"Үйімізге тимеңдер!" Қарағандыдағы дау тудырған реновация

Тұрғындар биліктен екі қабатты ескі үйлерді күрделі жөндеуден өткізуді сұрайды. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

Қарағандыда ескі көшелер мен үйлерге реновация жүргізуге тұрғындар қарсы болып отыр. Жергілікті биліктің ақпанның соңында өткізген қоғамдық тыңдауы нәтижесіз аяқталды. Шененуніктер тұрғындарға бірнеше аптадан кейін тағы бір рет кездесуді ұсынды. Азаттық тілшісі реновация жоспарына қандай шаралар кіретінін және тұрғындар бұл бастамаға неге қарсы екенін анықтап көрді.

"ЖАНАРТАУДА ОТЫРҒАНДАЙМЫЗ"

"Бізге тимесін, келмесін, хабарландыру да ілмесін", "Өлсек те, үйімізді бермейміз". Мұндай талаптар ақпанның 29-ы күні Қарағандыда алдағы реновация туралы өткен қоғамдық тыңдауда айтылды. Жиында кей тұрғындар әкімдік өкілдерінен неліктен басқа жер емес, "Алтын квадрат" деп аталатын, 60 жыл бұрын салынған екі қабатты үйлер орналасқан ескі көшелерге таңдау түсіп сұрады.

- Екі жарым жылдан бері жанартаудың үстінде отырғандаймыз, бізге тыныштық бермейтін болды. Бұл тарихи орынды жайына қалдырыңдаршы. Өзіне ғана тән архитектурасы мен әрлеу стилі бар үйіміз әлі жүз жыл тұрады. Сіздерден бар болғаны үйіміздің сыртқы бөлігін жөндеп беруді сұраймыз. Одан кейін реновация, көшіру жайлы айтып бізді мазаламаңыздар. Біз оны қаламаймыз. Қалада жағдайы біздікінен әлдеқайда нашар үйлер бар, бірақ оларды назарға алмай, тек орталыққа шүйлігіп отыр. Әрине, бұл жақсы жер. Сіздер кейін нақты жауап беретін біреу болатындай етіп, әуелі мемлекеттік сатып алу туралы заң, құрылыс компанияларының тендеріне байланысты мәселені шешіп алыңыздар. Әйтпесе кейін қайта айналып соғуға мүмкіндік қалмаған кезде, бұған өздеріңіз қол қойдыңыздар ғой, бітті дей салады, - деп мәлімдеді қоғамдық тыңдауда қарағандылық Светлана Панфилова.

Ол үйлерді сүріп тастап, тұрғындарға болмашы өтемақы төлеуі мүмкін деп қорқады.

- Қазір жоба жоқ деп отырсыздар, бірақ әкімдік біздің көшелерді атады ғой, кейін біздің үйлерді сүруге жатқызған болып шығады. Миллион теңгеден береді, сосын біз өзімізге тіпті бір бөлмелі пәтер де сатып ала алмай, соттасып әуре-сарсаңға түсеміз, - деді Панфилова.

Реновация бағдарламасына енуі мүмкін ескі тұрғын үйдің алдындағы тұрғындар. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

Кей тұрғындар жаңа үйлерді қаланың тарихи орталығында емес, Қарағандының бос орын көп жаңа бөлігінде салу керек деген пікір қосты. Жұрт құрылыс компанияларының жұмысын да сынап, жаңа үйлерге "сенім жоғын" айтты. Қоғамдық тыңдауға қатысқан азаматтар алдағы реновацияны талқылауға "ерте" деп, тұрғындармен сөйлесуге құрылыс компанияларының өкілдері әлден келіп жатқанын айтты.

- Қазір жұрт өздеріне біреулер келіп, сұрап, түсіндіріп жүргенін айтады, бұлары заңсыз. Сонда құрылыс компаниясының өкілдері тұрғындарды аралап, "Үйіңізді сүріп тастап, жаңасын саламын" деп жүр ме? Әкімдік тұрғындардың мазасын қашыратын мұндай әрекеттерге тоқтам салуы керек. Кәсіпкерлердің өз мүддесі бар, - деді кездесуде реновация концепциясын тым болмағанда жалпылама сипатта таныстырмаған шенеуніктерді сынаған азаматтық белсенді Павел Шумкин.

РЕНОВАЦИЯ КІМГЕ ЖӘНЕ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Қарағандыдағы үйлердің көбі осыдан 50–60 жыл бұрын салынған. Билік реновация қажеттігін көп үйдің пайдалану мерзімі "бітуге таяған" және ол тұрғындар өміріне "қауіп төндіруі мүмкін" деп түсіндіреді. Сондықтан ол үйлерді не сүріп тастауды, не толық күрделі жөндеуден өткізуді қамтитын реновация керек деген мәселе көтеріп отыр.

Билік Қарағандыда тұрғын үйлерді түгендеу жұмыстары жүргізілмегенін алға тартып, реновацияға ілінуі мүмкін қанша ескі үй барын айта алмады. Бірақ кей көше тұрғындары арасында сауалнама жүргізу басталып кеткен. Билік қоғамдық тыңдау мен әлгіндей шараларды "дайындық кезеңі" деп атайды.

Қарағанды қалалық жер қатынастары, сәулет өнері және қала құрылысы басқармасының басшысы Шолпан Жүсіпова (микрофон ұстап отыр) қоғамдық таңдауда ескі үйлердің тұрғындарына реновация туралы түсіндіріп отыр. Қарағанды, 29 ақпан 2020 жыл.

- Біз бюджеттік өтініш дайындауымыз керек. Арнаулы ұйым талдау жүргізіп, қай үйлердің реновация жоспарына кіретіні, олардың қайсысы толық сүріліп, қайсысының орнына көп қабатты жаңа үй салынатыны көрсетілген қорытынды береді. Құрылысты модернизациялау деген тағы бір вариант бар. Мүмкін, бес қабатты панель үйлерді қайта жаңғыртып, сыртын қаптап, осылайша желіге түсетін жүктемені азайтатын болармыз? Қоғамдық тыңдауды бағдарламаны дайындау процесін бастау үшін өткіздік. Жыл соңына дейін бағдарламаның негізін дайындауымыз керек. Қазір ең белсенді тұрғындарды анықтап жатырмыз. Кейін солармен көбірек сөйлесеміз, өйткені қалған тұрғындарға ақпарат солар арқылы жетеді, - дейді Қарағанды қаласының жер қатынастары, сәулет өнері және қала құрылысы басқармасының басшысы Шолпан Жүсіпова.

Тұрғындарға реновация үкіметтік мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі ретінде жүзеге асатынын, сондықтан Қарағанды үшін өңірлік бағдарлама жасалуы керегін хабарлады. Билік өкілдері тұрғындардың пікірін ескеруге дайын екенін айтты.

- Беткейлік құрылыс деген ұғым бар. Яғни көшеге қарайтын, қала келбетін түзетін бірінші қатардағы үйлер. Қазір Ермеков пен Ерубаев көшелерінде бес, тоғыз қабатты және аз қабатты үйлер аралас орналасқан. Осы тұсқа бірыңғай бес немесе тоғыз қабатты үйлер салуға қалай қарайтынын сұрап, тұрғындардың пікірін білуіміз керек. Халық қолдамаса, біз оны да ескеріп, "тұрғындар қарсы" деп айтамыз. Өткен жылы көп ұсыныс жасағанбыз, бірақ өкінішке қарай, халықтың қарсы екенін білдік, - дейді Шолпан Жүсіпова.

Ескі қос қабатты үйлердің тұрғындары биліктен ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрайды. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

Қоғамдық тыңдауға қазір Қарағандыда тұрғын үй құрылысымен айналысып жүрген компаниялардың бірінің өкілі де қатысты.

- Қарсылар да бар, бірақ бұл ұрпақтарыңызға қалатын жылжымайтын мүлік пен экономика екенін ескеру керек. Және бұл үй мәңгілік емес. 60 жыл құламаған үйдің тағы 60 жыл тұратындығына кепілдік жоқ. Сіздерге бірер аптадан аптадан кейін қайта жиналып, нақты ұсыныстарды қала тұрғындарымен бірге талқылауды ұсынамын, - деді Eurasia Building компаниясының өкілі Мейрам Сағымбаев, бірақ жұрт оған сөзін аяқтауға мүмкіндік берген жоқ.

"ҮЙІМНЕН ЕШ ЖАҚҚА КЕТПЕЙМІН"

Сырты цементпен сыланған қос қабатты сұр үй. Сырттай сұрықсыз көрінеді. Бұл үйді 1956 жылы Қарағандыға жер аударылған жапон әскери тұтқындары салған. Подъездегі бетоннан жасалған баспалдақ алаңдары кең. Бөлмелердің де аумағы үлкен. Кей пәтердің кіреберіс бөлмесі мен ас үйі кең. Мұндай үйлерді салынған жылына қарап, ескі үйге жатқызады. Бірақ тұрғындар, мысалы, Қарағандының қарт тұрғыны, 37 жыл бойы құрылысшылар жетекшісі боп жұмыс істеген Фаина Балаева үйдің берік екенін айтады.

Жапон тұтқындары салған ескі үйде тұратын Фаина Балаева мұндай үйлер жаңадан салынған ғимараттардан да берік деп санайды. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

- Жапон әскери тұтқындары салған үйлер басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы әрі берік. Қазіргі күйін сақтауға тырыссақ, әлі ұзақ тұрады. Қабырғаларын "сталин" кірпішінен, ал ішкі қабырғалары ағаш пен бетон плиталардың қалдығы, бетон қоспасынан тұрғызылған. Қолда бармен салғанға ұқсайды. Бірақ берік етіп салған, қазіргідей емес, адал жұмыс істеген. Үйдің төбесі биік – 3 метр 20 сантиметр. Жылы. Өз үйімнен еш жаққа кетпеймін, - дейді "жапон үйінің" тұрғыны Фаина Балаева.

Оның үйінің жанында Хрущев заманында салынған ғимараттар тұр. Ескі, әбден тозған. Азаттық тілшісін ауладан күтіп алған үй тұрғындары көшкісі келетінін жасырмады.

- Мына үйдің орнына бірден басқа жақсы үй ұсынып, кілтін табыс етсе, көшеде қалмайтыныма сенімді болуым үшін өз атыма тіркеп берсе, қуана-қуана басқа үйге көшер едім. Бұл үйдің жертөлесінде зәк бар. "Жапон үйлерінен" кейін салынғанымен, жағдайы одан жаман, - дейді Галина Новикова.

Қаланың қарт тұрғыны Виктор Костюков Азаттық тілшісіне екі қабатты ескі үйінің подъезін көрсетіп тұрып, өз үйі панель үйлерден берік екенін айтады. Мұндай үйлердің көбінде ағаш баспалдақ бар, қабырғаның қалыңдығы 80 сантиметрге жуық. Бұл үйлердің көбіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

Виктор Костюков өзі тұрып жатқан ескі үйдің ағаш баспалдағы бар, төбесінен тамшы сорғалаған подьезін көрсетіп, мұндай үйлерді сүрмей, күрделі жөндеуден өткізсе жеткілікті дейді. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

- 1961 жылдан бері бүкіл өмірім осы үйде өтті. Бұл үй салынып біткен соң көшіп келдік. Жаңа үйге көшер едім, бірақ олар қалағанымды бермейді ғой. Орталықта болса деймін. Сондықтан жөндеуге көмектессе болды, сол да жетеді. Бәріміз тыныш өмір сүрер едік, - дейді 70 жастағы тұрғын Виктор Костюков.

Билік пен құрылыс компаниялары бұрыннан көз салып жүрген Ермеков көшесі. Тұрғындардың көбі үйді сүріп тастау туралы сөз қозғалса, жанжалға ұласуы мүмкін екенін айтады.

- Олар неге жұрт арасында осындай шу көтеріп жатыр? Қоғамдық тыңдауда екі аптадан кейін тағы да кездесу өтеді деді. Олар бізге келіп, үйлеріңізді сүріп тастаймыз десе, "соғыс" басталуы мүмкін. Өзіне тиесіліні қорғау үшін бәрі шығады. Үйлеріміз апатты жағдайда тұрған жоқ, бірақ жөндеуді қажетсінеді. Неліктен олар қаланың дәл осы бөлігіне шүйлігіп алды? Басқа жерде қалағанын сала берсін. Олардың уәдесіне сенуге болмайды, - дейді өзін Татьяна Геннадьевнамын деп таныстырған тұрғын.

ЕКІНШІ ТАЛПЫНЫС

Қарағандыдағы ескі үйлер мәселесі бірінші рет қозғалып отырған жоқ. 2018 жылы құрылыс компаниясы өкілдері бірнеше үй тұрғындарымен ғимаратты сүріп тастап, құрылыс бастау жайлы әңгіме жүргізген еді. Ол кезде тұрғындар бұл бастамадан үзілді-кесілді бас тартып, реновация тақырыбы уақытша жабылған.

- 2018 жылы жеке компания тарапынан бір ауладағы бірнеше үйдің орнына бір аулада жаңа үй салып беру туралы ұсыныс түскен. Ескі аудандарға тиіспеген жөн деп санаймын. Қаланың ескі тарихи бөлігін ғимараттарымен қоса сақтап қалу керек. Тұрғын үйлерді жаңа аудандарға салсын. Мұндай жобаларды жүзеге асыруда өте мұқият болуымыз керек. Көшкісі келмейтін қарт адамдар сонда қала берсін. Ол жерде реновация жүргізудің қажеті жоқ, тек модернизация бағдарламаларының көмегімен ондағы үйлердің қазіргі күйін сақтауға тырысу керек, - дейді Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі және Қарағанды облыстық құрылыс компаниялары ассоциациясының директоры Нәйла Қайырбекова.

"Диалог" дауларды шешу орталығының директоры Татьяна Савицкая да жұрттың көбі наразы екенін айтады. Ол басқаратын ұйым ескі көше тұрғындары арасында "әлеуметтік шиеленіспен байланысты ықтимал қатердің алдын-алу" мақсатында реновация туралы сауалнама жүргізген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолға түскен жапон тұтқындары салған үй. Қарағанды, 3 наурыз 2020 жыл.

- Тұрғындар негізінен қарсы болды. Оның негізді себебі де бар. Бұған тұрғындарды бәрі аяқталған кезде емес, жоспарлау кезеңінен бастап қатыстыру керек, - дейді Савицкая.

Оның айтуынша, зерттеуге ескі аудандағы үш көшенің тұрғындары қатысқан.

- Сауалнама жүргізу барысында ең әуелі әкімдіктен қай көшенің тұрғындарының пікірін білгісі келетінін сұрадым. Олар үшеуін - Ермеков, Ғазалиев пен Ерубаев көшелерін атады. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың пікірін ескере отырып, реновация бағдарламасын толықтыруды ұсынамыз, - дейді "Диалог" ұйымының директоры.

Қоғамдық ұйым өкілдері үйлерді бағалау кезінде комиссия құрамына тұрғындарды да қосуды ұсынды. Олар ескі үйлерді бағалаумен байқау негізінде таңдалған және бюджеттен қаржыландырылатын тәуелсіз бағалау компаниялары айналысуы керек, ал ескі үйді жаңасына ауыстыру кезінде тұрғындарға бұрынғы аудан шегінде қалу құқығын берілгені жөн деп санайды. Бұған қоса ұсынылған үйге келіспеген тұрғындарға жақсы өтемақы төлеу және құрылыс компанияларын (жеке инвесторларды) іріктеуді тұрғындардың бастамасымен жүргізу туралы ұсыныс айтылды.

Қарағанды облысының әкімшілік орталығы 1930 жылдары Орталық Қазақстандағы пайдалы қазбалар кен орындарын қарқынды игерумен бірге бастаған. Шенеуніктердің дерегінше, Қарағандының аумағы - 49 мың гектар. Оның тоғыз мың гектарына ғана көп қабатты және шағын ғимараттар салынған. Қалған аумақты саябақтар, гүлзарлар, орман, өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар алып жатыр. 49 мың гектардың 11 мың гектар аумағы бос жатыр. 2019 жылғы дерек бойынша, қалада жарты миллионға жуық адам тұрады.