Ресейдің қорғаныс министрлігінің дерегінше, Асад режиміне әскери көмек көрсете бастаған уақыттан бері Сириядағы қақтығысқа 68 мың ресейлік әскери қызметкер қатысқан. Олардың арасында 460 генарал бар. Бұл Мәскеудің алдына қаншалықты ірі жоспар қойғанынан хабар берсе керек. Сирияда Асад режиміне қарсы күрескен қарулы оппозиция өкілдерімен қатар Сирия демократиялық күштері сияқты батыс елдерінің сарбаздарынан жасақталған коалиция да бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сирияға кеткеніне қатты өкінеді"Сирия мен Ресейдің біріккен әскери күшіне қарулы оппозицияның ондаған мың жасағы және "Әл-Қаида", "Жабхат Әл-Нуср" және "Ислам мемлекеті" сияқты өзге де экстремистік топтар қарсы тұрды. Қарулы оппозиция қатарында оларды қолдап, сырттан келген ондаған мың шетел азаматы да болған. Кавказ.Реалии сайтының жазуынша, олардың басым бөлігі - Ресей азаматтары.
Осыдан екі жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путин Сирия үкіметіне қарсы соғысқандардың арасында 4 мың ресейлік бар екенін айтқан.
"Бас штаб, ГРУ және ФСБ (Федералды тергеу бюросы) және өзге де арнайы қызмет дерегінше,мұндай жасақ қатарында соғысқан мыңдаған адамның 4 мыңға жуығы Ресейден барғандар" деді ол.
Дерек бойынша, Дағыстанның бір өзінен Сирияға 1200 адам кеткен. Шешенстаннан одан сәл көбірек адам аттанған.
Сириядағы әскери қақтығысқа қатысқандардың көбі өлді. Соғыс кезінде аман қалып, еліне оралғандар қамауға алынып, ұзақ жылға сотталды.
Дәл осы себепті қазір Ресей түрмесінде отырғандар Асадтың өзіне қарсы күрескендерге амнистия жариялау туралы шешімін үмітпен қарсы алды. Олар бұл амнистия жазаларын қысқартып, бостандыққа шығара ма деп үміттенеді.
Сирия президенті Башар Асад мұндай амнистияны жылына бірнеше рет жариялайды. 2018 жылы қазанның 9-ы күні жарияланған амнистия "Әскери қызмет туралы", "Әскери қылмыс туралы" заң баптарымен сотталғандарға рақымшылық жасауды қарастырады. Бұл жарлыққа сәйкес 58 мың адамға рақымшылық жарияланған. Олардың арасында босқындар мен бұрын экстремистік топ арасында күрескен адамдар да бар.
"Коммерсант" газетінің жазуынша, заңсыз әскери топ қатарында соғысты деп айыпталған шешен азаматы Саид Алхазов Башар Асадтың 2018 жылы күзде жариялаған амнистиясына сүйене отырып, жазасын қысқарту туралы сотқа өтініш түсірген. Алайда Пермь соты оның Сирия емес, Ресей азаматы екенін алға тартып, өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Басылымның жазуынша, Алхазовтан бөлек "өзге ресейлік содырлар" да Асад амнистиясына сүйеніп, өздерін түрмеден босатуды сұраған. Бірақ Ресей соты олардың ешқайсысының өтінішін қанағаттандырмаған.
Кавказ.Реалии жазуынша, Сирия түрмесінде отырған солтүстіккавказдықтар және өзге ресейліктер сол елде амнистияны қолдана алғанмен Ресейге оралған соң ұзақ жылға сотталуы мүмкін.
Сирия және Ирактағы әскери қақтығысқа қатысқандар арасында Орталық Азия елдерінен барғандар да болған. Орталық Азияда әдетте мұндай азаматтар терроризм баптары бойынша айыпталып, сотталады.
Маусымның 20-сы күні Орал қалалық соты биыл қаңтарда Сирияда абақтыдан босап шығып, Қазақстанға оралған 19 жастағы Абай Хамзулиновті "террористiк топтың әрекетіне қатысу" бабымен кінәлі деп тауып, 8 жыл түрмеге кескен еді.
Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Сириядан оралған 20 қазақстандық террорлық іс-әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеген.
Ресми дерек бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткен.
(Кавказ.Реалии мақаласы негізінде жазылды)