Ауылдағы наразылық үрдісі. Зерттеу қорытындысы шынайы жағдайды көрсете ме?

Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және полицияның цехты қоршауына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір 2021 жыл.

Қазақстан билігі азаматтардың "әлеуметтік жай-күйін" бақылауға миллиондаған қаржы жұмсайды. Кейінгі жылдары ауыл тұрғындарының мемлекеттік саясатқа көзқарасын зерттеу тенденциясының белең алғаны байқалады.

НАРАЗЫ КӨҢІЛ-КҮЙДІ БАҚЫЛАУ

2021 жылы наурызда Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы "облыстағы қоғамдық-саяси жағдайды саралау" үшін әлеуметтік зерттеуге тапсырыс берген. Тендерде "Социум" әлеуметтік зерттеулер орталығы жеңіске жеткен. Келісімшарт құны – 980 мың теңге.

Шенеуніктер зерттеу нәтижесінде:

  • Халықтың әлеуметтік жай-күйінің деңгейін;
  • облыс тұрғындарының қазіргі әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерге көзқарасын;
  • өңірдегі әлеуметтік көңіл-күй мен наразылық әлеуеті тенденцияларын;
  • облыс халқының арасындағы әлеуметтік шиеленіс деңгейін;
  • халықтың наразылық акцияларына (бейбіт жиындар, митингілер, шерулер) қатысудағы белсенділік деңгейін білгісі келген.

Тендер байқауының сипаттамасына сәйкес, сауалнама телефон арқылы жүреді. Тапсырысты орындаушы компания тұрғындарға визуалды бақылаудан кейін хабарласуға құқылы. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқан азаматтардың кем дегенде 40 пайызынан телефон арқылы пікір алу керек. Телефон арқылы бақылау жүргізу мүмкін болмаса (желі бос болмаса, телефон нөмірі қате болып шықса, тұтқаны ешкім көтермесе) респонденттің тұрғылықты мекенжайы тексеріледі.

Ақтөбе облысының әкімдігі 2020 жылы да осыған ұқсас зерттеуге тапсырыс берген. Бірақ тендерде жеңіске жеткен компания карантин шектеулеріне байланысты тапсырыстан бас тартып, зерттеу жүрмей қалған.

Ішкі саясат басқармасының дерегінше, биылғы зерттеу жұмыстары басталып кеткен. "Социум" орталығы сауалнаманы қала ішінде ғана емес, облыс аумағындағы 12 ауданда да жүргізеді.

– Әлеуметтік сауалнама кезінде халықты толғандыратын бес негізгі сұрақ қойылады. Жалпы сауалнамадағы сұрақтардың бірі – наразылық. Бұл сұрақ бұрын да болған. Бұл жерде халықтың наразылық деңгейін анықтаймыз. Одан бөлек, басқа да сұрақтар бар. Мысалы, адамдардың ақпаратты қайдан алатынын білу үшін негізгі ақпарат көздері, халықтың саяси партияларды қаншалық білетіні, жергілікті атқарушы органдарға (әкімдікке), полиция мен прокуратураға деген сенімі туралы. Осының бәрін саралаймыз. Бұл зерттеу әр тоқсан сайын жүргізіледі. Кейін төрт тоқсан қорытындысы бойынша сараптама жасап, "халықтың көңіл-күйі бірінші тоқсанда қалай болды, оларды қандай сұрақтар мазалады, келесі тоқсанда жағдай қалай өзгерді?" деген сұрақтарға жауап іздеуге болады. Осылай өзгерістер тенденциясын бақылаймыз. Әр жолы зерттеуге әртүрлі респонденттер қатысады. Сауалнама анонимді түрде жүргізіледі, – дейді ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов.

Көпенов бақылаудың 60 пайызы облыс орталығы Ақтөбе қаласында, қалған 40 пайызы облыстағы аудандар мен ауылдарда жүргізілетінін айтады.

Жергілікті халық Бестамақ ауылының іргесіндегі шошқа базасын жабуды талап етіп тұр. Алға ауданы, Ақтөбе облысы, 19 қараша 2020 жыл.

Мұндай зерттеулер Қазақстанның басқа өңірлерінде де кездеседі. Мысалы, былтыр күзде Атырау облысының әкімдігі осыған ұқсас әлеуметтік-саяси жағдай туралы мониторинг жүргізуге тапсырыс берген. Тендерде жеңіске жеткен MLGroup компаниясы "өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды анықтап, болжауға бағытталған" әлеуметтік сауалнама өткізген. Әлеуметтік зерттеуге әр тоқсан сайын облыста тұратын (Атырау қаласы мен аудан тұрғындарының санына байланысты) 600 адам қатысуы керек.

Әлеуметтік зерттеу кезінде әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіліп, материалдар негативті және оң материалдарға бөлінген.

Тендердің техникалық сипаттамасына сәйкес, мақсатты топқа студенттер, зейнеткерлер, бизнес саласының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен жұмыссыздар кіруі керек.

Мемлекеттік сатып алуларды шолып шығып, осындай бір мониторингтің өзіне жергілікті бюджеттен 1-5 миллион теңгенің аралығындағы ақша бөлінетінін көруге болады. Бірақ кейде бұдан да көп шығын кетеді. Мысалы, былтыр мамырда Павлодар облысының әкімдігі облыстағы үш қала мен он ауданда тұратын мың адамнан сауалнама алу үшін С.Торайғыров атындағы университетпен 21,1 миллион теңгеге келісімшартқа отырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауыл наразылығы қаланікіне жетіп қалды. Халықтың көңіл-күйі қалай өзгерді?

Солтүстік Қазақстан облысында да облыс орталығы мен 13 аудандағы тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйіне және өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайға зерттеу жүргізілген.

Ауыл тұрғындарының көңіл-күйі мен жай-күйін бақылау облыс орталығындағы әкімдік кабинетінде ғана емес, аудан орталығында да қолға алынған. Биыл қаңтарда Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімдігі "интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жүргізуге бюджеттен бірнеше миллион теңге (3,5 миллион теңге) бөлген.

Мемлекет әлеуметтік сауалнама арқылы халықтың наразылық көңіл-күйінен бөлек, халықтың баспанамен қамтылу деңгейіне, тұрғын үй шарттарының сапасына, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыға қаншалық көңілі толатынын анықтағысы келеді.

БИЛІК АУЫЛҒА НЕГЕ ҚЫЗЫҚТЫ?

"Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы" қоғамдық қорының басшысы Гүлмира Ілеуова Қазақстанда бұрын билікті қолдап, оған адал болып келген ауыл тұрғындары кейінгі 3-4 жылда әлеуметтік-экономикалық жағдайға көңілі толмайтынын көрсете бастады деп есептейді.

– Электоралды тұрғыда өзгерістер бар. "Сайлауда дауыс беремін" деген адамдар саны азайған жоқ. Бірақ "Нұр Отанға" дауыс бермейміз" дейтін адамдар көбейді. 2019 жылғы президент сайлауы кезінде де осындай көрініске куә болдық. Бұрын халықтың сөзсіз қолдауына ие болып келген тұлғаларды жақтаудағы белсенділік төмендеді, билікке табынушылық азайды, – дейді Ілеуова.

Степногорскідегі алаңға жиналып, қалаға жақын маңда қауіпті қалдық жоятын зауыт салуға қарсылық білдіріп тұрған жұрт. Ақмола облысы, 12 маусым 2021 жыл.

Әлеуметтанушы кей ауылда оң өзгеріс байқалғанымен, әлі де көп ауыл-аймақтың жағдайы нашар деп санайды.

– Тұрғындар күтуден шаршады. Олар жағдайды түсініп, наразылық білдіре бастады. Бұл электоралды тұрғыдан көрінді. Ұзақ жылдан бері тіпті, қаланың өзінде кедейлердің жақсы өмір сүруге мүмкіндік таба алмай отырғанын көріп келеміз. Ал медициналық қызмет пен білім беруден бастап, барлық сала бойынша мүмкіндігі шектеулі ауылдарда бұл жағдай мүлде ушығып барады, – дейді Ілеуова.

Сарапшы сондай-ақ мемлекеттік органдарда ауылдың дамуына жауапты құрылым жоғын айтады.

Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдармен, мал және егін шаруашылығымен, ветеринарлық қызметпен айналысады. Әлеуметтік қорғау басқармасы жұмыспен қамтуға және жұмыссыздық мәселесін шешуге жауапты. Денсаулық сақтау, ішкі істер министрлігі өз бағыты бойынша жұмыс істейді, бірақ барлық ауылдық өңірлерді қамтымайды. Мысалы, бірнеше ауыл қарайтын бір ауылдық округте бір ғана учаскелік полиция қызметкері болуы мүмкін. Яғни, ауылға кім жауап беретіні туралы кешенді түсінік жоқ, – дейді Ілеуова.

Билік пен зерттеушілер сауалнама кезінде "әлеуметтік жай-күй" немесе "әлеуметтік шиеленіс" деген сөзді қолданады. Бұл – азаматтардың өзін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалай сезінетінін, айналасында болып жатқан процестерді қалай түсінетінін сипаттайтын қалыпты тіркестер. Әлеуметтанушының айтуынша, наразылық тақырыбы бойынша респонденттерге "Наразылық акциялары өтіп жатқанын көріп жүрсіз бе?" немесе "Наразылыққа не себеп болды?" деген сияқты терең сауалдар қояды. Бірақ сауалнамаға бұл сұрақтарды барлық кезде бірдей қоса бермейді.

ЗЕРТТЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫНА СЕНУГЕ БОЛА МА?

Сарапшылар биліктің ауыл мен аудан орталығында тұратын халықтың наразы көңіл-күйін зерттеуге қызығушылық білдіруін кейінгі жылдары ауылды өңірлердегі наразылық акцияларының көбеюімен байланыстырады. Мысалы, биыл сәуірде Ақтөбе облысы Бестамақ ауылында шошқа фермасында істейтін 70-ке жуық жұмысшы кәсіпорын жұмысын жандандырып, жалақыларын төлеуді талап етіп, аштық жариялады. Дәл осы айда Батыс Қазақстан облысы Покатиловка ауылының тұрғындары елдімекен атауын "Атамекен" деп өзгертуге қарсылық білдірді.

"Тәуекелді бағалау тобының" директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев бұрыннан "оппозиция ауылда емес, ірі қалаларда, негізінен Алматыда жұмыс істейді" деген дәстүрлі түсінік болғанын айтады.

– Билік қазір де "[ауылдарда] наразылық болған күннің өзінде, бұл – жүйелі сипаты жоқ, кездейсоқ туған эмоционалды наразылық" деп ойлайды. Бізде шенеуніктер "халыққа ештеңе жақпайды" деп айтқанды жақсы көреді. Кейінгі 10 жылда өңірлерде наразылық әлеуетінің даму тенденциясы байқалады. Митингілер, ереуілдер, ұлтаралық қақтығыстар сияқты әртүрлі наразылық акцияларын көріп отырмыз. Тұрақсыздық аймағына барлық өңір кіреді. Бұл елдегі мемлекеттік басқару жүйесі тиімсіз екенін, дұрыс жұмыс істемейтінін көрсетеді. Өйткені халықтың әл-ауқаты туралы әдемі көрсеткіштерге қарамастан, барлық өңірде наразылық көңіл-күй артып жатыр, – дейді Сәтпаев.

Бозжыра шатқалына қонақүй салуға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Құрық ауылы, Маңғыстау облысы, 5 ақпан 2021 жыл.

Сарапшының пікірінше, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы оптимистік статистикаға қарамастан, ауыл мен қаланың дамуындағы алшақтық артып келеді.

– Ауылды елдімекендер бұрыннан жұмыссыздық, инфрақұрылымның болмауы, қылмыс және діни радикализм мәселелерімен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлсіз болып келген. Оған қоса, ішкі миграция артып, ауылдан қалаға көшетіндер көбейіп жатыр. Бұл да наразылық көңіл-күйдің өсуіне әсер етеді. Қазір өңірлерді дамыту туралы көбірек айта бастады. Бірақ көп өңірде аймақты адами капитал тұрғысынан дамытуға жеткілікті халық қалмаған. Ал басқа қалаларға, тіпті шет мемлекеттерге кеткен адамдарды қайтару мүмкін емес. Мемлекет ұзақ жылдар бойы өз саясатымен бұл өңірлерді әлеуметтік-экономикалық және адами капитал тұрғысынан жұпыны күйге түсірді, – дейді саясаттанушы.

Сәтпаев халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелері белсенді мониторинг жүргізгеннен азаймайтынын, мемлекеттік құрылымдардың осы мәселелерді шешу үшін қаншалық тиімді жұмыс атқарып отырғаны қадағаланбайтынын айтады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 5 маусым 2019 жыл.

– Әкімдіктер зерттеу бойынша объективті ақпарат береді дегенге кепіл жоқ. Облыс әкімі президент әкімшілігіне өзі басқарып отырған өңірде наразылық көңіл-күй артып келе жатқанын хабарласа, Ақорданың басшыға "Сен не істедің? Қайда қарап отырсың?" деген сұрақ қоятыны белгілі. Өңірдегі шынайы көрініс биліктің беделіне кері әсер етуі мүмкін. Яғни, билік Қазақстан қоғамына "елде бәрі жақсы, тұрақты" деген жалған ақпарат береді, ал өзі белгілі бір зерттеулер арқылы өңірдегі наразылық әрекеттердің алдын-алып, басып-жаншуға қажетті деректер алып отырады. Мен биліктің бұл деректерді жариялағанын көрген емеспін, – дейді Сәтпаев.

Азаттық тілшісі де ашық дереккөздерден облыстық әкімдіктердің тапсырысымен бюджет қаржысына дайындалған халықтың наразылық көңіл-күйі туралы әлеуметтік зерттеулердің қорытындысын іздеп, таба алмады.

– Көп мәселенің бірі – ашықтық. Әрқашан зерттеу нәтижесін жариялау керек дегенді қолдаймын. Бәрін емес, бірақ кей зерттеуді қалай болса солай дайындайды, оған бюджет қаржысы жұмсалады, ал кейін [нәтижесін] халықтан жасырады. Зерттеуді неге жүргізгендерін, қандай нәтиже шыққанын, бұл деректердің қайда іске жарайтынын ешкім білмейді. Зерттеу [нәтижесін] неге жасыратындарын білмеймін, бірақ екі нұсқа бар. Біріншісі: зерттеу дұрыс жүргізіледі, бірақ нәтижесі билікке ұнамайды. Екіншісі: зерттеу нашар жүргізіледі, сондықтан билік мұны жасырып қалуға тырысады. Жалпы алғанда, мұндай жұмыс түрлерімен әкімдік айналысатын кезде әкімнің жетістіктерін, көңіл-күйін бұзбау үшін деректерді қолдан жасау ықтималдылығы жоғары. Нәтижесінде бір жерден қолдан жасалған дүние шығуы мүмкін, – дейді Ілеуова.

Әлеуметтік зерттеуге тапсырыс берушілердің айтуынша, тұрғындар зерттеу қорытындысымен таныса алады. Бірақ қазір емес.

– Зерттеу нәтижесін сәйкес органдарға – прокуратураға, жемқорлыққа қарсы қызметке өткіземіз. Президент әкімшілігі мен премьер-министрдің кеңсесіне де жібереміз. Кейін зерттеу нәтижесіне байланысты қай жерде нені күшейту керегі жөнінде тапсырма беріледі. Соңында зерттеу жүргізген компания брифинг өткізуі керек. Зерттеу нәтижесін біздің басқарманың сайтынан көруге болады, жыл соңында жариялаймыз, – деді Айбек Көпенов.

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының сайтынан пандемияға дейін жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы табылмады. Басқарма басшысы мұны "бұрынғы зерттеулер жарияланған жоқ" деп түсіндірді.

– Олар бізде (басқармада), бірақ интернет-ресурстарға жариялаған жоқпыз. Бұл қазір өзекті емес деп ойлаймын. Бірақ биыл жыл соңында зерттеу қорытындысын беруге болады, – деді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Биліктің "ұртоқпағына" айналған 405-бап