Accessibility links

Салах: Сирия солтүстігіндегі лагерьлерде орыстілді әйелдер мен балалар көп


Сирияның қақтығыс аймақтарынан қашқан азаматтар. Көрнекі сурет.
Сирияның қақтығыс аймақтарынан қашқан азаматтар. Көрнекі сурет.

Сирияның террористік топтардан азат етілген қалаларында босқындарға арналған лагерьлер құрылған. Мұндай лагерьлер Сирия солтүстігінде де бар. Осы аймақтағы күрдтер тобының өкілі Кемин Салах Азаттықтың Қырғыз қызметіне лагерьдегі ахуал туралы айтып берді. Ол Орталық Азия елдерінен туыстарын іздеген адамдардың көмек сұрап, хабарласқанын да айтты.

Азаттық: - Кемин мырза, қазір өзіңіз қай жақта жүрсіз? Қолыңызда қандай ақпарат бар? Соңғы сұхбаттарыңыздың бірінде Сириядағы лагерьлерде тұрып жатқан тәжік әйелдері мен балалары, Орталық Азиядан келген азаматтар туралы айтқан едіңіз.

Кемин Салах: - Мен Сирия солтүстігіндегі Эль-Хасака қаласындамын. Лагерьдегі қырғыз әйелдері мен балалары туралы нақты мәліметім жоқ. Бірақ олардың бар екенін білемін. Арнайы лагерьлерге әйелдер мен балаларды жинап жатырмыз. Қызыл Крест ұйымының көмегімен оларды дәрі-дәрмек, өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етеміз. Олар әртүрлі елден келген. Көбінің құжаттары жоқ, бірақ "үйлеріңе қайтыңдар!" деп оларды далада қалдыра алмаймыз ғой. Біз мемлекеттерге қайырылып, азаматтарының бар екенін айттық. Өкінішке қарай...

Азаттық: - Қырғызстан үкіметіне айттыңыздар ма?

Кемин Салах: - Біз әртүрлі топтар, арналар арқылы мемлекеттерге, олардың елшіліктеріне шықтық. Өкінішке қарай, көбі көмек беруден бас тартты. Бірақ Қазақстан балалар мен әйелдерін алып кетті. Марокко, Судан сияқты елдердің азаматтары бар. Бұл әйелдер мен балалардың еш кінәсі жоқ. Өкінішке орай, көп мемлекеттер мұны маңызды деп қабылдамайды, [азаматтарына] көмектесуден бас тартады. Құжаттар сұрайды.

Азаттық: - Ол жақта мұндай қанша лагерь бар және оларда қанша адам отыр?

Кемин Салах: - Біз қазір "Ислам мемлекеті" террористік тобының бақылауында болған жерлерді азат етіп жатырмыз. Күн сайын жаңа адамдар келіп жатыр.

Сирия солтүстігінде көтерілісшілер қатарында соғысып жүрген сарбаздардың бірі. Тамыз айы, 2018 жыл.
Сирия солтүстігінде көтерілісшілер қатарында соғысып жүрген сарбаздардың бірі. Тамыз айы, 2018 жыл.

Азаттық: - Ол жерден Орталық Азия, Қырғызстаннан келдім деген адамдарды көрдіңіз бе?

Кемин Салах: - Мен орыс тілінде сөйлейтін көп азаматтарды көрдім. Бірақ олардан Қырғызстан, Тәжікстан немесе Қазақстаннан келдіңіз бе деп сұраған жоқпын. Орыстілді әйелдер мен балалар көп.

Азаттық: - Олар қандай жағдайда өмір сүріп жатыр?

Кемин Салах: - Біз күн сайын денсаулық сақтау, өзге салалар бойынша жұмыс істейтін халықаралық ұйым өкілдерінің олармен кездесуіне рұқсат береміз. Тіпті жақындарымен де сөйлесуіне қарсылық танытып жатқан жоқпыз. Бізге ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Шамамыз келгенше көмектесеміз.

Азаттық: - Егер олар Сирияда қалып қалса, не істейді? Олардың болашағы не болады?

Кемин Салах: - Біз БҰҰ, Қызыл Крест, өзге де халықаралық ұйымдарға хабарласып, көмектесуін сұрағанбыз. Көбін алып кетіп жатыр. Егер олардан туған елдері бас тартса, өзге елдер қабылдайды. Оларға адам сияқты, заң жүзінде қарап отырмыз.

Азаттық: - Олардың лагерьлерде тұрып жатқанына қанша уақыт болды?

Кемин Салах: - Көптен бері тұрып келе жатқандар бар. Себебі, жаңа айтқанымдай, мемлекеттері көмектесуден бас тартқан.

Азаттық: - Олардың арасында ер адамдар бар ма?

Кемин Салах: Жоқ, біз оларға террорист ретінде қараймыз. Оларды жергілікті заң бойынша соттаймыз, бірақ бәрібір елдеріне қайтарамыз. Себебі бізге олардың керегі жоқ.

Азаттық: - Сіздерге Қырғызстаннан туыстарын іздеген азаматтар хабарласқан жоқ па?

Кемин Салах: - Жоқ, Қырғызстаннан ешкім хабарласпады.

Азаттық: - Ал Орталық Азияның өзге елдерінен ше? Тәжікстаннан, Қазақстаннан хабарласқан жоқ па?

Кемин Салах: - Иә, ол жақтан хабарласты.

Азаттық: - Яғни, сіздер туыстарын іздеген адамдарға қол ұшын бересіздер ғой?

Кемин Салах: - Біз олардың үйлеріне қайтуына көмектесуге әзірміз. Бірақ олар әуелі құжат алу үшін туған елдерінен көмек сұрауы тиіс. Біз құжаттармен қамтамасыз ете алмаймыз.

Сириядағы қазақстандықтар

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2018 жылы шілде айында Азаттыққа жолдаған ресми жауабында "Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы бері Сирия мен Иракқа 800-ден астам Қазақстан азаматы кетті" деп жазылған. Олардың шамамен 500-і - балалар.

Биыл ресми билік Сирияда 300-ден астам қазақстандық қалғанын хабарлады. Қаңтар айының басында Қазақстан билігі Сириядан 47 азаматты (30 бала, 11 әйел, 6 ер адам) өз еліне эвакуациялағанын мәлімдеген. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі азаматтарды қайтару операциясын жалғастыра беретінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG