Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін "мәңгілік есте қалдыру" мақсатында президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған ұсыныстар мен Дариға Назарбаеваның парламенттің жоғарғы палатасы жетекшілігіне келуі (билік династиялық жолмен берілмек деген пікірлер айтылды) қоғамда түрлі реакция тудырды.
Билікке қарайтын құрылымдар Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдады, әлеуметтік желі қолданушы қазақстандықтар онымен келіспейтіндерін жазып жатыр, көшеге шыққан біраз адам астананың жаңа атауына қарсы екендерін білдірді. Астана, Алматы мен Шымкентте күш құрылымдары наразыларды сөйлетпей, күштеп әкетуге құлшына кірісті.
Алматы мен Астанада бір топ адам (көбі жастар) наурыздың 22-сі күні наразыларды ұстау сәтінен тікелей эфирде хабар таратып жүрген Азаттық журналистерінің қызметіне мақсатты түрде, агрессия танытып кедергі жасады.
"Негативті емес, позитивті түсіріңдер!" Астана, 22 наурыз 2019 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Ұсталғандар арасында астанадағы наразылық шарасы туралы хабар әзірлеп жүрген "Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкова да бар. Азаттық президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар мұны "тәуелсіз журналистерді ашық қорқытуға және бұқаралық ақпарат құралдарының саяси жағдайларды таратуын бақылауға тырысу әрекеті" деп атады.
Алматылық адвокат Жохар Өтебеков астана атауын өзгертуді заңсыз дегені үшін (себебі, алдындағы президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң президент қызметін атқаруға көшкен тұлғаның Конституцияны өзгертуге құқы жоқ) республикалық адвокаттар коллегиясынан сөз естіді.
Коллегия Өтебековтің Facebook-тегі жазбалары "Конституция нормаларына сай емес", ал іс-әрекеті "кәсіби этика нормаларына қайшы", сондықтан адвокаттың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселе арнайы жиында қаралады деп мәлімдеді.
Өтебековтің өзі коллегияның мәлімдемесін "пікір білдіргенім үшін қудалау" деп атады. Осы және басқа да оқиғаларды ескерген кей сарапшылар "полициялық мемлекет болмысы" ашық байқала бастағанын айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенділерді "тұрақтылық" үшін қудалап жатыр ма?ТӘРТІП САҚШЫСЫ МА?
Журналист әрі құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның ақпараттық мониторинг орталығының жетекшісі Сергей Дувановтың айтуынша, Тоқаев президенттік қызметін заң тұрғысынан күмәнді қадаммен бастағаннан кейін және Назарбаевқа адалдығын көрсеткен соң бұрын "әбүйірін жапқансып жүрген" күш құрылымдары енді оны ашық көрсетуге көшті.
- Полициялық мемлекетте полиция бейтарап, әділ тәртіп сақшысы болудан қалады. Ол қолында билігі барларды қолдайды, наразылық білдіргендерді заң тәртібін бұзбаса да қудалайды, ал режимді қолдаушылар көпе-көрнеу тәртіп бұзып тұрса да, олардың әрекетіне көз жұма қарайды, - дейді Сергей Дуванов.
ВИДЕО: Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы. 22 наурыз 2019 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Ол наурыздың 22-сі күні Астанада журналистер кәсіби қызметіне кедергі келтіргендердің үстінен шағым айтқанда полиция полковнигінің заң бұзушыларға шара қолданғанның орнына "дұрыс түсірген жоқсыңдар" деп журналистерді сөккенін еске салды.
Дувановтың пікірінше, бұл полиция полковнигі бейтарап адам емес, ол билікке қызмет етеді, яғни, саяси "қуаттанған" адам. Журналистерге кедергі келтірген жастар да сондай.
Ал мәжіліс депутаты Владислав Косарев Азаттыққа Қазақстанды полициялық мемлекет санамайтынын айтты.
- Біздің полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күзетеді. Ол, әсіресе, бұқаралық шара кезінде бейқам жүре алмайды. Егер полиция қызметкері тәртіп бұзса, әрине, оны анықтау керек, бәрін айыптауға тырыспайық, - дейді Косарев.
БИЛІКТІҢ КҮШ ТІРЕГІ
Кезінде екі рет министрлер кабинетіне мүше болған 71 жастағы экономист Петр Своик Нұрсұлтан Назарбаев президенттік биліктен "бас тартқан" соң күш құрылымдарының рөлі күшейгенін айтады.
- Билікті екіге бөлу арқылы ол үлкен тәуекелге бас тікті. Шын мәнінде қос өкімет пайда болды... Оның соңы бейбіт әрі тыныш бола қояры екіталай, уақыт өте келе олардың арасында егес туындай бермек, - дейді Петр Своик.
Своиктың айтуынша, ширек ғасырдан астам уақытқа созылған билік кезінде түзілген суперпрезиденттік басқару құрылымы жоғалып кеткен жоқ, енді оны бөлу керек болғанда биліктің үлкен бөлігі Қауіпсіздік кеңесіне берілді, оны тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқармақ.
Сондықтан наурыздың 18-і күні, отставкаға кететіні туралы мәлімдер алдында Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшыларына генерал атағын берді, ал 20 жыл ҰҚК-де (президентке тікелей бағынатын жүйе) жұмыс істеген адамды бас прокурор қызметіне тағайындады дейді Своик.
Оның пікірінше, биліктің күш құрылымына осынша мән беруі сырт көзге байқалмайтын, бірақ кез келген ішкі қатерге (биліктің жоғарғы жағынан болсын, қоғамнан болсын) дереу реакция танытатын полициялық мемлекет құрылымын жасағанын байқатады.
Сенаттың бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры" қоғамдық ұйымының жетекшісі Зәуреш Батталова да Назарбаевтың президенттік өкілетін тоқтатар алдында ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшылары Кәрім Мәсімов пен Нұрлан Ермекбаевқа генерал погонын таққанына мән береді. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның полициялық болмысын сақтап қана қоймай, оны күшейткенін білдіреді.
- Бейбіт заманда, Қазақстан барлық көршілерімен достық қарым-қатынасын сақтап тұрғанда шені жоқ қорғаныс министрін әскери адамға айналдырудың не керегі бар? Назарбаев кімнен қорқады? Қазақстанның сыртқы жаулары жоқ болса, ол кіммен соғыспақ? - дейді Зәуреш Батталова.
ҰҚК-ның отставкадағы генерал-майоры Тұрсын Айжұлов Азаттыққа ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшыларына генерал шенін бергеніне түсіністікпен қарайтынын айтты. Оның себебін Қазақстанның күрделі кезеңге өтуімен түсіндіреді. Ол журналистерге кедергі келтірген жастардың іс-әрекетін сынады, әдетте олардың артында арнайы қызмет тұратынын айтты.
Парламент депутаты Владислав Косарев Назарбаевтың Мәсімов пен Ермекбаевқа генерал шенін беруінен полициялық мемлекет белгісін іздеудің керегі жоқ дейді.
- Президент Назарбаев ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген адамдардың алдында өзін борышты сезінді деп ойлаймын, соны өтеу үшін оларға жоғарғы шен берді, - дейді Косарев.
Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистің сөзінше, жақында ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі басшыларына генерал шені берілуі мемлекеттің полициялық болмысының күшейгенін аңғартады. Жовтистің айтуынша, күш құрылымдары жетекшілері адал болу, кез келген бұйрықты екі етпей орындау әрі тиімді атқару тәрізді басты талаптарға сай болуға тиіс.