Алайда пандемия кезінде медицина қызметкерлері мен бейіт қазатындарға жұмыс көп болып тұр.
«Әдетте бұл зиратқа айына бес кісі жерленетін. Ал кейінгі екі аптада мұнда күніне 6-7 мәйіттен әкеліп жатыр» деді Қазақстанның солтүстік-батысындағы Ақтөбе қаласы маңында орналасқан зират қызметкері Тұрғанбек Өтебаев 25 маусымда Азаттық тілшісімен сұхбатында.
Өзбекстанның Бұқара облысының басшылығы «инфекция жұқтырғандардың көбеюіне байланысты» 1 шілдеден бастап қоғамдық көлікке шектеу қойып, базарларды жабу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Өзбекстандағы мемлекеттік ақпарат құралы хабарлады.
30 маусымда Өзбекстанның коронавирустың таралуымен күрес комиссиясы жаппай дезинфекция жүргізу үшін демалыс күндері ел аумағындағы барлық сауда орталығы мен базар жабылатынын хабарлады.
Орталық Азияның халқы ең көп елі – Өзбекстанда күніне 230 адамнан вирус табылып жүр. Алайда тест тапшы болғандықтан және үкімет статистиканы азайтып көрсетеді деп жиі айыпталатындықтан, ауруға шалдыққандардың нақты саны қанша екенін ешкім айта алмайды.
Қазақстан 5 шілдеден бастап екі апта карантин жарияланды. Кейінгі үш аптада елде COVID-19 жұқтырғандар саны еселеп артты.
Орталық Азиядағы экономикасы ең үлкен ел – Қазақстанда бүкіл ел аумағындағы карантинді алып тастаған мамырдың ортасында вирус жұқтырғандар саны 5 мыңдай болса, 1 шілдеде бұл көрсеткіш 42 мың адамнан асты.
Үкіметтің арнайы веб-сайтындағы 1 шілдедегі мәлімет бойынша соңғы 24 тәулікте коронавирус жұқтырған 1604 адам анықталған.
Қырғызстанда да дертке шалдыққандар күрт көбейіп барады, үкімет елдің денсаулық сақтау жүйесіне бұл жағдай ауыр салмақ салып отыр дейді.
ЕКІНШІ ТОЛҚЫН БА ӘЛДЕ ҚАЙТА ӨРШІГЕН БІРІНШІ ТОЛҚЫН БА?
Үкімет сауда орталығы, кинотеатр және театр сияқты қоғамдық орындарды біртіндеп ашуды жоспарлай бастаған маусымның ортасынан Қазақстандағы ресми орындар індеттің өршігенін айтып дабыл қаға бастады. Сөйтіп, бизнес нысандарына қайта шектеу енгізілді.
Қазақстанның ең үлкен қаласы – Алматыда 15 маусымнан базарлар мен дүкендердің жұмыс уақыты қайта қысқартылды. Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында мейрамхана, азық-түлік дүкені, базар сияқты нысандарға да осындай шектеулер енгізілді. 5 шілдеден бастап елде көп бизнес орындары екі аптаға (ұзаруы да мүмкін) карантинге жабылады.
Қазақстандағы ауруханалар COVID-19 симптомдары бар науқасқа толып, орын жетпей қалды.
Оның үстіне елде ауыр пневмонияға шалдыққандар күрт артты, арасында көз жұмып жатқандар да көп. Әдетте COVID-19 инфекциясы осындай өкпе дертіне душар етеді.
30 маусымда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы кезде тәулігіне пневмонияға шалдыққан 2500 адамның тіркеліп жатқанын айтты. 2 шілдеде Цой елде «2020 жылдың алты айында былтырғы жарты жылмен салыстырғанда пневмонияға шалдыққандар 55 пайызға артқанын» айтты.
Қырғызстанның жедел жәрдем орталығының басшысы Ескендір Шаяхматов пневмония симптомдарымен түсіп жатқан адамдардың күрт артқанын айтты. Оның сөзінше, әдетте жаз мезгілінде мұндай болмайтын.
Көрші Тәжікстанда да пневмониямен ауырған кісі көп. Дегенмен Орталық Азияның басқа елдері сияқты мұнда да науқастардың анализдерінен коронавирус табылып жатқан жоқ.
ЕКІҰШТЫ СТАТИСТИКА
Орталық Азияда коронавирустың нақты статистикасын білу мүмкін емес, сыншылардың көбі билікті мәліметті азайтып көрсетеді деп айыптайды.
Қазақстаннан басқа елде тест тапсырғандардың саны тым аз, медицина мамандары бар тестің сенімділігі күмәнді дейді.
Тәжікстанның аймақтағы ауруханаларында коронавирусты анықтайтын тест жоқ, сондықтан олар сынаманы астана – Душанбеге жібереді.
Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбатында екі аурухананың директоры нақты COVID-19 симптомдарымен қайтыс болған адамдарға «пневмония» диагнозын қоятындарын айтқан, себебі вирусты нақты анықтайтын тест жетіспейді.
30 маусымдағы мәлімет бойынша, Тәжікстанда 5954 адам вирус жұқтырған, ал қайтыс болғандар бірнеше күннен бері 52 болып өзгермей тұр.
Дегенмен Азаттықтың зерттеуіндегі мәлімет бойынша, ресми көрсеткіш белсенділер мен медицина қызметкерлерінің есебінен әлдеқайда төмен.
Кейбір белсенділер ашқан сайттағы мәлімет бойынша, 14 маусымда коронавирустан 437 кісі қайтыс болған. Олар бұл мәліметті марқұмдардың туыстарынан, денсаулық сақтау мекемелерінен, жергілікті әкімшіліктерден және әлеуметтік желіден жинап отыр. Азаттық тілшісі сондағы 150 адамның осы дерттен қайтыс болғанына көз жеткізген.
Тәжікстан басшылығы 30 сәуірге дейін елде ешқандай коронавирус жоқ деп келді. Оған дейін ресми орындар «пневмонияға ұқсас» індет өршіп кетті деген журналистерді қудалап келген еді.
Аймақтағы ең жұмбақ әрі репрессияшыл ел – Түркіменстанда коронавирус жұқтырған бірде-бір адам тіркелгені хабарланған жоқ. Бірақ бірнеше медициналық қызметкерлер Түркіменстанның барлық аймағында дерлік COVID-19 жұқтырғандардың тіркелгенін, үкіметтің оны жасырып отырғанын айтты.
Басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы делегациясын кіргізбейміз деп келген Ашғабат өткен апта бұл райынан қайтып, ДДСҰ өкілдерінің келуіне рұқсат берді. Бірақ олардың елге қашан баратыны белгісіз.
Түркіменстанда коронавирус жұқтырғандар арасында бірнеше медицина қызметкері бар делінеді.
Дереккөздің Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарлауынша, Ашғабат маңындағы Чоганлы инфекциялық ауруханасында екі дәрігер COVID-19 індетінен көз жұмған, аймақтардағы медицина орталықтарында дерт жұқтырған дәрігерлер бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «халықаралық қауымдастықтан» жасыратын үкіметтің ештеңесі жоқ екенін, елдегі «шынайы жағдайды» көрсетуге әзір екенін айтты. 29 маусымда ол Қазақстанның күніне 28 мың тест алуға шамасы жететінін мәлімдеген.
1 шілдеде Қазақстанның коронавирус статистикасы жөніндегі ресми сайты симптомсыз науқастарды жалпы есептен бөлек санауды тоқтатты. Осыған дейін үкімет күнделікті жалпы есепке симптомы жоқ адамдары қоспай келген, кей сарапшылар мұны статистиканы «бұрмалау» деп сынаған.
Мәселен, 30 маусымдағы ресми статистикада соңғы 24 сағатта 492 адамнан коронавирус табылғаны жазылған еді. Бірақ бұл есепке сол тәулікте сынамасынан COVID-19 шыққан 1003 адам қосылмаған, себебі олардан аурудың еш симптомы байқалмаған. Вебсайтта симптомсыз адамдар бөлек категориямен берілген.
«Аман-саулық» қоғамдық ұйымының басшысы Бақыт Түменова бұл әдіс жағдайды бұрмалап көрсетіп, адамды шатастырады деп санайды.
«Симптомсыз адамдардың инфекция жұқтыру дәрежесі клиникалық белгісі бар адамдардікімен бірдей» деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
«Оның үстіне, пандемия кезінде коронавирус кесірінен басқа бір дерті асқынып, науқас содан қайтыс болса, бұл да COVID-19 статистикасында көрсетілуі тиіс» деді Түменова.
Орталық Азия елдерінде коронавирустан көз жұмғандар саны салыстырмалы түрде аз, себебі басқа Батыс елдеріндегі сияқты емес, мұнда басқа қосымша дерттен қайтқандар коронавирустан қайтқандардың ресми статистикасына енгізілмейді.
ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?
Тоқаев жергілікті әкімшіліктерге 5 шілдеде басталатын карантинға дейін денсаулық сақтау мекемелерін қажетті заттармен толық жабдықтау туралы тапсырма берді.
Сонымен бірге ол «пандемияның екінші кезеңі келетінін ескере отырып», шілденің соңына дейін инфекциялық ауруханалардағы төсек санын 50 пайызға арттыруды жүктеді.
Қазақстан үкіметі дағдарыстың ел экономикасына ықпалын, соның ішінде жұмыс орындарын сақтап, экономикалық белсенділікті арттыру шараларын талқылау үшін 10 шілдеде отырыс өткізбек.
Сәуірде энергетика ресурстарына бай елдің үкіметі пандемия кезінде азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 13,5 миллиард доллар бөлетінін жариялаған.
Аймақтың басқа елдері дағдарыстан шығу, азаматтарға көмек көрсету жолдарын әлі нақты талқылаған жоқ. Мұндағы тұрғындардың көбі жыл басында індет келгенге дейін де тым кедей өмір сүрген.
Тәжікстан мен Қырғызстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын сәл көтеріп, табысы төмен отбасыларға гуманитарлық көмек берді.
«Пандемия болса да, болмаса да, өз басым үкіметтен еш қолдау көрген емеспін. Менің халім Ресейдегі ахуалға байланысты. Үнемі солай болған» деді Ресейдің Түмен аймағында маусымдық жұмыс істеп жүрген тәжік мигранты Ғанижон.
Мақаланы ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей.
ПІКІРЛЕР