"Ақша бөлсе, өзіміз саламыз". Үйі құлаған Өргебас тұрғындары үкіметтен жауап күтеді

Тасқыннан құлаған үйдің ауласындағы заттар. Өргебас ауылы, 12 мамыр 2020 жыл.

Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылының тұрғындары үкіметтен тасқын құлатқан үй, су шайған егістік пен қырылған малға өтемақы сұрайды. Жергілікті билік "комиссия шығын көлемін анықтап" жатқанын айтады.

"ТЕЛЕДИДАРЫМЫЗДЫ ҒАНА АЛЫП ШЫҚТЫҚ"

Өргебас ауылының тұрғыны Мәулет Торғауытов отбасымен тоғыз пәтерлі екі қабатты ескі үйдің бір пәтерінде тұрып келген. Үйін тасқын су алғаннан кейін әйелі, екі баласымен бірге Асықата кентіндегі эвакуациялық пунктке орналасқан.

Тасқынның беті қайтқан соң тазалық жұмыстары жүріп жатқан Өргебес ауылына келіп, үйі мен дүние-мүлкінің жағдайын көрген Мәулеттің жүзі тұнжырап, қабағы түсіп кеткен. Ол әуелі аулада тұрған ескі көлігіне келді. Есіктерін ашып, ішін қарап шықты.

Өргебас ауылының тасқыннан кейінгі ахуалы

Your browser doesn’t support HTML5

Өргебас ауылының тасқыннан кейінгі ахуалы

Мәулеттің айтуынша, осы ескі көлікпен адам тасып, отбасын асыраған. Жарылған дөңгелегін ауыстырмақшы болып жүрген. Тұтқиылдан келген топан судан ауыл халқымен бірге бассауғалап қашқан кезде көлігі ауласында қалып қойған. Мәуліттің үйінің алдына салған сарайы да қазір үйіндіге айналған. Үйінді астынан лайға батқан киімдер мен балалардың ойыншығы көрінеді.

Резеңке етік киген тұрғынмен бірге үйге кірдік. Босағадан енген бетте зәктің иісі шығады. Оң жақ бетте ескі пеш тұр. Аяқ астында қалған кілемдер мен көрпе-төсек көгеріп жатыр. "Теледидарымызды ғана алып шықтық, қалғаны осында" дейді Мәулет үй жиһаздары мен тұрмыстық техникасын көрсетіп тұрып.

- Пәтерді сатып алғанымызбен құжаты жоқ. Жиһаздарды жақында несиеге алған едік. Міне, көріп тұрсыз, барлық зат бүлінген. Бұған ешкім өтемақы төлемейді, - дейді ол тұнжырап.

Мәулет Торғауытовтың үйінің іші. Өргебас ауылы, 12 мамыр 2020 жыл.

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылғаннан кейін жолындағыны жайпап аққан тасқын су Өргебас ауылына мамырдың 2-і таңға жуық жетті. Тұрғындар апыл-ғұпыл жиналып, кейбіреуі құжатын ғана алып, ал кейбірінің оған да шамасы келмей, барлығы үй-мүлкін тастай қашқан еді. Таңертеңінде ауыл түгелдей су астында қалды. Қазір Өргебас тұрғындарының бір бөлігі туыстарын паналап жүр, бір бөлігі Атакент кентіндегі №119 мектепте ашылған эвакуация орталығында тұрып жатыр.

ҚҰЛАҒАН ҮЙ, БОРСЫҒАН СУ

Арадан екі аптаға жуық уақыт өтсе де, ондаған тұрғын су шайып кеткен Өргебас ауылының сыртында тасқыннан құлаған үйлерін, бүлінген заттарын күзетіп жүр. Ауылға кіреберіс көшеде тұрған полиция мен әскерилер тек құтқарушылар мен заттарын алуға, көруге келген кей тұрғындарды ғана ішке кіргізеді.

Тасқыннан кейін ауыл көшелерінде, аулаларда сумен ағып келген бала арбасы мен ойыншық жиі көзге шалынады. Кезінде балалардың ойын-күлкісіне көмілген ауыл, аулаларды үрей туғызатын өлі тыныштық басқан. Өсіп тұрған ағаштар мен ашылған гүлдердің реңі кеткен.

Тасқын көшеге шығарған балалар ойыншығы. Өргебас ауылы, 12 мамыр 2020 жыл.

Тұтқиылдан тасқын жеткен алғашқы күні Өргебас ауылында су деңгейі екі метрге дейін көтерілген. Соған қарамастан үйінде қалған құжатын алуға барған кей тұрғындар ауыл ішіне қайыққа мініп кірген еді. Қазір су деңгейі түскен, екі көше кебе бастаған. Әйткенмен аулалардың көбінде тобықтан келетін су әлі жатыр, төңіректің бәрі лай, балшыққа айналған.

Егіндіктерде су тартылмаған, толы. Ауыл ішіне су өткізбеу үшін сай-сайға құм салынған қаптардан бөгет орнатылған, құтқарушылар мен әскерилер арнайы техникамен жүр. Борсыған су иісі қолқаны қабады. Асфальт төселмеген кей көшелер де суға толған. Ондағы шіри бастаған мал өлексесінен де төңірекке мұрынды бітейтін жаман иіс тарап жатыр.

Құтқарушылар үйлердің ауласындағы суды жол жиегіндегі бос жер мен арықтарға сутартқышпен сорып ағызып, әскерилер қолына күрек алып, аулаларға су өткізбес үшін бөгет қойып жатыр. Кейбірі борсып, көгерген, түбі қарайып көрінетін суға толы шұңқырға арнайы киім киіп түсіп, жұмыс істеп жүр.

Шұңқырдағы борсыған суды сыртқа шығарып жүрген құтқарушы. Өргебас ауылы, Мақтаарал ауданы, 12 мамыр 2020 жыл.

Көрші ауыл, аудандардан келген адамдар көлікпен әкелген ас-суды құтқарушылар мен әскерилерге таратып жүр.

Өргебас ауылында құламаған, қабырғасы сөгілмеген үй кемде кем. Көбі ортасынан опырылып, ағашы мен шатыры үйіндіге айналған. Ал сырт көзге бүтін тәрізді көрінетін үйлерді тасқын кезінде ортан беліне дейін су алғаны байқалады. Терезесіне дейін дым тартқан үйлер түртіп қалса опырылып түсетіндей.

Өргебас ауылын басқан су деңгейі екі метрге дейін көтерілген. Мақтаарал ауданы, 12 мамыр 2020 жыл.

Қабырғасы сөгіліп, құлаған үйлердің астынан үй бұйымдары мен ыдыс-аяқ, киім-кешек көрінеді. Бәрі бүлінген, су, лай, балшыққа батқан. Ондаған үйдің ауласында қалған жеңіл көліктер, тракторлар мен тіркемелер сол күйі тұр.

Құрғаған көшелерде тірі қалған күркетауықтар, есектер көзге шалынады, кей маңда жылан жорғалап жүр. Ортасынан опырылып түскен кей үйлердің маңынан үрген иттің дауысы естіледі.

Тасқыннан құлаған үйдің ауласында жатқан балалар ойыншығы. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Өргебас ауылы, 12 мамыр 2020 жыл.

"ЖҰРТТАН ҒАНА КӨМЕК КЕЛІП ЖАТЫР"

Су астында қалған дүние-мүлкін ауылдың сыртынан қорып жүрген тұрғындарды көп сұрақ мазалайды. Олар баспана мәселесі қалай шешілетінін, тасқын талқандаған егістік пен қырылған малға қанша өтемақы төленетінін білгісі келеді.

- Мысалы, биыл мақтаны да, қауынды да ерте ектім. Тізіліп шығып қалып еді. Суды, топырақты сараптамадан өткіземіз дейді. Нақты қанша өтемақы берілетінін айтқан жоқ. Жерді жырту, сорын шаю, дәнін сатып алып, егу – бәрі шығын. Мұны ешкім есептеп жатқан жоқ, - дейді Өргебас ауылының тұрғыны Әбдісамат Аманбаев.

Өргебас ауылының тұрғыны Әбдісамат Аманбаев (оң жақта) тасқын жойған егістік пен қырылған малға үкімет қанша өтемақы төлейтінін білгісі келеді. Мақтаарал ауданы, 12 мамыр 2020 жыл.

Өргебас ауылының тұрғыны Әбдісамат Аманбаевтың айтуынша, халық биліктен тасқын құлатып кеткен үйдің өтемақысын ақшалай беруді сұраған. Жергілікті әкімдік ұсынысты ауызша мақұлдағанымен, үкіметтен әлі нақты жауап жоқ деп ренжиді ол.

Бұл бір түнде баспанасынан, жыл бойы азық болатын егістігі мен мал-мүлкінен айырылып, бала-шағасымен далада қалған жұртты қатты алаңдатады.

- Зардап шеккен тұрғындарға ел ғана көмек беріп жатыр. Соған ғана разымыз. Үкімет бізге тамақ бермей-ақ қойсын. Құжаттарымызды рәсімдеп, үйіміздің жайы не болатынын, егіндік пен суға кеткен малымызға қанша өтемақы берілетінін ертерек нақтыласын, - дейді Әбдісамат Аманбаев.

Өргебас ауылы маңында тұрғындарға азық-түлік таратып жатыр. Мақтаарал ауданы, 12 мамыр 2020 жыл.

Өргебас тұрғыны Омар Әбдірахмановты да үй мәселесі мазалайды. Оның сөзінше, әкімдік ауылда 199 үйді су алды деп жазып алған. Сарайды, монша мен қораны есептемегенде, бір аулада екі үй салынса, бірі есепке алынбай қалып қойған. Ауыл ортасындағы екі қабатты үйде тоғыз отбасы тұрады. Олардың тағдыры қалай болары да белгісіз.

- Ауылды он күннен бері тазалап үлгере алмай жатыр. Бәріміз жарамсыз болып қалған үйімізді өзіміз саламыз, өтемақы ретінде әр үйге 17 миллион теңге берілсін деп талап еттік. Әлі жауап жоқ, - дейді ол.

"СУДА ҚАЛҒАН КӨЛІККЕ ӨТЕМАҚЫ БЕРІЛМЕЙДІ"

Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков тұрғындардың "үй, егіндік, малдың өтемақысы қанша болатыны белгісіз" деген сөзін растайды. Арнайы құрылған комиссия "өз ауылымызда қаламыз" деп талап қойған Фердауси мен Өргебас ауылдарында қанша үй суға кеткенін, қаншасы жарамды я жарамсыз екенін анықтау үшін жұмыс істеп жатыр, егіндік пен мал шығыны есептеледі дейді шенеунік.

Түркістан облысы, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков. 11 мамыр 2020 жыл.

- Өргебас ауылында - 199 үй, Фердауси ауылында - 300 үй суға кеткен. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары үшін салынып жатқан жаңа үйлердің әрбірінің жобалық-сметалық құны 17 миллион теңге. Үкімет үйдің өтемақысын ақшалай береміз деп шешсе, мөлшері осы сомадан аспайды. Ал үй ауласындағы қора, сарай сияқты қосалқы құрылыстарға өтемақы берілмейді. Бір аулада екі үй салып, біреуі рәсімделмеген болса, екінші үйге өтемақы беру мәселесін комиссия шешеді, - дейді әкім орынбасары.

Төребековтың сөзінше, "үйдің өтемақысы ақшалай берілсін" деген тұрғындардың талабы үкіметке жеткізілген. "Ол - күрделі мәселе. Өйткені, апат табиғи емес, техногенді сипатта. Ол үшін заңға өзгеріс енгізілуі керек. Ал су астында қалған тұрмыстық заттар, автокөліктер мен басқа да техникаға өтемақы берілмейді" дейді билік өкілі. Егіндігін су шайып, табысынан айырылған тұрғындарға бір жыл бойы көмек беру мәселесі де көтерілген. Бірақ әзірге оған да жауап жоқ.

Тасқыннан құлаған үй мен шашылған ыдыс-аяқ. Мақтаарал ауданы, Өргебас ауылы. 12 мамыр 2020 жыл.

Мамырдың 1-і Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, апаттан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық ауылдары қатты зардап шекті: жүздеген үй бүлініп, 31 мыңнан астам адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Жергілікті биліктің дерегінше, Мақтаарал ауданында 7386 гектар егіндікті су шайып, бес ауылдағы 849 үй су астында қалған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқыннан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына "барлық қажетті көмек беріледі" деп мәлімдеген.

Мақтаарал ауданында 140 мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті халық негізінен егін салып, мал бағып күнелтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тізімде жоқпыз". Тасқын үйінен айырғандардың уайымы