Accessibility links

"Тәжірибесі жоқ, танысы бар". 550 миллион доллардың тендерін кім ұтты?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақтан екінші) миллиондаған газ есептеуіш құрал орнату тендерін ұтып алған "Технопарк" компаниясының кәсіпорнын аралап жүр. Ташкент, 28 ақпан 2020 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақтан екінші) миллиондаған газ есептеуіш құрал орнату тендерін ұтып алған "Технопарк" компаниясының кәсіпорнын аралап жүр. Ташкент, 28 ақпан 2020 жыл.

Өзбекстанда шілдеден бастап 3,5 миллион үйге "смарт" газ есептеуіш орнатылмақ. Азаттықтың Өзбек қызметінің зерттеуі жалпы құны 550 миллион доллар болатын бұл жұмысты есептеуіш жасауда еш тәжірибесі жоқ, бірақ Ташкент әкімімен байланысы бар компания атқаратынын анықтады.

Орталық Азияның халқы ең көп елі - Өзбекстандағы тоңазытқыш, пеш сияқты тұрмыстық техника шығаратын жаңадан құрылған жергілікті компания тұрғындарға арнап миллиондаған газ есептеуішін әзірлеу құқығына ие болды.

Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик) жүргізген зерттеу қорытындысы тендерді ұтып алған "Технопарк" компаниясы бұрын ешқашан газ есептеуішін шығармағанын анықтады. Ең қызығы, компанияның Өзбекстандағы ең ауқатты адамдардың бірі, Ташкент әкімі Жахонгир Артықхожаевқа қатысы бар болып шықты.

Бұл келісімнен тікелей не жанама пайда көретін фирмалар президент Шавкат Мирзияевтің жақын серігі Артықхожаевпен байланысты.

Халықаралық ұйымдар жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлаған ел деп жиі сынайтын Өзбекстандағы бұл оқиғаны елге байқатпай үкіметпен тығыз байланысы бар топтарға тиімді жобаны алып берудің бір мысалы деуге болады.

Transparency International ұйымының 180 елден тұратын "Жемқорлық индексінде" Өзбекстан 2019 жылы 153-орынды иеленген. Бұл ел осы орнынан ұзақ жылдан бері қозғалған емес.

ЖОСПАР

Өзбекстанда заманға сай жаңа газ есептеуіш орнату туралы идеяны алғаш болып президент Шавкат Мирзияев көтерген. 13 жыл бойы премьер-министр қызметін атқарған Мирзияев 2016 жылы президент болып сайланғаны мәлім.

2019 жылы Өзбекстан үкіметі 2022 жылға дейін бүкіл ел аумағындағы 3,5 миллион үйге "смарт" есептеуіш қоямыз деп шешкен.

Табиғи газға бай ел басшыларының айтуынша, "тозығы жеткен" газ есептеуіштердің орнын "қазіргі заманғы" құрылғылар алмастырады, бұл тұтынған газ көлемін есептеуді жеңілдетеді.

Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, процесс шілденің 1-інде басталып, екі жылда аяқталмақ, жұмысты мемлекет қарамағындағы Hudud-Gaz-Taminot компаниясы жүзеге асырады.

Мемлекеттік телеарна репортажында "Технопарк" компаниясы шығаратын газ есептеуіштің сапасы президент Мирзияевтің көңілінен шыққаны айтылды.
Мемлекеттік телеарна репортажында "Технопарк" компаниясы шығаратын газ есептеуіштің сапасы президент Мирзияевтің көңілінен шыққаны айтылды.

Үкіметтің арнайы комиссиясы ақпан айында жобаның жалпы құны 555 миллион доллар болады деп хабарлады.

Газ есептеуіш шығаратын компанияны анықтау жөніндегі құпия жағдайда өткен аса тиімді тендерді "Технопарк" ашық акционерлік қоғамы ұтып алған. Тұрмыстық техника шығару мақсатында былтыр ғана ашылған бұл компанияның есептеуіш шығару тәжірибесі мүлде жоқ.

БІРТІНДЕП ІСКЕ АСЫРУ

Мирзияев 2019 жылғы мамырдың 1-інде бұрынғы Ташкент механика зауытының 141 гектар жерінде "Технопарк" компаниясын ашу туралы жарлыққа қол қойған. Ташкент қаласының әкімшілігі құрылтайшысы саналған бұл компания былтыр маусымның 10-ы күні ресми түрде ашылды.

Арада бір ай өткенде Мирзияев мемлекет бақылауындағы газ алпауыты Uztrans-Gaz компаниясының аймақтық бөлімшелерін біріктіріп, Hudud-Gaz-Taminot компаниясын құру жөнінде пәрмен берді.

Президент бұл мекемені қазіргі заманғы газ есептеуіштерін сатып алып, 2022 жылға дейін елдегі табиғи газ тұтынатын барлық үйге сол құрылғыларды орнатуды тапсырды.

Бір аптадан соң, шілденің 16-сында премьер-министр Абдулла Орипов жобаны жүзеге асыру мақсатында құрылған арнайы топтың жиынын өткізді.

Жиынға қатысқан үкімет өкілдері мен министрлердің арасында 2018 жылы президент жарлығымен Ташкент қаласының әкімі болып тағайындалған Артықхожаев та отырды.

Озодлик радиосына түскен ресми құжатқа сенсек, сол отырыста Uztrans-Gaz бен Hudud-Gaz-Taminot-қа үкімет атынан газ есептеуіштерін сатып алу құқығы берілген.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Ташкент әкімі Жахонгир Артықхожаев (оң жақта).
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Ташкент әкімі Жахонгир Артықхожаев (оң жақта).

Мемлекеттің миллиондаған доллар қаржысына "Технопарк" шығаратын 3,5 миллион есептеуіш сатып алынатын болды. Құжатқа сенсек, "Технопарк"-пен келісімшарт жасасу үшін Uztrans-Gaz-ға бір ай мерзім берілген. Fido Business ААҚ деп аталған және бір мекеме биллинг және төлем жүйелерін әзірлеп, қолданылған газ көлемі бойынша мәлімет жинап, оны сақтау құқығына ие болды.

Премьер Орипов басқарған сол отырыста электронды газ есептеуіштерін құрастырып шығаруға қажетті барлық құрылғы мен қосалқы бөлшекті алу үшін "Технопарк"-ке ақша бөлу жөнінде Ұлттық банкке тапсырма берілген.

КҮМӘНДІ ТЕНДЕР

Содан соң бір тосын оқиға болды. 2019 жылдың соңына қарай монополияға қарсы мемлекеттік комитет үкіметтің газ есептеуішіне қатысты жобасы Өзбекстанның бәсеке мен мемлекеттік сатып алу туралы заңдарын бұзады деген ұйғарымға келді.

Комитет табысты жобаға түрлі компаниялар қатысып, бәсеке болуы үшін ашық тендер өткізуге кеңес берді. Желтоқсанның 26-сында жазылған сол хаттың көшірмесі Озодлик радиосының қолына түсті.

Комитеттің ұйғарымы мен түрлі министрліктер арасындағы жоба құнына қатысты келіспеушілік салдарынан Орипов жобаны уақытша тоқтатуды шешкен. Алайда, желтоқсанның 31-іне ол Hudud-Gaz-Taminot-қа тендерді монополияға қарсы комитет көрсеткен тәртіппен өткізуді тапсырған.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов.
Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов.

Содан кейінгі оқиғалардан байқағанымыз – осы бір табысты жобаны "Технопарк" ұтып алады деген шешім әу баста-ақ қабылданып қойғанға ұқсайды.

Ақпанның 17-сіне Hudud-Gaz-Taminot құны 555 миллион доллар жоба бойынша бір ай тендер процесі өтетінін жариялады.

Әу баста наурыздың 18-іне дейін деп белгіленген тендер кезеңі наурыздың 28-іне дейін ұзартылған. Хабарландыруға сәйкес, тендерге тек отандық компаниялар қатыстырылған.

Процестің жай-жапсары жарияланған жоқ, дегенмен одан хабары бар ресми қызметкердің Азаттыққа айтуынша, тендерге қатысу талаптарына үш компания ғана сай болып шыққан.

Дереккөздің сөзінше, тендерде "Технопарк" ААҚ Gaz Meter және Perfect Plast Profil компанияларымен бәсекеге түскен.

Gaz Meter 2018 жылдан бері жаңа газ есептеуіштерін шығарады. Ал "Технопарк" пен Perfect Plast Profil тендер болғанға дейін ешқашан есептеуіш шығарып көрмеген.

Іс жүзінде, "Технопарк" тендер басталғаннан тоғыз күн өткен соң, яғни ақпанның 26-сына ғана газ есептеуішін шығаратын компаниялардың мемлекеттік реестріне енген. Ал Perfect Plast Profil тендер аяқталардан бір күн бұрын, наурыздың 27-іне реестрге кірген.

Алайда газ есептеуішін шығару тәжірибесі бар жалғыз бәсекелес – Gaz Meter компаниясы тендердің соңына дейін жете алмаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, есептеуіштің бір қажетті бөлшегін шығармайтын болғандықтан, бұл компания тендерде басқа екі бәсекелесінен аз ұпай жинаған.

Сәуірдің 3-іне тендер өткізу жөніндегі комиссия "Технопарк" компаниясын жеңімпаз деп жариялады. Perfect Plast Profil ұтылып қалды. Алайда егер "Технопарк" жобаны жүргізе алмай жатса, Perfect Plast Profil оны автоматты түрде әрі қарай жалғастыру құқығына ие болады.

Озодлик радиосы анықтаған мәліметке қарағанда, Perfect Plast Profil компаниясының Артықхожаевтың бақылауындағы Artel Akfa арқылы Ташкент әкімімен байланысы бар.

"ТЕХНОПАРКТЫҢ" АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Тұрмыстық заттар шығаратын "Технопарк" компаниясының басшысы Сарвар Ахадов бұрын Артықхожаевқа тиесілі деп саналатын Dream Production-да менеджер болған.

"Технопарк"-тың вебсайтындағы ақпаратқа сәйкес, компания ақпанда Osten деген брендпен газ есептеуішін шығара бастаған. Бір қызығы, бұл ақпараттың нақты қай күні шыққаны белгісіз. Osten – Артықхожаевқа толығымен тиесілі J-United Group холдинг компаниясының бір бөлігі.

Ташкент қаласының әкімімен байланысы бар компания шығаратын газ есептуіш Osten деп аталады.
Ташкент қаласының әкімімен байланысы бар компания шығаратын газ есептуіш Osten деп аталады.

Вебсайттағы ақпаратқа сенсек, компанияның жылына 3 миллион газ есептеуіш шығаратын қуаты бар екен. Демек, олар үкіметтің 2022 жылға дейін 3,5 миллион есептеуіш шығару талабын орындауға шамамыз жетеді деп отыр.

Мирзияев ақпанның 28-іне "Технопарк"-ке арнайы барып, мемлекеттік ақпарат құралдары оның алғашқы смарт есептеуішті ұстап тұрған суретін жариялаған. Репортажда құрылғының сапасы президенттің көңілінен шыққаны айтылды.

Президент "Технопарк" зауытына арнайы барғаннан бір ай өткен соң бұл компания тендер жеңімпазы деп танылды.

Ташкенттегі бірнеше ресми дереккөздің Азаттыққа айтуынша, сол сапарында Мирзияев бұл жобаны "Технопарк"-ке беруге "рұқсат" еткен.

Өзбекстанда президент шексіз өкілетке ие, оның құзыреті тіпті саяси билік шеңберінен асып кетеді. Әдетте мұнда "тендерлер" тек күмәнді келісімдерді бүркемелеу үшін өткізіледі.

Ұзақ жыл билік құрған президент Ислам Каримов қайтыс болған 2016 жылы оның орнын Мирзияев басты. Содан бері үкіметтің бірер жобасы ешқандай тендер өткізбестен Артықхожаевтың бақылауындағы компанияларға берілді.

Олардың арасында аса ауқымды Tashkent City жобасы бар. Құны 2 миллиард доллар болатын бұл жоба бойынша Өзбекстан астанасының орталығы жаңартылады.

"Бизнестің кез келген түрі жақсы" деген Артықхожаев өз бизнесі туралы ешқашан ашық айтқан емес. Оның үстіне, Ташкент әкімі Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат бермейтінін мәлімдеді.

Өзбекстан үкіметіндегі ішкі жағдайды жақсы білетін ресми дереккөздің Азаттыққа айтуынша, газ есептеуіштерін шығару жөніндегі аса ауқымды жобаны шынайы жеңімпазы – Артықхожаев.

"Артықхожаев басқаратын қала әкімшілігіне қарасты "Технопарк" оның өзіне тиесілі брендпен газ есептеуішін шығарады. Демек, Артықхожаев брендтің иесі ретінде ақша табады деген сөз" деді аты-жөнін атамауды өтінген дереккөз.

Жария болған бір аудиожазбаның арқасында былтыр 45 жастағы Артықхожаевтың "аты шыққан". Таспада дауысы Артықхожаевтікіне ұқсайтын адам әлеуметтік желіде жариялаған ақпараты үшін журналиске қоқан-лоқы жасайды. Ол әлгі ақпарат құралындағы адамдардың "көзін жоямын" деп қорқытады.

Азаттықтың Өзбек қызметі есептеуішке байланысты жағдайды анықтамақ болып мамырдың ортасында Hudud-Gaz-Taminot пен "Технопарк"-ке хабарласқан еді. Hudud-Gaz-Taminot баспасөз қызметі "Өзбекстанда аккредитациясы жоқ ақпарат құралына сұхбат бермейміз" деп ақпарат беруден бас тартты.

Азаттық тілшісі мамырдың 18-іне "Технопарк"-ке хабарласқанда, компания өкілі сұхбат беру өкілеті бар менеджер қайта қоңырау шалады деген еді. Бірақ содан бері компаниядан ешкім хабарласпады.

ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРІНЕ ҚАУІП ТӨНЕ МЕ?

Процестен хабары бар және бір үкімет өкілінің айтуынша, газ есептеуішін шығаруда еш тәжірибесі жоқ компанияға бұл істі тапсыру халық өміріне қауіп төндіреді.

"Қайғылы оқиға болса бұған кім жауап береді? ["Технопарк" жасаған] бұл газ есептеуіштері заң талап ететін тиісті сынақтан да өткен жоқ", - деді ол.

Ресми дереккөздің айтуынша, өзбек үкіметі Сардобадағы жақында болған апаттан сабақ алуы тиіс. Мамырдың басында Өзбекстанда осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жаңадан пайдалануға берілген су қоймасы жарылған. Төрт адам қаза тауып, ондаған мың адам үйінен көшіп, ауылшаруашылық жерінің едәуір бөлігі бүлінген.

Сардоба апаты ауқатты сенатор Әбдуғани Сангиновқа назар аудартты. Кей деректер бойынша, ол өзіне тиесілі жеке фирма арқылы бөгет құрылысына қатысқан.

Сангинов өкіметтегі лауазымды қызметін пайдаланып, ашық тендерде мемлекет қаржысына салынатын су қоймасы құрылысының жобасын "жеңіп алған" делінеді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің репортажы негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG