Accessibility links

Мешітте «әмин» деп дауыстағаны үшін сотқа тартылғандар


Мешітте намаз оқып отырған ер адамдар. Қазақстан. (Көрнекі сурет)
Мешітте намаз оқып отырған ер адамдар. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Намазда «әмин» сөзін дауыстап айтқаны үшін әкімшілік сотқа тартылған жаңаөзендіктер бұл мәселенің артында «мәзһабтар арасындағы дау жатыр» дейді. Маңғыстау облыстық дін істері басқармасы бұл туралы мағлұмат бермеді. Ал Жаңаөзен қаласы орталық мешітінің бас имамы «жамағат ынтымағы үшін» шағымданғанын айтады.

2017 жылы қаңтардың 14-і күні Жаңаөзен қаласында тұратын Ілияс Жалымбет, Ұлықбек Байтұрсынов, Жарас Бәйешев пен Нұрлан Нұржанов «әмин» сөзін дауыстап айтып, имамның жұмысына кедергі келтірді деген Маңғыстау облысы дін істері басқармасының шағымымен әкімшілік сотқа тартылды. Істі қараған Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Кенжекүл Қалауова оларды әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабының 2- бөлімі бойынша «діни бірлестік тәртібіне бағынбай, дін қызметкеріне қарсы шығып, заңды діни қызметке кедергі келтірді» деп танып Ілияс Жалымбетке 106 мың 050 теңге, қалғандарының әрқайсысына 113 мың 450 теңге көлемінде айыппұл салған.

Бұл шешіммен келіспеген Жаңаөзен тұрғындары апелляциялық шағым түсірген. Сәуірдің 7-сі Айжан Молбаеваның төрағалық етуімен өткен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық соты алқасы олардың істі қысқартып, алдыңғы сот қаулысының күшін жоюды сұраған арызын қанағаттандырмады.

«Діни көзқарасымыз үшін жазықсыз айыппұлға ұшырадық» деген төрт азаматтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов «ары қарай да шағымданатынын» айтады.

- Бұл сот актісі заң талаптарына сай емес. Мен оған қарсы шағым түсіремін. Бірақ әкімшілік істің өз ерекшелігі бар. Бұл жерде әкімшілік құқық бұзушылық болмағандықтан, мен Бас прокуратурадан наразылық келтіруді сұраймын, - деді Ғалымжан Нұрпейісов.

Мешітте намаз оқып тұрған ер адамдар.
Мешітте намаз оқып тұрған ер адамдар.

«БІР-АҚ РЕТ «ӘМИН» ДЕП ЕДІМ»

35 жастағы Жарас Бәйешев Жаңаөзен қаласына Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауылынан былтыр желтоқсан айында көшіп келген. Ол Жаңаөзен орталық мешітіне тек 2017 жылдың қаңтар айынан бері барып, намаз оқып жүргенін, осы мешіттің наиб имамы Аян Ілесбековтен сабақ алғанын айтады. Оның Азаттыққа айтуынша, қаңтардың 6-сы күні Құтпан намазына кешігіп келген соң, өзі бөлек тұрып намаз оқи бастаған.

- Мен намазымды бастағанда артыма үш адам тұрды. Олар тұрған соң мен өзімді имам санап, Фатиха сүресінен соң «әмин» деп дауыстадым. Себебі сол күнгі жұма намазында мешіттің бас имамы Қайрат Маманбаев «имамнан басқасы «әминді» іштен айтсын» деген, - дейді ол.

Жарас Бәйешев «имам қызметіне қасақана кедергі келтірді» деген айыптың өзіне мүлде қатысы жоқ» деп санайды. Ол тіпті сотқа «исламның қауіпсіз тармағын ұстанатынын дәлелдейтін Ақтөбе облыстық қауіпсіздік департменті мен мешіттен арнайы анықтама да алып келгенін» айтады.

- Бірақ сотта мені ешкім тыңдамады. Бар мәселе менің «әминді» имам сөзін дұрыс түсінбей, дауыс шығарып айтқанымда болып тұр. Меніңше, бұл жерде мешітке де, имамға да келіп кетер ештеңе болған жоқ, шамасы бұл - мәзхабтар арасындағы дау,- дейді ол.

Жаңаөзендегі мешіт.
Жаңаөзендегі мешіт.

Жарас Бәйешевтің сөзінше, ол «исламның төрт мәзхабының бірі - ханбалиді ұстанады». Ол солай бола тұра, мешітте бұған дейін ешқашан «әмин» сөзін дауыстап айтпадым дейді. Оның сөзінше, «бір рет айтқан «әмин» сөзінен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, мешітке барып жүр және «әминді» ішінен айтып келеді».

«БҰЛ - ДІНИ СЕНІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚУДАЛАУ»

«Әминді» дауыстап айтқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған азаматтың бірі - «ханбали мәзхабын ұстанатын» 29 жастағы Ұлықбек Байтұрсынов. Жарас Бәйешевтің сөзін қоштаған ол да «негізсіз айыппұлға тартудың артында мазхаб арасындағы дау мен басқа мәзхабты ұстанатындардың мешітке кіріп намаз оқуына кедергі келтіру жатыр» деп санайды.

«Біз зайырлы мемлекетпіз, дін мемлекеттен бөлек» дейді. Бірақ іс жүзінде мемлекет бізге «мынадай уақытта мешітке бар, мына сөзді былай айт» деп бұйырып отыр,

- Айыппұл айыппұл ғой. Бұл - діни сенімге байланысы қудалау. «Біз зайырлы мемлекетпіз, дін мемлекеттен бөлек» дейді. Бірақ іс жүзінде мемлекет бізге «мынадай уақытта мешітке бар, мына сөзді былай айт» деп бұйырып отыр,- дейді ол.

Оның сөзінше, «соңғы кезде жамағаттың арасында намаз оқыған болып тұратын мешіт қызметкерлері кімнің қалай тұрғанын, қай сөзді қалай айтқанына бақылау жасайды».

Қаңтардың 8-і күні құптан намазына келген Ұлықбек Байтұрсынов «төменде орын болмаған соң намазды екінші қабатта оқи бастағанын» айтады. Оның айтуынша, сол күні кешкі намазды имам Қайрат Маманбаев екі мәрте тоқтатқан.

- Намаз басталған соң «әмин» сөзін бірнеше адам дауыстап айттық. Намазхандардың (намаз оқитын адамдарды айтады - ред.) бірі «әмин» сөзін айтқан адамға қол көтеріп, жанжал туды. Оларды тарқатқан соң имам намазды жалғастырды. «Әмин» деп тағы өз бетімізше сәл дауыс шығарғанымыз сол еді қасымызға полиция келді. Мен намазды бітіруге мүмкіндік беруді сұрадым, - дейді ол.

Байтұрсыновтың сөзінше, «сотта Жаңаөзен қаласы орталық мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев оның «әминді» қалай айтқанын естімегенін, қасында тұрған наиб имамның айтуымен арызданғанын» мәлімдеген.

- Олар бізге жала жауып отыр. Мен радикалдық топтардың болатынын теріске шығармаймын. Имам сотта бізді «Сирияны қолдайды» деді. Мен Алладан Сирияны күйретіп жатқандарды жазалауын сұрап дұға етемін. Олардың исламға күйе жағып отырғандарын білемін, - дейді ол.

Имам мен жамағат.
Имам мен жамағат.

Ұлықбек «мешітке келуді, намаз оқуды 5-сыныпта оқып жүрген кезінде бастаған». Ол «анасының айтуымен араб тілін оқу үшін мешітке келгенін, арты намазға жығылуға ұласқанын» айтады.

- Енді намазымызды қалай және қайда оқуымыз керек? Үйде оқысақ «міне олар дұрыс болса, мешітке келер еді, олар - радикалдар» дейді. Егер мен бір жерде теракт болатыны туралы білсем мен ол туралы түрде құқық қорғау орындарына хабарлаймын. Өйткені, бұл заңға қайшы және шариғатқа қайшы. Ислам шариғаты ешқашан терактіге үндемейді,- дейді Ұлықбек Байтұрсынов.

«ӘБУ ХАНИФА ТЕРРОРИЗМНЕН ҚҰТҚАРАР ПАНАЦЕЯ ЕМЕС»

Адвокат Ғалым Нұрпейісов қаңтардағы сот процесінде Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі басқарма өкілінің «әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490- бабымен 20 адам жазаға тартылды» деген дерек келтіргенін айтады. Алайда ол «намаз оқитын адамдарды бұлай жазалау Қазақстан мойындаған БҰҰ адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактісін бұзады» деп санайды.

- «Әмин» сөзін айтпау туралы ұғым жоқ. Мешіттің ішкі ережесі дауға негіз бола алмайды. Басқа мәзхабты ұстанатындар енді үндерін шығармауы тиіс. Бұл олардың діни сенімін жоғалтуына әкеледі. Қазақстан конституциясы мен Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пактінің 18-бабына сай, әр адам өз таңдауы бойынша қалаған дінді ұстануға құқылы, - дейді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат сөзінше, «мешіттің ішкі ережесі мемлекет заңы емес». Ол «Маңғыстау облыстық дін істері басқармасы сотқа шағым түсіру арқылы Қазақстанның діни қызмет және діни бірлестіктер жөніндегі заңының мемлекет және дін жөніндегі 3-бабын түбірімен бұзып отыр» деп есептейді.

Әбу Ханифа мәзхабы террористерден құтқаратын панацея емес. Осы мәзһабты ұстанатын көп мемлекеттердегі бүлікті елдің бәрі біледі. Мәселен, «Талибан» қозғалысы - толығымен ханафилер, «Өзбекстан ислам қозғалысы» да имам Әбу Ханифаның жолын қуғандар емес пе?

Атырау облысы бойынша деструктивті діни ағымдардан зардап шекккендерді қолдау қоғамдық қорының бұрынғы жетекшісі, теолог Тұрарбек Құсайынов «ҚМДБ-ның Әбу Ханифа мәзхабын барлық мұсылмандарға таңу арқылы елде фитна болмайды дегенімен келіспейтінін» айтады.

- Әбу Ханифа мәзхабы террористерден құтқаратын панацея емес. Осы мәзһабты ұстанатын көп мемлекеттердегі бүлікті елдің бәрі біледі. Мәселен, «Талибан» қозғалысы - толығымен ханафилер, «Өзбекстан ислам қозғалысы» да имам Әбу Ханифаның жолын қуғандар емес пе? Ендеше «әмин» сөзімен жамағаттың ынтымағы бұзылады деген ақылға сыймайды,- дейді

«ЖАМАҒАТ ЫНТЫМАҒЫ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ІС»

Жаңаөзен қаласы орталық мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев Азаттыққа Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына «намазға келген бес-алты адамның «әмин» сөзін дауыстап айтып, ойын бөлгендіктен шағымданғанын» растады.

Оның сөзінше, «Қазақстандағы мұсылмандар Әбу-Ханифа мәзхабын ұстанатындықтан «әмин» сөзін іштен айтуы керек». «ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ред.) 2016 жылы қарашада шығарған мешіттердің ішкі ережесін сақтамай, намазға кедергі жасалғанын» айтқан ол өзінің «ол ережеге дейін де «әмин» сөзін дауыстап айтпайық бауырлар» деп, уағыз айтып келе жатқанын ескертті.

- «Әминді» іштен айтса намаз қабыл болмайды деген сөз жоқ. Құранда басшыға, әмірге бой ұсыну керек екені айтылған. Жамағат маған «оларға айтсаңызшы, бізге кедергі жасайды» деп шағымданған соң, жамағат ынтымағы үшін істедік, - дейді ол.

Сотқа талап арыз түсірген Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі басқарма бұл мәселеге бірден жауап беруден бас тартты. «Жиналыстамын» деген басқарма бастығы Ерлан Есбергенов Азаттық тілшісіне «мәселені келесі аптаның сейсенбі немесе сәрсенбі күндері талқылауды» ұсынды.

Атырау облысында да мешітке келушілердің құлшылық етуіне кедергі келтірді деген уәжбен 2015 жылы наурыз айында бірнеше адам әкімшілік жазаға тартылып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған еді. Қазақстан мешіттерінің ішкі тәртіп ережесін 2016 жылы қарашаның 16-сы күні ғұламалар кеңесі бекіткен.

Мақаланы дайындауға Светлана Глушкова қатысты.

XS
SM
MD
LG