КРАНШЫЛАР ТАЛАБЫ
Нұр-Сұлтанда наурыз басталғалы бері қатты жел толастамай тұр. Қазгидромет мекемесінің хабарламаларына сай, 11 наурызда қалада желдің күші секундына 20-28 метрге дейін жеткен. Краншылардың айтуынша, мұндай күні еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай, биік нысандарда жұмыс тоқтауы тиіс. Бірақ бұл қауіпсіздік талабы орындалмайды.
Тәжірибелі краншы Сәуле Сейдахметова бұл ақпандағы наразылықта Нұр-Сұлтандағы краншылар қойған алты талаптың бірі болса да, оның әлі орындалмағанын айтады.
– 11 наурызда қатты жел тұрды. Бірақ оған қарап жатқан жұмыс беруші жоқ. Жұмысқа шығуды талап етеді, – дейді Сәуле Сейдахметова.
Нұр-Сұлтанда краншылар наразылығы 12 ақпанда басталған. Одан кейін олар 19 және 26 ақпанда жұмыстан соң кешкі сағат сегізде қаладағы "Жерұйық" саябағына жиналып, өз талабын жариялаған еді. Олардың талабы мынандай:
- Инфляцияны ескеріп, жалақыны 800 мың теңгеге дейін көтеру;
- Зейнеткерлік жасын ерлер үшін 60, әйелдер үшін 58 жасқа дейін төмендету;
- Ресми еңбек келісім-шартын жасап, тиісті әлеуметтік төлемдер төлеу;
- Еңбек жағдайын жақсартып, арнайы жұмыс киімін беріп, жұмыс қауіптілігіне орай жалақыға 1,5 коэффициент қосу;
- Жұмыс уақытын 8 сағаттан асырмай, артық жұмыс істегені үшін еңбекақы төлеу.
Краншылар осы талаптарын жазып, 27 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де тапсырған. Краншылар арызы елдің экс-президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да (президенттіктен кетсе де, партия лидері ретінде билікке ықпал етіп отыр) жолдаған.
Краншылармен 28 ақпанда бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов кездесіп, екі апта ішінде тексеру жүргізіп, жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылғаны анықталса, оны қалпына келтіруге уәде берген.
Краншылар наразылығынан соң құрылыс компаниялары жалақыны көтерген, бірақ жұмысшылардың оған көңілі толмайды.
– Компаниялардың біреуі 250 мың теңгені 350 мың теңгеге, енді бірі 350 мың теңгені 450-500 мың теңгеге көтерген. Жұмыс киімін берген компания да некен-саяқ. Бізбен кездескен бас мемлекеттік инспектордан хабар жоқ, министрлікке барып, қабылдауға жазылмақшы болып едім, жақын айларда министрдің уақыты жоқ деп, мені 18 наурызға вице-министр Біржан Ахметжанның қабылдауына жазды, – дейді Сәуле Сейдахметова.
Наразы краншылардың бірі Ақан Досан да талабымыз мүлде орындалмады деп санайды.
– Әзірге жалақыны орташа алғанда 470 мың теңгеге жеткізуге мүмкіндік алдық. Келісім шарт бәрібір жасалған жоқ. Бәрі сәуірде белгілі болады. Әрине, басты талап – жалақы. Желді күні өзара ұйымдасып жұмысты тоқтатып, жұмыстан айрылудан қорқып істеп жатқандарға барып жағдайды түсіндіріп, краннан түсіріп алып отырмыз, – дейді ол.
Нұр-Сұлтандағы краншылар талабы кейін Қазақстанның өзге өңірлерінде де жалғасты. Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Көкшетау қалаларында да краншылар аракідік жұмысты тоқтатып, жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жүр.
"ТАҢЕРТЕҢ МІНГЕН КРАННАН КЕШКЕ АМАН ТҮСКЕНШЕ АЛАҢДАЙМЫЗ"
Азаттық тілшісімен сөйлескен басқа да краншылар басын қауіп-қатерге тігіп жұмыс істеп жүргенін, еңбек шарттары сақталмайтынын айтып шағымданады.
– Жаңа мұнаралы кран сирек кездеседі. Көбі – КБ-403, КБ-405, КБ-408 маркалы 1970-1980 жылғы ескі техника. Мұндай ескі крандардың конструкциясында, дәнекерленген тұсында ақау болады. Тым болмағанда, дефектоскоппен (арнайы құрал) белгілі бір уақытта тексеріп отырса ғой. Ол да жоқ. Ескі крандарда желдің жылдамдығын өлшейтін құрылғы – анемометр қойылмайды. Салдарынан Нұр-Сұлтанның өзінде қатты желден кран құлап, операторы қазаға ұшыраған бірнеше оқиға болды. Жүк көтеру кезінде, бұрылғанда және жүк ілінетін арбаны алға не артқа жылжыту кезінде іске қосылатын шекті механизмдері (ОГП) істемейді немесе мүлде жоқ. Күнде таңертең кранға мінгенде кешке аман түскенше алаңдаймыз. Бірақ мойындағы несиені, бала-шағаның қамы мен тұратын пәтерақыны төлеу үшін күнделікті қауіп-қатерге бас тігеміз, – дейді 20 жыл бойы краншы боп жүрген Жарқын Есенов.
Краншы һәм белсенді Сәуленің қауіпті жұмысы
Your browser doesn’t support HTML5
Ал Ақан Досан краншылардың қолында еңбек шарты жоғын, таңертеңгі сағат 8-де басталған жұмыс кешкі 8-ге дейін жалғасатынын айтады.
– Біз желдің жылдамдығы 12 м/сек болғанда жұмыс тоқтату керекпіз. Ал бізге желдің күші 25 м/сек болып тұрса да жұмыс істетеді. Еңбек шартын ешқашан қолымызға алып көрген емеспіз. Артық істеген жұмысыңа ақша төленбейді. Алатын жалақымыз – 250 мың теңге. Демалыс, сенбі-жексенбі күндері де жұмыстамыз, – дейді ол.
НАРАЗЫЛЫҚТАН СОҢ
Наразылықтан соң краншылар WhatsApp мессенджерінде чат ашып, қатты жел тұрған күні ұйымдасқан түрде жұмысқа шығудан бас тартып отырғанын айтады.
– Құзырлы орын желді күнгі жұмыс мәселесін бақылауы керек. Ал олар "шағын жеке компанияларды тексере алмаймыз" деген сылтау айтады. Мәселен, салынып жатқан монолит үйлерде жұмыс мүлде тоқтамауы тиіс. Яғни, бетонды езген соң тезірек пайдалану керек. Менің ойымша, артық істеген жұмыс үшін сағатына 3000 теңге төленуі тиіс. Ал желді күні бізді жұмысқа шығуға мәжбүрлемеу керек. Қазір біз қатты жел тұрған кезде жұмысқа шықпауды бірауыздан ұйғарып отырмыз және көлігі барлар құрылыс нысандарын аралап, жұмысқа шыққандарға жағдайды түсіндіріп жүрміз. Тек осылай ғана жұмыс берушіні техникалық қауіпсіздік талабын орындатуға көндіре аламыз, – дейді Ақан Досан.
WhatsApp чатта краншылар Нұр-Сұлтанда кейбір компаниялар олардың талабына байланысты мынадай өзгерістер енгізгенін хабарлаған:
- "Highvill" компаниясы жалақыны 350 мыңнан 450 мың теңгеге көтеріп, екі демалыс күнін берген;
- StroyExpert-LZ жалақыны 300 мың теңгеден 350 теңгеге көтеріп, үш күн істеп, бір күн демалатындай етіп белгілеген, бірақ жұмыс уақытын таңертеңгі 8.00-ден 20.00-ге дейін қалдырған;
- "А строй" жалақыны 350 теңгеден 400 мың теңгеге көтеріп, артық еңбек үшін ақша төлеуге, жұмыс уақытын 8.00-ден 17.00-ге дейін белгілеуге келіскен;
- "Доллар" компаниясы жалақыны 300 мың теңгеден 400 мың теңгеге көтеріп, төрт демалыс күнін белгілеген, жұмыс уақытын 8.00-ден 20.00-ге дейін қалдырып, артық еңбекке ақша төлеуден бас тартқан. Бірақ әлеуметтік төлем ретінде зейнетақы қорына жалақыдан бөлек 20 мың теңге аударып, жұмысшының жол пұлына 20 мың теңге беретін болған;
- "Трек" компаниясы жалақыны 363 мың теңгеден 528 мың теңгеге көтеріп, жұмыс уақытын 8.00-ден 20.00-ге дейін қалдырған. Айына төрт күн демалыс беруге келіскен;
- "Orda Invest" жалақыны 270 мың теңгеден 320 теңгеге дейін көтерген. Бұл компания краншылары зейнетақы жарнасы және басқа әлеуметтік төлемдерге ақша аударылып, жұмыс киімі қысы-жазы беріліп келгенін, медициналық сақтандыру жарнасын да төлеп, айына төрт күн демалыс беретінін, құрылыс басында тамақ беріліп, төтенше жағдайда тасымал жасалатынын айтқан;
- "Development Group" жалақыны 360 мың теңгеден 450 мың теңгеге көтеріп, жұмыс уақытын сағат 9.00-дан 18.00-ге дейін бекіткен, жұмыс киімі мен тегін түскі ас беріп, желді күні демалыс берілетінін хабарлаған. Краншылар зейнетақы қорына 10 мың теңге аударылатынын айтады;
- "Granite" 15 күндік жұмысқа төленетін жалақыны 180 мың теңгеден 210 мың теңгеге көтерген;
- "Sadi Group" жалақыны 350 мың теңгеден 380 мыңға өсірген. Басқа талаптар туралы әзірге өзгеріс енгізбеген;
- "BI Group" жалақыны 495 мың теңгеге өсірген. Жұмыс демалыссыз, егер краншы демалғысы келсе, демалуына болады. Артық сағат немесе мереке күндері жұмыс істесе, ақша төленбейді;
- "Опыт Строй" жалақыны 340 мың теңгеден 370 мың теңгеге көтерген. Басқа талаптарға әзірге жауап бермеген;
- "ТОДОКС" жалақыны 350 мың теңгеден 400 мың теңгеге көтерген.
Азаттық тілшісі краншылардың WhatsApp чатындағы айтылған шешімдер жайлы компаниялардың өзінен жауап алуға тырысқанымен, нәтиже шықпады.
Ал краншылар "жалақымыз атқарған жұмысымызға сай болмаса, еңбек жағдайы жақсармаса, талабымызды жалғастыра береміз" деп отыр.
Биыл Қазақстанның әр аймағында еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуді талап еткен жұмысшылар наразылығы жиіледі. Бұған дейін қаңтар айында Ақтөбе облысының Темір ауданы Көкжиде кенішінде "КМК Мұнай" компаниясы мұнайшылары жалақыны екі есе көтеруді талап етіп, бір апта ереуілдеген. Осы өңірдегі "АМК Мұнай" компаниясында да жұмысшылар жалақы өсіруді талап етіп, наразылыққа шыққан.
Осыдан соң екі компания жұмысшылар талабын орындап, жалақыны өсірген.
Ақпанда Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының ондаған жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Таңертеңнен түске дейін жалғасқан ереуіл кәсіпорын басшылығы айлық жалақыны 150 мың теңгеге көтеруге келіскен соң тоқтаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда жұмысшылар ереуілі жиіледі. Себебі неде?