Accessibility links

"Мәнсіз көзбояушылыққа ұқсайды". Қазақстандағы пандемияға АҚШ-тан көзқарас


Кәсіпкерлер биліктен коронавирус карантині кезінде жабылған базарда сауда жүргізуге рұқсат беруін талап етіп тұр. Орал, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Кәсіпкерлер биліктен коронавирус карантині кезінде жабылған базарда сауда жүргізуге рұқсат беруін талап етіп тұр. Орал, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстандық Юрий Ким COVID-19 жайлы отандық статистиканың кейбір аспектісін "мәнсіз көзбояушылық" деп атайды. Биотехнолог мамандығы бойынша білімі бар Ким үш жылдан бері АҚШ-та докторантурада оқып жүр, молекулярлық вирусология саласында зерттеумен айналысады. Кейінгі бірнеше айда Қазақстандағы індеттің таралуын сырттай жіті бақылаған Ким Азаттыққа берген сұхбатында коронавируспен күрес жайлы пікірін айтты.

"КӨП МӘСЕЛЕ АДАМДАРДЫҢ ӘРЕКЕТІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ"

Азаттық: Юрий, Қазақстанның пандемияға реакциясы туралы не айтасыз?

Юрий Ким: Қазақстан әуелде пандемияға уақытылы әрі тиімді реакция білдірді. Бірақ [әлеуметтік] жәрдемақы тым аз болды. Карантинді ұзағырақ уақытқа созуға болар еді. Одан бөлек, коронавирус туралы жалған ақпараттың тарауын тоқтату керек. Жеткілікті тест жасалып жатқан жоқ.

Мәселенің көбі адамдардың іс-әрекетімен, халықтың үкіметке сенбейтінімен және пандемияға жете мән беріп қарамауымен байланысты деп ойлаймын. Көбі коронавирус барына сенбеді, әлеуметтік қашықтық сақтамады, енді қазір осының зардабын тартып жатырмыз. Бұл мені таңғалдырды әрі көңілімді қалдырды: көпшілік үшін жасы 60-тан асқан адамдарды вирустан қорғау маңызды болар деп ойлаған едім.

Көпшілік үшін жасы 60-тан асқан адамдарды вирустан қорғау маңызды болар деп ойлаған едім.

Әсіресе, қиналып жұмыс істемейтін, оқшаулануға мүмкіндігі бар адамдардың бар, кафе, мейрамхана, түнгі клубтар ашыла салысымен жапа-тармағай маскасыз ағылғаны қынжылтты.

Көп адам жинап той-думан, туған күн, жерлеу рәсімдерін өткізу туралы мүлде айтып отырған жоқпын. Бұл – ұйымдастырушылар мен қонақтардың барып тұрған жауапсыздығы. Осындай көп адам қатысқан жиындарға барған бір науқас ондаған, жүздеген адамға ауру жұқтырып, вирус өте тез қарқынмен тарауы мүмкін.

Анықтама: Юрий Ким

32 жастағы Юрий Ким Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде "Биотехнология" мамандығы бойынша оқып, бакалавр мен магистр дәрежесін алған. 2017 жылдан бері АҚШ-та докторантурада оқып жүр, молекулярлық вирусология саласында зерттеумен айналысады.

Биотехнология – тірі ағзалар мен олардың жүйесін технологиялық мәселелерді шешуге пайдалану ықтималдығын зерттейтін ғылым саласы.

Молекулярлық вирусология – ағзаның вирустық ауруларға қарсы тұру табиғатын, вирустардың молекулярлық эволюциясын зерттейді.

Азаттық: АҚШ-тағы жағдай қалай? Қазақстанмен қандай да бір ұқсастық не айырмашылық бар ма?

Юрий Ким: АҚШ қуатты мемлекет болғанына қарамастан, мұндағы билік пандемияға жауабы онша болмады. Трамп мырза [АҚШ президенті] әуелден-ақ пандемия қаупін дұрыс бағалаған жоқ, ғылым мен ақылға жүгінбей, жаңа вирусты "жай ғана тұмау" деп атады.

Карантин өте кеш енгізілді. Колумбия университеті ұсынған модельге сәйкес, шектеу шаралары тым болмағанда екі апта бұрын енгізілгенде вирустан қайтыс болғандар саны шамамен 50 мыңға аз болар еді.

АҚШ-та молекулярлық вирусология саласындағы зерттеумен айналысып жүрген қазақстандық Юрий Ким.
АҚШ-та молекулярлық вирусология саласындағы зерттеумен айналысып жүрген қазақстандық Юрий Ким.

Билік тест жүргізуді кешіктіріп алды, дайынын сатып алудың орнына отандық тест жүйесін жасап шығаруға көп уақыт жұмсады. АҚШ-та тест аз дайындалады: миллион адамға шаққанда, бұл көрсеткіш Қазақстаннан екі есе аз.

АҚШ-та да дәрігерлерге қорғаныс құралдары жетпей жатыр. Менің ойымша, АҚШ қоғамында индивидуализмді жоғары қоятынына қарамастан, мұндағы азаматтар [Қазақстанға қарағанда] эпидемияға әлдеқайда салмақты қараған сияқты. Таныстарымнан жерлеу рәсімінің ешкімнің қатысуынсыз өткені, туған күнді Zoom арқылы тойланғаны туралы көп естідім. Адамдар әртүрлі кеш пен жоспарлаған шарасынан карантин басталмай тұрып-ақ бас тартып жатты. Тойлар да болған жоқ, қонақтар салтанатты рәсімге виртуалды түрде қатысты. Кезекте тұрған адамдар да басқаларды итеріп кимелемейді немесе өзге адамдарға жақын тұруға тырыспайды.

Азаттық: Инфекцияға қарсы тиімді күрес жүргізуде қай елдің үлгісін ерекше атап өтуге болады?

Юрий Ким: Маған технологиялық мүмкіндігі шектеулі Вьетнам ұнайды: билік елде екі-үш науқас тіркелген қаңтар айында бірден карантин жариялап, шектеу шаралары мамыр айының ортасына дейін жалғасты. Науқаспен қарым-қатынаста болғандарды мұқият қадағалауға алып, жалған ақпаратқа қарсы қатаң әрі тиімді күрес жүргізді.

Нәтижесінде елде коронавирус жұқтырған 400 науқас анықталды, бірақ бір де бір өлім тіркелген жоқ. Бұл 95 миллион халқы бар елдің жағдайы. Эпидемиологиялық қауіпке уақытылы әрі барынша агрессивті реакция білдіру осындай нәтиже берді.

СТАТИСТИКА ТУРАЛЫ

Азаттық: Қазақстанда "вирустық пневмония" өршіп тұр. Дәрігерлер кей жағдайда коронавирус анықталмайтынын айтады. Ақтөбе, Түркістан облыстарында, өзге де өңірлерде осындай фактілер көп тіркелді. Бұл не нәрсе деп ойлайсыз?

Юрий Ким: Бұл коронавирусқа қатты ұқсайды. Әлемнің көп бөлігінде ауруханалар ауыр коронавирус пневмониясымен ауырған науқастарға толды. Мәселен, Қытайдың Ухань қаласында ауыр пневмония диагнозы қойылған науқастар күрт көбейгенде денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсті. Адамдар бұл тұмау емес, атипті пневмонияға ұқсайтын басқа нәрсе деп дабыл қақты.

Бірақ Ақтөбе мен Түркістан облыстарында қандай тест қолданатынын, сынаманы қалай алатынын тексеру керек. Пульмонологтар компьютерлік томография нәтижесіне сүйеніп, диагнозды анықтауы қажет.

"Тест жоқ!" Коронавирусты анықтайтын зертханалар жабық тұр

"Тест жоқ!" Коронавирусты анықтайтын зертханалар неге жабық тұр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00


Өкінішке қарай, Қытайдың кейбір алақол фирмасы шығарған, Испанияға сатылған ПЦР тест-жүйелердің сапасыз екені анықталды. Олардың тек 30 пайызы ғана коронавирус жұқтырған науқастың диагнозын дәл көрсеткен.

Азаттық: Қазақстанның COVID-19 статистикасы туралы не айта аласыз? Ресми дерек шындыққа қаншалықты жақын деп ойлайсыз?

Юрий Ким: Шын мәнінде, аса үлкен технологиялық қиындықтар бар болғандықтан бүкіл әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың нақты есебі жоқ.

Мысалы, АҚШ-та және басқа да көп елде ауру белгісі бар адамның бәрін тексеруге мүмкіндік жоқ, себебі негізгі реагенттер жетіспейді. Сондықтан кейде тіпті ауру белгісі анық байқалған адамның өзін вирустың бар-жоғына тексермейді.

Пандемия кезінде әртүрлі себептен қайтыс болғандар санын соңғы бес жылдағы мәліметтегі орташа көрсеткішпен, сосын былтырғы жылдың осыған сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстыра отырып, бүкіл әлемде COVID-19 вирусынан болған, бірақ есепке кірмеген өлім саны көп екені анықталды. Оның үстіне, көп адам ауруханаға жетпей үйде қайтыс болады. Оларда коронавирус бар-жоғын ешкім анықтап жатқан жоқ. Қазақстанда да ресми статистика шынайы жағдайдан алшақ болуы мүмкін.

Азаттық: Қазақстан жақыннан [3 маусымнан - ред.] бастап коронавирус жұқтырғандарды "ауру белгісі бар" және "ауру белгісі байқалмайтын" деп екі бөлек санайтын болды. Қайтыс болған кей науқастың өліміне COVID-19 емес, басқа қосымша ауру себеп болған деп көрсетіледі. Мұндай әдіс қаншалықты дұрыс?

Юрий Ким: Науқастарды "ауру белгісі бар" және "ауру белгісі жоқ" деп екіге бөлу неге керегін түсінбеймін. Өйткені ауру белгісі байқалмаған науқастардың кейбірі кейін ауру белгісі бар топтың қатарына қосылады. Бірақ екі топ та басқаларға вирус жұқтыра алады. Мәнсіз көзбояушылыққа ұқсайтын мұндай жағдай елге абырой әпермейді.

Мәнсіз көзбояушылыққа ұқсайтын мұндай жағдай елге абырой әпермейді.

Ал әртүрлі елде қайтыс болған азаматтардың өлім себебін тіркеу әртүрлі жүргізіледі. Әлемде бұған қатысты ортақ стандарт жоқ. Мысалы, АҚШ-та өлім себебін науқасты емдеумен айналысқан дәрігер көрсетеді, білуімше, оның үстінен қадағалайтын орган жоқ. Бельгияда қайтыс болған адам вирус жұқтырған болуы мүмкін деген күдік туған жағдайда да өлім себебін COVID-19 деп жазады. Бұл біраз қайшылықты болғанымен, әлемде көп өлімнің тіркелмей қалатынын ескерсек, объективті әдіс деп ойлаймын.

"КОВИД-ДИССИДЕНТТЕР" МЕН ҚАСКӨЙЛІК ТЕОРИЯСЫ

Азаттық: Әлем коронавирусқа сенетіндер мен сенбейтіндер болып екіге жарылды. Бірақ бұл қарапайым адамдар. Ал вирусологтар арасында коронавирусқа сенбейтіндер бар ма?

Юрий Ким: Вирусологтар арасында мұндай көзқарас қайшылығы жоқ. Ғылыми келісім бойынша, SARS-CoV-2 дегеніміз COVID-19 ауруын туғызатын инфекциялық агент дегенге бәрі қосылады. Бұл ауру тұмаудан 10 есе қауіпті және оған қарағанда екі-үш есе көп жылдамдықпен жұғады. Сондықтан көп елде пандемияны тоқтату үшін қолға алынған шаралар ақылға қонымды, ғылыми негізделген деуге болады.

Мысалы, АҚШ-та карантин жарияламай, шекараны жаппаған кездің өзінде жылына 50-60 мың адам тұмаудан қайтыс болады. Ал биыл төрт айдан астам уақыт ішінде елде коронавирустан 120 мың адам (2020 жылдың 20 маусымындағы дерек) көз жұмған. Жаңа коронавирустан күніне мың адам өліп жатыр. Карантин кезінде және жақында штаттар толық ашылып, шектеулер біржола алынғаннан кейін басталатын вирустың екінші толқынына дейін тіркелген өлімнің өзі осындай көрсеткішке жетіп отыр.

Тұмау, пневмония мен коронавирус инфекциясынан қайтыс болған құрбандар санын салыстыратын зерттеулер бар. Зерттеу қорытындысына сәйкес, COVID-19 вирусынан тұмауға қарағанда апта сайын 20 есе көп адам көз жұмады. Бүкіл әлемдегі шекараны жабу сияқты карантин шаралары вирустың миллиондаған адамға жұғуын тоқтатып, жүздеген мың жанды ажалдан құтқарып қалды.

Юрий Ким жұмыс кезінде.
Юрий Ким жұмыс кезінде.

Ал ғалымдар арасындағы "ковид-диссиденттер" – жай ғана алаяқтар. Олар жұмысынан айырылған көп адамның пандемия кезіндегі ашу-ызасын пайдаланып, қаскөйлік теорияларының видеосын жариялайды. Олар осылай көзге түсіп, кейін интернет-трафиктен пайда табуға немесе дәстүрлі медицина өнімдері мен қызметтерін сатуға тырысады.

Мұндайға кез келген әдіспен елдің назарына ілінгісі келетін ғылыми дәрежесі бар адамдар, бұрын зерттеуді қолдан жасағаны немесе біреудің еңбегін ұрлағаны үшін ғылымнан қуылған бұрынғы ғалымдар, кәсіби карьерасы аяқталуға жақын қалған азаматтар барады.

Азаттық: Бұл вирус қайдан пайда болды? Оны біреу қолдан жасап шығарды дегенге сенесіз бе?

Юрий Ким: Әлемде барлық тірі ағза қоршаған ортаның әсерімен үнемі мутация мен эволюцияға ұшырап, жаңа түр қалыптастырады. Вирустар да дәл осы өзгерістер сатысынан өтеді. Бірақ вирустарда бұл процесс әлдеқайда тез жүреді. Миллиардтаған жылға созылған эволюция кезінде вирустардың өте көп түрі пайда болды, олардың көбі әлі белгісіз.

Кей зерттеуге сәйкес, сүтқоректілер тобына жататын жабайы және үй жануарларының арасында 320 мың белгісіз вирус өмір сүреді. Олардың бірі адамға өтіп, денсаулық сақтау саласында қазіргі жағдайға ұқсас дағдарыс туғызуы әбден мүмкін.

Әртүрлі жануардан алынған коронавирус үлгілеріне жүргізілген зерттеуге сәйкес, жаңа коронавирус басында жарқанаттардың ағзасында өмір сүрген, кейін иесін ауыстырып, панголинге өткен. 2019 жылы жаз бен күзде адамға жұққан, содан бері бұл вирус SARS-CoV-2 деп таныла бастады.

Қазіргі заманғы технологиялар вирустың шығу тегін анықтауға және оның эволюциялық жолын бақылауға мүмкіндік береді. Вирустың қолдан жасалғаны туралы қаскөйлік теорияларына еш дәлел жоқ. Ондай теориялар – конспирологияны жақсы көретін адамдардың қиялының жемісі.

ЕМ ТУРАЛЫ

Азаттық: Емдеудің тиімді жолы табылды ма? Әлемде науқастарды емдеуде қолданылатын бірыңғай әдіс бар ма?

Юрий Ким: Өкінішке қарай, SARS-CoV-2 вирусына қарсы препарат болмағандықтан қазір ағза инфекцияны өзі жеңуі үшін емдеу шарасы ауру белгісіне байланысты тағайындалады.

Ауру асқынып, тыныс жолдары тарылса, науқасты оттегі баллонына қосады. Ауыр халдегі адамдардың өкпесін жасанды жолмен желдетеді. Бұл жағынан бүкіл әлемдегі жағдай ұқсас деп ойлаймын. Дегенмен бұл сұрақты пульмонологтарға қойған дұрыс.

"Пневмонияны өршіткен – коронавирус инфекциясы". Ақтөбедегі ахуал ушығып кетті

"Пневмонияны өршіткен – коронавирус инфекциясы". Ақтөбедегі ахуал ушығып кетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Жақында ғана табылған, басында Эбола індетін емдеуге арналған дәрі болады деп күтілген ремдесивир препараты COVID-19 вирусын емдеуде тиімділігін көрсетті. Сынақ нәтижесіне сүйенсек, бұл препарат науқастың жазылуға кететін уақытын 31 пайызға қысқартады. Клиникалық зерттеу жалғасып жатыр, сондықтан ол әлі нарыққа шыққан жоқ.

COVID-19 ауруын емдеуде тиімділігін көрсеткен тағы бір препарат – бағасы арзан әрі кең таралған, қабынуды емдеуге арналған кортикостероид дексаметазон. Бірақ бұл препарат вирусқа қарсы тұра алмайды. Ол бар болғаны иммундық жүйенің вирустық инфекция кезіндегі өкпенің бүлінуі, ауа жетіспеушілігі мен өлімге әкелетін белсенділігін басуға көмектеседі.

Клиникалық зерттеулер өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатқан науқастардың қайтыс болу көрсеткіші үштен бірге, "оттегі баллонымен" тыныс алып жатқандар арасындағы өлім-жітімді бестен бірге азайғанын көрсетті. Бұл препарат індеттің алдын алып, ауру жаңа басталған кезде ішуге жарамайды, тіпті иммундық жүйенің вирусқа жауабын басып тастайтыны үшін қауіпті болуы да мүмкін. Науқастарға бұл препаратты өз алдына сатып алып, ішуге болмайды.

"ОСЫНЫҢ БӘРІ ҚАШАН БІТЕДІ?"

Азаттық: Қазір вирусологтарға көбіне қандай сұрақ қояды? Сұрақтардың ұлттық ерекшелігі бар ма? Мысалы, америкалықтар мен қазақстандықтарды алаңдататын сауалдарды ажыратып айта аласыз ба?

Юрий Ким: Әдетте менен және АҚШ-тағы, Қазақстандағы әріптестерімнен "Мұның бәрі қашан бітеді?" деп сұрайды. Адамдар оқшаулау шарасынан шаршады, бәрі тезірек бұрынғы өміріне оралғысы келеді. АҚШ-та дәрігер немесе ғалымның табысы мен беделі жоғары болғандықтан, мұнда ақпарат жеткілікті. Өйткені халық санына шаққанда адамдарды ағартумен айналысатын білікті мамандар жетерлік.

Мысалы, аллергия және инфекциялық аурулар институтының басшысы (АҚШ-тың денсаулық сақтау департаментінің мекемесі – Ұлттық денсаулық институты– ред.) Энтони Фаучи ақпарат құралдарына жиі сұхбат беріп, желіде адамдармен сөйлесіп, әлеуметтік желідегі парақшасын халыққа эпидемия туралы ақпарат таратуға берген жұлдыздар мен қоғамдық пікірге ықпалы бар адамдармен әріптестік орнатады. АҚШ-та ақпарат алу [Қазақстанға қарағанда] жеңілірек.

Азаттық: Сонымен мұның бәрі қашан бітеді? Бұрынғы өмір салтымызға қашан ораламыз?

Юрий Ким: Бұл коронавирус MERS-CoV ("Таяу Шығыс респираторлық синдромы" - MERS-CoV) және SARS-CoV ("атипті пневмония" - ред.) вирустарына қарағанда тез жұғатын болып шықты. Аталған вирустардың эпидемиясы мұндай шаралар қабылдамай тұрып, аяқталған еді. Сондықтан COVID-19 ұзақ уақыт сақталып қалады. Оның жұқпалылығын ескерсек, эпидемияны тоқтату үшін адамдардың 70-80 пайызы ауырып, тірі қалғандарда ағзаны қайта жұққан инфекциядан қорғауға жеткілікті мөлшерде антидене түзілуі керек.

Бірақ қазақстандықтардың 70-80 пайызына вирус жұғуына жол берсек, шамамен 100-120 мың адам қайтыс болуы мүмкін.

Осындай жағдайда оларда иммунитет қалыптасса, эпидемия тоқтайды. Өйткені вирус жаңа адамға өтіп, ары қарай таралу мүмкіндігінен айырылады. Мұны ұжымдық иммунитет деп атаймыз.

Бірақ қазақстандықтардың 70-80 пайызына вирус жұғуына жол берсек, шамамен 100-120 мың адам қайтыс болуы мүмкін. Көп адам өмір бойы жалғасатын асқынуларға тап болады. Бұл сценарийдің өзі денсаулық сақтау жүйесі науқастардың көптігінен қауқарсыз күйге түспей, көмекке мұқтаж адамның бәрін оттегі баллоны мен өкпені жасанды желдету аппараты сияқты құралдармен қамтамасыз ете алғанда ғана орындалады.

Сондықтан дағдарыстан шығудың ең тиімді жолы – екпе дайындап, тарату. Қазір бүкіл әлемде 100-ден астам екпе сынамадан өтіп жатыр. Мыңдаған ерікті екпе тезірек табылуы үшін препараттарды өз ағзасына сынап көруге келісімін берген.

Оптимистік болжамдарға сенсек, екпе бір-екі жылда дайын болады. Екпе тиімді болып, оны халықтың 70-80 пайызына салса, пандемияны тоқтатуға болады. Бұл жерде де қиындық көп, сондықтан екпеге жақын уақытта қол жеткізе алмауымыз мүмкін.

Азаттық: Қандай қиындықтарды меңзеп отырсыз?

Юрий Ким: Екпе дайындау – өте қиын әрі ұзақ процесс. АҚШ-та екпе нарыққа шыққанға дейін клиникалық және оған дейінгі зерттеулерден өтуі керек. Клиникалық зерттеудің өзі үш фазадан тұрады. Екпе нарыққа шыққанға дейін оны мың адамға салып, сынақтан өткізеді.

Орташа есеппен алғанда, жаңа екпе дайындауға 10 жыл уақыт кетеді. FDA (Food and Drug Administration – АҚШ-тың азық-түлік пен дәрілік препараттарды санитарлық бақылау басқармасы - ред.) бақылауындағы клиникалық зерттеулердің сәтті өту ықтималдылығы шамамен бес-алты пайыз. Осының бәріне ондаған немесе жүздеген миллион доллар, кейде миллиард доллардан астам қаржы керек.

Кейде ағзада антиденеге байланысты күшею (ADE - antibody dependent enhancement) байқалады. Бұл – вирусқа қарсы екпе нәтижесінде түзілген "сапасыз" антиденелердің вирусты жоюға қауқары жетпей, оның салдарын күшейту құбылысы. Сондықтан екпе дайындаушылар айтылған уақыттан да көбірек жұмыс істеуі мүмкін. Өзімді моральдық тұрғыда алдағы бес жылда екпе көрмеуіміз мүмкін деген ойға дайындап қойдым. Вирус енді ешқайда кетпейді, сондықтан әлеуметтік қашықтық жаңа нормаға айналуы керек.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG