Тараз тұрғыны Гүлвира Жуызтаева көпқабатты үйдің ауласынан инвтакси көлігінің дабылын естісімен қызы Насихатты тезірек киіндіре бастады. ДЦП-ның ауыр түрімен ауыратын жеті жасар Насихат Мұхамедәлі өздігінен мүлде қозғалмайды. Үнемі арбада отыратын бала өзге адамның көмегін қажетсінеді.
Бұл жолы коррекциялық мектепке аз ғана уақытқа кіріп шығатын болғандықтан Гүлвира арбаны алмай, қызын қолына көтеріп, сыртта күтіп тұрған көлікке барып отырды.
– Қызыма массаж алып, психологтың қабылдауында болу үшін корреляциялық мектепке күнде бару керек. Арасында біраз уақыт демалып, кейінірек қайта барамыз. Өткен сенбіде инватакси болмай, мерекелік шараға жай такси шақырттық. Жеңіл көлік бізге аса ыңғайлы емес. Қызымның арбасын жинастырып, өзін отырғызып, әбден шаршаймын, – дейді төрт жылдан бері инватакси қызметін пайдаланатын Насихаттың анасы.
Инватакси қызметін пайдаланушы көп. Кейде көлік кешігіп келеді. Бара алмай қалатын кездер де болады.
Гүлвира инватаксиді үйге шақырту үшін бір күн бұрын диспетчерге хабарласып, тапсырыс береді.
– Әрине, бұл бізге аса қажет қызмет. Бірақ қалада инватакси қызметін пайдаланушы көп. Кейде көлік кешігіп келеді. Бара алмай қалатын кездер де болады. Ондайда қыздарға (диспетчер – ред.) хабарласып, ренішімізді айтып жатамыз. Олар қолдан келгенше көмек жасайды. Бірақ машина аз, неге оны көбейтпеске? – дейді Гүлвира.
Ресми мәлімет бойынша, Жамбыл облысында 46 мыңнан астам мүгедек тіркелген, оның 4094-і – бірінші топтағы мүгедек. Бірінші топтағы мүгедекке жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмекші мен инватакси қызметі ұсынылады.
"ЖҰМЫС КӨП, КЕСТЕ ТЫҒЫЗ"
Жамбыл облысында бірінші топтағы мүгедектерге инватакси қызметін мемлекеттік сатып алу тендерін бір жыл мерзімге ұтып алған ұйым ұсынады. Облыста тірек-қимыл аппараты зақымданғандар мен зағип жандарға инватакси қызметін екі бөлек ұйым көрсетіп отыр.
"Өмір сапасы" қоғамдық қорының жетекшісі Гүлнұр Қожабергенованың сөзінше, қордың қарауындағы тоғыз автокөліктің алтауы Тараз қаласында жарты мыңға жуық зағипқа инватакси қызметін көрсетіп отыр.
Бұдан бөлек Жамбыл облысы мен Тараз қаласы бойынша инватакси қызметін көрсетумен биыл да тендерді "Шапағат" қоғамдық қоры ұтып алған. Психо-неврологиялық сырқаты бар балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсететін қор 2018 жылдан бастап инватакси қызметімен де айналысады. Қазір қордағы алты автокөлікті Тараздағы алты жүзге жуық тірек-қимылынан айырылған мүгедек инватакси ретінде пайдаланады.
Әкімжан Шалтаев он жылдан бері "Шапағат" қорында инватакси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр.
– Бұрын білмейтін едік, қалада мүгедек көп екенін осы жұмысқа кірген соң көрдім. Әрқайсының мінезі әртүрлі, кейде сіркесі су көтермей қалады. Ептеп түсіндіруге тырысамын, бірақ көбіне үндемей құтыламын. Үндемесең тез басылады. Науқас балалардың ата-анасына да оңай емес, – дейді ол мүгедектерді тасымалдауға арналған көліктің автоматты пандусын түсіріп тұрып.
Орталықтағы алты көлікте сегіз жүргізуші бар, кезектесіп жұмыс істейді.
– Күнделікті шақырту көп түседі, кесте тығыз. Осындай қиындығы болса да, жұмысқа үйреніп қалғанбыз, – деді Әкімжан аз уақыт үзілістен соң кезекті шақыртуға кетер алдында Азаттық тілшісіне.
Мүмкіндігі шектеулі Маржан Болатбекова мен Ақкенже Ахмедова "Шапағат" қорында инватакси қызметінің диспетчері болып істейді. Екеуінің жұмысы таңертеңгі сағат сегізде басталып, кешкі алты-жетіге дейін жалғасады. Таңертеңгі сағат 9-12 аралығында ертеңгі күнге алдын ала түскен тапсырысты қабылдап, тіркеп отырады.
– Адам өте көп, тіпті таңертеңгі сағат 9:00-9:30 аралығында-ақ алты машинаны толтырып тастайды. Кейбіреулер "күнде жүретінімізді білесің, бір аптаға жаза салсаңшы" деп ренжиді. "Инватакси пайдаланатын басқа адамдар да бар ғой" деп түсіндіруге тырысамын. Бірі қатты сөйледі, бірі тіпті айқайлап ұрсады. Қатты айта алмаймын, кейде телефонды қойып, жылап аламын, – дейді Маржан күліп.
Оның сөзінше, мектепте сабақ тоқтағанда, жаз мезгілінде инватаксиге тапсырыс беру сәл саябырсиды. Биыл коронавируске байланысты жарияланған карантин кезінде де тапсырыс азайған. Бірақ инватакси қоғамдық көлік есебінде болғандықтан, жұмысын тоқтатқан емес.
– Алты жүз адамның жүз елуі тұрақты жүреді. Күніне алпыс-жетпіс тапсырыс түседі, одан бөлек жұмыс істейтін мүгедектерді тасымалдаймыз. Кейбір адамдар айына-жылына бір рет звондаймыз, сонда да тауып бере алмайсыңдар деп ренжиді. Негізі оларға шектеу жоқ, күнде барамын десе де өз еркі, бірақ көлік аз. Күнде жүретіндіктен көлік те кейде бұзылып қалады, – дейді Маржан.
"КӨЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ"
"Шапағат" қорының инватакси қызметімен айналысатын бөлімінің жетекшісі Севара Нұрымбетова да бірінші топтағы мүгедек, арбамен қозғалады.
– Былтыр төрт машинаға ғана қаржы алған едік, биыл облыс және қалада алты машинамен жұмыс істейміз. Егер қаржыландыруды ұлғайтса, көлік таба алар едік. Біз алты жүз адамды қамтуымыз керек, оның жетпіс пайызға жуығы – балалар. Бірақ алты машина деген тым аз, – дейді Севара Нұрымбетова.
Инватакси қызметін пайдаланғысы келетін адам қорға жеке құжатын, мүгедектігі туралы анықтаманы өткізіп, бір жылға келісім-шартқа отырады. Оған сәйкес, мүгедек азамат аптаның жұмыс күндері инватакси қызметін пайдаланып, әлеуметтік (жұмыспен қамту басқармасы, әкімдік, т.б.), медициналық (аурухана, корреляциялық мектеп, сауықтыру орталығы), нотариус және өзге мемлекеттік органдарға бара алады. Ал демалыс күндері инвтакси базарға, сауда орындарына апарады. Әр автокөлікке GPS орнатылған, қанша шақырым жүріп, қанша жанар-жағармай жаққаны, жүрген уақыты есептеліп, айына бір рет есеп тапсырып отырады.
"Шапағат" қоғамдық қоры тәрізді 13 ұйымның басын біріктіретін "Жамбыл облысындағы мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағының" төрағасы Руслан Төлегеновтің сөзінше, өңірде 16 инватакси бар, оның алтауы Таразда, өзгесі төрт ауданға қызмет көрсетеді. Оның пікірінше, инватакси қызметін кеңейту үшін кәсіпорынға мемлекеттің қолдауы қажет.
Қазір мүгедек арбасымен қоғамдық көлікке мініп-түскенше өзге жұрттың тағаты таусылып, мазасызданады.
– Бір "Газель" көлігі 9,5 млн теңге тұрады. Жекеменшік ұйымның шамасы келе бермейді, ал мемлекет оны сатып ала алады. Қазір мүгедек арбасымен қоғамдық көлікке мініп-түскенше өзге жұрттың тағаты таусылып, мазасызданады. Тіпті жүргізуші немесе кондуктор түсіп, көмектесуі керек. Ол әрине, уақыт алады, кесте бұзылады. Сондықтан қоғамдық көліктің біреуін инватаксиге айналдырғаны тиімді болар еді, – дейді ол.
Қазақстанда инватакси қызметі алғаш рет 2009 жылы Алматы қаласында пайда болған. 2011 жылға дейін инватакси жеке меншік есебінен жұмыс істеді, кейін мемлекет қолдау көрсете бастады. Жамбыл облысы әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының хабарлауынша, биыл облыста инватакси қызметіне бюджеттен 106,3 млн теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 млн теңгеге артық.
Инновация және индустриалды дамыту министрлігінің Азаттыққа берген ақпаратына сүйенсек, өткен жылы елде 94 ұйымның 339 көлігі мүгедек жандарға инватакси қызметін көрсеткен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазір 697 мыңнан астам мүгедек бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мүгедек жандарға билет орнына бір реттік өтемақы ұсынды