2023 жыл қазақстандықтардың жадында әйелге жасалған зорлық-зомбылықтармен қалғандай. Әлеуметтік желі іркес-тіркес жасалған қылмыстарға "қанды толқын" деген айдар тақты, алайда құқыққорғаушылар бұл "толқынның" басы да, аяғы да емес деп отыр. Демек ол әйелді қорғауға арналған тетіктерді жасауға қауқарсыз болғаны ма?
"АДАМ БІР, ЖҮЙЕ ЕКІ ЗОРЛАЙДЫ"
"Мені қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр деп ойладым. Әділдік іздедім, қоғам маған қысым жасалып жатқанын білсін дедім. Қорғаса екен, даусымды есітесе екен деп ойладым".
Алматы қаласының тұрғыны Ұлжан Азаттық тілшісімен сөйлесіп отырып, бетпердесін шешпеді. Ол бұған дейін танымал адам емес-тін, бірақ күздегі оқиғадан кейін оның есімін бүкіл Қазақстан таныды десек артық емес. 1 қарашада Ұлжан жаз кезінде зорлық көргені жөнінде мәлімдеме жасады. Бардағы күзетші оны үйіне жеткізіп тастаймын деп тіленіп, подъезге кірген соң пышақ кезеп қорқытып, зорлаған. Оған қоса, ер адам оқиғаны видеоға түсірген.
Қыз бірден полиция шақырады. Ер адам сол күні ұсталады, ұсталған сәтте қолында пышағы мен телефонында әлгі видео болған, бірақ оны көп ұзамай босатып жіберген. "Зорлау" және "Зорлау мен өзге де сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер" туралы (Қылмыстық кодекстің 120-шы және 121-баптары) қозғалған іс бойынша оған қорғану құқығы бар куәгер деген статус беріледі.
Блогерлер, медиадағы танымал тұлғалар мен әлеуметтік желі қолданушылар қызды қолдап шықты. Ер адам оқиға жария болғаннан кейін бірнеше апта өткен соң ғана қамалды. Бірақ бұл жолы оған басқа айып тағылды. Ол еркіндікте жүріп, тағы біреуге – бұл жолы ер адамға шабуыл жасаған.
"Екі апта бұрын қабылдауда [прокуратурада] болдық, ол адам қоғамға қауіпті деп айттық. Бірақ бізді ешкім тыңдаған жоқ, бәрі бір ауыздан факт жеткіліксіз дегенді айта берді. Жазасыздықтан жүгенсіздік туады!" – деді сол кезде жәбірленушінің адвокаты Жанна Мұхамади.
Ұлжан мен оның қорғаушысы Қазақстанда сексуалды сипаттағы шабуылға ұшыраған жанды адам бір зорласа, жүйе екі зорлайды дейді. Оның үстіне, тергеушілер дәлел жинау жауапкершілігін жәбірленушінің өзіне ысырып тастайды екен. Мәселен, Ұлжанның өзі таңғы сағат 6-да полицияға қоңырау шалған, сараптама мен тергеуден өткен, бірақ күні бойы істі тіркемеген, оны қойып, сағат 21:40-та үйіне полицейлер келіп, арызыңды қайтарып алғаның жөн деп көндіруге тырысқан.
"Қатты қорықтым. Жүйкем сыр бере бастады. Олар маған ашықтан-ашық "дәлелдеу қиын болады" деді. Бұрынғы жұбайымды балағаттады. Мен жедел жәрдем шақырдым, олар маған тыныштандыратын дәрі берді. Олар жедел жәрдемнің кеткенін күтіп, есіктің аузында тағы бір сағаттай тұрды", – деп еске алады сол күнді Ұлжан.
Ол ІІД қызметкерлерімен әңгімені видеоға түсіріп алған. Полицейлер оған "сен" деп сөйлеген, үш рет "бізге бәрібір" деп айтқан, адвокатқа қанша ақша төлейтінін сұрап, "ертең мұны дәлелдеу өзіңе қиын болады" деген.
Ұлжанның сөзінше, тергеушісі үш рет ауысып, әрқайсысына қалай зорланғанын егжей-тегжейлі баяндауға мәжбүр болған, ал күзетшімен бетпе-бет жүздесу төрт сағатқа созылған.
"Дамыған елдерде бір рет жауап алады да, зәбір көрген адамды одан бетер жараламауға тырысады. Ал бұлар маған айтқыза берді, айтқыза берді. Ол адамнан "Пышақты не үшін ұстайсың?" деп сұрағанымызда: "Адамдар пышақ көрсе, басқаша сөйлейді", – деп жауап берді. Бірақ бұл жауапты хаттамаға тіркеген жоқ. Бұрынғы күйеуімнен не үшін ажырасқанымды, менің қандай әйел болғанымды сұрады. Олардың онда шаруасы болмауы керек қой", – деп ашынады Ұлжан.
Ұлжан Instagram-нан net_nasiliu.almaty деген ашық аккаунт ашып, басынан өткен оқиға туралы жазып отырады. Оған өзі сияқты зорланған, бірақ түрлі себептермен үнсіз қалған әйелдер хат жаза бастаған. Олар Ұлжанға қолдау көрсетіп, "соңына дейін" күресуін өтінген. Бірақ оған көп күш-жігер керек дейді Ұлжан.
"САЛТАНАТТЫҢ ОҚИҒАСЫ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ БОЛДЫ"
"Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық ел ішін шарлап жүр", "Орта ғасырдан бір-ақ шықтық", "Тіпті Болат Назарбаевтың өлімі бұл тақырыптың көлеңкесінде қалды". Мұның бәрі – қазақстандық подкастар мен БАҚ жаңалықтарының тақырыбы. 2023 жылдың соңғы айларында қоғамда әйелге жасалатын зорлық-зомбылықтың әртүрлі формасы, фемицид және әйелдер мен балаларға қолдау көрсететін "Немолчи.kz" қорына жасалған қысым қызу талқыға түсті.
Ұлжанның оқиғасы жария болғаннан кейін көп өтпей, 9 қарашада қазақстандықтар бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев жұбайын – 31 жастағы Салтанат Нүкенованы қаныпезерлікпен өлтірді деген күдікке іліккенін естіді. Қылмыс Бишімбаевтар отбасына тиесілі мейрамханада болған. Экс-шенеунік изоляторға қамалды, енді ұзақ мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Бишімбаевтың туысына қылмысты полицияға хабарламай, жасырып қалғаны үшін айып тағылды. Марқұмның ағасы Салтанаттың денесінің сау-тамтығы қалмағанын, адам төзгісіз жарақат алғанын айтқан: "Басының тұсы, желке тұсы ойылып қалған, арқасында ойық бар, сол жақ көзі ағып кеткен".
Нүкенованың қазасынан кейін әлеуметтік желіде тұрмыста жасалған зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту туралы 2021 жылғы петиция жалғасын тапты. Әділет министрлігі 150 мыңнан астам дауыс жинаған петицияны қарастырудан бас тартты. Әділет вице-министрі Алма Мұқанова бұл өтініш петиция туралы заң күшіне енгенге дейін пайда болған деп түсіндірді. Үкімет петицияларды 2024 жылдың сәуірінен кейін, оның өзінде Otinish.kz сайтында емес, арнайы әзірленген платформада құрылса ғана қарастырмақшы.
Қуандық Бишімбаев қылмысқа күдікті ретінде ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде әйелге зорлық-зомбылық жасау тоқтатылсын деген талаппен флешмоб басталды. Оған қазақстандық белсенділер мен феминистер мұрындық болған. Қыздар соққы мен қанның ізіне ұқсайтын макияж жасап, суретке түсіп, интернетке жариялады.
"Салтанаттың оқиғасы қозғаушы күш болды. Әрбір қыз Салтанаттан өзін көрді. Олар көңіл айтып, көмектескісі келді, Салтанаттың орнына өзін қойды", – дейді қайғылы оқиғадан кейін баспасөз бен қоғам назарына іліккен Салтанат Нүкенованың туған інісі Айтбек Амангелді. Әпкесі қаза тапқаннан кейін оған тұрмыста зорлық-зомбылық көрген немесе әлі күнге абьюзермен бірге тұрып жатқан әйелдер хат жаза бастаған.
"Бұл көмек қажет ететін жағдай екен", – деп жалғады ол сөзін. 20 қарашада Айтбек Амангелді тұрмыстағы агрессия құрбандарына жедел көмек көрсететін волонтерлік желіні іске қосты. 12 желтоқсанда (Айтбек Азаттықпен тілдескен сәтте) ел ішінде волонтер боламын деушілердің саны мыңнан асқан, ал көмек сұрап жүзден аса хат келіп түскен.
"Жұмысқа, балабақшаға ілесіп баратын волонтерлар бар. Үйінен қашып кеткісі келетіндерге көмектесуге мүмкіндік туды. Әдетте әйелдер абьюзерден аулақ кеткісі, олармен байланысын біржола үзгісі келіп, көмек сұрайды", – дейді Нүкенованың інісі волонтерлер жұмысы жайында. – Бұрын мұндай іспен айналысып көрмегенмін. Сөйтсем, әйелдердің көпшілігі қиын жағдайда екен, оларға көмектесетін адам жоқ. Әдетте қыздар тұрмыс құрып, басқа қалаға, облысқа кетеді. Ол жақта танысы, қолдайтын туысы болмайды".
Ол әпкесінен қапияда айырылып қалғаннан кейін қол қусырып отырғысы келмегенін, төңірегіндегілерге көмектескісі келгенін айтты.
"Қайғымды ізгі істермен еңсергім келеді. Қазір жұмыс бастан асады. "Бұрынғы" өмірім қазіргімнің көлеңкесінде қалды. Ол күндер қайта оралмайды. Оралуы мүмкін емес. Қазір телефон ұстап, жұмыс істеп отырғанымда, бір қызды ұрып жатыр ма деп көңілім алаң болады. Телефонды қойып, фильм қоссам, біреудің қызға қол көтергенін көрсем, әлгі ой тағы мазалайды. Көлік айдап келе жатып, үйлерге қараймын да, қаншама тас қабырғаның арғы жағында әйелдер таяқ жеп жатыр екен деп ойға шомамын. Бұл ой басымнын кетер емес", – деп қорытты сөзін ол.
Айтбектің айтуынша, көмектесуге ниет білдіргендер арасында агрессормен бірге өмір сүрудің не екенін жақсы білетін әйел көп. "Неліктен әйел көп те, ер адам аз екенін бірден түсінесің. Негізінде, әйелді емес, ер адамды әйелге қорған бол деп үйретеді ғой. Алайда із жүзінде бәрі керісінше".
"ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП КЕТТІ"
Блогер әрі пиар маманы Леонид Нигматуллин ер адамдарды зорлық-зомбылықтың кез-келген түрін айыптауға және абьюзерге қарсы шығуға шақырып, флешмоб бастады. Айтуынша, әрбір ер адам осындай видео түсіріп, үш адамға жолдаса және осылай бір-бірімен жалғаса берсе деген ой осыған түрткі болған.
"Енді үнсіз қалу мүмкін емес еді. Жағдай ушығып кетті. Осы проблеманы айта беретін әйел көп, бірақ ер адамдар үнсіз. Мен оның себептері бар деп ойлаймын. Біреудің ағасы, бауыры абьюзер болар. Біз сондай-ақ флешмобты петицияға өте аз, бар болғаны 11 пайыз ер адам қол қойғандықтан бастадық", – деді Нигматуллин.
Ол ойға алған мақсатына әлі жетпеген. Леонид эстафета қалай жалғасатынын бақылай келе, оны қабыл алған адамдар зорлық-зомбылыққа қарсы мәлімдеме жасамайтынын байқайды: "#МужчиныПротивНасилия хэштегі бойынша жүзге жетпейтін ғана пост жарияланған. Бұл – теңізге тамған тамшыдай ғана, бірақ біз қауіпсіз елге айналғанша мұны жалғастыра береміз".
Қауіпті ел атануымыздың бір себебі – зорлық-зомбылық фактілерін естіген бойда реакция көрсетуге тиіс мемлекеттік машинаның әрекетсіздігі деп есептейді Айтбек Амангелді. Күштік құрылымдар рецидивтердің алдын алуға, абьюзерлерді жазалауға тырыспайды. Оның үстіне "зорлық-зомбылықпен күрес ІІМ-нің бас ауруына айналған" дейді ол.
"[Полиция] арыз-шағымды өңдемейді. Содан кейін прокуратураға барасың. Олар жұмыс істемеген соң, жоғары жаққа баруың керек. Заң тетіктері жұмыс істемесе, жария етуден басқа амал жоқ", – дейді Айтбек Амангелді.
Жыл аяғында медиада полицейлердің қыз зорлағаны туралы бірнеше факт жария болды. Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев қамауға алынды. Ол 27 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінді. ІІМ бұған "масқара", "жағымсыз" оқиға деп баға берді.
Алматыда полицияның екі капитаны 14 жастағы жасөспірім қызды зорлаған деген күдікпен тұтқындалды. ІІМ оларды жұмыстан шығарып жібергенін, тергеу кезінде қамауда болатынын мәлімдеді. "НеМолчи.kz" қорының мәліметінше, қыз зорлау оқиғасы Қонаев қаласында болған. Күдіктілердің бірі – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инстпектор, екіншісі – ғимаратты күзететін қызметкер.
Сондай-ақ "НеМолчи.kz" қоры Семей қаласының тұрғыны көмек сұрап жүгінгенін жазды. Оны да полиция қызметкері зорлаған. Қылмыстық іс қозғалған, бірақ созылып барады дейді қор басшысы Дина Смайылова.
Осы аралықта билік тарапынан да қоғамды зорлық-зомбылықпен күреске шақырған әрекеттер жылт еткендей болды. Ел президенті Тоқаевты қолдайтын "Жаңа адамдар" қозғалысы бірер күннің ішінде "Скажи нет миру животных" ұранымен митинг өткізуге рұқсат алды. Шараны ұйымдастырушылар тұрмыста зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтудің мәні жоғын ашық айтты және қоғамды "ойын өзгертуге" шақырды. Осы акцияға "НеМолчи.kz" қорын қолдап, плакат ұстап келген феминистерді іс-шараға қатыстырмай қойды. Ал Feminita тобына Алматы билігі "Қазақстан әйелдері зорлық-зомбылыққа қарсы!" митингін өткізуге рұқсат бермеген.
"ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, ҮШІНШІ ТОЛҚЫН БОЛАДЫ"
"Бұл алғашқы шу емес, және мұнымен бітпейді-ау деп қорқамын. Өкінішке қарай, бұл соңғы құрбан және соңғы петиция емес. 2020 жылдың желтоқсанында Сымбат Құлжағарова мерт болды. Біз петиция дайындадық, ол 132 мың дауыс жинаған. Бірақ оның өзі көмектескен жоқ. Оқиға тағы қайталанды", – дейді "НеМолчи.kz" қорының негізін салушы Дина Смайылова (Таңсәрі).
Смайылова кейінгі жылдары Қазақстаннан көшіп кеткен. Туған жерінде оның үстінен үш бірдей қылмыстық іс қозғалды және бәрі атқарып жүрген қызметімен байланысты. "Жалған ақпарат тарату" және "жеке бастың дербес құқығын бұзғаны" туралы істер бойынша Дина – қорғаушы құқына ие куәгер. Ал үшінші, "алаяқтық" туралы іс бойынша ол – күдікті.
"НеМолчи.kz" қорының банктегі есепшоты полиция шешімімен бұғатталған дейді Смайылова. Алайда тергеу соты тергеушінің арызын қанағаттандырмаған және шотты бұғаттау туралы шешім шығармаған.
"Тергеуші сотқа 10 күн ішінде шотты бұғаттауға негіз боларлық құжат әкеліп бере алмағандықтан, басқа бір тергеуші арест қояды, бірақ ол тіпті өзінің қай аймақтан екенін де жазбаған. Меніңше, бұл осылай жалғаса береді және біз есепшотымызды енді ешқашан аша алмайтын сияқтымыз, – дейді Смайылова. – Біз үшін ауыр жыл болды. Жүрек талмасына ұшырадым, басыма үлкен сынақ түсті. Бұлай жұмыс істеуге болмайды деп, Тбилисиде жанашыр жандарды жинап, команда құрдым. Мұны Қазақстан біліп қойыпты, енді олар [билік] бұған кедергі жасай бастады. Алдымен мен Грузияға қайта оралу мүмкіндігінен айырылдым. Енді донаттарды тоқтатып тастаған. Ары қарай не болады? Мені де экстремист деп атай ма?"
Смайылова Қазақстанда зорлық-зомбылық жыл сайын күшейіп бара жатқанын байқаған. Оған көмек сұрап жүгінгендер жасалатын қылмыстар ауырлап, небір қитұрқы түрлері пайда болғанын айтқан. Дегенмен "НеМолчи.kz" қорының басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы қолданыстағы заңнаманы өзгерттіруге халықтың шамасы жетеді деп есептейді. Бірақ дәл қазір емес дейді ол.
"Өкінішке қарай, үшінші толқын келеді. Нағыз сындарлы сәт сол болмақ. ПӘ-дегілердің (президент әкімшілігі – ред.) немесе бір министрдің баласы кісі қолынан қаза тапқан кезде ғана біздің елде өзгеріс болады", – деп есептейді Смайылова.