ЖІТІҚАРАДАҒЫ "АЛТЫН" ДАУЫ
Tobolinfo сайты осы аптада Қостанай облысы Жітіқара қаласы маңындағы Пригород ауылы тұрғындарының елді мекеннен бір шақырым жерде алтын өндіріп жатқан кәсіпорын жұмысына шағымданып отырғанын жазды. Күн сайын жарылыс болып, "соғыс кезіндегідей" тұрып жатқанын айтқан тұрғындар радиация мен түрлі ауру-сырқаудың көбейгеніне наразы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алтынға бай Қырғызстанның халқы кедей тұрады“20 шақырым жерде орналасқан зиянды асбест карьерасы аздай елді мекеннен бір шақырым жерде алтын өндіріп жатыр. Олар үнемі жарылыс жасайды. Үйлер дірілдеп, терезелер сықырлайды, көбінің үйлерінің іргетасы сызат бере бастады. Онкология, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққандар көбейе бастады, көбі аллергиядан зардап шегеді” деген тұрғындардың бірі Раиса Зайнутдинова.
Тұрғындар жуырда елді мекенде істемей тұрған элеватордың іске қосылғанын айтып, енді кәсіпорын "дәл бау-бақша түбінен жарылыс жасайды" деп қауіптеніп те отыр. Қостанай облыстық экология департаменті "Комаров тау кәсіпорнының" көптен бері алтын өндіріп жатқанын айтып, кәсіпорынның ешқашан экология ережелерін бұзбағанын алға тартса, ауыл әкімі Жақсылық Еділбаев "кәсіпорынның арқасында" ауылдың өркендеп, дамып жатқанын айтқан.
“Олардың арқасында мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді, пластик терезелер салынып, шатыры қалпына келді. Кәсіпорын сонымен бірге стадионды да қалпына келтіруге көмектесті. Бір сөзбен айтсақ, ешкім ауылды бүлдіріп немесе жергілікті тұрғындарды көшірейін деп жатқан жоқ. Келесі жылдың жоспарында жоба-сметалық құжат жасап, тұрғындардың үйіне су тарту жобасы тұр” деген.
Сайт мақала соңында "ауыл ішінде жарылыс жасамаймыз" деген кәсіпорын өкілдерінің пікірін де келтірген.
ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕРДІ СОЛТҮСТІККЕ КӨШІРЕ МЕ?
Осы аптада ақтаулық Lada.kz сайты жергілікті биліктің Жаңаөзен тұрғындарына жұмыс тауып беру мақсатында оларды солтүстік аймаққа көшіру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын жазды.
"Еңбек" бағдарламасы аясында азаматтарды солтүстік аймаққа көшіріп, оларға жайлы жағдай жасау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттен қолдау да қарастырылған. "ӨзенМұнайГаз" АҚ компаниясының атсалысуымен әрбір отбасына 100 мың теңге көлемінде бір мезгілде қосымша материалдық көмек беріледі. Бағдарлама бойынша берілетін 88 мыңды қоса есептегенде әрбір отбасы көшкені үшін 188 мың теңге алады" деп сайт облыстық әкімдік хабарламасын таратқан.
Әзірге бұдан бөлек ақпарат айтылмайды. Елде "жұмыс күшіне тапшы" аймақтарға "жұмыс күші артық" облыстардан мамандарды шақыру науқаны, оның ішінде жаңаөзендіктерді солтүстікке көшіру жайлы көптен бері айтылып келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңаөзендіктер солтүстікке көшуге бейілді болмады2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында осындай науқан басталған кезде жаңаөзендіктер "үй, бәрін береміз дейді, бірақ кейін орындамайды, биліктің уәдесіне сенбейміз" деп көшкісі келмейтіндерін айтқан еді. Бұл жайлы Азаттық та жазды.
Биыл ақпанда Жаңаөзен тұрғындары қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының алдына жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен. Олар биліктен 150-300 мың теңге айлығы бар жұмыс тауып беруді және жастар мәселесіне назар аударуды сұрады. Бұған дейін олар осы талаптарын айтып, әлеуметтік желі арқылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған.
Видео: Жаңаөзен жұртын жұмыссыздық пен баспана мәселесі мазалайды (Ақпан-наурыз айы, 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
"ӨНЕР ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ" АКЦИЯСЫ
"Уральская неделя" басылымы осы аптада тұрғын үй сыртындағы синтетикалық есірткі туралы жарнамалардың орнына ертегі кейіпкерлерін салып, осылайша өнер арқылы есірткімен күресіп жүрген оралдық екі жас суретші Алина Журавлева мен Ольга Сладкова жайлы жазды. "Өнер есірткіге қарсы" акциясы аясында олар әзірге үш ғимаратқа сурет салған. Бірақ суретшілер алдағы уақытта шығармашылығын жалғастыруды жоспарлап отыр.
"Шабыттың өзі салатын шақта келеді. Бақбақты салған кезде оны саламыз деп те ойламағанбыз. Тұтас бір алаңқайды көрген кезде бәрі өз-өзімен тұра қалды" дейді Ольга Сладкова. Ал Алина Журавлева жергілікті сатушылардың акцияға көмектескенін айтқан.
"Біз негізгі түстерден құралған бес бояуды сатып алдық. Оларды араластырып, басқа түс шығардық. Материалды сатып алуға барған кезде базардағы сатушы Ольга бізге бояу мен қылауыш сыйлады. Екінші рет барған кезде тағы сондай жиынтық сыйлап, "Қыздар айналаны әдемі қылыңдар" деді" дейді Алина.
"Уральская неделя" суретшілер жайлы видео да ұсынған.