Азаттық сарапшылардан өзі құрған тағы бір органды Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір бойы басқаруына жол ашатын норманы заңға не үшін енгізуге тырысып жатқанын сұрап көрген еді.
Заң жобасы президентке қауіпсіздік кеңесін басқару өкілетін өмір бойына беруден бөлек, қауіпсіздік кеңесі мәртебесін консультативті-кеңесші органнан конституциялық орган деп ауыстыруды да көздейді. Мысалы, қауіпсіздік кеңесі жаңа констиуциялық орган ретінде елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, "ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық аренада елдің конституциялық құрылымы мен ұлттық мүдделерін қорғайтын" орган деп тануды ұсынады. Заң жобасы қазіргі редакцияда қабылданған жағдайда қауіпсіздік кеңесі елді басқарудың негізгі орталығына айналуы мүмкін, ал орган мен оның басшысы шешімдерін биліктің бүкіл тармақтары мен шенеуніктер орындауға міндетті болады.
Заң жобасы қазіргі редакцияда қабылданған жағдайда қауіпсіздік кеңесі елді басқарудың негізгі орталығына айналуы мүмкін.
ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ҚАЖЕТІ НЕ?
Қазір Қауіпсіздік кеңесі - ел тағдырына байланысты маңызды мәселелер шешілетін консультативті-кеңесші орган. Ол 1991 жылы Қазақ ССР президенті болып тұрған Назарбаевтың жарлығымен құрылған. 1993 жылы Қазақстан республикасының Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылған. Қауіпсіздік кеңесі жұмысын реттейтін жеке заң жоқ, бұл орган президенттің 1999 жылғы 20 наурыздағы жарлығымен бекітілген ережелер негізінде жұмыс істейді.
Кеңес күш құрылымдары, орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын үйлестіріп, заң жобаларын талдайды әрі заңдардың орындалуын қадағалайды. Кеңес төрағасы - қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерін өзі тағайындайтын ел президенті.
Қауіпсіздік кеңесінің 12 мүшесі бар. Тұрақты мүшелері – премьер-министр, президент әкімшілігі жетекшісі, президенттің көмекшісі –қауіпсіздік кеңесі хатшысы, ҰҚК басшысы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі. Қауіпсіздік кеңесінің лауазымы бойынша мүшелері - мәжіліс және сенат төрағалары, "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің басшысы, ішкі істер министрі, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – штаб бастықтары комитетінің төрағасы.
Кеңес отырысы президенттің бастамасымен үш айда кем дегенде бір рет өтуі керек. Бұған қоса төраға кеңес отырысын тұрақты мүшелерімен ғана өткізуі мүмкін. Кеңес шешімдері отырысқа қатысқандардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады әрі оларды мемлекеттік органдар міндетті түрде орындауы тиіс.
ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Владимир Жұмақанов - 2016 жылғы қыркүйектен бері қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.
ТРАНЗИТ КЕЗЕҢГЕ АРНАЛҒАН "САҚТАНДЫРҒЫШ ТЕТІК" ПЕ?
Саясаттанушы әрі Орталық Азияда демократияны дамыту қорының басшысы Толғанай Үмбетәлиева қауіпсіздік кеңесі туралы заң жобасы парламентке түскен түрінде қабылданатын болса, Қазақстандағы саяси жүйе мен билік құрылымын "көп өзгертеді" деп "ойламайды".
Үмбетәлеиваның пікірінше, жаңа әскери доктрина қабылдағаннан кейін қауіпсіздік кеңесі функцияларын қайта кесіп-пішу процесі жүріп жатыр, өйткені билік транзиті кезінде сыртқы қатерлер де байқалуы мүмкін.
Біреулердің "жалт беріп өзгере бастауы" кәдік қой. Қауіпсіздік кеңесіне конституциялық орган мәртебесін бергісі келіп жатқаны да осы себептен.
— Ал бір жағынан, бұл мемлекеттің қилы жағдайды алдын ала болжап, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қамымен күн ілгері қимылдауға тырысып жатқанын байқатады. Шамасы, ел басшылығы ішкі саяси ахуалға да ықпал етуі мүмкін сыртқы саяси қатерлерге де дайындала беруді ұйғарған тәрізді. Мысалы, терроризм қатері сияқты, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.
"Конституционализм мен демократияны дамыту институты" қоғамдық қоры директоры Мереке Ғабдуалиев заң жобасын "егер транзиттік кезеңде элиталық топтар өркениетті жолмен ортақ келісім жасай алмаса қолданылатын әлдебір "сақтандырғыш тетік құруға талпыныс" деп біледі. Сарапшы пікірінше, қауіпсіздік кеңесі түріндегі тағы бір маңызды мемлекеттік органды биліктің конституциялық жүйесіне кіріктіру тежеу мен тойтарыс беру жүйесін толықтыруды көздейді.
— Билік транзиті кезеңінде кімнің қалай әрекет ететіні әзірше белгісіз. Біреулердің "жалт беріп өзгере бастауы" кәдік қой. Қауіпсіздік кеңесіне конституциялық орган мәртебесін бергісі келіп жатқаны да осы себептен. Егер келесі президент қызметіне кіріскеннен кейін "форс-мажор" жағдай басталса немесе оның алғышарттары байқалса, елбасының (президенттің - ред.) қолында бұл процесті бақылау мүмкіндігі болады, - деп санайды Мереке Ғабдуалиев.
Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов бұл бастаманың мақсаты төтенше жағдай туған кезде президенттің мемлекет істеріне араласуына мүмкіндік беру екеніне сенімді. Дувановтың болжауынша, жаңа заңда Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әскерді қолдану немесе елде төтенше жағдай жариялау сияқты төтенше шешімдерді конституциялық кеңеске жүгінбей қабылдай алатын норма енгізіледі.
— Егер біреулер оған ұнамайтын әрекеттер, мысалы, мемлекеттік төңкеріс жасауға немесе президенттің түсінігіне сай келмейтін әлдебір реформалар жүргізуге тырысса, Назарбаев қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретінде оны тоқтатуға немесе жоюға өкілетті болады, - дейді журналист әрі құқық қорғаушы. – Ал егер денсаулығына байланысты президент функцияларын орындай алмайтын болып, тірі, бірақ науқас халде биліктен тыс болатындай болса, бұл жағдайда конституция оны жағдайды қауіпіздік кеңесі арқылы бақылауында ұстауға міндеттейді.
Дуванов заң қабылданады, өйткені "президент үшін бұл - өмір мен өлім мәселесі" деп болжайды.
НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨМІР БОЙҒЫ ӨКІЛЕТТЕРІ
Тұңғыш президентке Назарбаевтың бастамасымен құрылған әрі мәжілістің (парламентітң төменгі палатасы) тоғыз депутатын сайлау құқығы бар консультативті-кеңестік орган - Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы бұған дейін беріліп қойған.
Президенттік өкілеті аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойына берілетін артықшылықтар конституция мен заңдарда ашып жазылған. Қазақстан конституциясына сәйкес, тұңғыш президент шектеусіз мәрте сайлана алады. Бұл норма Назарбаев "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған 2007 жылы пайда болған.
Фотогалерея: Назарбаевтың 28 жылдық билігі
2010 жылы "Президент туралы" заңға Нұрсұлтан Назарбаевқа қудалаудың кез-келген түрінен қорғану кепілдігін беретін көптеген өзгерістер енгізілген, ал құжаттың өзі "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заң деп атала бастаған. Ол сенат спикері Қасымжомарт Тоқаев, мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов және премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойғаннан кейін күшіне енген. Құжатта Назарбаевтың қолы жоқ.
Тұңғыш президентке өмір бойына ешкімнің тиіспеу кепілдігі берілген. Яғни оны ұстауға, тұтқындауға, тінтуге, тергеуге және жеке басын тексеруге болмайды. Мұндай кепілдік бірінші президенттің бүкіл дүние-мүлкі мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де беріледі. Бұған қоса, бұл кепілдік олар пайдаланатын тұрғын үй-жайлар мен қызметтік ғимараттарға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, алыс-беріс хаттарға, оларға тиесілі құжаттарға, Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің банктегі есеп-шоттарына да қатысты қолданылады.
Тұңғыш президентке өмір бойына ешкімнің тиіспеу кепілдігі берілген. Яғни оны ұстауға, тұтқындауға, тінтуге, тергеуге және жеке басын тексеруге болмайды.
Бірінші президент пен оның отбасы мүшелерін материалдық тұрғыдан қамту, күзету мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын заңда жан-жақты сипатталған. Президент қызметінен кеткен кезде елбасыға қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай, канцелярия мен тиісті техникамен жабдықталған кеңсе беріледі. Бұған қоса, бірінші президент байланыстың бүкіл түрін тегін пайдалана алады, елді көліктің барлық түрімен аралап, тегін емделе алады.
Өкілеті тоқтаған "елбасына" ел президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы, ал президент отбасының әр мүшесіне Қазақстан заңдарында қарттыққа байланысты белгіленген зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады. "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" конституциялық заңға сәйкес, шығындар республикалық бюджеттен төленеді.
2017 жылы Қазақстанда ел билігі кейбір билік өкілеттерін қайта бөлуге және парламент пен үкіметтің рөлін күшейтуге септеседі деп мәлімдеген түзетулер қабылданған болатын. Парламент әлгі түзетулерді екі күннің ішінде қарап, мақұлдап тастаған. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы конституциялық реформаны "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу" мен билікті нақты бөлуді тағы шектеу әрекеті деп атаған.