Семейдің орталық саябағын бір жарым жыл "жөндегендер" нені бүлдірді?

Семей қаласының орталық саябағы. 4 мамыр 2021 жыл.

Cемей қаласындағы екі демалыс паркінің бірі – орталық саябақты қайта жаңғыртуға жүздеген миллион теңге жұмсалды. Үш айда аяқталады деп жоспарланған жөндеу жұмысы бір жарым жылдан бері біткен жоқ. Мұның астарында мемлекеттік келісімшарт беру ережесін бұзу фактісі мен аты аталмаған тұлғалардың өз қызметіне салғырт қарағаны үшін айыпталып, кінәсін мойындап, "өкініш білдіргеннен" кейін кешірімге ие болғаны жайлы оқиға жатыр. Белсенділер бірнеше айға созылған "жөндеу жұмысынан" кейін саябақтың іші астан-кестеңі шығып бүлініп жатқанын айтады.

Қиқы-жиқы төселген, кей тұсы сынып жатқан кеспе тастар, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлына қойылған ескерткіш тұғырынан ұшып кеткен тақтайшалар, күтусіз қалған ағаштар, жан-жаққа шашылған құрылыс материалдары мен әр жерде жатқан қоқыс үйіндісі. 2021 жылы қаңтарда реконструкциядан кейін ашылған Семейдің орталық саябағы осындай күйде болған.

Орталық саябақтағы Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші. Семей, 4 мамыр 2021 жыл.

Бұл көрініс осыған дейін қоғамға таныстырылған әдемі эскиздерге мүлде ұқсамайды.

Не бүлдірдіңдер? Кеспе тастар орнынан жылжып, ойқы-шойқы жатыр, балалар алаңының сиқы кеткен. Кеспе тастар кей жерде сынып жатыр. Балам саябақтың ішінде жүгіріп жүріп, кәріз құдығының қақпағына сүрініп, қасы мен иегін жаралап алды. Ол құлаған жердің дәл қасында шегесі шығып тұрған ағаш жатты, – деп жазды әлеуметтік желіде наразылық білдірген қала тұрғындарының бірі.

Жағдайды түсіндіруге асыққан әкімдік саябақтағы жөндеу жұмысы әлі аяқталмағанын айтты. Сәуірде саябақ қайта жабылды. Шенеуніктер "бұл соңғы рет" деп, саябақты көп ұзамай біржола ашуға уәде берді. Семейде қалған екі демалыс паркінің бірін (екіншісі – Жеңіс гүлзары) реконструкциялау мерзімі осылайша белгісіз уақытқа тағы созылды. Осыған дейінгі жөндеу жұмысының қалай жүргенін ескерсек, бұл хикая осымен аяқталады дегенге сену қиын.

"ШЕБЕР ҚОЛДАР" ҮЙІРМЕСІ

2019 жылы қыркүйекте басталып, үш айдың ішінде "қысқа мерзімде" аяқталады деп жоспарланған жаңғырту жұмысы – жалпы құны миллиард теңгеге жуықтайтын "Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы Ленин көшесін Жамақаев көшесінен Шмидт (Арбат) көшесіне дейін көріктендіру" жобасының бір бөлігі. Жобаға саябақты реконструкциядан өткізуден бөлек, жаяулар жолын салу да кіреді.

Құрылыс жоспары жақсы болатын. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей тұрғындары саябақты мақтан тұтатынын айтып, қаланың бұрынғы әкімі Ермак Сәлімов дизайнерлер мен сәулетшілердің бүкіл қиялы аз уақыттың ішінде шындыққа айналады деп уәде берген.

Бірақ кейін бәрі мүлде басқаша болды. Жергілікті құқық қорғаушы Илья Бароховский саябақтың ашылуы әуелі 2019 жылдың қарашасына, кейін 2020 жылдың мамырына, соңында шілдеге ауысқанын айтады.

– Орталық саябақ ісінде басынан-ақ түсініксіз дүниелер көп болды. Құжаттары да рәсімделмеген болатын. Қала билігі белгілі бір себеппен (ол себептің бюджетпен байланысты екені анық) ақшаны тезірек игеруге тырысты, – дейді Бароховский.

Жұмыс ұзаққа созылған. Құқық қорғаушы саябақ аз уақытқа ашылған кезде құрылыс аумағына кіріп, мониторинг жүргізе бастаған. Ол саябақты жөндеу жұмыстарындағы кемшіліктер бір қарағанда-ақ көзге түскенін айтады.

– 2020 жылы тамызда бірнеше журналиске саябаққа кіруге рұқсат бергенде кеспе тастардың қиқы-жиқы төселгені көзге бірден түсті. Бұл жобаға жүздеген миллион ақша бөліп, кеспе тас сатып алу үшін құны 50 миллион теңге болатын жеке тендер өткізді. Кей тұсында кеспе тастың жартысын пайдаланған. Ағаштарға не болғаны белгісіз. Сараптама жүргізілді деп айтқан, бірақ нәтижесінде жасыл желектің көп бөлігін кесіп тастаған. Бұл жер саябақ болудан қалып, ойын алаңына айналып кеткен. Парк ішінде көлеңке жоқ, – дейді Бароховский.

Дәл осы кемшіліктер саябақтың жақында өткен "қорытынды ашылуы" қарсаңында да байқалған. Бароховский реконструкция кезінде жіберілген қателіктер туралы айтатын дүние көп деп есептейді.

– Ол жақта балаларға арналған ағаштан жасалған нысандар да бар. 2020 жылы жазда ағаштардың жарылып кеткенін байқадым. Әлі пайдалануға берілмей тұрып, қирап жатыр. Саябақта сондай-ақ бос құбырлардан жасалған қос шар түріндегі екі инсталляция болды. Инсталляцияны кәсіби маман емес, темір дәнекерлеумен айналысатын қарапайым адам жасағандай көрінеді. Оған сондай тапсырма берілген. Бұл жұмысқа көп ақша жұмсалуы мүмкін емес. Өйткені инсталляция – әдемі емес. Басқаша айтқанда, саябақ "Шебер қолдар" үйірмесі сияқты әсер қалдырады, – дейді Бароховский.

НАЗАР АУДАРМАУҒА БОЛМАЙТЫН МӘСЕЛЕ

Осылай 2020 жылдың қыс мезгілі келген. Тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Амантай Өтелбаев "күннің суытуына байланысты" саябақтың ашылуы 2021 жылға қалатынын хабарлаған. Қазір қала тұрғындары 1 маусымды күтіп отыр. Семейдің жаңа әкімі саябақ 1 маусымда ашылады деп жариялаған.

Семейдің орталық саябағы. 2020 жылғы қараша. Сурет авторы — құқық қорғаушы Илья Бароховский.

Жергілікті билік органдарында саябақ мәселесіне байланысты дау басталды. 2021 жылы қаңтарда тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы қызметінен босатылған Амантай Өтелбаев саябақтағы реконструкция жұмысының ұзаққа созылуына қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Рафаил Хазиповты кінәлаған. Бұрынғы шенеуніктің айтуынша, депутатқа тиесілі компания кеспе тас жеткізумен айналысқан. Мәслихат депутаты бұл ақпаратты "жалған" деп атап, аталған фирмаға қатысы жоғын, әкімдік материал жеткізген компанияға бес миллион теңге қарыз болып қалғанын айтқан.

Бір қызығы, бұл дауда не депутат, не тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы саябақты реконструкциядан өткізу жобасының негізгі қатысушыларының бірі – ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты қылмыстық-түзету жүйесі мекемелерінің шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық "Еңбек" мемлекеттік кәсіпорнының филиалы "Еңбек Семей" туралы ештеңе айтпаған. 2019 жылы дәл осы компания "Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы Ленин көшесін Жамақаев көшесінен Шмидт (Арбат) көшесіне дейін көріктендіру жобасы бойынша құны миллиард теңгеге жуықтайтын лот алған.

2021 жылы сәуірде үлкен дау-дамайдан кейін саябақ тағы да жабылған кезде тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің жаңа басшысы Руслан Серғазин аудитор тексерісі жүргізілгенін мәлімдеген. Ол тексеру барысы мен нәтижесі туралы ештеңе айтпай, мәселенің жай-жапсарын "келесі аптада" түсіндіруге уәде берген. Бірақ содан бері ақпарат құралдарында бұл тақырыпта ақпарат жарияланған жоқ.

Азаттық Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік аудит департаментіне хат жіберіп, 2019 жылы тендер "Еңбек Семей" компаниясына берілгеннен кейін бірден аудитор тексерісі жүргізілгеніне көз жеткізді. Тексеру кезінде заңбұзушылықтар шығып, аудиторлар мемлекеттік тапсырыстың байқау өткізбей, бір көзден алу әдісі бойынша тікелей келісімшарт жасау арқылы заңсыз берілгенін анықтаған. Мемлекеттік сатып алу туралы заң бойынша, жекелеген жағдайларда бір көзден алу әдісін қолдануға болады, бірақ сот пен аудиторлар бұл тендерде мұндай норма қолданылмауы керек деген қорытындыға келген.

2020 жылы сәуірде сот "Қылмыстық-түзету жүйесі мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарынан сатып алынатын тауар, жұмыс пен қызмет тізімі мен көлеміне сәйкес, көріктендіру жұмыстары бойынша сатып алынатын қызмет көлемі 50 мың теңге деген жылдық шектен аспауы керек, кіші архитектуралық формалар сатып алуға болады" деген қаулы шығарып, келісімшартты бұзған.

Аудит барысында бұл келісімшартты жасау кезінде құны миллиард теңгеден асатын заңбұзушылыққа жол берілгені анықталған.

Семей қалалық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімі сотта келісімшартты бұзбауды сұраған. Бөлімнің атынан сөйлеген өкіл бұл келісімшарт "Еңбек Семей" филиалының қызметін қолдау мақсатында жасалғанын айтқан.

Семейдің орталық саябағы. 4 мамыр 2021 жыл.

Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық департамент Азаттықтың хатына берген жауабында ешқандай дата көрсетпеген, бірақ ведомство Семей қалалық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімі мен "Еңбек" компаниясының ресми тұлғаларына қарсы "өз қызметіне салғырт қарады" деген күдікпен тексеру жүргізгенін, кейін "өтемақы төлеуді қажет етпейтін негіздемелер" бойынша істі тоқтатқанын мәлімдеді. Ведомство "сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайтынын" алға тартып, іс туралы қандай да бір қосымша дерек беруден бас тартты.

Қылмыстық кодекстің департамент сілтеп отырған бабында "Қылмыстық әрекетке барған немесе бірінші рет қылмыс жасаған айыпталушы тұлғасы, кінәсін мойындауы, қылмыстық құқықбұзушылықты ашып, зерттеуге көмектесуі, келген шығыннның орнын толтыруына байланысты босатылуы мүмкін" деп жазылған.

Осыған қарап, қылмыс фактісі анықталған, бірақ айыпталушыларды кінәсін мойындағаны немесе келтірген шығынын өтегені үшін кешірген деп топшылауға болады.

"БІР КӨЗДЕН АЛУ" ӘДІСІ

"Еңбек Семей" филиалының қазіргі басшысы Гимадий Жақыпов – 2020 жылдан бері компанияға келген үшінші басшы. Ол кәсіпорынды саябақты реконструкциядан өткізу және негізгі жұмыстар жүргізу туралы мемлекеттік тапсырыс берілгеннен кейін басқара бастаған. Жақыпов "ұжымдық айып", жобадағы "шикілік" пен "кәсіби біліктіліктің жетіспеуі" туралы айтады. Ол жобаның жүзеге аспау себебін осы дүниелерден іздейді. Жақыповтың дерегінше, қазір "Еңбек Семей" әкімдікпен бірге құрылыс жұмыстарын аяқтап жатыр.

– Мен ешкімді кінәлай алмаймын, мұнымен органдар айналыссын. Компания кінәлі емес, смета, жоба, адамдардан бастап, көп мәселенің жиынтығы себеп болған. Бұл мәселесі көп жоба болды, басынан-ақ қиындықтар кездесті. Кәсіпорын басшысы қызметіне қыркүйек айында келдім. Мен келгенде компания осындай жағдайда болды, бюджетте ақша жоқ, бүкіл қаржы игеріліп қойған. Ешқандай кәсіби біліктілік жоқ. Жобаны өз ісін жақсы білмейтін адамдар бастаған. Мен солай ойлаймын. Қазір қарапайым тұрғын ретінде дәйексіз, өз пікірімді ғана айта аламын. Бұл мәселені құзырлы органдар зерттеуі керек. Тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімі, материал жеткізушілер, әсіресе, кеспе тас жеткізушілер сан соқтырған. Бұл бірнеше мәселенің жиынтығы, бір адам ғана кінәлі емес. Қателік пен кемшілік көп.

"Еңбек Семей" компаниясы 2016 жылдан бері жалпы құны екі миллиард теңгеге жуық тендер алған. Компания алған лоттардың қатарында құрылыс пен көріктендіру жұмыстарынан бастап көлік сату мен көкөніс жеткізуге дейінгі әртүрлі қызметтер болған. Бұл лоттарды бір нәрсе ғана біріктіреді: олардың бәрі "бір көзден алу әдісі бойынша тікелей келісімшарт жасау арқылы" жүзеге асқан.

2020 жылы мемлекеттік сатып алулардың жартысына жуығы дәл осы әдіспен жүргізілген.

Zertteu Research Institute қоғамдық қорында істейтін мемлекеттік сатып алу саласындағы сарапшы Ғалымжан Оразымбет мемлекеттік сатып алудың мұндай әдісінің жемқорлық қаупі жоғары екенін айтады.

– Заңда бұл әдісті қолданған жағдайда техникалық сипаттаманы толық жазу керек деген талап жоқ. Байқау түрінде өтетін лоттардың техникалық сипаттамасына қойылатын талаптар нақты жазылған. Яғни, ол жақта тауар, жұмыс пен қызмет, оның стандарттары көрсетілуі керек. Ал бір көзден алу әдісі бойынша берілетін лоттарға мұндай талап қойылмайды.

Сарапшы мұндай тендерлер сөз байласу арқылы өтеді деген ықтималдылық жоғары екенін, заң бойынша тапсырыс беруші қажет қызмет бағасын үш жеткізіп берушіден сұрауы керегін, бірақ байқау өтпейтін жағдайлар да көп кездесетінін айтады.

– Жеңімпаз алдын-ала анықталады. Кейін ол өзіне бәсекелестер табады: оларға "мен 1000 доллар деп жазам, сен 1100 доллар қой" деп айтады. Бұл тендер беру процесін заңдастыру үшін жасалады. Бәсеке жоқ, лотты нақты компанияларға береді. "Заточканың" (техникалық сипаттаманы тапсырыс берушінің талаптарына нақты бір компания ғана сәйкес келетіндей етіп жазуды білдіретін бейресми термин) анық белгілері байқалатын кездер болады. Біз осы туралы жазғанбыз, бірақ өкінішке қарай, бұл назардан тыс қалды. Ең үлкен мәселе – жауапты органдар тарапынан бақылау мен реакцияның болмауы.

Семей қаласы орталық саябағының қазіргі көрінісі. 4 мамыр 2021 жыл.

– Бұл Қазақстан үшін қалыпты жағдай. Бізде айталық, "су құбырына ақша бөлінді, бірақ жұмыс істемейді, іске қосу үшін тағы да ақша керек" деген даулар жиі кездеседі. Бір бюджет бекітілгеннен кейін жұмысты жақсы деңгейде жүргізу үшін тағы да сол көлемде немесе одан үш есе көп ақша керегі белгілі болады. Яғни басында, бағалау кезінде қателік кетеді. Неге бұлай болады? Біріншіден, кәсіби біліктілік деңгейі күрт төмендеп кеткен, екіншіден, жекелеген жағдайларда жемқорлыққа жол беріледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Саяси ерік-жігер керек". Қазақстан жемқорлық шырмауынан қайтсе құтылады?"Саяси элитамен байланысын ескереді". Қазақстандағы жемқорлықпен күрестің ерекшелігіБурабайдағы "депутат қалашығы". Шенеуніктер ұлттық парк жерін сатуға дәнігіп алды