және демалыс саябағы Шаған өзенінің (Жайық өзеніне құяды) жағалауында, қала у-шуынан алыста орналасқан. Осыған қарамастан, саябақтан қала орталығына жаяу жетуге болады. Саябақ шартты түрде бірнеше "бөліктен" тұрады: демалыс аумағының бір шетіне жүргінші жолы төселіп, орындықтар мен шамдар қойылған; келесі бөлігінде аттракциондар, батуттар мен жалға берілетін велосипедтер тізіліп тұр, ал қалған жер игерілмей, қараусыз жатыр. Саябақтың батут иелері мен тәтті-дәмді сататын кәсіпкерлердің аяғы жетіп үлгермеген бөлігінде ескі ағаш пен соқпақ жол көп. Жаздың аптап ыстық күндері де бұл жер салқын, тыныш әрі әдемі қалпында тұрады. Жүз елу жыл бұрын салынған саябақтың шынайы көрінісі де осы аумақта сақталып қалған.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Орал, 13 қазан 2018 жыл.


200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР АҒАШТАР

"Ескі Орал" музейінің директоры Геннадий Мухиннің дерегінше, биыл қалалық саябақтың ашылғанына 180 жыл толған. Бір кездері бұл саябақта Федор Шаляпин болашақ император екінші Николайдың алдында ән шырқап, Лев Толстой "Казактар" романына материал жинап жүріп, қуғындағы атаман Столыпинмен кездескен. Қазақстан тарихындағы саябақ ішіне салынған алғашқы жылыжай да осында ашылған: мұнда әйнек астында әртүрлі өсімдік пен гүл өсірілген.

Мухиннің айтуынша, қазір сол кездегі саябақтан ескі ағаштар ғана мұраға қалған. Саябақтағы кей ағаштың 200 жылдық тарихы бар. Мухин осы шағын ғана тарихи құндылықты жекеменшікке бермей, сақтап қалу керек деп есептейді. Оның пікірінше, бұл жер "халықтың еншісінде болуы керек".

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Орал, 13 қазан 2018 жыл.

- [Саябақты беру] туралы шартпен таныстым. Онда саябақты аты-жөні құпия қалғанын қалаған біреудің алып жатқаны жазылған. Бәрі ашық болуы керек заманда не қылған құпиялық? Саябақты алған адам табыс табуға құқылы деп көрсетілген. Қайдан табыс табады? Демек олар азаматтарға ақылы қызмет көрсете ме? Мүмкін саябаққа кіруді де ақылы қылатын шығар. Мен бұған түбегейлі қарсымын, - дейді Мухин.

Өлкетанушы саябақта құрылыс басталса, ағаштарды кесуі мүмкін деп қауіптенеді.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағының ресми сайтында "саябақтың жалпы аумағы - 24,2 гектар, бұл жерде төрт мың ағаш өседі, олардың арасында - 150 жылдан бері өсіп тұрған 24 емен, 7 қарағай бар" деп көрсетілген.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Орал, 5 тамыз 2018 жыл.

ЖАҢА АТТРАКЦИОНДАР МЕН ШАҒЫН СТАДИОН

Ағаштар мен саябақтың ендігі тағдырын жаңа иесі шешеді. Саябақ кімнің қолына өтері әзірге белгісіз. Билік саябақты жекеменшікке берудің негізгі себебін "инвестиция тарту" деп түсіндіреді. Шартқа сәйкес, сатылымнан түскен ақша саябақ аумағын жөндеуге жұмсалады. Мәселен, балалар алаңы, жағалауға қажетті құралдар, қайықтар мен катамарандарға арналған тұрақтар, тіпті шағын стадион салу да жоспарда бар. Саябақ жанында "Ақжайық" футбол командасының стадионы (Оралдағы спорт шараларының көбі сонда өтеді) орналасқан.

- Саябақты жеке меншікке беру кезінде сенімді басқару келісімшартының мерзімі аяқталғанша жалға алынған нысанның қызмет бағытын өзгертпеу керек деген талап қойылып отыр. Саябақ қызметінен түскен табыстың негізгі бөлігі (80 пайызы) бюджетке жіберіледі, - деді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.

Қала саябағындағы спорт алаңы. Орал, 13 қазан 2018 жыл.

Қала билігінің саябақты жеке меншікке беру туралы шешіміне қолдау білдірген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев бұл ұстанымын "саябақтың иесі болуы керек" деп түсіндірді. Дегенмен ол "мемлекет - нашар басқарушы" екенін мойындайды.

"[Саябақты] шынымен мәдениет және демалыс саябағына айналдыру үшін оған қаржы құйып, жан-дүниесін салып, дамытатын қожайын керек. Бәріміз білетіндей, мемлекет - мұндай мәселеге келгенде, нашар менеджер. Жемқорлық қаупі жоғары. Сондықтан саябақты ұзақ мерзімге жеке компанияға беру керек. Сонда саябақтың тағдыры қала не облыс әкіміне тәуелді болмайды. Саябақты жаңа деңгейге көтеретін, табысқа кенелуді мақсат тұтпайтын басшы таңдау керек. Оралда ондай азаматтар бар деп ойлаймын. Сондықтан саябақты сенімді басқаруға береміз", - деп жазды Есқалиев Facebook парақшасына.

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Серік Қайырлиев соңғы тоғыз жылда мемлекеттік бюджеттен саябақ қызметіне қаржы бөлінбегенін, негізгі табыс көзі өткен жылы істен шыққан шолу дөңгелегі аттракционы болғанын айтады. Билік апатты жағдайда тұрған аттракционды алып тастауды ұйғарған. Оны бұзу жұмысы тендерге қойылып, әкімдік оған жарты миллион теңге бөлген.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракцион. Орал, 15 тамыз 2018 жыл.

Былтырға дейін осы аттракцион тұрған орын мен саябақ ішіндегі екі жер учаскесі мемлекеттік реестрден шығып қалғаны белгілі болды. Жер мәселесі бойынша заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, қазір саябақтағы үш жер учаскесі әкімдік балансында тұр. Заңгер мұның қалай болғанын білмейді, бірақ бұл мәселемен жемқорлыққа қарсы ведомство айналысуы керек деп есептейді.

- Орал әкімінің қаулысында (әкім оған бір жыл бұрын қол қойған) қалалық саябақтың жалпы аумағы 24,2289 гектардан 23,9368 гектарға дейін қысқарған. Қаулыда саябаққа тиесілі жердің қандай себеппен және кімнің иелігіне өткені көрсетілмейді. Мұндай сұраққа тек жемқорлыққа қарсы тексеріс қана жауап бере алады, - дейді Бақытжан Базарбек.

Мәдениет және демалыс саябағында жүрген адамдар. Орал, 27 тамыз 2020 жыл.

Заңгердің пікірінше, басшылық саябаққа тиесілі жерді есептен шығаруы мүмкін емес, өйткені бұл жер заңы нормаларына қайшы келеді. Базарбек саябақ иелігіндегі үш жер учаскесін жекеменшікке беру мәселесін жер комиссиясы қарап, шешімді де солар шығарғанын айтады.

Саябақ жерінің бір бөлігі (1,5 гектар) он жылға жалға берілгенін 2009 жылы саябақты басқарған Феликс Баюканский да растады. Он жыл бұрын Баюканский басқарған тұста саябақтың бір бөлігін жеке кәсіпкерлер қолына беріп, бизнесті дамыту туралы шешім қабылданған.

- Сол кезде [2009 жылы] саябақта аттракцион көп болды. Біз саябақтың бір бөлігін 2019 жылға дейін жалға беру туралы шешім қабылдадық. Кәсіпкерлер жалға алған жері үшін ақша төлеп тұрды, қазір саябақта тұрған 45 аттракционды сатып алды. 10 жылдан кейін, [жалға беру мерзімі] аяқталған соң, олар жерді [барлық салынған аттракционымен қоса] мемлекеттік саябаққа қайтаруы керек еді. Он жыл өтті, бірақ "Аттракциондар саябақ иелігіне өтті ме?" деген сұрағыма жауап ала алмадым. Аттракциондар саябаққа өтсе, оның қызметі жалғасар еді, - дейді Феликс Баюканский.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағында мерекелік шарада жүрген адамдар. Орал, 13 наурыз 2016 жыл.

Саябақтың бұрынғы директорының айтуынша, аттракциондардан едәуір табыс түседі. Әсіресе, мереке күндері табыс көбейеді. Баюканский саябақты өзі басқарған кезде солай болғанын айтады.

- 2009 жылғы маусымның 1-і есімде: балаларды қорғау күні болатын, сол кезде саябаққа көп адам келді, бір күнде бір миллион теңге табыс түсті, - дейді Баюканский.

"САЯБАҚТЫ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ"

Феликс Баюканский саябақты сенімді басқаруға беруге қарсы. Оның айтуынша, "барлық қол қойылған құжаттарға қарамастан", саябақты жекеменшікке берудің салдары қиын болады.

- Жеке кәсіпкер бұл жерді он жылға алады. Ол жалға алған жерінде өзіне пайда әкелетін дүниемен айналысады. Жеке кәсіпкер келсе, саябақта бірден коттедж, бар мен мейрамхана пайда болады. Сондықтан саябақты сенімді басқаруға беруге қарсымын. Қазақстанда мұндай тәжірибе болған. Бұрын Алматының орталық саябағы сенімді басқаруға берілген. Кәсіпкерлер үш жыл ішінде саябақтың жарты аумағына аттракцион салып үлгерді. Сол кезде Алматы әкімдігі саябақты жекеменшіктен қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Бірақ саябақ жерінің бір бөлігін жоғалтып алды, өйткені жұмыс істеп тұрған аттракциондарды сүріп тастай алмайды ғой, - дейді Баюканский.

Мәдениет және демалыс саябағында жүгері сатып алып тұрған балалар. Орал, 15 тамыз 2019 жыл.

Саябақты жекеменшікке беретінін естіп, қарсылық білдірген бір топ белсенді де осы пікірге қосылады. Олар саябақты сенімді басқаруға беруге қарсы қол жинау үшін онлайн-петиция жариялаған. Бірақ петиция бұғатталған. Белсенділер бұғаттауды "әдейі жасалған амал" деп түсінеді. "Белсенділерде пандемия кезінде қарсылық білдірудің басқа амалы қалған жоқ", - дейді Надежда Солодовникова. Ол әлеуметтік желіде саябақты беруге қарсы видеоүндеу жариялап жүр.

- Қазір пандемия кезінде, көшеге шығып, қарсылық білдіре алмаймыз. Бұл шешімге көп адам қарсы. Басқа уақыт болса, жиналып, бірнәрсені қиратып, бүлдіру үшін емес, саябақты жекеменшікке беруге қарсылығымызды бейбіт формада білдіру үшін әкімдік алдына митингіге шығар едік. Қазір саябақ жерін сатпаса да, он жылға жалға бермек. Одан да саябақты қоғам белсенділеріне берсін. Олар бұл істен пайда көрмейді, есесіне саябақта тәртіп орнайды, әрі ағаштарды да сақтап қаламыз, - дейді белсенді.

Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағы. 13 қазан 2018 жыл.

Облыстық мәслихат депутаттары да саябақты жекеменшікке беруге қарсылық білдірді. 15 депутат қол қойған хатта олар билікті саябақты жекеменшікке беру процесін карантин аяқталғанша тоқтатуға, кейінірек бұл мәселені қоғаммен бірлесіп талқылауға шақырады.

Қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, қала және облыс әкіміне арналған хатта:

"Әлеуметтік желіде біз белсенді тұрғындардың пікірін көріп отырмыз. Олардың арасында зейнеткерлер, қоғам белсенділері, журналистер де бар. Кей азамат билік карантинді пайдаланып, халықтың қатысуынсыз саябақты жекешелендіріп жібереді деп қауіптеніп жүр. Қазақстанда мемлекет иелегіндегі нысандарды мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырып, жекешелендіру жүріп жатқанын білеміз. Бірақ саябаққа келгенде, мұндай асығыс шешім қабылдауға болмайды", - делінген.

БІРЖОЛА ЕМЕС, УАҚЫТША ТОҚТАҒАН ЖОБА

Бұл - биліктің қалалық саябақты жекеменшікке беруге алғашқы талпынысы емес. Осыған ұқсас жағдай төрт жыл бұрын да болған. Ол кезде билік саябақты жалға берудің орнына сатпақ болған. Бірақ билік 2016 жылы да саябақты жалға беруге жеткілікті себеп болғанымен, бұл ойынан бас тартқан.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Орал, 13 қазан 2018 жыл.

Сол кезде саябақты сату туралы пікір білдірген Батыс Қазақстан облыстық монополияға қарсы инспекциясының директоры Валихан Разов:

"Мемлекет кәсіпкерлерге нысанды сатып алып, дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан саябақ еш жаққа кетпейді. Оны бәсекелі ортаға беру дегеніміз — кәсіпорын тиімділігін арттырып, инвестиция тартуды білдіреді. Қалалық әкімдікпен бірге белгілі бір шарттар негізінде саябақты сату мәселесін талқыладық. Саябақтың қолданылу мақсаты өзгермейді. Ол жер учаскелерге бөлінбейді, онда үйлер салынбайды, ал саябаққа кіру тегін болып қалады. Кәсіпкерге аттракциондарды ауыстырып, жаңартуға мүмкіндік беріледі. Осыдан баға өсуі мүмкін. Бірақ бұл түсінікті жағдай, өйткені кәсіпкер салған ақшасын қайтарып алуы керек", - деген.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Орал, 5 тамыз 2018 жыл.

Интернет пен әлеуметтік желіде, өңірлік ақпарат құралдарында саябақтың жекеменшікке берілетіні туралы көп жазылып, тұрғындар қарсылық білдірген соң, облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл бастаманы уақытша тоқтатты, бірақ жобадан толық бас тартқан жоқ.

Бұл туралы облыс басшысы Facebook парақшасына жазды: "Тендер шарттарын қарап шығып, олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципіне сәйкес келмейтінін түсіндім. Мұндай келісімдерден мемлекет те, қоғам да, инвестор да пайда табуы керек. Сондықтан Орал қаласының әкіміне жарияланған тендерді тоқтатуды тапсырдым. Тендердің жаңа шарттарын дайындау үшін жұмыс тобы құрылады. Көмектесуге ниетті азаматтардың бәрін жұмыс тобына қосылуға шақырамын..."