Ресей билігі не үшін өзгерістен қорқады?

Халықаралық "Агора" тобының сарапшылары Ресей билігі өзгерістен қорқады деп санайды. Жаңалықтан үрейлену белгісін техникалық және әлеуметтік прогреске жол бермеу тенденцияларынан көруге болады.

"Ресей билігінің неофобиясы" деп аталатын баяндамада авторлар Ресейде инновация үлгісі ретінде аңду, цензура және үгіт-насихат технологияларына ғана жол ашылғанын айтады.

Баяндама авторлары Павел Чиков пен Дамир Гайнутдиновтың пікірінше, Ресей билігі "рұқсат етілмеген бастамаға күдікпен қарайды, жаңа технологиялардан қауіптенеді, алысты болжайтын жоспарлар жасамайды және болашағын елестете алмайды".

"Агора" сарапшылары осы сияқты "жаңалықтан үрейлену" белгілерін сипаттай келе, билікке "неофобия" (жаңашылдықтан қорқу, асқынған кезде жаңа нәрседен бейсана күйде қатты үрейлену) деген диагноз қояды.

Баяндама авторлары билік оң өзгеріс жасағысы келмейтін екі саланы қарастырады. Бұлар: интернет пен байланыс және медицина мен биотехнология. Баяндаманың үшінші бөлімі аңду мен бақылау саласына арналған. Бұл салаларда керісінше, прогрессивті технологиялар қарқынды түрде енгізіліп жатқаны айтылады.

ИНТЕРНЕТ ПЕН БАЙЛАНЫС

Telegram-ның жабылуына қарсы наразылық шарасы. Мәскеу мамыр айы 2018 жыл

Баяндаманың бірінші бөлімінде биліктің ресейлік интернет сегментінде ақпаратты еркін таратуға қарсы шығу тарихы сипатталған. "Агора" сарапшыларының пікірінше, оның идеологиялық астары бар. Мысалы, 2009 жылы Екатеринбургте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласында ынтымақтас болу туралы келісім жасады.

Құжатта "интернетте саяси жүйе, қоғамдық құрылым, ішкі және сыртқы саясат, мемлекеттегі маңызды саяси және қоғамдық процестер, тұрғындардың рухани, адамгершілік және мәдени құндылықтары" туралы түсініктің бұрмаланып берілетініне алаңдаушылық білдірілген.

2011 жылғы революциялық жағдай араб әлеміндегі бірқатар елдерді теңселтті, наразылық шараларын ұйымдастыруда әлеуметтік желілер үлкен рөл ойнады. "Агора" сарапшыларының пікірінше, осы оқиға Владимир Путиннің интернет еркіндігіне қатысты ұстанымына елеулі ықпал етті.

2012 жылдан бастап ресейлік заңнамаға "ақпаратты еркін таратуды шектеу және оны таратушыларды бақылауды күшейтуге бағытталған" жаңа түзетулер енгізілген. Нәтижесінде соңғы алты жылда интернеттің ресейлік сегментінде 10 миллионнан астам ресурс бұғатталды.

Алайда бұғаттау интернет-ресурспен күресудің тиімді жолы емес, оны айналып өтуге болады. Сондықтан билік экстремизмге қарсы заңнаманы қолдану тәжірибесін күшейтіп жатыр, әлеуметтік желідегі лайк пен перепосттар үшін қылмыстық іс қозғау саны артты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путинге қарсы жазба жариялаған белсенді үкімі өзгеріссіз қалды

2016 жылы "Яровая пакеті" деп аталған заңнама түзетулері қабылданды, оған сәйкес интернет-сервис пен мессенджерлер арнайы қызмет өкілдеріне пайдаланушылар жазбасына кіруге мүмкіндік беруі керек.

"2017 жылы "Роскомнадзор" арнайы реестрінде тіркелуден бас тартқаны үшін Imo, Line, Blackberry Messenger сервистері мен Zello интернет-рациясы бұғатталды; 2018 жылы Telegram мессенджері Федералды қауіпсіздік қызметіне қолданушылар жазбасын бермегені үшін бұғатталды" деп жазады "Агора" сарапшылары.

2017 жылғы заңнамалық түзетулер жаңалық агрегаторларының жариялаған ақпараттың шынайылығына жауапкершілігін арттырды, "Яндекс.Новости" сервисінің ақпараттар бөлімінде БАҚ ретінде тіркелмеген сайттардағы мақалалар көрсетілмейтін болды.

Сол жылы онлайн-кинотеатрлар туралы заң қабылданды, оларды БАҚ-қа теңестіріп, дәл сондай шектеулер қойылды. "Билік бақылауға көнбейтін саланы бақылағысы келеді, сондықтан оны ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде қарайды" деп қорытады "Агора" сарапшылары.

Telegram-ның бұғатталуына қарсы наразылық шарасы. Мәскеу 2018 жыл

Олар қырғи-қабақ соғыс кезінде шетелдік радиостанциялардың сигналын басып тастайтын советтік өшіргіштердің заманауи аналогтары пайда болатын шығар деген жорамал айтады. "Радиоэлектронды күрес пен спутникке қарсы қарудың заманауи құралының бәрі жаһандық интернетке де бағытталады" дейді олар.

МЕДИЦИНА МЕН БИОТЕХНОЛОГИЯ

Гомеопатикалық аптекадағы жұмыс

Баяндама авторлары биліктің дәрілік және есірткілік заттар айналымын бақылау саласындағы консервативтік саясатына назар аударады. "Емделушілерге ауруды басатын дәрі жазған дәрігерлерді қудалау және "кетаминдік істер" (жануарлардың ауырсынғанын басу үшін кетамин препараттарын пайдаланған ветеринарларды қудалау) – заманауи тәжірибені қабылдаудан бас тартумен түсіндірілетін жазалау әдісінің аздаған мысалы ғана".

Ресейлік есірткі саясатының құқықтық негізі - "Есірткі заттары мен психотроптық заттар туралы" федералдық заң, ол жиырма жылдан астам уақыт бойы айтарлықтай өзгерген жоқ.

"Агора" сарапшыларының пікірінше, медицина мен биотехнология өнімдерін жасауға бір жағынан Орыс православ шіркеуі (ОПШ) де кедергі келтіреді, ол жасанды ұрықтандыру, суррогат ана, донорлық пен эвтаназия сияқты бірқатар медициналық технологияны мойындамайды.

Баяндама авторларының айтуынша, ОПШ 2016 жылы қабылданған заңға да ықпал еткен сияқты, онда елге генетикалық модификацияланған организмдерді әкелуге шектеу қойылып, Ресейде генетикалық модификацияланған өсімдіктер мен жануарларды өсіруге тыйым салынған. Патриарх Кириллдің айтуынша, технологиялар "адамгершіліктен айрылу, гипертрофты даралануға әкеледі, демек, социумды құртып, адамзат тарихына нүкте қояды".

АҢДУ МЕН БАҚЫЛАУ

"Агора" баяндамашылары аңду мен бақылау саласында биліктің заманауи технологияларды кеңінен қолдануға тырысатынын айтады. Оның бәрі консервативтік нұсқаулықпен байланысты болса керек.

2015 жылдан бастап мемлекет бақылау камерасын орнату, оны адамның түрін танитын функциямен жабдықтау үшін қаржы аямады. "Мәскеудің өзінде 100 мыңнан астам камера орнатылған, бағдарлама бюджеті 200 миллиард рубльге жетеді" дейді олар. Наразылық шараларында полиция да адамның түрін танитын видеомониторингті қолданады – камералар металл детектордың жиегіне орнатылған.

БАҚ-тағы экстремистік материалдарды анықтау үшін де заманауи технологиялар қолданылады. "Роскомнадзор" осындай бағдарламалары бар екенін мәлімдеді. Ол "қара тізімдегі" сайттарды бұғаттау міндетін орындайтын байланыс операторларын бақылау үшін "Ревизор" бағдарламалық кешенін пайдаланады.

Дегенмен, ақау кетпей қалмайды. Баяндамада айтылғандай "биліктің түрлі жеке ақпаратты мемлекеттік деректер қорына жинақтауға тырысуы жемқорлықпен және қауіпсіздіктің минималды стандарттарын сақтауды елемеумен ұштасқанда журналистердің басты әскери барлау агенттерін әшкерелеуі сияқты күлкілі жағдайлар туындайды. Хакерлік шабуыл жасауға маманданған агенттері әшкереленіп жатыр, керісінше, олар киберқауіпсіздік мәселесіне аса мұқият қарауға тиіс еді".

"Агора" сарапшыларының ойынша, мұндай сәтсіздікке мемлекет басшылары мен арнайы қызметтің әлемге қатысты ескірген көзқарасы айыпты, олар "жаңа технологиялар қоршаған ортадағы шындықты өзгертетінін" мойындағысы келмейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: Мәскеудегі АҚШ елшілігінде Ресей тыңшысы жұмыс істеген

Қорытынды бөлімде баяндама авторлары мемлекеттің қорқынышы осы мысалдармен шектелмейтінін ескертеді. "Дәрілік заттарды тіркеу және сертификаттаудағы қиындықтар да осы санатқа кіреді, соның кесірінен өмірге қажетті дәрілер мен вакциналарды жеткізуде қиындықтар туады; криптовалютаға қатысты қарама-қайшылықты көзқарас, "ақша суррогатына" тыйым салу туралы прокурордың ұсынысынан бастап, майнингте пайда табу мен халықаралық санкцияларды айналып өту үшін биткойнды қолдану идеясы бар".

"Агора" сарапшыларының пікірінше, мемлекеттің өмірдің барлық саласын бақыласам деген ниеті мен прогресті қабылдамауы азаматтық қоғам мен медианы басып-жаншып қана қоймай, елдің экономикалық дамуына үлкен кедергі жасайды.

(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы)