"АҚЫРҒЫ АМАЛҒА БАРАМЫЗ"
Ақтөбедегі газды бетон өнімдерін шығаратын зауыт жұмысшылары басшылық "жұмыстан шығаратын болса, аштық жариялайтындарын" айтып отыр. Бұл ақпаратты осы апта аяғында ақтөбелік "Диапазон" газеті және mgorod.kz сайты хабарлады.
"Біз ақырғы амалға барамыз. Аштық жариялаймыз, басқа не істеуге болады?! Үйімізге қалай барамыз, отбасымызға не дейміз. Не жейміз? Бәріміздің бала-шағамыз бар, несиелеріміз бар" деген "ТД Фатон" компаниясының жұмысшысы Дмитрий Девыцын mgorod.kz сайтына.
Сайттың жазуынша, жуырда компания басшылығы 75 қызметкерді жұмыстан шығаратынын ескерткен. Шикізат таситын темір жол тарауының иесі вагондарды өткізбей жатқандықтан зауыт жабылуға шақ тұр деп зауыт басшылығы "осылай жасауға мәжбүрміз" деп айтқан.
"[Темір жол тарауының иесімен жасасқан] Келісім-шарт күшінде. Қол қойылған, алдын-ала ақшасы да төленген. Не себепті вагондарды өткізбей жатқанын білмейміз. Басқа жол жоқ. Балама темір жол болмаған кезде вагондар еш кедергісіз өтуі тиіс" деген "ТД Фатон" компаниясының құрылтайшысы Александр Лукиенко.
"Диапазон" жазуынша, зауыт кінәлап отырған компания бір реттік келісім жоқтығын алға тартқан. Жергілікті табиғи монополияны реттеу агенттігі қазір "ТД Фатон" шағымы бойынша вагон өткізуші компанияны тексеруге кіріскен.
ТОҚАЕВ ТУРАЛЫ БИЛБОРДТАР АЛЫНА БАСТАДЫ
Lada.kz сайты президент сынынан кейін Ақтауда Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген билбордтар алына бастағанын хабарлады. Сайт қаланың төрт жеріндегі билборд суреттерінің алмасқанын суреттермен дәлелдеген. Онда Тоқаев туралы билбордтардың орнын Рухани жаңғыру туралы билбордтар немесе коммерциялық жарнамалар басқаны көрінеді.
Сәуір айының ортасында Ақтауға сапары кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қалада өзі бейнеленген 14 билборд ілініп тұрғанын айтып, мұндайға қарсы екенін жеткізген.
"Ақтауда менің суретім бар 14 билборд орнатылғанын естідім. Мұны жөнсіз деп санаймын. Мұндай үгіт-насихатқа зәру емеспін. Әкімшіліктің бұлай етуіне не себеп?" деген еді Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесуінде Тоқаев.
РЕСЕЙЛІК ПОЛИГОН БОЛҒАН ТАЙСОЙҒАННЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Атыраулық "Ақжайық" басылымы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған елді мекенінен репортаж әзірлеген. Совет заманында зымыран сынақтарын өткізуге пайдаланылып, тәуелсіздіктен кейін Ресейге жалға берілген полигонның көп бөлігін Қазақстанның қайтарып алатыны туралы ақпарат бірнеше жыл бұрын шыққан. Басылымның жазуынша, қазір мұнда қытайлық «БиДжиПи» компаниясы мұнай барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі кезде 900 тұрғыны бар елді мекен тұрғындарының негізінен ауыз су мен жолдан қиындық көріп отырғанын жазған басылым ауылдың жағдайын былайша сипаттаған.
"Ауылда мектеп, клуб, кітапхана, әкімдік, почта және төрт дүкен жұмыс істейді. Балабақша жоқ. Әкімдік пен клуб бұрынғы ескі мектептің ғимаратына орналасқан. Ғимарат отыз жыл бұрын салынғанымен, ешқандай жөндеу көрмегендіктен әбден тозығы жеткен. Жиһаздардың көбі, есік-терезелер, едендер ескірген, кеңестік үкіметтен қалған көне дүниелер" деп жазды басылым.
"Ақжайық" ауыл азаматтарының қытайлық компанияның жұмысына да алаңдап отырғанын жазған. "О баста жиналыс болғанда наурызға дейін жұмысын бітіріп, Сағыз бен Мұқырға көшетінін айтқан. Сәуір болды әлі отыр. Осыған алаңдап отырмыз" деген тайсойғандықтар.
Ақпан айының соңында халыққа есеп беру кезінде тұрғындардың сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:
"Тайсойған бұрын Ресей полигоны болды, қазір біз бұл жерлерді өзімізге қайтардық. Сол жерде үлкен мұнай мен газ қоры болуы мүмкін, қазір "Қазмұнайгаз" қытайлық мердігерлермен бірге барлау жұмыстарын бастап жатыр. Алайда жерді шетелдіктерге береді деген пиғыл да жоқ" деп айтқан еді.
"Ақжайық" басылымы өткен жылдың аяғында тұрғындардың Тайсойған маңынан алты гектар жерді жалға алған қытай компаниясының "мұнай барлау жұмысы қоршаған ортаға әсер етеді, табиғатты ластайды" деп дабыл қаққанын жазған.
Ал жергілікті билік өкілдері мұнай барлау ісі 3D тәсілінің көмегімен жер үстінен жүргізілетінін, қоршаған ортаға еш зияны болмайтынын айтып, тұрғындарды сендіруге тырысқан.