"Шорнақта мұндай жанжал бірнеше рет болды". Ерегескен екі жақ, ауыл имамы және әкім не дейді?

Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл ауылына кіретін көше басына қойылған блокбекет. Түркістан облысы. 27 шілде 2020 жыл.

Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы қазақтар мен өзбектер тұратын Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл ауылындағы жанжал басылғанымен, полиция әлі күзеті тұр. Тұрғындар қазақ және өзбек жастарының арасындағы төбелес жыл басынан бері бірнеше рет қайталанғанын айтады. Мұны жергілікті билік жоққа шығармайды. Бірақ оқиғаның "ұлтаралық сипаты жоқ, тұрмыстық жанжал" дейді. Азаттық тілшісі Шорнаққа қайта барып, оқиғаның жай-жапсарын, ауылдың қазіргі жай-күйін біліп қайтты.

21 шілдеде Қосмезгіл ауылында қазақ және өзбек жастарының арасында жанжал болды. Тұрғындардың сөзінше, бұл жанжалған ауылдағы екі жастың бір-бірінен сіріңке сұрағаннан шыққан. Ерегескендердің соңы бірі түн ауа екіншісінің үйіне тас лақтырып, жаппай төбелеспен аяқталған. Кейін төрт адам ұсталды, оның екеуі Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды. Бірнеше үй мен көлік бүлінген. Түнгі оқиға кезінде үш тұрғын, бір полицей жараланды. Бір адамның жағдайы ауыр, көзіне зақым келген. Әлі күнге жансақтау бөлімінде емделіп жатыр.

Билік оқиғаға нақты не түрткі болғанын ашып айтпады. Елдің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тек "желіде арандатушылыққа шақырғандарға" қатысты тергеу басталғанын, төбелескен екі тараптан да адамдар ұсталғанын айтты.

"ТӨБЕЛЕСКЕН ІНІМДІ ӨЗ ҚОЛЫММЕН ПОЛИЦИЯҒА ТАПСЫРДЫМ"

Жергілікті билік пен ішкі істер министрлігі Шорнақ ауылдық округі, оның ішінде жанжал болған Қосмезгіл ауылында жағдай тұрақталды дегенімен ауылға кіретін барлық көшеге қойылған блокпост әлі алынбаған. Арнайы жасақ пен полиция ауылды күзетіп жүр. Полиция көлігі орталық көшелермен жиі жүріп өтеді. Ауылда топтасып жүруге, түнгі сағат тоғыздан кейін көшеге шығуға тыйым салынған. Облыс әкімдігі ауылда полициямен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді.

Қосмезгіл ауылындағы орталық көшесінің бірінде жүрген полиция көлігі. Түркістан облысы. 28 шілде 2020 жыл.

Күндіз бірді-екілі адам болмаса, сыртта жүрген адам әлі де аз. Көбі ауласында не қақпасының алдында жүр. Олардың өзі сөйлесуге, мән-жайды айтуға құлықсыз. "Бала-шағамыз үшін алаңдаймыз, айта алмаймыз" дейтіндер де бар.

Алмас Төлбасиев – қамауға алынған күдіктілердің бірі. Ағасы Олжас Төлбасиев "інімді өз қолыммен полицияға тапсырдым" дейді. Сөзінше, оқиғадан соң ата-анасының қан қысымы көтеріліп, ауырып қалған.

– Әкемнің мінезі қатал. Інім жақында үйленген, бөпесі бар. Түркістанда жұмыс істейтін. Түнде жұмыстан келе жатқанда алдынан шыққан жігіттерден сіріңке сұраған. Сіріңке сұрағаны үшін олар боқтаған. Сөйтіп сөзге келіп ерегесіп, топ болып төбелескен. Есін жиған соң әкемнен қорқып, анамның жүрегін ауыртпайын деп егіндік басына кетіп қалған. Егіндікке барып, өз қолыммен полицияға тапсырдым. Қалай болды, шыныңды айт дедім, – дейді ерегескен жігіттің ағасы.

Қосмезгіл ауылындағы орталық көшесінің бойында отырған полиция қызметкері. Түркістан облысы. 28 шілде 2020 жыл.

Олжас Төлбасиев "бұл – ұлтараздық емес жеке мәселе" екенін айтады. Сөзінше, оқиға аяқталған соң әлдебіреу түсініспеушілікті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Оны көрген жұрт түсінбей, арандаған.

– Жан-жақтан жігіттердің жиналғаны содан, – дейді ол.

"АНА РЕТІНДЕ ЖҮРЕГІМ ШЫДАМАЙ ОТЫР"

Ауыл ішінде Алмас Төлбасиев сіріңкені Қызыләскер мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Ифтихор Жумадуллаевтан сұрағаны айтылады. Ауылға келген топ оның және мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беретін ағасының үйіне тас атқан. Бүлінген үйлер мен үй ауласына кіргізіп қойған көліктерді қазір де арнайы жасақ пен полиция күзетіп отыр.

Қосмезгіл ауылында жанжал кезінде терезесі сынған үйлер маңында тұрған полиция көліктері. Түркістан облысы. 27 шілде 2020 жыл.

Ифтихор Жумадуллаев пен оның ағасы жанжал кезінде жарақаттанған. Ағасы ауруханада емделіп жатыр, ал өзі тергеуге барып жүр. Кейде бүлінген үйіне келеді. Сынған қолы байлаулы, мойнына жіппен асып алған. Жақындарынан басқа адамдармен сөйлесуге құлықсыз.

Ифтихор Жумадуллаевтың анасы зейнеткер Жамила Жумадуллаева жанжал болған түнді қорқынышпен еске алады. Оның сөзінше, төрт баласы бар. Бәрі отбасылы. Түн ауа екі баласының үйіне белгісіз біреулер тас лақтырғанына қапалы.

– Ер азаматтардың арасында келіспеушілік болған шығар. Мен ана ретінде жүрегім шыдамай отыр. Екі баламның қолы, мұрны сынған. Інілеріне көмекке барған үлкен ұлымды қамап қойды. Не үшін? Әділдік қайда? – дейді ол ашуланып.

Қосмезгіл ауылында жанжал кезінде терезесі сынған үйлердің бірі. Түркістан облысы. 27 шілде 2020 жыл.

Зейнеткердің айтуынша, төрт баласынан туған 18 немересін бір үйге жинап отыруға мәжбүр.

– Біз мұны ұлттық араздық демейміз. Сырттан іріткі салып отыр. Тұрмыстық жанжал болғаны рас. Осыған дейін де мұндай жанжал ауылда болған. Бәрін жасырып жауып келді. Арамыздан бір ақымақ шығып, видеоны жариялап бүкіл республиканы дүрліктірді. Төбелескен балалардың ата-аналары келсе, кешірім береміз, – дейді зейнеткер.

АУЫЛ МЕН МЕКТЕП АТАУЫН ӨЗГЕРТУДЕН ШЫҚҚАН ДАУ

Ауыл тұрғындарының кейбірі қазақ және өзбек жастарының арасындағы келіспеушіліктер ауыл мен мектеп атын өзгерту кезінен бері ушыққанын айтады. 4 жыл бұрын ауыл атауы "Қосмезгіл" деп өзгертілген. Оның алдында "Қызыләскер" деп аталған. Бірақ ауылды "Сунақ" деп те атайтындар да бар.

– Тұрғындардың арасында ауылдағы мектептің атын "Сунақ" деп өзгерсек дейтін адамдар бар. Бірақ жергілікті қазақтар мектеп атын "Сунақ" не "Сығанақ" деп атауға қарсы, – дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан тұрғын.

Қосмезгіл ауылында есек арбаға мініп жүрген балалар. Түркістан облысы. 27 шілде 2020 жыл.

Ауыл ішінде қазақ және өзбек жастарының топ-топ болып төбелесуі жиілегенін ауыл ақсақалы Сунақ мешітінің имамы Төрехан Әбдіразақов та жоққа шығармайды. Оның айтуынша, бұл – жыл басынан бергі "үшінші жанжал".

– Бұған дейін мұндай келіспеушіліктерді ақсақалдар өзара шешіп, екі жақты татуластырып келген. Бұл жолы олар хабарсыз қалған. Ертеңіне "ауылды өртейді екен" деген сөз шығып үрей басқан, кейбір отбасылар туыстарының үйіне кетті. Ауылда сунақтардың (Қазақстанның оңтүстігіндегі болған Сығанақ қаласының ежелгі тұрғындарынан шыққан этникалық топ – ред.) тұратыны рас. Сунақ дегеніміз Сығанақ қаласының ескі атауы ғой. Ауылды "Сунақ" деп атау ұсынылған. Бірақ қойылған жоқ. Мектептің де атын өзгертуге ұсыныс берілген. Ономастика [комиссиясынан] жауап енді болады, – дейді ол.

Қосмезгіл ауылындағы орталық көше. Түркістан облысы. 28 шілде 2020 жыл.

Шорнақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нышанкүл Жұманова да қазақ және өзбек жастарының арасында бұдан бұрын да төбелес болғанын, оны шешуге облыс шенеуніктері де араласқанын растайды. Бірақ мұны "ұлтаралық сипатта" емес "тұрмыстық жанжал" екенін айтады.

– Бұдан бұрын қазақ және өзбек жастарының арасында жанжал болған. Мектепте оқитын оқушылар төбелескен. Кейін облыстан ішкі саясат басқармасының, Кентау қаласы әкімдігінен және облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың, құқық қорғау органынан, прокуратурадан адамдар келіп жиналыс өткізген. Содан кейін тынышталған еді. Ауылдың атауын өзгерткен соң мектептің де атауын өзгерту туралы мәселе көтерілген еді. Мектеп ұжымы Сығанақ деп атауды ұсынған. Жақында генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің есімін беру жайы қозғалды. Енді ономастика комиссиясының шешімін күтеміз, – дейді шенеунік.

Шорнақ ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нышанкүл Жұманова. Түркістан облысы. 28 шілде 2020 жыл.

Әкімнің айтуынша, Қосмезгіл ауылында бес мыңнан аса адам өмір сүрсе, олардың үш жарым мыңға жуығы – ұлтын өзбек деп жаздырған сунақтар.

– Олардың ауылда өмір сүріп жатқанына бірнеше ғасырдан асты. Кейбіріні ауылды "Қосмезгіл" емес "Сунақ" ауылы деп атауының себебі осыда, – дейді ол.

Ресми дерек бойынша, Шорнақ ауылдық округіндегі төрт ауылда 12 мыңнан аса адам өмір сүреді. Тұрғындардың барлығы дерлік егін және мал шаруашылығымен күн көреді. Төрт мектеп, екі мемлекеттік балабақша бар. Қосмезгіл ауылындағы алты жүз балаға шақталған Қызыләскер аралас мектебінде 1300-ден аса бала үш ауысыммен оқиды.

Қазақстан билігі елді "жүзден астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан мекен" деп жиі айтады. Бірақ елде жергілікті қазақтар мен өзге ұлт өкілдері арасында кикілжіңдер ара-тұра болып тұрады. Биыл 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы төбелестен 11 адам қайтыс болған. Қазір осы оқиғаға байланысты елуден астам адам жауапқа тартылып жатыр.

Үкімет мұндай жағдайлардың барлығын "тұрмыстық жанжал" дейді және мұндай жанжалдарға "арандатушыларды" айыптайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Бірнеше азамат жараланған, 80 адам ұсталған. Шорнақта не болды?