Ақжар тұрғындары "құрттаған су ішуге мәжбүр"

Ақжар ауылына су әкелген сәт. Шымкент қаласы, 22 қазан 2018 жыл

Шымкент түбіндегі Ақжар ауылының тұрғындары "құрттаған су ішуге мәжбүрміз" дейді. Жергілікті билік Ақжардан бөлек тағы жеті ауылда ауызсу жоқ екенін айтады. Шымкенттегі ауызсумен қамтылмаған ауылдарда жалпы саны 70 мың адам тұрады.

Шымкент қаласы маңындағы Ақжар ауылының тұрғындары ауызсуға жете алмай отыр. Тұрғын саны бес мыңнан асатын ауылдағы әр үйдің өз құдығы болғанмен суы ішуге жарамсыз. "Ондағы ащы су кір жуып, егін егуге де жарамайды" дейді тұрғындар.

Ақжар ауылындағы әр үйдің өз құдығы болғанмен суы ішуге жарамсыз

Ауыл тұрғындарының бірі Асқар Сауылбаевтың айтуынша, бұған дейін ауыл азаматтары жергілікті билікке су мәселесін айтып шағымданған. Бірақ нәтиже болмапты. Құдық суы жарамағандықтан тұрғындар қазір ауыл маңына дейін құбырмен тартылған артезиан суын тасып ішіп отыр.

- Мына артезианның қазылып, жасалғанына елу шақты жыл болды. Одан шыққан су ішуге жарамайды. Сонда да ішіп жатырмыз. Амал жоқ, басқа қайдан аламыз? Біреу әкеп бермейді ғой, - дейді Асқар Сауылбаев.

Your browser doesn’t support HTML5

"Бір қасық таза су ішпедім"

"CУ ТҮБІНЕН ҚҰРТ ШЫҒАДЫ"

Ауыл тұрғындары "су тасып ішеміз" деген артезиан құбырына Азаттық тілшісі де барып көрді. Ауыл зираты жанындағы жуан құбырдан су тоқтамай ағып тұр. Жан-жағы батпақ, қоқыс. Жағымсыз иіс шығады. Әр жерде малдың тезегі жатыр.

Ауыл тұрғындары су тасып ішетін артезиан құбырының маңы

​Тұрғындардың бірі суды - көлікпен, тағы бірі қоларбаға салып тасып бара жатыр. Суға арналған ыдыстардың ішінде 50 литрлік бак та бар, бес литрлік пластикалық бөтелке де кездеседі. Су тасып жүргендердің көбі - балалар.

Су тасып жүрген ер адам және оның балалары. Ақжар ауылы. 22 қазан 2018

Су алу үшін тұрғындар кезекке тұрады. Өмір бойы Ақжар ауылында тұрып келе жатқанын айтқан 74 жастағы зейнеткер Тамара Батырова тозығы жеткен құбырдан аққан суды көрсетіп "дәрігерлер бұл суды ішуге болмайды" деп ескертті дейді.

- "Микроб көп" деді. Осы судың кесірінен қазір ауырып жүрмін. Бүйрегіме тас жиналған. Дәрігерлер "судан" деді. Десе де не істейміз, ішпегенде қайда барамыз? - дейді Тамара Батырова Азаттық тілшісіне.

Ақжар ауылындағы су тасып бара жатқан балалар. Шымкент, 22 қазан 2018 жыл

Ауыл тұрғыны Нұрлан Ибрагимов су түбінен ұсақ құрттар шығатынын айтады.

- Жерден жылы су шығып тұр. Бір-екі жыл болды, суды тұндырып қойсақ, түбінен майда-майда он шақты құрт шығады. Бетіндегі суды алып, құртын төгіп тастаймыз. Суды мына жерден аламыз. Кешке сиырлар келіп су ішеді. Өзге мал да осы жерден су ішеді. Батпақты қараңыз, талай бала түсіп те кетті сол батпаққа. Адам ішетін су болған соң жан-жағын тазалап, қоршап қоюға болады ғой, - дейді ол налып.

Ақжар ауылында су тасуға келген бала. Шымкент қаласы, 22 қазан 2018 жыл

Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауызсу мәселесінің шешілмей келе жатқанына 20 жыл болған. Ұзақ жылдар бойы облысқа қарап келген ауылдың Шымкент қаласы аумағына қарағанына екі жыл болған. Тұрғындар тым болмағанда осы өзгеріс ауылдағы су мәселесін шешіп беретін шығар деп үміттенеді.

ШЫМКЕНТТЕГІ СЕГІЗ АУЫЛДА СУ ЖОҚ

Жергілікті әкімдік Ақжар ауылында ауызсу жоқ екенін біледі. Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамангөзов қалада барлығы сегіз ауыл ауызсусыз отырғанын айтады.

Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамангөзов. Шымкент, 22 қазан 2018 жыл.

- Қала тұрғындарының 93 пайызы ауызсумен қамтылған. Қалған жеті пайызы, яғни сегіз ауыл, атап айтқанда, Ақжар, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Жаңа Тұран, Тұран, Айкөл, Асар-2, Ақтас-2 ауылы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Онда 70 мыңнан аса халық өмір сүреді. Бұл ауылдарда піспек (су колонкасы) пен құдық бар, - дейді шенеунік.

Нұрлан Жамангөзовтің айтуынша, Ақжар, Айкөл, Тұран ауылына орталықтандырылған ауыз су жеткізу үшін құрылыс жұмыстары басталған. Қалған ауылдарға су жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасауға қаржы бөлінген.

- Ақжар ауылы қаланың аумағы кеңейтілген кезде Төле би ауданынан бізге қосылды. Қалған ауылдарда магистральды су құбыры болмағандықтан су тартылмаған болатын. Ауыз су жоқ ауылдарға қажеттілік туындаған жағдайда су таситын көлікпен тегін су жеткізіп жатыр. Ешкімнен ақша алынбайды, - дейді ол.

"ТЕГІН СУ ТАСЫМАЛДАЙДЫ ДЕГЕНДІ ЕСТІМЕДІМ"

Бірақ әкімдік өкілінің кейбір сөздерін тұрғындардың кейбірі жоққа шығарады.

- Бізге газдан бұрын су керек еді. От жағып күн көруге болады, ал ауыз сусыз қалай өмір сүруге болады? Құбыр тартылып жатыр, ол қашан бітетіні де белгісіз. Өмір бойы осы ауылда тұрып, тегін су тасымалдап береді дегенді естімеппін. Сол судан бір қасық су ішпеппін, - дейді ауыл тұрғыны Төлбасы Ниязов.

Ақжар ауылының тұрғыны Төлбасы Ниязов. Шымкент, 22 қазан 2018 жыл

Қала аумағына кіргенімен, Ақжардан қайнап тұрған қала тіршілігі байқалмайды. Қала орталығынан 40 минуттық жерде орналасқан ауылға Шымкенттен жалғыз қоғамдық көлік жүреді.

Ақжар елді мекеніне қатынайтын қоғамдық көлік. Шымкент, 22 қазан 2018 жыл

Бірақ кейбір тұрғындардың айтуынша, елді мекен Шымкент аумағына өткеннен бері аз да болса ауыл тіршілігіне жан біте бастаған. Қаладан қоғамдық көлік қатынап, қоқыс тазаланатын болған. Газ тартылып, орталық екі көшеге асфальт төселіпті. Ауыл аумағының кеңейіп, тұрғындар саны артып жатқанын жаңадан салынып жатқан жеке тұрғын үйлердің көптігінен де байқауға болады.

Ақжар ауылының орталық көшесі. Шымкент қаласы, 22 қазан 2018 жыл

Дегенмен орталық көшелеріне асфальт төселгенімен ойдым жерлері көп. Асфальт жоқ жерлерге тас төселген. Топырақ жолдар да бар. Жалғыз мектептің маңында ғана шамамен 100 метрге жететін тротуар бар. Жол бойындағы электр бағаналары ескі - қарайып қисайып тұр. "Ең бастысы - су мәселесі шешілсе" дейді тұрғындар.

Ақжар елді мекеніндегі көшелердің бірі. Шымкент, 22 қазан 2018-жыл

Әкімдіктің дерегінше, Ақжар тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін су жүйесі құрылысына 302 миллион 333 мың теңгеге жобалық смета құжаттары дайындалған. Құрылыс жұмыстарын "Содбис-Строй" компаниясы жүргізіп жатыр. Жоба келесі жылға дейін аяқталуы тиіс.