Akorda.kz вебсайтының жазуынша, Назарбаев: "Соңғы кезде жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп келеді. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сенімімізге де, дәстүрімізге де келмейді. Қазақта қара киім кісі өлгенде киеді... Әрине әркімнің не кием десем, [өзім білем] дейтін [бостандығы] бар. Ол - басқа нәрсе. Мынау - әдейілеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін [құбылыс]" деген.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресми мәліметке сәйкес, кездесу кезінде Қазақстан президенті ҚМДБ-ға қарайтын имамдардың біліктілігін арттыру және "дәстүрлі емес діни ағымдармен" күресу мәселелерін талқылаған.
Президент Назарбаевтың діни экстремизммен күресу үшін кейбір дін ұстанушылардың сыртқы атрибуттарына тыйым салу туралы айтқан сөзіне қатысты Азаттыққа Еуразия Университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі, теолог Досай Кенжетай пікір білдірді. Теолог радикализмді тыйым салу арқылы жеңу мүмкін екеніне күмәнданады.
- Тыйыммен ештеңе өзгермейді. Өйткені ол кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік. Бірақ, елбасының (президенттің - ред) аузынан шыққаннан кейін біздің құқық қорғау органдарының назарына алынып, соның механизмдері жасалынып, арбаны ды сындырмай, өгізді де өлтірмей жасап жатса, құба құп. Алайда менің соған күмәнім бар. Дәл қазіргі жағдайда балақ пен сақал тек сыртқы құбылыс көзге көрініп тұрған. Ал көзге көрінбей, санаға әсер етіп жатқан үлкен каналдар жатыр. Оларды да күшпен тыя алмаймыз. Тек ғылыми таным мен діни танымды ұштастыра алатын орталық керек, - деді Досай Кенжетай Азаттыққа.
Соңғы жылдары Қазақстан билігі діни экстремизммен күрес науқаны аясында сүннизм мен Ханафи мазхабының принциптерін ел арасында "мүфтият" атанып кеткен "Қазақстан мұсылмандары діни басқарасы" республикалық діни бірлестігі арқылы насихаттауға тырысып бағып жатыр. Кейбір азшылық топ өкілдерінің намаз оқу ерекшеліктері "имамның жұмысына кедергі келтіру" деп те қабылданады. Мысалы, биылғы қаңтарда Жаңаөзенде бір топ мұсылман мешітте намаз оқып тұрып "әмин" деп дауыстап айтқаны үшін сотқа тартылған. Әкімшілік сот ҚМДБ бекіткен бас имамның арызы бойынша әлгі діндар азаматтарға айыппұл салған. Қазақстанда мешітте құлшылық қылу кезінде имам "Фәтиха" сүресін оқып біткен соң "әмин" деп дауыстап айту "тек радикалдарға тән әдет" деген түсінік қалыптасқан.
Экстремизммен күрес науқаны кезінде дін ұстанушы адамдардың сыртқы атрибуттары мен құлшылық қылу өзгешеліктеріне шүйлігу Орталық Азия елдерінің көпшілігінде бар. 2015 жылы Тәжікстан билігі сақал мен хиджабқа тыйым салып, кейбір азаматтардың сақалын полицейлер күшпен күзеген оқиғалар болған. Өзбекстан билігі сақалды жастарға қарсы рейд те жүргізген.