Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбінің кешінде ұлттық телеарнадан сөйлеген сөзінде мемлекеттің COVID-19 ауруымен күресте "шара қабылдап жатқанын" айтты. Президент үндеуді жұрт дәрі-дәрмек, дәрігер мен ауруханадағы орын тапшылығы туралы айтып, билікке сын күшейген тұста жасады.
Қазақстан президентің мәлімдемесінде "кейбіреулер пандемия кезінде саяси ойындар ұйымдастырып, қоғамда араздық тудыруға тырысып жатыр" деді. Ол нақты кімдердің араздық қоздыруға тырысып жатқанын ашып айтпады, тек "олардың әрекетіне заңдық баға берілетінін" жеткізді. Тоқаев жалған ақпарат таратқандар, дәрі бағасын көтергендер де заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.
Әміржан Қосанов: Президент "денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы жіберген жүйелі қателіктер" туралы айтты. Меніңше, елдегі жағдай президент "елдің бұрынғы басшылығы жіберген қателіктер" туралы айтқанда бір-ақ өзгереді.
Асхат Қасенғали: Үндеу жасалды. Жалпы нақты шешімдердің барлығы ұнады. Үндеуді қазақ тілді және орыс тілді аудиторияға арналған деп екіге бөлдім.
1. Қазақ тілді аудиторияға сол өзіне қажет дүниелер айтылды. "Әр қазақ менің жалғызым", "Ұлттық аза тұту күні", "батыр бабаларымыз талай қиындықты еңсерген" деген сынды сөздер мен әкім-қарарлардың, денсаулық сақтау министрлігінің тексерілетіні айтылды. Яғни эмоцияны көтеретін, ішкі рухты серпілтетін негізде болды. "Аза тұту күні" деген соңғы әлеуметтік желідегі жазбалар мен наразылықты сүзгіден өткізіп, қабылданған шешім сияқты. Әйтпесе індет біткен соң да, жасауға болар еді. Індет біткен сәтте тағы жасауға тура келеді.
2. Орыс тілді аудиторияға нақты қадамдар айтылды. Күніне 40 мың тест жасалатыны, 800 мың парацетaмол сатып алынғандығы және тағы 900 мыңы алынатындығы, 150 мың антибиотик алынғандығы, 150 млрд қаржы бөлінгендігі және оны қатаң бақылайтындығы және т.б. Яғни нақты қадамдар, нақты сандар мен жасалып жатқан шаралар жайлы айтылды.
Қорыта айтқанда, екі аудиторияны өз қажеттілігі бойынша қанағаттандырып қойды. Қазақ тілді аудитория, яғни мына біз, нақты талаптарды қоя білуді арттыру керек. Үнемі пәлсапа әлемі мен айтатын тақырыбымыз тіл, дін, діл, тарих хақында болып жатқаны өтірік емес. Ол сөзсіз керек. Алайда 90% тек соны қозғасақ, бізге айтылар жауаптар мен үндеулерде нақтылықтан гөрі қызыл сөз басым болады. Ал даму үшін нақты статистика, нақты ғылым, нақты сұраныс керек деп ойлаймын. Жалпы бүгінгі үндеу алдынғыға қарағанда ұнады.
Лұқпан Ахмедьяров: Оның үндеуінің негізгі мақсаты - Астанадағы от шашуға деген жұрт наразылығын басу. Негізгі айтқандарын Сталиннен көшіріп алған: "жауды жеңеміз, жеңіс біздікі болады" дейді. Жау деп вирусты, денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын және "әдейі қаңқу сөз таратып жүрген азаматтарды айтады. Президент мырза, өз азаматтарыңызды жау санап жүріп, халықты біріктірем деп ойламай-ақ қойыңыз.
Сергей Дуванов: Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты айтылған сында ең маңызды бір нәрсе жоқ. Бұл қателікті президент өз жауапкершілігіне алуы керек еді. Қол астындағы қызметкерлерін ұйымдастыра алмай, көп адам абдырап, үміті үзілген ахуалға жол бергені үшін қазақстандықтар мемлекет басшысын айыптайды. Сондықтан Тоқаевтың бүгінгі үндеуі - коронавируспен күресте өзінің де, командасының да қолынан ештеңе келмегенін мойындау. Ақша жұмсалды, бірақ елде аурухана да, дәрі-дәрмек те жеткілікті емес. Дәрігер де, өкпені жасанды желдету аппараты да, құрал-жабдық та тапшы. Тағы да экономиканы тұралатып жіберетін карантин енгізуге мәжбүрміз. Бұл - биліктің ештеңе істей алмағанын мойындауы. Үш ай текке кетті, бәрін басынан бастау керек. Бірақ жағдай әуелгідей емес, әлдеқайда қиындап кетті.
Тоқаев 13 шілдені коронавирустан көз жұмғандарды аза тұту күні деп жариялады. Президент аза тұту күні туралы 6 шілдеде тойланатын Астана күніне орай салют атылған соң, екі күннен кейін айтып отыр. Елді 30 жылдай билеп, былтыр наурызда президенттіктен кеткен, бірақ ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойымен дөп келген Астана күні атылған от шашу көптің сынына қалған.
Арман Әлмәнбет: Аза тұту күнін жариялады екен деп салютты ұмыта салсаңыздар, білмеймін онда. Жоғы түгенделгендей боп отырғандарыңыз не? Эфирді алды, айтты, сол да бір біткен іс пе? Кеше 6 шілде аза тұту күні деп бәрі аватаркасына қойды, соны ұмыттыру үшін істей салды. Жоқ әлде кеше салютқа өтірік ашуландыңыздар ма? Маған рас ауыр тиді, сондықтан оны ұмытпаймын. Мүлде ештеңені сыйламайды, ойларына келгенін істеп отыр. 7-сі күні таңертең жиналып, ақылдасты да, шешіп, бүгін тез-тез мәтінін дайындап, эфирге шығара салды деп ойлаймын. Басқа ешқандай мән көріп тұрған жоқпын бұның бәрінен.
Ғалымжан Оразымбет: Туған күн тойланды. Салют сәтті атылды. Шалға сәтті жағынылды. Алдымен экономика, содан соң саясат деген "Алдымен Шал, сосын басқаларға" сәтті ауыстырылды. Ел аза тұтып жатқанда қуаныштан салют ату қаншалықты цинизм болса, аза тұтуды туған күнді өткізіп алып жариялау одан өткен цинизм болды. Ұлтүсті, мемлекетүсті тұлғаның көңілі жайланды. Енді можно в народника поиграть, стол тоқпақтап тәртіп талап етіп. Ол үшін құрбандар тізімі де дайын шығар. Бірақ салютті енді мың аза тұту мен жүз құрбандықпен жуа алмас.
6/13
Опубликовано Murat Dilmanov Среда, 8 июля 2020 г.
Ася Аскетина: Аза тұту, аза тұту.... деп неменеге жетісіп, мәз боп жарыса жазып, "алақайлап" жатырсыңдар? Тоқаев өлген туысыңды тірілткендей! Біріншіден – аза тұту күні 6-на өтіп кетті! Енді әр жылы дәл осы 6-шілдені Аза тұту күні деп белгілеп, аза тұтынып, індеттен қайтыс болғандарды еске алып отыру керек, болды! Екіншіден – Тоқаевтан ешкім аза тұту күнін ғана анықтап беруін сұраған жоқ. Анасынан айырылған бала, баласынан айырылған әке... қынадай қырылған халық нақты көмек күтті ғой. Қазіргі қиын ахуалды шешіп беруін күтті. Мамині мен жалмауыз Назарбаевы бәрі "сақадай сай отырмыз" дегені қайда? Дәрісі қайда? Ауруларды қабылдайтын ауруханасы қайда? ИВЛ-ы қайда? Ең құрығанда моргтен мүрденің өзін саудаласып барып аласың... Сұмдық! Мына түрімен бұлар ертең соғыс бола қалса (әрине, болмасын) солдаттарға оқтың өзін сатып отыратын шығар? Кім көп пара берсе, сол ғана оқ алып, соғыса алады деп...
Тоқаев коронавируспен күреске тағы 150 миллиард теңге бөлінетінін, бұл қаржы "дәрі-дәрмек пен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін ынталандыруға жұмсалатынын" айтты. Азаматтар ауру күшейген тұста Қазақстан билігін үлкен көлемде қаржы жұмсалда да, қажет дәрі-дәрмек, құрал-жабдық пен ауруханамен қамтамасыз ете алмады деп сынаған. Мамырда ресейлік ТАСС агенттігіне сұхбат берген Тоқаев пандемиямен күреске Қазақстан 6 триллион теңге (шамамен 13 миллиард доллар) жұмсағанын айтқан.
Тоқаев үндеуінен соң президент кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook парақшасына "кейбір қателіктерге қарамастан, жағдай бақылауда, мемлекеттің ахуалды нашарлатып алмас үшін резерві жеткілікті" екенін жазды. Қарин жазбасының астында ондаған комментарий жазылды.
Алданазар Жайлыұлы: Сөзбен былшыратпай, тез шешім қабылдап, ТЖ жариялап, бүкіл ресурсты халықты аман сақтап қалуға жұмсау керек. Бос сөз, былжырдың уақыты өтті. Халық қырылып жатыр. Қиналғандар да кредитін төлеу үшін, құлағанынша жұмыс орнында жүргендер бар. Олар лажсыз жұқтырып жүр. Былшылдың уақыты өтті. Тез шешім шығарып, халықты аман алып қалу керек!
Ерболат Барлықов: Кейбір жергілікті жерлерде емханалар мен ауруханалар ауырған кісілерді қабылдамай жатыр. Әлеуметтік желіде биліктегілер бәрін көріп отыр. Неге немқұрайлылық танытады. Тараз қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлер жетіспейді. Көбісі жұмыстан шығып кеткен. Осындай мәселелер көп. Салюттен кейін билікке деген халықтың сенімі жоғалды. Өкінішті. Енді жанталасып қалай тірі қаламыз деген үрей пайда болды. Әттеген-ай.
6 шілдедегі ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирустан 264 адам қайтыс болды. Жүзден аса адам COVID-19 жұқтырып көз жұмса да, статистикаға енген жоқ. Арнаулы комиссия олардың өліміне басқа ауру себеп деп, коронавирусты "жалғаспалы ауру" деп таныған. Елде пневмония да өршіп тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, маусым айында өкпесі қабынған, бірақ коронавирус анықталмаған 628 адам қайтыс болған. Мамандар сөзінше, пневмонияны коронавирус тудырып отыр. Өткен аптада мұны министрлік те мойындап, бұдан былай пневмонияның "ықтимал коронавирус инфекциясы" деп көрсетілетінін хабарлады. Бірақ коронавирус анықталмаған, бірақ пневмонияға шалдыққан науқастар мен қайтыс болған адамдар COVID-19 құрбандарынан бөлек есептеледі. Биліктің статистикасына сенбейтіндер көп.
Сагынгали Сарсенбайұлы: Халық қойша қырылып жатыр, статистикада жоқ ешқайсысы.