"Қатерлі ісікпен күресуіме жігер берді". Саябақта ән салатын Ботагөздің әңгімесі

Ботагөз Аймұханова күнделікті кешке "Кең баба" саябағына барып, ән салады. Осы өнері өмірге құштарлығын оятып, қатерлі ісік дертімен күресуге жігерлендіретінін айтады. Шымкент, 23 тамыз 2022 жыл.

Ботагөз Аймұханова әнші болуды бала күнінен армандапты. Бірақ анасы қарсы болған соң амалсыз басқа саланы игеріп, біраз жыл тұрмыс техникасын жөндеумен айналысқан. Бір жыл бұрын дәрігерлер қатерлі ісік диагнозын қойғанда 44 жастағы Ботагөз бала кездегі арманын іске асыруды ұйғарады.

Шымкенттегі "Кең баба" саябағы. Кешкі сағат сегіздің шамасы. Саябақта баласын ойнатып, серуендеп жүрген адам көп. Айнала у-шу, үлкен-кіші жарыса мінетін аттракциондардың ортасындағы ашық алаңда орамал тартқан орта жастағы әйел ауыр колонкаларды орналастырып, музыка аппаратурасын құрып жатыр. "Бір-екі, бір-екі" деп, микрофонын тексереді.

Бұл – Ботагөз Аймұханова. Ол бір айдан бері тұрақты жұмысына айналған кезекті "концертін" бастауға дайындалып жатыр. Бір жыл бұрын дәрігерлер Ботагөздің омырауынан қатерлі ісік тапқан. Дерт әйелді әп-сәтте кәсібінен айырып, өмірін түбегейлі өзгертті.

Бірақ Ботагөз ұзақ емнен кейін еңсесін көтеріп, күнкөріске ақша табу үшін саябаққа жұмысқа шықты. Содан бері аптаның алты күні кешкі сегізден түнгі он бірге дейін саябақта ән салады.

Your browser doesn’t support HTML5

«Өнерім екінші өмір сыйлады». Қатерлі ісікпен ән айтып күресіп жүрген Ботагөз

ҚОРҚЫНЫШТЫ ДИАГНОЗ

Бұл саябақта адам көп жүреді. Бірақ Ботагөздің айналасында қаумалап тұрған көрермен жоқ. Әрі-бері өткен адамдар сәл аялдап, видеоға түсіріп, ән тыңдайды. Кейбірі әншінің кім екенін білгісі келгендей, банк картасының нөмірі жазылған тақтайшаға үңіледі.

Ботагөз француз әншісі Клоди Фритш-Мантроның "Вояж, вояж" әнін шырқағанда бірнеше адам жақындап, аз уақыт тапжылмай тұрып қалды. Мұнан соң кезек қазақша әнге келді: "Құралай", "Туған жер", "Қой, күрсінбе".

Ән салғанда Ботагөз айналасын мүлде байқамайтын сияқты: бірде шыр айнала билейді, бірде көзін тарс жұмып, әннің әр сөзін беріле орындайды.

Ботагөз әнші болуды бала кезден армандаған. Музыкалық білім алуды да бастағанымен оны аяқтамаған. Анасы "өнер әйелді теріс жолға түсіріп жібереді" деп, қызының сахнаға шықанын құптамапты.

– Одан кейін қолға ілінген жұмыстың бәрін істедім: құрылысқа бардым, қара жұмысқа араластым, базарға да шықтым, – дейді Ботагөз.

Әнге деген сүйіспеншілігі Ботагөзді 27 жасында өнермен қауыштырды: ол мейрамханаға әнші болып жұмысқа тұрады. Салған әні қонақтарға ұнағанымен, жұмыс графигі жайсыз болып, әншіліктен біржола қол үзген.

– Бала күнімде техникаға жақын едім. Велосипедімді өзім жөндеп алатынмын. Үйде отырып, ақшадан тарыққан кезде тұрмыс техникасын жөндеуге тапсырыс ала бастадым. Клиент көбейген тұста Нұр-Сұлтаннан кеңсе жалдап, шеберхана аштым. Тағы бір кісіні жұмысқа алдым.

Былтыр шілдеде Ботагөз COVID жұқтырып алады. Кейін омырауы сыздап ауыра бастайды. Бірден дәрігерге қаралған. Ұзақ тексеріліп, қазан айында дәрігерлер оған карцинома – сол жақ омыраудың қатерлі ісігі деген диагноз қойған.

– Біраз уақыт диагнозыма сенбей, уақыт өткізіп алдым, – дейді Ботагөз. – Биыл қаңтарда ес жиып, Шымкенттегі ініме келдім. Осындағы онкология орталығында тағы тексерілдім. Диагнозым расталды.

Биыл ақпан-маусым айларында Ботагөз сегіз рет химиотерапия алған. Осы уақыт ішінде аурухана мен інісінің үйін кезек паналап, келінінің қарауында болған. Аурумен арпалысып жүргенде бұрынғы кәсібі тоқтап қалады. Ботагөз бүкіл техникасын сатып, шеберханасын жауып тастайды.

Бөтен қалада бірнеше ай емделіп жүргенде жиған ақшасы таусылады. Інісі мен келініне салмақ салмай, бөлек тұрайын десе, пәтер жалдауға мүмкіндік жоқ. Шымкентте бұрынғы кәсібін қайта қолға алуға да біраз қаржы керек. Қара жұмысқа денсаулығы жарамайды. Биыл шілдеде медицина комиссиясы Ботагөз Аймұханованы бірінші топ мүгедегі деп танып, еңбекке жарамсыз деген анықтама берген.

ДЕРТПЕН КҮРЕС

Дәрігерлер әйелге "Бұл ауруды жеңу үшін оны ұмыту керек. Шығармашылықпен, жақсы эмоция сыйлайтын сүйікті іспен айналысып көріңіз" деген кеңес береді.

– Ұзақ ойланып, бала кездегі арманымды орындаймын деп шештім, – дейді Ботагөз.

Ол қажет техника, аппаратура мен микрофонды қарызға алып, шілдеде Шымкенттегі "Север" сауда орталығы алдына ән салуға шығады. Алдына "Қатерлі ісікпен ауырамын, ем-домға ақша жинап жүрмін" деген жазуы бар тақтайша қояды.

– Дәрігерлер "Химиотерапиядан кейін ота жасауымыз мүмкін" деп ескертті, – дейді Ботагөз. – Ауру адамға ақылшы көп екен, таныстарым мен туыстарым "Отаны шетелде жасатқан дұрыс, Түркияда жақсы ауруханалар бар" деп айта берген соң, басқа мемлекетке барып емделемін деп ойладым.

Ботагөздің даусына тәнті болып, емделуіне көмектескісі келгендер азды-көпті ақша сала бастаған. Кейбірі алғыс айтып, тілекші болған.

"Север" – қаладағы халық көп жүретін аудандардың бірі. Мұнда тұрғын үй, сауда және тамақтану орны көп. Бір аптадан соң Ботагөзді сондағы сатушылар "елдің мазасын алдыңыз" деп қуып жіберген. Осыдан соң Шымкенттегі Арбат деп аталатын алаңға барады. Ол жақта да ұзақ тұрақтай алмайды. Кейін "Кең баба" саябағына барып, парк әкімшілігінен күнделікті өнер көрсетуге рұқсат алған.

Ботагөз күнделікті ән салып тапқан табысынан музыка аппаратурасының қарызын төлейді, қалғанын пәтер ақысына, киім-кешек пен тамаққа жаратады. Шымкент, 23 тамыз 2022 жыл.

– Мен осында ән сала бастағалы саябаққа келушілер де көбейді, – дейді Ботагөз. – Бірнеше рет онкология дертімен ауыратын, эпилепсияға шалдыққан науқастар келіп, әнімді тыңдап кетті. "Ауруымызды ұмытып, бой жазып қалдық" деп риза болды. Қазір тұрмыс қиын ғой. Ел-жұрт шаршап, жүйкесі тозып жүреді. Бәрінің мойнында несиесі бар. Әнімді тыңдаған адам тынығып, сергіп қалады. Мақсатым да осы – халыққа жақсы көңіл-күй сыйлау.

Ботагөз ән салып жүргенде денсаулығы түзеліп, ауруын ұмыта бастағанын айтады.

– Қатерлі ісігі барлар мені түсінетін шығар. Рак дертіне шылдыққандар үнемі өлім туралы ойлап жүреді. Кейінгі алған химиотерапиядан кейін шашым мен тісім түсіп, әл-дәрменім кетіп, біреудің сүйемелдеуінсіз жүре алмайтынмын, – дейді Ботагөз. – Бірақ көшеге шығып, ән салуды бастағалы бері біртіндеп ауруды ұмыта бастадым. Бір айдан бері омырауым да мазамды алмайтын болды. Осылайша бала кездегі арманым маған екінші өмір сыйлады.

Ол бірнеше күн өнер көрсетіп, ән шырқау және оған дайындалу жанына ләззат бергенін, қатерлі дертпен күрескен бір жыл ішінде алғаш рет бойына қан жүгіріп, өзін сау адамдай сезіне бастағанын түсінгенде әншілікті тұрақты кәсібіне айналдырған.

Ботагөз аудандық салық комитетіне барып, бұрынғы жеке кәсіпкерлігіндегі қызмет түрін "электроника жөндеуден" "концерт қоюға" ауыстырған. Қазір күнделікті ән салып тапқан табысын электронды касса қосымшасына тіркеп отырады. Осылайша мемлекетке салық төлеп, заңды жұмыс істейді.

– Салық комитетіне барып, "көшеде ән саламын, салық төлеуім керек, кәсіпкерлік түрін өзгертіп беріңіз" дегенімде, бәрі таңғалды, – дейді Ботагөз күліп.

ӘН ТЕРАПИЯ

Ботагөз әр кешке ерекше дайындалады. Оның репертуарында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған түрлі жанрдағы үш жүзден аса ән бар. Күнде жан қалауына қарай жаңа плейлист дайындайды.

– Бұл – таза еңбек. Қазір ән салып нәпақа тауып жүрмін, сондықтан жұмысымды жақсы атқаруым керек. Сол үшін күні бойы дайындаламын. Репертуарды жаңартып отырмасаң, тыңдарман жалығып кетеді. Бір күні ретро, ертеңіне 90-жылдардағы әндерді, үшінші күні батыс хиттерін, одан кейін қазақ музыкасын таңдауға тырысамын, – дейді ол.

Ботагөз Аймұханова "Кең баба" саябағында ән шырап тұр. Шымкент, 23 тамыз 2022 жыл.

Қазір Ботагөз бауырының үйінен бөлек шыққан, жалға алған пәтерде тұрып жатыр. Күнделікті табысынан аппаратураның қарызын төлейді, қалғанын пәтер ақысына, киім-кешек пен тамаққа жаратады.

Кеш соңында Ботагөз шотына түскен 5 мың теңгені онлайн касса қосымшасына тіркеп жатты.

– Жас кезімде 40-тан кейін өмір қызықсыз ғой деп ойлайтынмын. Енді 44 жасымда арманыма жаңадан қадам басып келе жатырмын. Бәрі – халықтың арқасы, – деді Ботагөз. – Қазір әр күніме қуанамын. Көрген қиындықтарымнан кейін өмірдің қадірін түсіндім. Ендігі арманым – аурудан жазылып, танымал әртіс болып, үлкен сахнаға шығу. Ақша тауып, химиотерапиядан кейін түскен тістерімді емдеткім келеді.