"Қоғам мүддесін шетке сырып". Мемлекеттік сатып алу саласы жемқорлықтан қайтсе арылады?

Көрнекі сурет.

Қазақстанда жергілікті атқарушы билік желіде байқау жариялап, жекеменшік кәсіпкерлерден тауар, жұмыс пен қызмет түрін сатып алатын мемлекеттік сатып алу саласы – жемқорларға таптырмас табыс көзі. Мемлекет басшылығы бюджет қаржысын «орынсыз» жұмсауды тиюға үндеп жатқанда белсенділер, журналистер мен блогерлер мемлекеттік сатып алуды назарға алып, мемлекеттік органдардың мақсатсыз жұмсаған шығынын анықтап жатыр. Олар азаматтарды салықтан жиналған қаржының қайда жұмсалғанын бақылауда белсенділік танытуға үндейді.

16 наурыздан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен коронавирус пандемиясына байланысты "мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнаулы тәртібі" енгізілді. Бұл шенеуніктерге (тапсырыс берушілерге) жергілікті жерде байқауды "бір жерден сатып алу" әдісімен жүргізіп, өздері таңдаған кез келген компанияға шақырту жіберуге мүмкіндік береді. Мұндай ерекше әдіспен сатып алу шартына тек отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер ғана отыра алады. Шенеуніктер қазынадан миллиардтаған теңгені қайда жұмсап жатқанын мемлекеттік сатып алудың жаңа тәртібі толық сипатталған www.goszakup.gov.kz/kz/ сайтынан көруге болады.

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ

Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік сатып алу саласынан бюжетке жүздеген миллиард теңге шығын келтірген мыңдаған заңбұзушылық анықталады.

Көп кездесетін жемқорлықпен байланысты заңбұзушылықтарға сатып алатын тауар не қызметтің бағасын көтеріп жазу және тендер мен байқауға шенеуніктермен байланысы бар адамдарды қатыстыру жатады.

Мысалы, Нұр-Сұлтанда қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің дерегінше, шенеунік "Наурыз мерекесіне орай іс-шаралар өткізу қызметін ұсынған компаниямен 195 миллион теңгеге жасалған келісімшарт бойынша қамқорлық көрсеткені үшін" 10 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Биыл наурыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі Есіл аудандық соты "Бейбітшілік және келісім сарайы" мемлекеттік-коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бұрынғы бас директоры Әділ Арынды сегіз жылға түрмеге жауып, өмір бойына мемлекеттік қызметке тұру құқығынан айырды. Сондай-ақ сот осы мекеменің ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің басшысы Айдос Исахановты жеті жылға колонияға жіберіп, Арынның орынбасары Николай Цойды өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырып, бостандығын үш жыл алты айға шектеді.

Қазақстан астанасындағы Бейбітшілік және келісім сарайы.

Тергеу қорытындысына сәйкес, 2017 жылдың соңында олар мемлекеттік кәсіпорынға өздерімен байланысы бар фирмадан шынайы бағасы 11,5 миллион теңге тұратын LED-экранды 32 млн 778 мың теңгеге сатып алған. Сот үкімінде шенеуніктердің бюджеттен 21 миллион теңгеден астам қаржы жымқырғаны айтылды. Тергеушілер Арын "балаларға арналған жаңа жылдық мерекелік шараны безендіру" қызметін де қымбат бағаға сатып алып, үстінен тағы екі миллион теңге пайда көрген дейді.

Осыған ұқсас тағы бір заңбұзушылықты биыл сәуір айында әлеуметтік желі қолданушылары анықтаған. Олар Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы жариялаған медициналық маска жеткізу жөніндегі байқауда гүл жеткізумен айналысатын фирма жеңіске жеткеніне назар аударған. Жемқорлыққа қарсы қызмет құны 5,4 миллион теңге болатын келісімшартты тексеру кезінде масканың бағасы әлдеқайда қымбат көрсетілгенін анықтаған. Ол кезде дүкенде маска 800 теңгеден сатылған. Ал келісімшартта оның бағасы 1350 теңге деп көрсетілген. Тауар жеткізуші компаниямен жасалған келісімшарт бұзылды.

Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдың бірінші тоқсанында ведомство 11855 процедура бойынша құны 191 миллиард теңге болатын заңбұзушылықты анықтаған. Салыстыра кетейік: биылғы қаңтар айында Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу саласында 39 миллиард теңгеге бағаланған қаржылық заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлаған еді.

ӨЗ АДАМДАРЫНА ЖЕҢУГЕ МҮМКІНДІК БЕРУ

Батыс Қазақстан облысындағы "Уральская неделя" газетінің редакторы Лұқпан Ахмедияров журналист ретінде мемлекеттік сатып алу саласын бақылауды бес жыл бұрын бастаған. Ол әкімдіктер (тапсырыс беруші) мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа арналған байқау шартына белгілі бір басылымдарға ғана сәйкес келетін критерийлер жазатынын аңғарған.

– Жергілікті әкімдіктер ақпараттық саясат пен насихатқа қанша қаржы жұмсайтынын бақылауға алып, келісімшарт аясында көрсетілетін қызметке қойылатын техникалық талаптар нақты бір мемлекеттік ақпарат құралына арнап жазылғанын байқадым. Мысалы, байқау құжатында "қызмет көрсетуші (бұл жағдайда газет) аптасына кемі үш рет шығуы, басылымның бірінші және соңғы беті түрлі-түсті болуы керек" деп жазылады. Бұл жерде облыс әкімдігінің газеттерін меңзеп отырғаны бірден түсінікті болды. Өйткені өңірде бұл талапқа сай келетін басқа газет жоқ, – дейді Лұқпан Ахмедияров.

"Уральская неделя" газетінің бас редакторы, журналист Лұқпан Ахмедьиров. Лукпан Ахмедияров.

Журналистің сөзінше, мұндай әдіс тек ақпараттық тапсырыс кезінде ғана емес, мемлекеттік органдар автокөлік немесе құрылыс қызметін сатып алғанда да кездеседі.

– Сондай-ақ байқаудың техникалық сипаттамасы нақты автокөлікке немесе белгілі бір қызмет көрсетуші компанияға арнап жазылғанына да куә болдым. Яғни, байқау құжатына автокөлік моделінің ені, биіктігі, астыңғы бөлігінің жерден биіктігі, қозғалтқыш көлемі немесе көліктің тек осы түріне ғана тән ерекшелігі жазылған техникалық сипаттамасын көшіре салады. Мұндайда құжатта қай джип көлігі туралы жазылғанын бірден түсіне қоясың. Мысалы, бірінші жобалық-сметалық құжат дайындауға, кейіннен құрылыс материалын жеткізушілердің арасында байқау жарияланады. Дайын жобалық-сметалық құжатты қарасаңыз, көбіне жобалаушы неге екені белгісіз, мердігердің белгілі бір құрылыс материалын кімнен сатып алуы керегін көрсетіп қояды, – дейді журналист.

Ахмедияров мұның бәрін көрсетілетін қызметтің сапасына мән берілмейтін жемқорлық белгісіне жатқызады. Оның пікірінше, шенеуніктер қоғам мүддесін шетке сырып, мемлекеттік орган сатып алған тауар мен қызметтің тиімділігі туралы мүлде ойламайды.

– Иә, бір жағынан нарықта көрсетілетін қызмет түрлеріне таңдау көп емесін көріп отырмыз. Сондықтан белгілі бір қызмет көрсетушіге арналған талаптарды жазып шығуға тура келеді. Бірақ осы жерде "Мемлекеттік сатып алу қандай мақсат көздейді?" деген сұрақ туындайды. Ресми процедураларды сақтаудан бөлек, шенеуніктер бірінші кезекте, қоғам мүддесін, адамдарға пайдалы болатын нәтижеге қол жеткізуді ойлауы керек. Бірақ менің ойымша, мемлекеттік сатып алуда қоғам мүддесі ғана жоқ, басқасының бәрі бар, – дейді Лұқпан Ахмедияров.

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, мемлекеттік бюджетті ашықтық, халыққа есеп беру және қоғамды қатыстыру принциптері негізінде басқаруды насихаттайтын Zertteu Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет техникалық сипаттамадан байқау құжатында көрсетілген критерийлердің бір компанияға арнап жазылғаны анық көрінбесе, оны дәлелдеу қиын екенін айтады.

– Байқау талаптарын белгілі бір қызмет көрсетушіге арнап жазудың басты қиындығы да – сол: оны дәлелдеу оңай емес. Ақпараттық кеңістікте мұндай фактілер қоғам нақты дәйектер тапқан кезде анықталады. Мысалы, үш жыл бұрын бір өңірдің билігі блогерлерге арналған семинар өткізбек болып, тренерге қойылатын талаптарды жазғанда олардың бірі КВН одағының басшысы болуы керек деп көрсеткен. Қазақстанда мұндай басқа одақ жоқ. Бір одақ бар, оның басшысы да бір адам. Яғни, осы адамның аты-жөнін көрсету ғана қалған. Осыған ұқсас бір байқау талабында тренер "Хабар" мемлекеттік телеарнасында жүргізуші және тревел-блогер болуы керек деп жазылған. Осындай анық байқалатын жағдайда "мына жерде байқау талабы белгілі бір қызмет көрсетушіге арнап дайындалған" деп айтуға болады, – дейді Ғалымжан Оразымбет.

Сарапшы кейде мемлекеттік орган нақты бір техникалық бөлшекті немесе материалды сатып алатын болып, тауардың аты мен сипаттамасын толық көрсетсе, мұның жоғарыда аталған заңбұзушылыққа қатысы болмайтынын, өйткені басқа модельдің бөлшегі сәйкес келмеуі мүмкін екенін айтады.

Қоғам бағаны асыру я қаржыны мақсатсыз жұмсау фактілерін көрсе, ақпараттық резонанс туғызу арқылы белгілі бір тауар не қызмет сатып алуды тоқтатуға ықпал ете алады.

Сарапшының сөзінше, Қазақстандағы билік өкілдеріне "есеп беру" ұнамағанымен, мемлекеттік сатып алу процесі азаматтар үшін барынша ашық саналады.

– Бірақ бұл жемқорлық қаупі жоқ дегенді білдірмейді. Алик Шпекбаев (жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы) бірде жемқорлықпен байланысты әрбір бесінші заңбұзушылық мемлекеттік сатып алу саласында тіркелетінін айтқан. Бұған қарсы күресу үшін азаматтар мемлекеттік сатып алу саласына жаппай мониторинг жүргізіп, бюджет қаржысының қалай жұмсалатынын назарда ұстауы керек. Қоғам бағаны асыру я қаржыны мақсатсыз жұмсау фактілерін көрсе, ақпараттық резонанс туғызу арқылы белгілі бір тауар не қызмет сатып алуды тоқтатуға ықпал ете алады. Бірақ азаматтар жекелеген фактілерге әсер еткенімен, жалпы жағдайға ықпал ете алмайды. Дегенмен 2017-2018 жылдары жекелеген жағдайлар салалық заңнаманы өзгертуге себеп болды. Демек қоғам мемлекеттік сатып алу кезіндегі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтап, бұл туралы айтып, саладағы тенденцияға назар аударатын болса, заңға сәйкес өзгерістер енгізуге де ықпал етуі мүмкін, – дейді Ғалымжан Оразымбет.

МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ БІЛУ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Transparency Kazakhstan қорының атқарушы директоры Ольга Шиян азаматтар мемлекеттің бюджет қаржысын қалай жұмсайтынын білуі керек, өйткені бұл халықтың өмір сапасы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге әсер етеді деп есептейді.

Transparency Kazakhstan қоры 3255 ауыл, ауылдық округ, аудан мен қаланың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін саралап, өңірлерде жедел шешуді қажет ететін мәселелерге қаржы қарастырылмағанын анықтаған. Мұндай көкейкесті мәселелердің қатарына Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және Жамбыл, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектепке дейінгі білім беру жатады.

– Әуелі өз ауылыңыз, ауданыңыз бен қалаңыздың бюджетімен танысып шығыңыз. Бұл ақпаратты Transparency Kazakhstan жасаған бюджеттің интерактивті картасынан көруге болады. Бюджеттің шығын бөлімінде көзге анық көрінетін мәселелерге қаржы қарастырылмаған болса, (сіз тұратын елдімекенде жол сапасы нашар, көше бойында жарық жоқ, жастардың бос уақытын ұйымдастыру қолға алынбаған, санитария талаптарын сақтау мен қоқыс үйінділеріне қатысты мәселе бар делік) әуелі әкіммен немесе депутаттармен кездесіп, оларға Egov арқылы хат жазып, шығын бөліміне осы мәселені қосуды сұраңыз. Бұдан бөлек, олардан осыған дейінгі ақша қалай жұмсалғаны, бюджет қаржысын игеруде қандай компаниялар мен ЖШС мердігер болғаны туралы есеп талап етуге хақыңыз бар, – деп кеңес береді Ольга Шиян.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Миллиондаған бюджет ақшасын наразы көңіл-күйді анықтауға жұмсаудың мәнісі не?

Қор директорының сөзінше, азаматтардың көбі бірінші кезекте жергілікті тұрғындар төлеген салық, айыппұл мен өзге де көздерден құралып, ауылға бөлінген бюджетті қай мәселені шешуге жұмсайтынын халықтың өзі шешуі керегін білмейді. Шиянның пікірінше, азаматтардың белсенділігі мен назар аударуы мемлекеттік органдардың шешіміне әсер етеді.

– Мысалы, 2019 жылы денсаулық сақтау министрлігі қант диабетімен ауыратын науқастарды мемлекеттік көмек алатын азаматтар тізімінен алып тастау жобасын ұсынды. Жобаны қоғамдық талқылау кезінде азаматтардан 120-дан астам қарсы пікір түсті. Нәтижесінде заңға енгізуге ұсынылған өзгерістер қабылданған жоқ. 2018 жылы "көпбалалы отбасы" ұғымындағы бір сөз (төрт не одан көп бірге тұратын кәмелеттік жасқа толмаған балалар) техникалық тұрғыдан қоғамның құрылымын өзгертті. Көпбалалы отбасылардың көбі мемлекеттік көмектен қағылды. Айналып келгенде бәрі аналар наразылығына ұласты, – дейді Ольга Шиян.

Сарапшының сөзінше, белгілі бір мемлекеттік органның бюджет қаржысын қажетсіз мақсатқа жұмсау туралы ойын ертерек, жоспарлау кезінде білсе, тендер өтпей тұрып бұған қоғам мен тиісті органдардың назарын аударуға болады. Бұл салық төлеушілердің қаржысы мен адам ресурсын үнемдеуге көмектеседі.

Factcheck.kz сайтының журналисі, мемлекеттік сатып алу барысына мониторинг жүргізумен айналысатын Шыңғыс Уәлихан өз материалдарында мемлекеттік сатып алу порталынан қажет ақпаратты қалай іздеп, не нәрсеге назар аудару керегі жөнінде жазады. Оның пікірінше, қоғам мемлекеттік сатып алу процесін бақылап қана қоймай, заң аясында тиімсіз бюджет шығынын тиюға атсалысуы керек.

– Тапсырыс беруші шенеуніктер қазір бәсекесіз әдіспен өткізуге болатын сатып алуды өз пайдасына жаратуға тырысады. Мысалы, бұл PR шаралар мен мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысты. "Мемлекеттік сатып алулар" туралы заңның "Мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу әдісімен жүргізудің негіздемесі" деп аталатын 39-бабына сәйкес, мемлекеттік орган 56 жағдайда сатып алуды бір көзден алу әдісімен тікелей келісімшартқа отыру арқылы жүргізе алады. Соңғы 56-бөлімде "президенттің шешімімен (жарлығымен) үкімет таңдаған тұлғадан тауар, жұмыс пен қызмет сатып алуды" да бір көзден сатып алу әдісімен жүргізуге болады" деп жазылған, – дейді ұлттық заңнамадағы нормаға назар аударған журналист.

ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ ҚАНДАЙ АМАЛ ҚОЛДАНЫП ОТЫР?

2019 жылы мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің мемлекеттік сатып алу процесіне араласуын тоқтату керегі жөнінде мәлімдеме жасады. Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өткен жиында "Қазір мемлекеттік сатып алуды 25 мың ұйым жүргізеді. Оларға жемқорлыққа қарсы бақылау жүргізу қиын. Мемлекеттік сатып алуды орталықтандырып, бюджеттік мекеме, әсіресе әлеуметтік сала басшыларын тендер өткізуден босату керек. Орталық органдарда мемлекеттік сатып алу жүргізуге саяси қызметкерлердің араласуына жол бермейтін нақты механизмдер дайындауды тапсырамын" деді.

Қаржы министрлігінің дерегінше, ішкі мемлекеттік аудит комитеті күн сайын онлайн-режимде мемлекеттік сатып алудың заңдылығын қадағалап, байқау шартын белгілі қызмет көрсетушіге арнап дайындау мәселесін шешу бойынша шаралар қабылдап отыр.

Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа берген жауабында 2016 жылдан бастап "Мемлекеттік сатып алулар" туралы заңға сәйкес, тапсырыс берушінің байқау құжатын алдын-ала талқылау институты барын айтты. Министрлік жауабында "Құжат алдын-ала қоғамдық талқылаудан өтпейінше бекітілмейді (22-бап). Қызмет көрсетуші байқау құжатына келіспеген жағдайда, тапсырыс берушіге ескерту жасайды. Тапсырыс беруші құжатты түзетуі немесе бұл ескертуді неге елеусіз қалдыратынын түсіндіруі керек" деп жазған.

Қаржы министрлігі президент енгізген мемлекеттік сатып алудың тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден алу тәртібін "Бұл шара төтенше жағдай мен коронавирусқа байланысты дағдарыс кезінде жедел шешім қабылдау мақсатында уақытша енгізілді" деп түсіндірді.

Ведомство "бір көзден сатып алуды азайту мақсатында үнемі жұмыс жүргізіп отырғанын" айтады. Министрлік бұған мысал ретінде 2018 жылы 26 желтоқсанда заңға "Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерін сатып алу мәселелері жөніндегі бірқатар заңдық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" өзгеріс енгізілгенін, нәтижесінде бір көзден сатып алу әдісімен жүзеге асқан келісімшарт саны 2018 жылғы 72 пайыздан 2019 жылы 49 пайызға дейін кемігенін атап өтті.

Қаржы министрлігінің дерегінше, министрлік "Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бірқатар заң актісіне өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын дайындаған. Қазір заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр. Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, заң жобасы "мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, бір көзден сатып алуды қысқарту арқылы жемқорлық қаупін азайтуға, сатып алудың бәсекеге құрылған, жеңілдетілген жаңа әдістерін енгізуге, бір көзден сатып алу бойынша келісімшарт жасасуға құқылы тапсырыс берушілер мен қызмет көрсетушілердің реестрін құруға" бағытталған.

Заң жобасында сондай-ақ байқау процедураларын жаңа әдіспен, "рейтинг-баллдық жүйе" түрінде өткізу ұсынылған. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, бұл принцип "мемлекеттік сатып алудың қызмет көрсетушіні баға және сапа критерийлері бойынша автоматты түрде таңдайтын электронды жүйесін енгізу арқылы мемлекеттік сатып алу процесін адамның қатысуынсыз өткізуге" мүмкіндік береді.