"Шанхайдың" болашағы бар ма? Майқайың халқы билік басқа жерге көшірер деп үміттенеді

"Шанхай" ауданындағы үйлердің бірі. Павлодар облысы Майқайың ауылы. Осы елді мекенге бір жарым километрдей қашықта жер опырылып кеткен.

Павлодар облысы Майқайың кенті маңындағы "Шанхай" ауданының халқы өздерін көшіруді биліктен талап етіп отыр. Олар қаңтардың басында қаза тапқан құтқарушылар мінген автобус секілді өз үйлері де жер астында қала ма деп қорқады. Тұрғындар өтінішіне әлі күнге ешкімнен мардымды жауап болған жоқ.

"ОПЫРЫЛЫП КЕТЕ МЕ ДЕП ҚОРҚАМЫЗ"

Қайғылы оқиғадан кейін Павлодар облысындағы Майқайың кенті бүкіл елге танылды. Қаңтар айының басында Майқайыңда алтын өндіретін шахтаның тазарту кеңістігі орналасқан жер опырылып, салдарынан төрт адам қаза тапқан-ды.

Қазір өндіріс тоқтап тұр. Әйтсе де жер қойнауын пайдаланушы "Майқайың алтын" компаниясы жұмысты қайта жандандыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтады.

Қаңтардың басында жер опырылып кетіп, құтқарушылар мінген автобус құлаған. Қаза тапқан төрт адамның екеуі әлі табылған жоқ. Майқайың кенті.

Майқайыңның жұмысы шахтаға толық тәуелді. Бірақ кент халқының көбі жұмысты қайта жандандыруы мүмкін деп қорқып отыр.

Әсіресе кентке жақын тұратын адамдардың уайымы қатты. Өйткені тура солардың үйлеріне жақын маңда топырақ опырылған. Адамдар республикалық кәсіби әскери апаттық-құтқару қызметінің құтқарушылары сияқты тірідей опат боламыз ба деп қорқады. Құтқарушылар мінген автобус 4 қаңтарға қараған түні бос кеңістікке құлап кеткен еді.

Алтынның үстінде отырса да, кенттің жағдайы тым мүшкіл. Кенттің ескі бөлігі – "Шанхай" ауданы қаңтарда опырылған тұстан небәрі 500 метр жерде орналасқан.

"Шанхайдағы" иесіз қалған кейбір үйлер қирап, қаңырап тұр. Бірақ ауданда әлі де адам көп тұрады. Журналистер келгенін естіген біраз адам көшеге жиналды. Қайта-қайта сұрап жатпай-ақ, жағдайының қандай екенін көрсету үшін тұрғындар журналистерді үйіне ертіп апарды.

Майқайыңдағы иесіз қаңырап тұрған үйлердің бірі.

Алтыбай Атшабар үйінің төбесін қолдан жасалған тіреуішпен тіреп қойыпты. Ішкі жағының біраз бөлігі жарылған, іргетасы да шөккен. Ер адам әр түні ұйықтаған сайын зәре-құты қалмайтынын айтады.

– Тықыр еткен дыбыс естісек, зәреміз ұшады. Үйіміз опырылып, құлап кете ме деп қорқамыз, – дейді Атшабар.

Кенттің бұл бөлігінде тұратын біраз адамның үйінде қолдан жасалған тіреуіш тұр. Үйінің төбесі мен қабырғасы опырылып кетпес үшін тіреуішпен бекітіп қойыпты.

Майқайың тұрғыны Ақния Қайрат үйінің қабырғасы жарылып кеткенін көрсетіп тұр.

Кейбір үйдің қабырғасында тіпті жұдырық сыйып кететіндей үлкен жарықтар бар.

– [Жерасты] дүмпулердің кесірінен жарылды. Бәрі опырылып жатыр. Қанша әктеп, жөндесек те, пайдасы жоқ. Тіпті үйіміздің едені ойылып кетті, шұңқыр пайда болды, кейін оған цемент құйып бітедік, – дейді ауылдың басқа бір тұрғыны.

– Бұл жерде қалай отырамыз?! Бізді басқа жаққа көшіруді талап етеміз, – дейді үшінші тұрғын.

Жергілікті тұрғындар шахтадағы жерасты жарылыстарынан кейін пайда болған деп сипаттайтын үйлердегі кей жарықтарға қол сыйып кетеді.

КӨШІРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАСТЫРЫЛА МА?

Қаңтар айының аяғында алғаш рет мемлекеттік комиссия, артынан сәуір айының ортасында Астана соты төрт адамның өліміне әкелген топырақтың опырылуына "Майқайың алтын" кінәлі деген қорытынды шығарған: өйткені компания таудағы жұмыстарды қадағаламай, бос кеңістіктің орнын толтырмауы салдарынан арты қайғылы оқиғаға апарып соқты деп отыр.

"Майқайың алтын" компаниясы мемлекеттік комиссияның қорытындысына келіспей, сотқа жүгінді. Сот отырысында да компания ары қарай жұмысына салғырт қарайтын болса, жер тағы опырылып түсуі мүмкін деген мәлімдеме жасалды.

Майқайың кентінде жер опырылып кеткеннен кейін пайда болған жарықтар.

Майқайың орналасқан Павлодар облысы Баянауыл ауданының әкімдігі кентке қауіп төнуі мүмкін деген мәселені алтын өндіруші компаниямен келіссөздер жүргізу арқылы шешуге тырысып жатқан көрінеді.

Әкімдік өкілдері кенттегі тұрғын үйлер аумағының астында жерасты кеңістіктері бар-жоғын білу үшін "Майқайың алтынға" сауал жолдап, бұл ауданда жердің қайта опырылу қаупі бар-жоғын анықтадық дейді.

"Майқайың алтын" "Шанхай" ықшамауданын қоса алғанда, кент аумағында жерасты шахтасы мен бос кеңістік жоқ деп жауап берген. Компания тау-кен жұмыстарын жүргізу барысында жер енді опырылмайды дейді.

Майқайың кентінің "Шанхай" ауданында.

"Шанхай" тұрғындарының қойған талабы туралы аудандық әкімдіктегілер де біледі. Әкім әзірге күн тәртібінде Майқайың орналасқан аймақта қосымша тексеру жұмыстарын жүргізу мәселесі тұрғанын мәлімдеді. Бұл мәселе төтенше жағдайды ескерту мен жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында да қарастырылмақшы.

– "Майқайың алтын" АҚ-ның мердігер ұйымынан георадар құрылғысының сертификатын сұраттық. Барлық қажетті мәлімет пен материалдар жиналғаннан кейін комиссия отырысында "Шанхай" ықшам ауданын геосканерден өткізу қажет пе деген мәселе қаралатын болады. Тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданған жағдайда барлық қажетті (тұрғын үйді жөндеу мен қалпына келтіру немесе тұрғындарды көшіру) шаралар осы тексеріс қорытындысының нәтижелері бойынша қабылданады, – деді Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Бөриев Азаттық тілшісіне.

Павлодар облысы Майқайың кентінде көшеде кетіп бара жатқан адам.

Майқайың ауылының басшылығы де үйлер шынымен шахтадағы жұмыстың кесірінен зақымданғанын анықтау үшін алдымен сараптама жүргізген жөн деп санайды. Кент әкімдігі мұндай тексеріс пен жөндеу жұмыстарын ғимарат иелері өз қаржысына жүргізуі тиіс деп отыр.

– Заң бойынша, "Шанхай" аумағындағы үйлер жеке меншікке жатады. Ақшалай болсын, заттай болсын мемлекет тарапынан [жөндеу мен сараптамаға] ешқандай көмек көрсете алмаймыз, – дейді Молдатаев.

Әкімнің айтуынша, баспанасы апатты жағдайда деп танылған адамдар басқасын алу үшін кезекке тұра алады.

Майқайың кентіндегі "Шанхай" ауданы тұрғындары.

Құтқарушылар өліміне әкелген қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін Майқайың ауылының халқы алғаш рет үкіметке жүгінді. Сол кездің өзінде-ақ тұрғындар өңделген блоктар астында жылдар бойы үлкен бос кеңістіктің пайда болуы себебінен топырақ опырылды деген еді. Өтініш иелері "Майқайың алтын" қызметіне қатысты "көп жылдан бері қордаланған" келеңсіз жайттың беті ашылғанын мәлімдеді.

Мәжілістегілер де Майқайың халқының сөзін қолдайды. БАҚ-тың хабарлауынша, депутат Жарқынбек Амантай парламент отырысында шахта маңындағы аудан тұрғындарының "қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету керек" дегенді алға тартты.

"Қажет болса, көшіру жағын қарастырған жөн", – деп мәлімдеді депутат.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сүйегін тауып жерлесек..." Төрт ай бұрын құтқарушылар топырақ астында қалған Майқайыңнан репортаж

Майқайың маңындағы төрт құтқарушы қаза тапқан жерде іздестіру-құтқару жұмыстары қайта басталды. Оның өзі үлкен шұңқырдан табылмаған екі құтқарушының туыстары ұзақ уақыттан бері өтініш жасап келе жатқандықтан қайта қолға алынды. Қос құтқарушының жақындары тым болмаса мәйітін тауып алып шықса екен деп тілеп отыр.

Опырылған жердің маңында орналасқан Майқайыңдағы "Шанхай" тұрғындары алдағы уақытта тек өздері қайсарлық танытып, қабырғасы мен төбесін тіреп тұрған тіреуіштерге сенім артқаны жөн сияқты. Тіреуіштер онша сенімді емес дейді тұрғындар.

Майқайың тұрғыны Алтыбай Атшабар үйінің төбесін тіреп тұрған тіреуішті көрсетіп тұр.

Бірақ олар үкіметтегілер ауданда апатты жағдай болуы мүмкін екенін ескеріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз деп үміттенеді.

– Бұл үйлерді көшіріп, басқа жерде жаңа үйлер салмаса, қаншама адам опат болуы мүмкін?! – деді жергілікті бір тұрғын Азаттық тілшісіне айтқан бір сөзінде.

"Майқайың алтын" компаниясындағылар БАҚ өкілдерінен қашқақтап, журналистерге ештеңе айтпай отыр. Жақында бас директоры ауысқаны да мәлім. Бас директор болып бұрын басқа алтын өндіретін кәсіпорында істеген Қайролла Жүрсінбаев тағайындалды.

Компания Майқайыңдағы өндірісті тоқтатқанымен, басқа кен орындарынан бұрынғысынша шикізат алып жатыр. Компанияның екі кен орны, кен байыту фабрикасы мен әртүрлі құрылымы бар. Иесі – Кипрде тіркелген Rence Enterprises LTD компаниясы. Құрылтайшысы – Милан Попович деген Сербия азаматы.