"Табиғатқа тимеңдер". Орал билігі қала орталығындағы тоғайды кесіп, орнына не салмақ?

Оралдағы "Тоғайлы белес".

Оралдағы "Тоғайлы белес" – қаладағы табиғи қалпында сақталған 700 гектар орманымен ерекшеленетін орындардың бірі. Бір жылдан бері бұл жер дауға себеп болды. Қала әкімдігі тоғайды кесіп, жол салмақшы, ал жергілікті халық табиғатқа қол тигізбей, қазіргі қалпында сақтау керек деп есептейді.

ТОҒАЙ ҮШІН ТАРТЫС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Бұл хикая былтыр күзде құрылыс жұмыстарынан басталған. Ол кезде орман іргесіндегі бұрынғы тері зауытының орнына тұрғын үй салынып, өндіріс орнының ескі ғимаратын бұзған жұмысшылар құрылыстан шыққан қоқысты тоғайға тастаған.

Тоғайдың шетінде тұрғын үй салынған кезде жұмысшылар құрылыстан шыққан қоқысты осында тастаған.

Бұған жергілікті халық наразы болды.

– Әкімдікке, құрылыс бөліміне, экология басқармасына, жергілікті депутатқа бардық. Мемлекеттік органдардың бәріне хат жазып, тексеруді, құрылыс жұмысын тоқтатуды сұрадық. Өйткені зауыттан шыққан қоқыс пен қазылған топырақты тоғайға төге бастады. Қоқыс төгілген орыннан бірнеше метр жердегі өзенді аққу мекендейді. Зауытта көп жыл бойы тері өңдеуге әртүрлі химия қоспалары қолданылғандықтан, өндіріс орнынан шыққан топырақ улы болуы мүмкін, – дейді тоғайға жақын маңда тұратын Наталья Кудрявцева.

Қоғам қарсылығы бірнеше айға созылған. Тұрғындардан құрылған бастамашыл топ әр апта сайын билік өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, экологтарды, белсенділер мен журналистерді шақырып, тексеру мен сараптама жүргізуді талап еткен.

Нәтижесінде құрылыс тоқтап, мердігер компания тоғайды қоқыстан тазартып, құрылыс орнын қоршауға міндеттелген.

Тоғай аумағынан өтетін Старица өзені арнасынан асып, жолға жайылды. Орал, 2021 жылғы қазанда түсірілген сурет.

ӘКІМДІКТІҢ АСТЫРТЫН ӘРЕКЕТІ

Тоғай іргесіндегі құрылыс үшін тартыс жүріп жатқанда, жергілікті биліктің бұл аумақты орман қорынан шығармақ болып, территорияны дамыту жоспарын әзірлеп қойғаны белгілі болды.

Жергілікті халық бұл туралы бірінші рет былтыр қарашада тоғайды қорғау туралы кездесулердің бірінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаевтан естіген.

Шенеунік тоғай арқылы өтетін айналма жол салу үшін орманды қала билігінің иелігіне беру керек деп түсіндірген.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Асқар Құлбаев (ортада) тұрғындардың бастамашыл топ мүшелерімен бірге тоғай шетіндегі құрылыс алаңында тұр. 2020 жылғы қараша айы.

– Қала кеңейіп, халық саны өсіп жатыр. Жолда көлік көбейді. Мұның бір шешімін табу керек. Мәселені тоғай арқылы өтетін айналма жол салу арқылы шешуге болады деп ойлап отырмыз, – деген Құлбаев.

Әкім орынбасарының мәлімдемесінен кейін бұл тақырыпта қоғамдық тыңдау өтетіні хабарланған. Кейінірек тұрғындар қала әкімдігінің сайтына жарияланған хабарландырудан орманға айналма жол ғана емес, аттракцион, спорт алаңын, жалғызаяқ соқпақ пен велосипед жолын, Старица өзеніне жағалау салу жоспарланып отырғанын білген.

Бірнеше күннен кейін тоғайды дамыту жобасы жарияланған. Жобада тоғай орнында қайық спортымен айналысуға арналған канал, аттракциондар, жағалау, демалыс орны, спорт алаңдары мен жолдар салынатыны, тіпті "тұрғын үй салу мүмкіндігі" қарастырылғаны айтылған. Көрнекі материалдардан Старица өзені жағалауына коттедж салынбақ.

Тоғай аумағынан өтетін Старица өзені.

Осыдан кейін оқиға тез өрбіген. 2020 жылғы 11 қарашаға белгіленген қоғамдық тыңдаудан бірнеше күн бұрын жергілікті пабликтер мен ақпарат сайттарында "Е-батыс" сайтының сілтемесімен берілген материал жарық көрді. Онда тоғай аумағындағы жекелеген жер учаскелері, олардың көлемі мен кадастр нөмірлері туралы жазылған. Осындай 30-ға жуық жер телімі тоғайды дамыту жобасында коттедж салынады деп көрсетілген аумақта орналасқан.

Көп ұзамай әкімдік "қателік кеткенін" мәлімдеген, ал "Е-батыс" сайтындағы жер учаскелері туралы ақпарат өшірілді.

Осыдан кейін қоғамдық тыңдау ұйымдастыру мәселесі жайына қалды. Әкімдік шараны өткізуге дайын емесін хабарлаған.

Орал әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев бір жыл өтсе де, "тоғай аумағын қалаға аса қажет айналма жол салу үшін пайдаланамыз" деген пікірін қайталаудан жалықпайды. Шенеунік тоғайда жолдан бөлек, рекреациялық аймақ салынатынын, бірақ бір де бір коттедж болмайтынын айтады.

– Рекреациялық аймақ тематикалық саябақ түрінде салынады: жаяу серуендеуге, жүгіруге, велосипедпен жүруге арналған жолдар, демалыс орындары, жаттығу құралдары, балаларға арналған ойын алаңы – демалысқа қажет дүниенің бәрі болады, – деді Асхат Құлбаев телефон арқылы берген пікірінде.

"ТОҒАЙ ЖЕРІН ПАЙДАЛАНУ АЙДЫ ИГЕРУМЕН ТЕҢ"

Биліктің ақылға қонбайтын шешімдеріне қарсы күрестен біраз тәжірибе жинап үлгерген тұрғындар тоғайдың қазіргі қалпына көңілдері толатынын айтады. Олар бір жыл бойы қол қусырып отырмай, әлеуметтік желіге, жергілікті пабликтерге орманның ерекшелігі мен маңызы туралы суреттер мен видеолар жариялап, петиция дайындап, президент пен үкіметке хат жазған.

– Бір жыл өтсе де, хатқа қол қойып жатқан адамдар бар. Жақында бір топ жас бастама көтеріп, ақша жинап, тоғайға жол сілтейтін белгілер орнатып шықты. Өйткені адамдардың көбі Жайық өзеніне, сарқырамаға немесе аққуларға жету үшін қай бағытта жүру керегін білмейді. Бұл – тоғайға зардабы тимейтін реттеу түрі. Адамдар жыл он екі ай бойы тоғайға барып, қоқыс жинайды. Жақында ақжелкен отырғызудан акция өтті. Алдағы жылы тамыр жайған ақжелкенді тоғайға отырғызады. Мұндай шараларды әртүрлі адамдар ұйымдастырады. Олардың бәрі тоғайды сақтап қалуға үлес қосқысы келеді, – дейді петиция авторларының бірі Николай Смирнов.

Жақында тұрғындар ақша жинап, тоғай ішінде жол сілтейтін белгілер орнатып шықты.

Жергілікті халықты ғалымдар мен экобелсенділер де қолдайды.

Олар тоғайға қол тигізудің салдары ауыр болады, экожүйенің тұтастығы бұзылады деп алаңдайды.

Биолог-орнитолог Михаил Шпигельманның айтуынша, орманда қала үшін ерекше жануарлар: сусар, түлкі, бұлан, қоян, сутышқан, құндыз кездеседі. Тоғайда Қызыл кітапқа енген емен ағашы да өседі.

– Биоалуандықты сақтау үшін әртүрлі ландшафт керек: [біздің жағдайда] орман да, жазық та бар. Биоалуандық жоғары болған сайын, экожүйе де тұрақты болады. Бізде жайылма ормандардың бәрі өте нашар күйде, сондықтан бұл орманға тисек, тоғай жойылып кетеді. Өкінішке қарай, бізде жабайы табиғатқа зиянын тигізбей жұмыс істеуді білмейді, – дейді Шпигельман.

Тоғайдағы өзен-суды аққу мекендейді.

"Жасыл майдан" экоқозғалысының жетекшісі Злата Удовиченко "айналма жол құрылысы жай ғана "сылтау", ал тоғайға тию – заң бұзу" деп есептейді.

– Орман кодексіне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аймақ құру немесе оның аумағын кеңейту; халықаралық міндеттемелерді орындау; пайдалы қазба өндіру (кен өндірудің басқа әдісі табылмаған жағдайда); қала шекарасын өзгерту (шекараны басқа жерден жүргізуге мүмкіндік болмаса); республикалық немесе халықаралық маңызы бар жол салу сияқты бес себеппен ғана жолды орман қорынан шығаруға болады. Тоғай аумағын пайдалануға аталған себептердің бір де бірі сәйкес келмейді, өйткені жоспардағы жол республикалық не халықаралық емес, қала деңгейіндегі жол болады, – дейді Удовиченко.

Тоғайда күз мезгілінде түсірілген сурет.

Экобелсендінің пікірінше, Орал билігінің орман ішіне жол салу жобасын дайындауға құқығы жоқ.

– Бұл – "айға жол саламыз" деген жоба дайындаумен тең. Тоғай жерін пайдалану құқығы – айдың бетін игеру құқығымен бірдей. Яғни, жергілікті биліктің екеуіне де құқығы жоқ. Бірінші тоғай аумағын орман қорынан шығарып, жобаны содан кейін дайындау керек. Бірақ олай болмады. Республикалық маңызы бар жол болады десе, оны қала әкімдігі салмауы керек. Ондай шешім қабылдау салалық министрлік құзыретіне жатады, – дейді Злата Удовиченко.

Қыс мезгіліндегі көрініс.

Тоғай жерін Орал әкімдігіне беру жайлы қоғамдық тыңдаудың уақыты тағы да өзгеріп, 22 желтоқсанға ауысты. Жергілікті билік оның себебін карантин шектеуіне байланысты деп түсіндірді.

Тұрғындар билік өкілдері қоғамдық тыңдауды "байқатпай", "ресми түрде", халықты қатыстырмай өткізіп жіберуі мүмкін деп қауіптеніп, жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын айтады. Әкімдік "ашық диалогтан" бас тартпаймыз, халық көп жиналатын шаралар өткізуге рұқсат берілген бойда бірден қоғамдық тыңдау өткіземіз деп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билік қалағанмен, белсенді көнбейді. Жалғыз саябақтың орнына спорт кешенін салу дауы
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл көлді де, қоқиқазды да ешқашан көрмейміз!" Астанада Талдыкөлді сақтау акциясы жалғасып жатыр