Бір үйдегі мүмкіндігі шектеулі төрт адамға індет кезіндегі карантин қиын тиді. Мемлекеттен алатын жәрдемақының көп бөлігін банкке қарызын жабуға жұмсайды.
БІР ШАҢЫРАҚТАҒЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ТӨРТЕУ
Тараз қаласының орталығындағы шағын көшелердің біріндегі шатырлы ескі жер үй. Аулада шаң басқан ескі автокөлік тұр, салынып жатқан жазғы асүйдің құрылысы әлі бітпеген. Есік-терезесін салу қалған тәрізді.
Бұл үйде тұратын Катеевтер отбасы (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) өзгелерден ерекше. Мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыпты 44 жастағы Владимир мен 40 жастағы Оксана жас күнінен өте нашар естиді, екеуі де сөйлей алмайды. Олардың екі баласы бар: 11 жастағы ұлы Диманың бір қолы туғаннан жұмысқа жарамсыз, 17 жастағы Виктория бала күнінен мүгедек арбасына таңылған, ол да сөйлей алмайды.
Отағасы Владимир наурыздың ортасына дейін пойыздағы жолаушыларға кітап, ойыншық сатуды кәсіп қылған. Ал коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай режимі енгізіліп, пойыз қатынасы тоқтағаннан кейін Владимир үйде жұмыссыз отыр.
– Жағдайымыз ауыр, жұмыс жоқ. Ай сайын мемлекеттен алатын жәрдемақыға қарап отырмыз, банкке төлейтін бірнеше кредитіміз бар, – дейді Дима әкесінің сөзін Азаттық тілшісіне аударып беріп.
Ерлі-зайыптының екеуі де үшінші топ мүгедегі, әрқайсысы мемлекеттен ай сайын 39 мың теңге (90 долларға жуық), Виктория – 59 мың (шамамен 140 доллар), ал Дима 31 мың теңге (шамамен 72 доллар) жәрдемақы алады. Отбасы бұл ақшаның үштен екіге жуығын банк қарызына төлейді. Тағы бір бөлігін Викаға дәрі-дәрмек пен дәрумендер сатып алуға жұмсайды.
Әжемізден қарыз алып, газ бен жарықты төледік. Бірақ әлі де қарызбыз.
– Карантинде ақшасыз қалдық. Әжемізден қарыз алып, газ бен жарықты төледік. Бірақ әлі де қарызбыз. Ақшасы бар жұмыс табылса, тым болмағанда асүйдің құрылысын аяқтағымыз келеді, – дейді Дима.
Отбасы карантин кезінде қатты қиналып қалғанын, жәрдемақыдан басқа үкіметтен азық-түлік сатып алуға деп бір рет берілген 5556 теңгеден (13 долларға жуық) басқа ешқандай көмек алмағанын айтады. Ораза кезінде (24 сәуір – 24 мамыр) көршілері бірігіп, Катеевтер отбасына 25 мың теңгенің (60 долларға жуық) азық-түлігін алып беріпті. Диманың айтуынша, сол кезде тоңазытқыштары тамаққа бір толған.
"ТАБЫСЫ КҮНКӨРІСКЕ ЖЕТЕТІН ЖҰМЫС БОЛСА ІСТЕР ЕДІМ"
Владимир бұрын қалалық ауруханада жұмыс істепті. Сантехник болып жұмысқа кіргенін, басшылар өзін аула тазалауға да, ағаш кесуге де, басқа жұмыстарға да жұмсай бергенін айтады. Қаншама қосымша шаруа атқарғанымен аз жалақысын өсірмеген соң Владимир ол жұмыстан шығып кеткен. Кейін пойыз жолаушыларына кітап, ойыншық сатып, табыс таппақшы болған. Осындай мақсатпен банктен қарыз алған.
Пойызға мінгізгені үшін жолсерікке 500 теңге төлейтін.
– Банктен алған несиеге көтерме базардан зат алып, соны сатып көрмек болды. Бірақ ақшасы мардымсыз болды. Күніне 2000-3000 теңге тауып келсе жақсы. Пойызға мінгізгені үшін жолсерікке 500 теңге төлейтін, – дейді әйелі Оксана ұлы арқылы журналистпен әңгімеде.
Үйдегілердің айтуынша, Владимир Тараздан пойызға мініп, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан станциясына дейін баратын екі сағатта қолындағы затын сатып үлгеруге тырысады екен. Алақанына "400 теңге", "500 теңге" деген сандарды жазып алып, жолаушыға заттың бағасын ымдап көрсетеді.
– Сауда бірде бар, бірде жоқ, кейде пойыздан түсіріп кететін, – дейді Владимир.
Көктемде елде коронавирус індеті тарап, төтенше жағдай мен карантин енгізілген соң ол кәсібі тоқтаған. Қазір табысы аз сол жұмысты ары қарай жалғастырғысы келмейді.
– Жұмыспен қамту орталықтарына барамыз, бірақ [лайықты] жұмыс жоқ. Ұсынған жұмыстың жалақысы аз, ештеңеге жетпейді. Табысы күнкөріске жететін жұмыс болса істер едім, – дейді ол.
Азаттық тілшісімен ұлы арқылы сөйлескен Владимир Жамбыл облысында он екі мүшесі сау болып дүниеге келгенін айтып берді. Мектепте оқып жүргенде есту қабілетінен айырылған, өзі бұған дәрігерлерді кінәлайды. Ата-анасы Владимирді арнайы мектеп-интернатқа берген.
– Үнемі айқайлаған дауысымды еститін көршілерім мені тынымсыз бір бала деп ойлайтын шығар, – деп күледі Дима. – Ал мен әкемді шақыру үшін айқайлаймын.
ЕКІ ЖАРТЫ – БІР БҮТІН
Диманың анасы Оксана Қырғызстанда туып-өскен. Өз сөзінше, ол да дені-қарны сау болып туған. Бала кезінде құлағы ауырып, соның салдарынан кейін есту қабілетінен айырылған. Бойжеткен соң тұрмысқа шыққан. Тұңғышы Викторияның мүгедек болып дүниеге келгенін естіген күйеуі екеуін тастап кетіпті. Бір айлық нәрестесімен қалған Оксана Қырғызстанда анасымен тұрғанын, малдың еті мен сүтін сатып күнелткенін айтады.
– Ол кезде Қырғызстанда жағдай нашар еді. Мүгедек қызыма тек бір арба берді, бітті. Басқа ешқандай көмек болмады, – дейді Азаттық тілшісімен ұлы арқылы сөйлескен Оксана.
Кейін қызын алып Қазақстанға көшіп келген Оксана 2007 жылы Владимирмен танысып, екеуі шаңырақ көтерген. 2009 жылы өмірге Дима келген.
– Кішкентай кезімде анама қарағанда әкемді жақсы көретін едім. Есейген соң екеуінің орны ауысқан тәрізді. Анам ер адам болып тууға лайық адам деп ойлаймын, қолынан келмейтіні жоқ, – дейді Дима.
ВИКТОРИЯ
Қазір Оксана бала кезінен арбаға таңылған Викторияға қарап отыр, үйден көп ешқайда шықпайды. 17 жастағы ересек қызды арбаға отырғызып-түсіру оңай емесін, ұзақ уақыт ауыр салмақ көтергеннен бауыры ауыратынын айтады. Оксана қызын көтергенде киетін арнайы бандаж тігіп алыпты.
Дәрігерлер балалардың церебралды сал ауруының (ДЦП) ең ауыр түрі деген диагноз қойған Виктория бәрін көреді, естиді, түсінеді, бірақ сөйлемейді, өздігінен қозғала алмайды. Көбіне арбада отырады.
Бір-екі рет талпынды, бірақ жүре алмай, арбасынан құлап қалды.
– Оны жақсы көремін, кейде ол мені қызғанатын сияқты. Бірде Қырғызстанға барғанда ойнап жүргенімді көріп, әпкем де арбасынан тұрып кеткісі келді. Бір-екі рет талпынды, бірақ жүре алмай, арбасынан құлап қалды, – дейді Дима.
Шай құйып отырған Владимир сөзге араласып:
– Викаға аяғы ауыр болғанда анасы ет жемеген, содан денсаулығы да әлсіз болды. Ал Диманы көтергенде жылқының етін жеді, – деп әзілдейді.
Оны ұлы да қостап: "Әпкемді қанша жақсы тамақтандырса да дене бітімі арық, әдемі күйінде. Ал мен қараптан-қарап жүріп толып кетемін", – деп күледі.
Анасының айтуынша, Виктория 5-сыныпқа дейін үйден білім алған, бірақ кейін мұғалім үйге келуді қойған. Оксана бұған "оқуға ынтасы жоқ, ашуланып шыға келетін" қызының мінезі әсер етті деп санайды.
Мемлекет Викторияға үй ішінде жүруге және далаға серуенге шығуға арналған екі арба, күнделікті пайдаланатын жөргек береді, ортопедке тегін қаралуына мүмкіндік бар.
НЕСИЕГЕ АЛЫНҒАН ЕСКІ КӨЛІК
Үйдегілер Викторияны ауруханаға апарған кезде мехнат көргенін, арбасы автобусқа сыймай, кейде оларды түсіріп кеткен кездер болғанын айтады. Ал әр жолы такси жалдауды отбасы бюджеті көтермейді.
Инватакси кез келген уақытта келе салмайды, керек кезде бос болмайды.
– Инватаксиді (мүгедектерге қызмет көрсететін әлеуметтік такси – ред.) шақыру оңай емес. Олардың бізден басқа да клиенттері көп, кез келген уақытта келе салмайды, керек кезде бос болмайды. Ауруханадан шыққаныңды да күтіп тұрмайды. Үнемі солай қиналғаннан кейін анам "Қайтсек те көлік аламыз" деген мақсат қойды. Ақыры сол мақсатына жетті, – дейді Дима.
2014 жылы Оксана Тараздағы автомектептің мүгедектерге арналған курсында 4 ай оқып, жеңіл автокөлік жүргізуші куәлігін алған. Өзі алғашқыда көлік айдау қиын болғанын, бірақ табандылығының арқасында оны да үйренгенін айтады.
– Көлік айдағанда жанымызда отыратын инструктор қатал болды. Тежегішті дұрыс баспасаң, аяқтан салып қалатын. Сабақтың соңына қарай денең біразға дейін ауырып жүретін, – деп күледі Оксана.
Отбасы ұзақ уақыт тірнектеп жинаған ақшаға туыстарының көмек ретінде берген қаржыны, жетпегеніне банктен кредит алып қосып, біреудің жүрмей тұрған ескі көлігін сатып алған. Оны жөндету үшін тағы да несие алған.
– Бірде көліктің аккумуляторы отырып қалып, оталмай қойды. Сонда анам "алмай жатып бұзылып қалды" деп қатты жылаған еді, – деп еске алады Дима.
Бірде көліктің аккумуляторы отырып қалып, оталмай қойғанда анам қатты жылады.
Көлікті өзі алғаш айдаған кезде Оксана Владимирді қасына отырғызып, Таразды айналып шыққан, кейін қала сыртында ұзақ жаттығыпты. Машықтанғаннан кейін қызын ауруханаға көлікпен өзі апаратын болған. Оксана көлік айдаған төрт жылдан астам уақыт ішінде өзін полиция екі рет: бір рет жылдамдықты арттырғаны үшін, тағы бірде құжатын тексеру үшін тоқтатқанын айтады.
– Айыппұл салған жоқ. Алғаш үйреніп жүрген кезім еді әрі ерекшелігімді байқаған соң ба, ескерту жасап қоя берді, – дейді ол.
Бірақ кейінгі жарты жылдан бері ескі көлік есік алдында қаңтарылып тұр – тағы бұзылып қалған. Отбасында оны жөндетуге әзірге ақша жоқ. Төленбей қалған несиенің өсімпұлы да көбейіп жатыр дейді Оксана. Ол карантин кезінде несие қарызын төлеуді кейінге қалдыруды сұрап жазған өтінішін банктің қанағаттандырудан бас тартқанын айтады.
"АРМАНЫМ – ПРОГРАММИСТ БОЛУ"
Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы Катеевтер отбасына бөлген әлеуметтік көмекші жұмыс күндері олармен емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы я басқа жерге бірге барады. Бірақ көмекшінің уақыты шектеулі – тәулігіне бірер сағат қана. Дима уақытының көбін әкесі мен анасының жанында өткізеді. Кейде олар аурухана, дәріхана, дүкен я жұмыспен қамту орталығына барғанда қоса еріп жүреді.
– Анамды жақсы түсінемін. Бірақ ол (мүгедектігінен – ред.) өте қатты қысылады, сондықтан сыртқа шыққанда онымен бірге жүрем немесе жанында әлеуметтік көмекші болады, – дейді Дима.
Айтуынша, анасы ұлына үш жасынан бастап қолдың көмегімен ымдап сөйлесуді үйреткен. Диманың сөзінше, Оксана өзге адамның ернінің қимылына қарап отырып та әңгімені түсіне алады, бірақ ол үшін барынша асықпай сөйлеу керек.
Қасында Дима жоқта Оксана телефонды көмекші қылады. Керегін жазып көрсетеді, таныстарымен хабарлама жазысып сөйлеседі немесе видеобайланысқа шығады. Гаджет – мүмкіндігі шектеулі жан үшін таптырмас көмекші.
Бірақ Оксана мектептегі ата-аналар жиналысы мен өзге де түрлі шараға қатысқан емес дейді ұлы. Диманың айтуынша, мектепке ақша жинаған кезде мұғалімдер керегін қағазға жазып жібереді.
– Анам концерт не басқа да шараларға барған емес, – дейді ұлы.
Әкесі Владимирдің бос уақыты көп емес, қолы тигенде теледидардан жаңалықтар қарайды. Бұл жерде де Диманың жәрдемі қажет болады.
Сурдоаудармашылар кейде сөзді тастап кетеді не мағынасын дұрыс аудармайды.
– Сурдоаудармашылар кейде сөзді тастап кетеді не мағынасын дұрыс аудармайды. Сол сәтте әкеме аударып беріп отырамын. Бірақ мен әлі кішкентаймын, ересектер тәрізді емес, көп нәрсені білмеймін. Сөздік қорым аз болғандықтан кей сөзді қалай аудару керегін білмей қаламын, – дейді Дима.
Ұлын тыңдап отырған Оксана қағазға "10%" және "100%" деп жазды.
– Анам сіздер мен біздің білетініміздің айырмашылығы осындай дегенді айтып отыр, – деп түсіндірді Дима.
Отбасы қазір тұрып жатқан ескі үйде анасы мен қарындасымен бірге Владимирдің де үлесі болғандықтан мемлекет оған мүгедек ретінде баспана беруден бас тартқан.
Оксана "жазғы асүйдің құрылысын бітірсек, оны ұлыма достары келгенде ұялмайтындай етіп үлкен, әдемі қылып салсақ" деп армандайды. Шкаф, үстелден бөлек төсек пен теледидар болса дейді.
– Анам әр әйелдің асүйі болуы керек дейді. Шашылып жатқан ауламыздан қатты қысылады, тезірек жаңа асүйге кірсек екен деп тілеп жүр, – дейді ұлы.
Диманың өзі программист болғысы келеді. Өзі кей сабақтан үлгерімі нашарлау екенін мойындайды. "Бірақ информатикадан бес аламын" дейді Дима мақтанышпен.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 680 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Соның 12 пайызы – 18 жасқа дейінгілер.