"Уральская неделя" басылымының жазуынша, наурыздың 22-сі күні полиция қалада 14 адамды ұстап, полиция бөлімшесіне апарып, бірнеше сағаттан кейін ғана босатқан. Ұсталған азаматтардың айтуынша, полиция қызметкерлері көшеде сурет немесе видео түсіріп жүрген адамдарды ұстаған. Ал полицейлерге "қарапайым киім киген" жастар көмектескен. Олар өздерін рұқсатсыз түсіргенін айтып, адамдардан телефондағы видеоларды өшіруді талап еткен.
"Маған көшеде екі полицей жақындап келіп, кідіруімді сұрады. Қалтамнан смартфон шығарып, камерамды қосып, олардан не үшін тоқтатқанын түсіндіріп беруін өтіндім. Осы кезде арамызға бір жас жігіт киліге кетіп, менің өзін видеоға түсіріп тұрғанын айтып, қатты шағымдана бастады. Осыдан соң бұл жерге бірден тағы төрт полиция қызметкері жүгіріп келіп, ештеңе демей-ақ қолымды қайырып, полиция көлігіне отырғызды" деп түсіндірген болған жайтты басылымға Медет Бармақов есімді азамат.
Полиция бұл оқиғаға байланысты түсініктеме бермеген. Осы аптада өзге қалалар сияқты Орал қаласындағы Достық даңғылына да Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілетіні белгілі болды. "Халықтан ешкім сұраған жоқ" атты төмендегі видеода басылым осыған байланысты тұрғындар пікірін жариялаған.
Осы аптада аймақ басылымдары қоғамда қызу пікірталас туындағандықтан елдегі төрт қалада (Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Тараз) әзірге нақты қай көшеге Нұрсұлтан Назарбаев атын беру мәселесі шешілмегенін жазды. Жергілікті мәслихат депутаттары Атырау қаласында - Қаныш Сәтбаев, Ақтөбеде - Әбілқайыр хан, Таразда - Төле би, Қостанайда - Абай көшесін тұңғыш президент атымен атау туралы шешім шығарған. Бірақ олардың шешімі әлеуметтік желіде дау тудырғандықтан республикалық ономастикалық комиссия мәселені қайта қарауға жіберген.
Бұған дейін елдің уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Нұрсұлтан деп атау жайлы, облыс орталықтарындағы көшелерге тұңғыш президенттің есімін беру туралы бастама көтерген еді. Кейінірек Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.
Dknews.kz сайтының жазуынша, ел астанасының атын өзгертуге шамамен 47 миллиард теңге (немесе 125 миллион доллар) жұмсалуы мүмкін.
"Астана атын өзгерту арзан шаруа емес және негізгі шығынға бюджет есебінен қаржы жұмсалады. Негізгі шығындар: азаматтарға жаңа құжаттарды жасау - шамамен 80 миллион доллар (3 миллиард теңге), жаңа жазулар мен белгілерді дайындау - шамамен 25 миллион доллар (шамамен 9,5 миллиард теңге), жаңа карталарды дайындау - шамамен 5 миллион доллар (1,8 миллиард теңге) [кетеді]" деп мәлімдеген қазақстандық сарапшы Александр Разуваев.
Оның айтуынша, бұған қоса мемлекеттік мекемелерді жаңа конституция мен заң мәтіндерімен қамтамасыз ету үшін шамамен 15 миллион доллар қажет. "Сәйкесінше барлық шығын көлемі шамамен 125 миллион долларды (немесе 47 301 250 000 теңге) құрайды. Астана атын өзгерту бұл - ақша табудың да мүмкіндігі. Типографиялар мен баспаларға пайдалы" деп түйіндеген сарапшы.
Бұған дейін Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов астана атын өзгертуге қанша қаржы жұмсалатыны әзірге белгісіз екенін айтқан. Оның айтуынша, қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді.
АҚТӨБЕДЕГІ САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ АЛАҢЫ
"Диапазон" басылымының жазуынша, Ақтөбеде мыңға тарта тұрғын Бұтақ өзені бойында жүріп жатқан тазарту жұмыстарына алаңдап отыр. Тұрғындар өзен арнасын кеңейтіп, тазалап жатқан компания өзендегі көпірді алып тастай ма деп қорқады. Көпір бұзылса, мың шақты тұрғын өзеннің арғы бетіндегі саяжайларына бара алмай қалуы мүмкін. Бұған қоса, тұрғындардың көбі "табиғи қорғау аймағына кіретін саяжайлары сүріледі" деген ескерту хат алған.
"Бір айдан астам уақыт болды, билікке хат жазып келеміз, әзірге жауап алған жоқпыз. Мен алаң бастығымен сөйлестім, ол әзірге сүрілмейді деп жазбаша бұйрық алмайынша, ештеңе өзгермейді, көпір сүріледі деді" деген басылымға саяжай тұрғындарының бірі Николай Давиденко.
"Диапазон" жазуынша, 2017 жылы болған су тасқынына байланысты қала билігі Бұтақ өзенінің арнасын кеңейтіп, тазарту туралы шешім шығарған. Бұған дейін тұрғындар жұмысшылардың ағаштарды кесіп, суғару құбырларын алып тастағанына наразылық танытқан. Осыдан соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин ағаш кесуді тоқтатқан. Басылымға бұл мәселеге байланысты билік органдары әзірге жауап бермеген.
ПІКІРЛЕР