"Отандастар" қоры отандастарына қандай көмек көрсетіп жатыр?

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Көрнекі сурет.

2017 жылы қазіргі Нұр-Сұлтанда өткен Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Отандастар" қорын құруды тапсырған. Шетелдегі этникалық қазақтар мен оралмандарға көмек көрсету үшін құрылған қор жұмысын 2018 жылдың қазанда бастады. Содан бері қор қандай іс-шаралар атқарды?

«ЖАРЫС, КӨРМЕ, МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАР»

«Отандастар» қорын бұрын ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Нұртай Әбіқаев басқарады. Әбіқаевтың орынбасары болған Мәди Манатбек біраз уақыт бұрын өз өтінішімен жұмыстан кеткенін айтады. Оның сөзінше, «қор әуел бастағы мақсатынан айнып, тек мерекелік шаралар ұйымдастыруға бұрылып кеткен».

- [Қор] жұмысының дұрыс жүрмей жатқанын, бағытының мүлдем басқа арнаға бұрылып кеткенін, штаттың тым көп екенін айтып, хат жаздық. Хатты министрлікке де, президент әкімшілігіне де, үкіметке де жолдағанмын. Бірақ оған ешқандай жауап болмады. Кейін өз еркіммен өтініш жазып жұмыстан кетіп қалдым. Оралмандардың әлеуметтік мәселесін шешу, құқығын қорғау, тегін ақыл-кеңес беру, психологиялық көмек көрсету үшін байланыс орталығын құрдым. Оған білікті мамандарды тартым, бірақ мен кеткен соң олар да жұмыстан шығыпты, - дейді ол.

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы. Маусым айы, 2017 жыл.

«Отандастар» қорының байланыс орталығы туралы әлеуметтік желіде жиі жарнама жасап жүрген ақын Ұларбек Дәлейұлы да жұмыстан кеткен.

- Қазақстанға Қытайдан келген, түрлі себептермен құжаттарының мерзімі өтіп кеткен көп оралман қазақ бар. Біз осы мәселемен айналысуды қолға алған едік. Бірақ ол жерде (қорда – ред.) ондай жұмыс істеу мүмкін емес. Нақты жұмыс істеу керектігін талап еткеніміз үшін жұмыстан қысқарып кеттік. Орталыққа күн сайын он шақты азамат келіп заңдық, психологиялық тұрғыдан кеңес алатын. Құжаттары бітпей өмірден түңіліп кеткен адамдарды да байланыс орталығына әңгімеге шақырып, барынша көмек көрсетіп жатқан едік. Қазір адамдар «Отандастар» қорына емес, жұмыстан кетіп қалған бізге қоңырау шалып көмек сұрайды, - деді ол.

«Отандастар» қорында жұмыс істеген Марат Тоқсанбаев та «қор жұмысына көңілі толмай, жұмыстан кеткен». «Отандастардан» кеткендердің айтуынша, қорда орыстілді маман көп, ал шеттегі қазақтар мен оралмандар орыс тілін білмейді.

Қарай отырыңыз: Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы жағдай туралы айтты (Маусым айы, 2017 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Құрылтайда Назарбаевқа Шыңжаңдағы қазақтардың жайын айтты

Азаттық тілшісі шетелде тұратын және Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтардан «Отандастар» қоры жайлы сұраған еді. Германияда тұратын қазақ Өмір Өкалп бұл қор туралы естімеген. Ал Қытайдан келген Баһаргүл есімді қазақ «қордың немен айналысып жатқанынан бейхабар». Ресейдің Омбы облысында тұратын қазақ Алтынай Жүнісова биыл наурызда «Отандастар» қоры Омбыға келіп кеткенін айтады.

- «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Омбы қазақтары қоғамының құрылуының отыз жылдығына орай [биыл наурызда] Омбыға келіп кетті. Қолөнер жұмыстарын әкелді. Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жандандыру үшін ашылған деп түсінемін, - дейді ол.

Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтардың құжат мәселесімен тұрақты айналысып жүрген «Ел-Аманат» ұйымының жетекшісі Ырысбек Тоқтасын «Отандастар» қорының жұмысына көңілі толмайды.

Ырысбек Тоқтасын.

- Қор негізінен шетелдегі қазақтардың құқығын қорғауы керек еді. Бірақ жарыс, көрме, жиналыс өткізіп, кітап шығарудан ұзай алмады. Байланыс орталығына хабарлассаң «пәленбайдың атына арыз жазып көріңіз» деген шығарып салма жауапты естисің. Нақты бір нәтиже жоқ, - дейді ол.

«ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНА КӨМЕКТЕСУГЕ ТЫРЫСЫП ЖАТЫРМЫЗ»

«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов бұрынғы қызметкерлер мен Ырысбек Тоқтасынның айтқандарымен келіспейді. Ол «телефон қоңыраулары азайып кеткендіктен қор штатынан бірнеше адамның қысқарғанын» айтты. Сарбасов «қорда тіл мәселесі бар» деген сөзді жоққа шығарды.

- Бізде барлығы қазақша біледі. Іс-қағаздарының барлығы қазақ тілінде жүреді. «Отандастар» қорының штатында қазір 35 адам жұмыс істейді. «Қор негізгі бағытынан ауысты» деген пікірлер айтылуы мүмкін. Біз барлық сындарды тыңдауға дайынбыз. Бірақ шетелде тұрып жатқан бауырларымыз ұлттық әндер мен музыкаға мұқтаж деп ойлаймыз, - деді ол.

«Отандастар» қорының вице-президенті жеке басын куәландыратын құжаттарының мерзімі өтіп кетіп, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген Қытай қазақтарына да көмектесуге тырысып жатқанын айтады.

- Олар (Қытай қазақтары – ред.) басқа елдің азаматтары болғаннан кейін, бұл – өте нәзік мәселе. Дегенмен, біз қолымыздан келген барлық шараны атқарып жатырмыз. Сыртқы істер министрлігіне күнде жазамыз. Бауырларымыз «азаматтыққа тапсыруымыз керек, ол үшін Қытай паспортының шетін қидыруымыз қажет (төлқұжатты жарамсыз етуді айтады – ред.)» деп күнде көмек сұрап келеді. Біз осы мәселе бойынша сыртқы істер министрлігі мен ішкі істер министрлігіне күнде барамыз, - деді Сарбасов.

Моңғолиядан келген этникалық қазақтардың бірі оралман куәлігін көрсетіп отыр.

Азаттық радиосы «Отандастар» қорының атқарған жұмыстарын толық білу үшін қорға сауалдармен ресми хат жолдаған. Хатқа қордың бірінші вице-президент Талғат Адуов пен вице-президенті Мағауия Сарбасов жауап берді. Жауапта «қор дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесіп, бірнеше жоба жасап жатқанын» айтылған.

«Қор 2018 жылы мемлекеттік тапсырыспен үш ірі шара ұйымдастырды. 2018 жылы қарашада Нұр-Сұлтанда «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі өтіп, шараға шетелден 38 этникалық қазақ және Қазақстанға көшіп келген 70-тей қазақ қатысқан. 2018 жылы 7–9 желтоқсанда Ресейдің Омск қаласында кіші құрылтайын өткіздік. Ресейдегі қазақ диаспорасынан 50-60 адам қатысты» деп жазылған қордың Азаттыққа жолдаған хатында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ықтияр хат пен азаматтық арасындағы сергелдең

«Отандастар» қоры былтыр Түркия, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Еуропадан 28 қазақты шақырып, «Қасиетті Қазақстан. Туған жерге тағзым» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістанға саяхат ұйымдастырғанын айтады.

«ҚАЗАҚ КУӘЛІГІН ЕНГІЗЕМІЗ»

«Отандастар» қоры қазір «шетелдегі қазақтарды қолдау және оралмандарды бейімдеуге арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар қор шетелде тұратын этникалық қазақтарға арналған «Қазақ куәлігі» енгізілетінін айтты.

«Бұл куәлікті алған шетелдік қазақ Қазақстанға емін-еркін келіп, бизнеспен айналысуға, жұмыс істеуге, тегін білім, медициналық көмек алуына мүмкіндігі болады» деп жазылған ресми жауапта.

«Отандастар» қорының хабарлауынша, бұл екі жоба «жақын уақытта жүзеге асады».

Сәуірде «Отандастар» қорының жанынан «оралмандарды бейімдеу және әлеуметтендіру үшін байланыс орталығы ашылған».

«Отандастар» қорының басшылары шетелден Қазақстанға көшіп келген қазақтардың зейнетақы мәселесі шешілгенін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оралман құқығын қорғаушы қазақстандық ұйымдар

«Қазақстан заңдарына сай, зейнетақы еңбек өтілі мен табысына қарай белгіленеді. Ал көшіп келген қандастарымыз Қазақстанда жұмыс істемеген. Сондықтан оларға тек базалық зейнетақы төленіп келген. Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен білескен шаралар нәтижесінде, тарихи отанына оралған қазақтардың шыққан еліндегі еңбек өтілі зейнетақы тағайындағанда есепке алынады» дейді қор өкілдері.

Қор қызметкерлері Азаттыққа жіберген ресми жауабында Қазақстандағы оралмандар мәселесін шешіп жатқанын айтады.

«2018 жылы тарихи отанына келген, «оралман» мәртебесімен жүрген этникалық қазақтар бар. «Оралман» мәртебесі бір жылдан кейін тоқтатылады. Осы орайда біздің араласуымызбен азаматтық алып үлгермеген этникалық қазақтарға «оралман» мәртебесі 2019 жылдың соңына дейін ұзартылды» деп жазған одақ қызметкерлері ресми жауапта.

Қор шетелде тұратын этникалық қазақтар мен оралмандардың балаларын Қазақстандағы демалыс лагерьлеріне жіберіп жатқанын айтады. «Отандастар» қоры шетелден көшіп келген қазақтарды қоғамға бейімдеп, кәсіп ашуға көмектесіп жатқанын да жеткізді.

«Отандастар» қорының дерегінше, «қорға 2018 жылы бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ал 2019 жылға бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңда үйқамаққа түскендердің тағдыры