2018 жылы көктемде ақпарат және коммуникация министрлігі отандық заңды "жетілдіру" мақсатында БАҚ саласындағы шетелдік тәжірибені зерттеу туралы шешім қабылдап, тендер жариялаған.
Зерттеуге тапсырысты заңгер Тимур Ержанов бастаған топ ұтып алды. Бұл жұмысқа 13 миллион теңге бөлінді (сол кездегі бағаммен есептегенде 34 мың доллардан асады). Топ әзірлеген есеп баспасөз құқығын қорғаушылардың алаңдаушылығын туғызды. Биыл қаңтарда Алматыдағы "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымы министрлікке бірнеше рет қолқа салғаннан кейін есептің мәтінін қолға түсіргенін айтты. Контентті зерттеп шыққандар қызықты жайттарды анықтаған.
"ҰМЫТУ ҚҰҚЫҒЫ" ЖӘНЕ "ВИКИПЕДИЯДАН" АЛЫНҒАН АБЗАЦТАР
"Әділ сөз" ұйымының өтініші бойынша қазақстандық белгілі журналист, былтыр сот шешімімен жабылған Ratel.kz сайтының авторы Вадим Борейко Тимур Ержановтың командасы әзірлеген есепті талдап шықты.
"Талдау жұмысы зерттеуге ұласып", журналист Facebook-тегі парақшасында оған жеті мақала арнады.
- Зерттеуге айналған талдау жұмысы барысында Тимур Ержанов жазған 170 беттік есептің бес абзацы "Википедиядан" көшірілгенін анықтадым. "Антиплагиат" бағдарламасының көмегімен мәтінді тексерген кезде есепте интернет-ресурстардан, мерзімді басылымдар мен кемінде бір кітаптан цитаталар алынғанын, олардың тырнақшасыз, сілтеме жасалмай пайдаланылғанын байқадым, - дейді Борейко.
Вадим Борейко Тимур Ержанов басқарған ғылыми топтың жұмысын тексерген кезде екі негізгі "жанды" мәселені аңғарғанын айтады. Олар - "ұмыту құқығы" және "жариялауға алдын ала тыйым салу" жайлы ұсынылған нормалар.
Бірінші норма бойынша, жарияланған материалда аты-жөні аталған азамат БАҚ-тан өзі туралы ақпаратты алып тастауды немесе өзгертуді талап ете алады (Борейконың айтуынша, Ержановтың жұмысындағы "ұмыту құқығы" жайлы бес абзац "Википедиядағы" мәтінді сөзбе-сөз қайталайды).
Екінші норма – жарияланатын дүниенің адамның жеке өміріне қол сұғылмау құқығын бұзбайтынына көз жеткізгенге дейін оны жариялауға соттың қысқа мерзімді тыйым салуы туралы алдын ала өтініш беру мүмкіндігі. Вадим Борейконың пікірінше, зерттеуге тапсырыс беруші ең алдымен осы екі түзетуді мақсат еткен. Олар БАҚ туралы жаңа заң жобасына енгізіліп, қабылданса Қазақстанда журналист мамандығы толықтай мәнін жояды дейді ол.
"Әділ сөз" ұйымы да осыдан қауіптенеді. Ұйым заңгері Тамара Симахина биыл қаңтарда Азаттыққа баяндағандай, Ержанов тобы жүргізген зерттеу (арасында БАҚ саласында мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген заңгер мен баспасөз құқығын қорғаушы жоқ топ бес заңгер мен филологтан құралған) қазақстандық БАҚ-тың ақпарат алуын шектеуі мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжірибені зерттеу және заңгерлер қаупі"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова да өзге елдер заңдарындағы жекелеген тармақтарды әкеп тықпалау журналистердің пайдасына шешіледі дегенге күмәнданады.
- Халықаралық тәжірибеге сілтеп, еуропалық сот мойындаған ұмыту құқығын енгізейік дегендерін түсінемін. Ұмыту құқығы – жақсы құқық, оны егер адам өмірінде жасаған қателігінен арылғысы келсе қолдануға болады. Бірақ [Қазақстанда] оны басқаша қолдана ма деп қорқамыз. Қандай да бір заңсыз іске араласқан шенеуніктер мен олардың туыстары оны жадыдан шығару үшін ұмыту құқығын өз мақсаттарына пайдалануға тырысуы ықтимал, - дейді Гүлмира Біржанова.
Ал Тимур Ержанов басқаша пікірде. Ол қазақстандық заңнаманы жетілдіру жайлы әр ұсынысты қорғап, елдегі адам құқығын сақтауға қажет екенін дәлелдеуге әзірмін дейді. Командаңызда журналистер неге жоқ деген сауалға Ержанов министрлік жариялаған байқаудың техникалық талабында "зерттеу тобы мүшелерінің ғылыми-зерттеу жұмысынан тәжірибесі болуы керек" деп жазылғанын айтады.
- Министрлік бұл саламен айналысып жүрген заңгерлермен көп рет кездескендіктен олардың пікірін бұрыннан біледі деп ойлаймын. Сондықтан министрлікке ғалымдар пікірі қызықты болды. Журналистер БАҚ туралы жаңа жаңа заңмен тек өзіміз айналысуымыз керек деп ойлайтын сияқты. Бірақ кем дегенге үш тарап бар ғой: азаматтық қоғам, мемлекет және БАҚ. Олардың мүддесі сай келмеуі мүмкін. Кәсіби маман ретінде журналистердің пікірін қызыға тыңдадым, олар заң туралы, өздерін толғандыратын мәселелер жайлы айтты, бірақ мен олардың айтқанына көніп, айдауына жүрмеймін, пікірлеріне сынмен қараймын, - дейді Ержанов.
Оның айтуынша, сын айтушылар тұтас зерттеуден тек екі сөйлемді – заңға ұмыту құқығын және жарияланымға соттың уақытша тыйым салуы туралы алдын ала өтініш беру мүмкіндігін енгізу ұсынысы айтылған бөліктерді ойып алған. Ержановтың пікірінше, ғылыми жұмыстың ауқымды бөлігі журналистер құқығын қорғауға арналған.
- Зерттеу жұмысының мәні ретінде тек осы екі мәселені ғана айтады. "Бұл зерттеу қазақстандық заңға осы екі норманы енгізу үшін жасалған" деп бірнеше адам айтты. Мүлде олай емес! Маған ешкім нұсқау беріп, құнды кеңес айтқан жоқ, - дейді Тимур Ержанов.
ЕСКІ ТАНЫСҚА "ЕШ ЕСКЕРТУ ЖОҚ"
Журналист Вадим Борейко Тимур Ержановтың тобы қатысқан тендерде олармен бәсекеге БАҚ-ты реттеуге мүлде қатысы жоқ, "архитектура, инженерлік ізденістер, техникалық сынақ және талдау" жасаумен айналысатын "Пальмира-Север" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана түспекші болғанын анықтады. Бұл серіктестіктің байқауға қатысу туралы өтініші қабылданбаған.
"Демек, Ержанов бәсекелессіз жеңіске жеткен" дейді Борейко. Тақырыпқа одан ары тереңдей келе, әлгі тендерді ұтып алған заңгер министр Абаевтың ескі танысы екенін анықтаған.
- Facebook-тен министр Дәурен Абаев пен Тимур Ержановтың екі суретін көрдім, олардың жақын араласатыны байқалып тұр. Мамандандырылған интернет-сервистің көмегімен суреттің шынайы екенін анықтадық, - дейді Борейко.
Журналист "Құшақтасып сыра ішу тендерге себеп бола алмайды" деген мақала жазып, оның қасына Абаев пен Ержановтың бірге түскен суретін жариялады.
Бірнеше күннен кейін Дәурен Абаев Facebook-тегі парағында жауап жазып, Тимур Ержановты 20 жылдан астам уақыттан бері танитынын, бірақ оның тендер алғанын "жақында ғана білгенін" айтты.
"Ол [Ержанов] байқауға жалпы негізге сай қатысты. Іріктеу процедурасы ашық режимде өтті. Процедура мен ықтимал жабдықтаушыларға тексеруші мекемелер де, қатысушылар да ескерту жасаған жоқ" деп жазды министр.
Заңгер Тимур Ержанов БАҚ саласындағы заңнмаларды зерттеу жөніндегі тендерді ұтуына министрмен таныстығының әсері болмағанын айтады.
- Егер ол [Вадим Борейко] сыбайлас жемқорлық белгілері бар деп ойласа, құқық қорғау мекемелеріне берсін. Иә, министр Абаев екеуміз бұрыннан жолдаспыз, КВН командасында бірге ойнадық, 20 жылдан астам уақыт таныспыз. Бірақ байқауда жеңіске жетуге оның еш қатысы жоқ. Борейко ойлағандай тендерді аяқ астынан (министрдің ескі досы болғандықтан) ұтып алған жоқпын. Шындығында БҒМ (білім және ғылым министрлігі. - Азаттық) қаржыландыратын байқауда осымен үшінші рет жеңіп тұрмын, үшеуінде де интернет, әлеуметтік желілер және интернеттегі құқық бұзушылықпен күрес тақырыбы бойынша ұтып алдым. Ол маған жақын тақырып, ғылыми қызығушылық танытатын салам, сондықтан заңды түрде ұтып алдым, бәрі әділетті болды, - дейді заңгер Ержанов.
Қазақстандық заңгер және адвокат, Transparency Kazakhstan ұйымының бұрынғы атқарушы директоры Сергей Злотниковтың пікірінше, министрлік тендерін сол мекемені басқаратын адамның танысы ұтып алатын жағдай Қазақстанда ғана кездеседі.
- Қарап отырсаң бізде мүдде қақтығысы көп екенін көресің, себебі біреулер бірге оқыған, біреудің танысына үйленген болып шығады. Өкінішке қарай, оны ешкім бақыламайды. Ал еуропалық заңнама тұрғысынан алсақ, мұндай зерттеудің соңы дауға ұласып, олай емес екенін сотта дәлелдей алмаған министр қызметінен кетер еді, - дейді Злотников.
Осы аптада Қазақстанда ақпарат және коммуникация министрлігін таратты. Министрліктің БАҚ өкілдерін іс-шараларға кіргізу тәртібін қатайту туралы бастамасына алаңдап жүрген журналистер оған таңданып қалды (Дәурен Абаев ұсынылған түзетуді қатайту емес, "жүйеге салу" деп атады).
Министрлік тарағанымен мұның алдында Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен президент әкімшілігінде де жұмыс істеген 39 жастағы Дәурен Абаев жұмыссыз қалмады. Ол қайтадан құрылған атқарушы билік органы - ақпарат және қоғамдық даму министрлігі басшылығына тағайындалды.