"Адамдардың жүрегіне жеткізер пандус керек". Арбамен қозғалатын Арслан Рымбаевтың арманы

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

"Жұмаққа кіретін пандус болмаса, иә?". Павлодар қаласында тұратын 23 жастағы Арслан Рымбаевтың Х әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) парақшасын ашқан кезде осы жазба бірден көзге түседі.

Арслан – бірінші топ мүгедегі, арбамен қозғалады. Туғаннан БЦС диагнозы қойылған жас жігіт аяғын сезгенімен, баса алмайды. Мектепті 11 жыл үйден оқып, тәмамдағаннан кейін Арслан Павлодардағы Торайғыров университетіне оқуға түсіп, оның бакалавриатын менеджмент мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірген. Қазір сол мамандықта магистратурада білімін жалғастырып жатыр. Университетте ол кампуста тұрады.

"2019 жылы мен универге, универ маған дайын болған жоқ. Пандус, лифт, көтергіш деген мүлде болмаған. 2023 жылы осының бәрі бар. Менен кейін оқитындарға ыңғайлы өмір жасап кеттім. Ешкімнен ұялмай оқыңдар" деп жазды Арслан диплом қорғаған күні Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Азаттық тілшісімен әңгімесінде Арслан тиісті инфрақұрылымы болмаған бес қабатты университетте бес жылын қалай өткізгені, кампуста өзіне қажет нәрселерге қалай қол жеткізгенін баяндап, өзі тәрізді жандарға білім алып, қоғамнан оқшау болмаудың маңызы және жалпы инклюзия жайлы ойын бөлісті.

ҚҰЖАТТАҒЫ СЫНЫП ПЕН СЫНЫПТАСТАР

Арслан Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінде туып-өскен. Орта білімді де сондағы ауыл мектебінен алған.

– Өзім арбамен жүремін. Ал Майқайың ауылды жер ғой, жолымен жүру қиын енді. Жүргенде арбам селкілдей бастайды. Содан анам екеуіміз ақылдасып, мұғалімдер мені үйге келіп оқытсын деп ұйғардық, – дейді Арслан.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

11 жыл Арслан өзін үйіне келіп оқытқан мұғалімдерден қысқартылған кесте бойынша білім алған.

– Аптасына сегіз сағат оқыдым. Сондықтан физика, химия сияқты сабақтарды басқалар сияқты аптасына бірнеше рет емес, бір-ақ рет оқитынмын. Диагнозым толық сағат білім алуға кедергі болған жоқ, бірақ мектептегілер бұл шектеу үйден оқитындардың бәріне бірдей деп түсіндірді, – дейді ол.

Осылайша ерекше мұқтаждығы бар шәкірт бала кезден жалғыз өзі оқуға дағдыланған.

– Жалғыз оқығанда сұрақ тек саған қойылады. Тек сен дайын болуың керек. Бүкіл ынта-зейініңмен оқуға дайын отырасың. 11 жылда соған үйреніп кетесің. Сыртқа шығуға да себеп керек, жай жүрейін десең, жол нашар. Сондықтан бос уақытыңда бар істейтінің – кітап оқу мен компьютер қарау, – деп сипаттайды Арслан үйден оқыған кезеңін.

Ол мектепте өзімен "бірге" оқыған сыныптастарын бірнеше рет қана көрген. Олар "тізімде тұрса да, сабаққа келмейтін, құжат жүзіндегі сыныптасының" үйіне ара-тұра келіп жүріпті. Арслан қиын сәттерде сыныптастарының өзіне деген көңіл-ықыласы жанына медеу болғанын айтады.

Әйткенмен орта білім алған жылдары Арсланның аз уақытқа болса да сыныптастары болды. 2013 жылы ол Астанадағы оңалту орталығында ем алып жатқанда, сондағы мектеп жасындағы балаларды түрлі сыныпқа бөліп, сабақ оқытқан кездегі бұрын көріп-білмеген балалармен бір топта болған. Сол кезде алған әсерін Арслан шабыттана еске алады.

– Құдды бір мектепте оқығандай сезім болды. Алғаш рет сыныптастармен құжат жүзінде емес, бетпе-бет көрісіп, бірге оқыдым сол жолы. Мұндайға үйренбеген соң қиын болды. Басқаларға көңіл бұрып, олармен әңгіме соғып кетесің, ондайда сабақ жайына қалады. Бәріміз әзілдесіп, у-шу болып жатамыз. 10 жасар баламын ғой, ең қатты қуантқаны, басқалар сабақ айтып жатқанда, дайындалып алуға уақыт бар еді. Бірақ дәл сол орталықта алған бағаларым төмен болды, – дейді Арслан.

Ол 5-сыныптағы осы сабақтарынан басқа мектеп бағдарламасын толықтай үйден оқып, 11-сыныпты аяқтаған соң ҰБТ тапсырған. Мемлекеттік грантқа жететін балл жинап, оқуға түскен. Анасымен ақылдаса келе, университет кампусында тұрып оқығаным дұрыс деп ұйғарған.

"МЕН БАСТАСАМ, БАСҚАЛАРҒА ЖОЛ АШЫЛАДЫ"

Арсланның студенттік жылдары коронавирус пандемиясына тап келді. Ол төрт жылдық бакалавриаттың екі жылын ғана университет ғимаратында оқыды. Бірақ сол уақыт ішінде университет аумағында қосымша пандустар мен көтергіш құрылғылар орнатылып, он жылдан бері істемей тұрған лифт жөнделіп, іске қосылған. Жаңадан тұрғызылып жатқан жатақханада ерекше мұқтаждығы бар студенттерге арналған бөлмелер салынған. Бұған Арсланның айналадағы әлем мен адамдарды танып-білуге деген құштарлығы мен құлшынысы себеп болған.

– 18-ге толдым, мектеп пен университет әртүрлі ғой, адам таниын, дүние көрейін, оффлайн оқысам қайтеді деп анама айттым. Мамандық таңдар алдында өзіме адамдармен қарым-қатынас жетіспейтінін сезетінмін. Күні бойы үйде отырасың. Иә, қасыңда отбасың бар. Бірақ өмір тек бір үймен шектелмейді ғой. Өмірде түрлі қала бар, ел бар. Дүние деген керемет үлкен. Соны сезіп, "менеджмент" мамандығын таңдадым. Бұл жолы оффлайн оқығым келді. Жалғыз қалғым келмеді, – дейді Арслан.

Сөйтіп ол 2019 жылы Павлодардағы Торайғыров университетінің бірінші курс студенті атанып, жоғары оқу орнының жатақханасына көшкен. Университетте сабақ басталады. Бірақ жаңа ортаға сіңісіп, әлеуметпен араласуға бой үйретуден бұрын Арсланды бес қабатты университеттің ғимараты "шошытқан".

– Инфрақұрылым деген мүлде жоқ еді. Көтергіштер болмады, лифт сынып жатты. Сол жерде он жылдан бері жұмыс істейтін адамның өзі лифт барын білмеген. Бір сабақ бесінші қабатта болатын. Одан дәріс беретін оқытушы бірден әкімшілікпен сөйлесіп, сабағының бәрін бірінші қабатқа ауыстырды. Бірақ кейде ондайға мүмкіндік болмаған кездері, мысалы үшінші, төртінші қабатқа көтерілу керек болғанда өзімді жаман сезінетінмін. Өйткені, арбамды анам итеретін. Ол күтушім ретінде менімен бірге жатақханада тұрады. Ал бір қабаттан екіншісіне пандус емес, баспалдақтың үстіне төселген рельспен көтеріліп-түсетінбіз. Өзім 35 келімін, оған қоса арбамның салмағы бар, сөйтіп анам жалпы 70 келідей жүкті итерді. Сөйтіп жүргенде ауырып та қалды, – дейді Арслан.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Анасы екеуі лифт іске қосылғанша оқу жылының алғашқы үш айын осылай өткізген. Арсланның сөзінше, оқу ғимаратынан бөлек орналасқан жатақханасы да ол сияқты мұқтаждығы бар студенттерге аса ыңғайлы болмаған. Арслан арбасы сыймайтын жуынатын бөлмеде ваннаға түсудің өзі өте қиын болғанын, шыдамы таусылып, университет әкімшілігінің үстінен шағым түсіруге оқталғанын айтады. Бірақ жатақхана бастығы "барлығын жасап береміз, күте тұрыңыз" деген соң "шыдай тұруға" келіскен.

"Жалпы, университет әкімшілігінің маған ыңғайлы орта жасауда атқарған жұмысына көңілім толады" дейді Арслан. Ол университетке алғаш келген күні-ақ факультет деканына диагнозы мен қажеттілігі жөнінде өтініш-тілегін жеткізген соң, ЖОО әкімшілігінің өкілдері жиналыс өткізіп, тиісті жұмыстар басталып кеткенін айтады. Бір айдың ішінде көтергіш орнатылған, үш күннің ішінде оған дейін көп жыл бойы жөндеу көрмеген лифтіні жұмыс істетуге керек қаражат бөлінген.

– Университет әкімшілігі мұның бәрін жасауға менің ниетіме қарап мүдделі болған сияқты. Өйткені бұған дейін ешкім мен сияқты келіп, осы жерде оқығым келеді деп айтпапты. Оның қаншалықты рас-өтірігін білмеймін, бірақ маған солай деді. Сондықтан ондай ештеңе (инфрақұрылым) жасалмаған деп түсіндірді, – дейді Арслан.

Айтуынша, жатақхана басшысы мен факультет деканы, студенттер мәселесімен айналысатын басқа да әкімшілік өкілдері Арсланнан не қажет екенін сұрап, көмек ұсынып отырған. Ол оқудың алғашқы айларындағы кедергілерге шыдап, білім алуын ары қарай жалғастыра беруге де әкімшіліктің осы ниеті себеп болғанын айтты.

– Әкімшілік, шыны керек, ұялды ғой деймін. Өйткені сабақтардың бірде біреуінен қалмайтынмын. Қандай уақыт, мезгіл болғанына қарамастан баратынмын. Соны ескеріп, өздері де тырысқан сияқты. Сосын егер қазір осының бәрін айтып, істетіп кетсем, азғана шыдай тұрсам, инфрақұрылым пайда болады, сөйтіп мен сияқты басқа да студенттерге жол ашылады ғой деген ой келді, – дейді ол өткен шағын еске алып.

Университет әкімшілігінің өкілі оқу ғимаратындағы лифт көп жыл бойы істемей тұрғанын, тек Арслан оқуға түскен жылы жөнделіп, іске қосылғанын растады.

Павлодардағы Торайғыров атындағы университеттегі көтергіш

Ал Арсланға дейін университетте ерекше мұқтаждығы бар қанша студент білім алды деген сұраққа университет әкімшілігі 2014 -2019 жылдар аралығында ондай 183 студент білім алды деп жауап қатты. Бірақ соның қаншасы оқу ғимаратына келіп оқығаны туралы нақты дерек берген жоқ.

Биыл қыркүйекте Арслан жаңадан салынған №3 жатақханаға көшті. Өзі оның құрылысы кезінде бөлмелерді жобалауға қатысқанын айтады. Университет әкімшілігінің өкілі де бұл ақпаратты растады.

– Қазір білім алуға құлшынған арбада отырған адамдар көбейгені қуантады. Нақты қанша екенін білмеймін, бірақ магистратураға құжат тапсыруға келгенде бір баланы көрдім. Оған инфрақұрылым дайын тұр. Одан бөлек өзімнен басқа тағы үш адамды білем. Соны көріп тағы жігерленемін. Демек, мен көтерген мәселелер шешілген соң шынымен оларға жол ашылды, – дейді Арслан.

Университетте биылғы оқу жылында мүгедектігі бар 60 студент білім алып жүр. Оның үшеуі – бірінші топ, тоғызы – екінші топ, 27 – үшінші топ, ал 21 – бала кезінен мүгедектігі бар жандар. Оқу орны әкімшілігінің Азаттықтың сауалына берген жауабында бұл сан кейінгі жылдары өскен я өспегенін көрсететін нақты деректер жоқ.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанның жоғары оқу орындарында ерекше мұқтаждығы бар 1730 студент оқып жүр. Олардың білім алуына толық жағдай жасалған оқу орындарының саны – 77. Ресми статистикаға сүйенсек, бұл елдегі барлық жоғары оқу орындарының 66 пайызына тең.

"АРБАДА ОТЫРАТЫНЫМДЫ ҰМЫТЫП КЕТЕДІ"

Арсланның жаңа ортаға сіңісіп, өзімен бір топта оқитын жастармен достасып, араласып кетуі университет ішінде жүріп-тұруына қарағанда жеңіл өткен. Ол университетте алғашқы кезде үйден оқыған мектеп бағдарламасындағы айырмашылық білінгенімен, кейін қосымша дәрістер алып, қатарластарын қуып жеткенін айтады. Өзге студенттермен жақынырақ танысып, білісе келе, алғашқы кезде байқалған психологиялық кедергілер де тез жойылған.

Арслан Рымбаев (алдыңғы қатарда ортада) Торайғыров атындағы университетте өзімен бір топта оқыған қыз-жігіттермен бірге. Павлодар, 2023 жыл. Арслан Рымбаевтың жеке архивіндегі фото

"Меніңше, бір топта оқитын қатарластарым әуелгіде маған жақындауға, тиіп кетуге қорықты-ау деймін. Байқамай түртіп қалса да, кешірім сұрап, жік-жапар болатын. Жақын танымаған соң менен өзін алшақтау ұстайтын. "Бұл баламен қалай сөйлесу керек? Одан бірдеңе сұрасақ, ренжіп қала ма?" деп ойлаған шығар. Бірақ уақыт өте келе оларға өзің жақындайсың, "сәлем" деп. Олар жауап береді. Сосын өздері сұрай бастайды "саған не болды?" деп. Өзің туралы айтасың, "мен осындаймын, қорықпаңдар" дегендей. Сөйтіп олар да арбамды итерісіп, көмектесіп тұрады. Кейін күнде көрген соң бір-бірімізге әбден үйренісіп кеттік. Өйткені мені жақын адам сияқты қабылдай бастайды. Тіпті кейде арбада отыратынымды ұмытып кететін. Мені басты қуантатыны да осы, – дейді Арслан.

Айтуынша, бірге оқитын құрбы-құрдастарымен тойлаған туған күн кештері сияқты шаралар олармен арасын жақындата түскен. Достары да бірге уақыт өткізетін орын іздегенде таңдалған жер бәріне ыңғайлы болуына көңіл бөле бастаған.

– Мысалы, Павлодардағы Шәкен Айманов кинотеатрында пандус болмаған. Қазір онда қойылды ма, жоқ па, білмеймін. Әйтеуір сол кезде түгеліміз сонда барамыз дегенде, бірге оқитын жастар "қой, басқа жерді таңдайық, саған да ыңғайлы болсын" деп орын өзгерткені бар, – деп еске алады Арслан.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Университетте 50-60 адам бірге қатысып, дәріс тыңдайтыны 11 жыл үйде жалғыз оқыған Арсланға алғашқы кезде таңсықтау көрініпті. Ол кейінгі бірнеше жылда көпшілік ортасында өзін көрсетуді, өзі сұранып ой бөлісуді үйреніп, өзіне деген сенімі беки түскенін айтады.

– Қазір магистр болған соң көбі сабаққа келіп үлгермейді. Сөйтіп кейде жалғыз қалып қоямын. 11 жыл солай оқысам да, қазір жалғыз қалып қойғанда бұрынғыдай сабақ айта алмаймын. Маған сол сәт өте қызық болды. "11 жыл бойы қалай жалғыз оқығам?" деп таңғалам, – дейді ол.

"ӨЗГЕЛЕРДЕН ОҚШАУЛАНСАҢ, ҚОҒАМ ДА СЕНЕН ІРГЕСІН АУЛАҚ САЛАДЫ"

Арслан әңгіме арасында өзі сияқты арбада отыратын ауылдағы таныстары, кейін танысқан достары барын бірнеше рет айтып қалды. Оның сөзінше, өзі кезіккен инфрақұрылым мәселесі, ортаға сіңісудегі психологиялық кедергілер көбінің сағын сындырып, оқуын жалғастыруға немесе ары қарай жұмысқа тұруына бөгет болған.

– Олар да мен сияқты мектепті үйден оқып бітіреді. Сосын колледжге түсе салады. Тиісті инфрақұрылым болмағандықтан, студент болып, өзгелермен бірге оқып көргісі келмейді. Өзім дәл сондай екі адамды білемін. Универге түсті де, беті қайтып қалды. "Оқығымыз келмейді" деді. Болмаса "мен осындаймын" дейді де, үйде отырып қалады. Меніңше, бұл жерде ашық болған жөн, бәріне дайын болу керек. Егер өзгелерден оқшаулансаң, қоғам да сенен іргесін аулақ салады, – дейді ол.

Торайғыров атындағы университетті үздік бітірген Арслан Рымбаев диплом табыстау шарасы кезінде. Павлодар, 2023 жыл. Арслан Рымбаевтың әлеуметтік желідегі парағындағы фото

700-ге жуық оқырманы бар әлеуметтік желідегі парақшасына Арслан күнделікті ойларынан бөлек инклюзия мәселелерін де жазып отырады. Оның пікірінше, инклюзия – қоғамдағы әр адамның құқығы сақталатынына кепіл.

– Қоғамда біреу шектеу көрсе, басқалар да шектеледі деп ойлаймын. Бүгін біз шектеліп жатсақ, ертең сіз шектеуге тап болмайтыныңызға кім кепіл? Біз – қоғамның шын бейнесіміз. Өз басым "әлсіз" деген сөзді ұнатпаймын, бірақ біз қоғамдағы ең әлсіз санатпыз деп ойлаймын. Біз митингіге де шыға алмаймыз. Үйден сыртқа шығудың өзі кәдімгідей жұмыс. Сондықтан, біз қорғалсақ – бәрі қорғалады деген сөз. Бізге көзің үйренсе, бәріне дайын, нағыз саналы, көкірегі ояу адам болғаның, – дейді Арслан.

Арслан инклюзив қоғам үшін ең алдымен билік пен мүгедектігі бар адамдар арасында диалог болу керек дейді. Бірақ мүгедектігі бар адамдардан "қоғам да, үкімет те алшақ" екенін айтады.

– Бір рет парақшамда сурет жарияладым. Бір жерде пандустың алдына мәшине қойып кетіпті. Бұл – қоғамның немқұрайлығы. Егер үкімет "бұл адамдар маңызды, олай істеуге болмайды" десе, қоғам да ойланар еді. Ал қазір адамдар бізді көрмейді. Біз көрінбейміз. Әлеуметтік желідегі нигім – ketereles. Біз қоғам үшін елеспіз. Әйтеуір теледидардан айтып тұрады. "Жан жылуы" бағдарламасынан көрсетеді, бітті. Ал далада сені көрмейді. Көрсе де қайыршы деп ойлайды. Маған да серуендеп жүргенімде жұрт ақша ұсынатын. Көбі "сенің орныңда болсам, өмір сүре алмас едім" дейді. Бірақ менің өмірімнің сіздің өміріңізден онша айырмашылығы жоқ. Иә, қиындықтар бары рас, бірақ олар менің өміріме қатты әсер етпейді. Маған әсер ететіні – дәл әлгіндей сөздер, – дейді Арслан қоғамның "адам ретінде қабылдауы" деген сөзін түсіндіріп.

Арслан 6 қазан – церебралды сал ауруы бар балалардың дүниежүзілік күні жариялаған твитінде "Бізден қорықпаңыз, ұялмаңыз. Біз де қоғамның бір бөлігі екенімізді ұмытпаңыз. Бұл аурудың түрі көп. Бірақ қиындық бәрінде бір – әлеуметтену. Қанша пандус болса да, адамның жүрегіне әлі пандус жоқ" деп жазды.

Арсланның Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзі жайлы жазған әзіл-қалжың да жетерлік. Арасында "Шахматты жақсы көрем. Себебі шахмат ойнағанда жүре алам", "Дала быт-шыт. Электр арбам моторлы қайық боп кетті", "Мені жеген каннибал вегетариан болады" деген сарындағы жазбалар бар. Арслан бұл әзілдерін тіпті кейбір туыстары да біртүрлі қабылдайтынын жасырмайды, бірақ әзіл – жарқын өмірдің көрсеткіші дейді ол.

– Бала кезден сондаймын. Ауруханада жатқанда қасымдағы балалармен солай әзілдесетінбіз. Өйткені ондағы аппақ бөлмелер, ауыр атмосфера бір жаман жер екенін сездіріп тұрады. Сол кезде бірге жатқан адамдармен әзілдесесің, солай біраз жеңілдейсің. Күле білсең, өміріңде де бәрі жақсы деген белгі шығар, – дейді ол.

Арсланның парақшасының атауы да қызық – Тиыны бар жігіт. Айтуынша, мұндай атты әлеуметтік желіде алғаш танысқан Динара есімді досының құрметіне қойыпты. "Динар – араб тіліндегі ақша атауы. Сол сөзді ойнатып, мұнда тиыным бар – осында танысқан жақын досым бар деген мағынада қойдым, – дейді өзі.

"ӨЗІМДІ ӘЛЕМГЕ КӨРСЕТКІМ КЕЛЕДІ"

Арсланның екі арманы бар. Бірі – "кішкентай", екіншісі – "үлкен". Кішкентай арманына оның әлемге қызығушылығын оятқан бөлесі себепші болған екен. Айтуынша, бөлесі әдемі жерлердің суретін жинап, екеуі сондай жерлерде болуды армандапты. Бірақ бірер жыл бұрын бөлесі суға кетіп опат болған.

– Енді екеуіміз айтқан арманды іске асырып, соған қол жеткізгім келеді. Екеуіміз бірге таңдаған бес ел бар. Сол елдерге барған сәтімді фотоға түсіру – арманым, – дейді Арслан.

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Екінші, "үлкен" арманы мамандығына қатысты. Арслан халықаралық қатынастар мамандығын оқып, дипломат болғысы келеді. "Қазақстаннан шыққан алғашқы арбада отыратын дипломат болсам деймін. Соған жетсем, бәрі мойындайтын сияқты. Ол үлкен мәртебе ғой. Елін сөзбен қорғайтын адам" дейді Арлсан. Айтуынша, бұл оның бала кезден бергі арманы.

– Нақты атауы есімде жоқ, бір шоудан Италиядан келген дипломатты көрдім, – дейді Арслан. – Өзі костюм киген, әп-әдемі болып сұхбат беріп отырды. Ол кезде өте кішкентай едім. Мен де солай костюм киіп, өзімді елге көрсетсем деймін. "Мен де бармын" дегім келеді.