2001 жылы Алматының "Алма-Арасан" шатқалына қарай көтерілетін жолдың оң қапталындағы 61 гектар жерге саябақ ашу туралы шешім қабылданды. Жаңа саябақ әуелі "21 ғасыр" деп аталуы керек еді. Бірақ ол идея жүзеге аспады. Ол жер қазір "Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің саябағы" деп аталады.
Назарбаевтың құрметіне ашылған кең саябақ ішінде осылайша оның ескерткіші бой көтерді. Бірақ саябақтың ашылуы оның шекарасы біткен тұстан басталатын 135 гектар жердің экс-президенттің отбасы мүшелері мен оған жақын адамдардың меншігіне өтіп кеткенін жасырып қалғандай.
ҮШ ҚЫЗДЫҢ МҮЛКІ
Ең бірінші жер телімі мен ондағы сарайлар – Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның меншігінде. Аумағы – 74 149 шаршы метр, яғни, 7,5 гектарға жуық. Бұл жер – "Жайлау" гольф-клубы мен Қазақстан президенті іс басқармасына қарайтын "Оқжетпес" санаторийі аумағымен шектесіп жатыр.
Симметриялы орналасқан екі үйдің бірі шағындау, екіншісі одан үлкен. Ал ортадағысы – ең ірісі, әрі екі қабатты. Сарайлардың арасын жолдар жалғайды. Соған қарап мұның бір отбасының мүлкі екенін байқау қиын емес. Google Earth мәліметтеріне сәйкес, бұл коттедждер аумақта бұрыннан тұрған екі шағын үйдің орнына салынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайларыҮй мен жер Динара Құлыбаеваға қарағандықтан, оның күйеуі Тимур Құлыбаев та осы мекенжайға тіркелген. Мәселен, нысанның мекенжайы – "Жайлау" ықшамауданы, 1-үй деп көрсетілген. Тимур Құлыбаевтың аты аталатын ресми құжатта дәл осы мекенжай жазылған. Бірақ "2gis", "Яндекс карта" мобильді қосымшалары бұл мекенжайларды көрсетпейді.
Forbes журналының дерегі бойынша, экс-президенттің қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев Қазақстандағы ең ауқатты адамдардың алғашқы төрттігіне кіреді. Олар бақылайтын компаниялар ондап саналады. Екеуінің байлығын қосып есептегенде елдегі ең бай отбасы болып шығады.
Келесі жер – "Жайлау" ықшамауданы, 2-үй. 2,8 гектар жер президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева мен күйеу баласы Димаш Досановтың меншігінде. Бұл жер қазір қараусыз тұр. Учаскеде бұрын қызыл шатырлы үй тұрған. Оны 2019 жылы бұзып тастаған. Әзірге орнына ештеңе салмаған.
Динара мен Әлияның көршісі – келесі жердің иесі кім болуы мүмкін? Бұл, әрине риторикалық сауал. Әлияның учаскесінің екі қапталын қоршап тұрған төрт жер телімі Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеванікі. Нақтырақ айтсақ, төрт учаскенің үшеуі нақты өзінің атына тіркелген. Үш жер телімінің аумағы алты жарым гектарға жуықтайды. Оның бірінде сұр шатырлы коттедж тұр. Үй ертеректе салынған.
Екінші жерде зәулім сарай салынып жатыр. Оның құрылысы 2018 жылы басталған. Аумағы шамамен 2350 шаршы метр. Ғимараттың әрлеу, безендіру жұмыстары ғана қалған. Сарайдың ішкі жұмыстары аяқталған ба, бізге ол жағы белгісіз.
Ал үй салуға арналған, бірақ әзірге ештеңе салынбаған 2,4 гектарға жуық жер DLS group деген компанияға қарайды. Бірнеше жыл бұрынғы деректе Дариға Назарбаева осы компанияның жалғыз құрылтайшысы болған. Сергей Рычков деген адам қазір де директор болып отыр, демек, компания құрылтайшысы да ауыспауы әбден мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пандора құжаттары: Назарбаевтың "тоқалы" офшордан 30 млн доллар тапқан
НАЗАРБАЕВТЫҢ ЗӘУЛІМ ҮЙІ
Әлия, Динара, Дариға Назарбаевлардың жерлерімен шекаралас тұрған келесі телімнің аумағы 13 гектарға жуықтайды. Жер кадастары жүйесінде оның жартысы ғана көрсетілген. Бұл аумақ Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың меншігінде. Үйдің айналасы қалың ағаш. Жасанды көлшігі, теннис корты бар.
Бұл үйде ертеректе Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев, кейін оның орнын алмастырған Геннадий Колбин тұрған деген дерек бар. Үкімет балансындағы үйге 1989 жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшылығына тағайындалған Нұрсұлтан Назарбаев кіреді. Бірнеше жылдан кейін белгісіз жолмен оның меншігіне өткен. Бұл үй Алматының 1988 жылғы картасына да түскен.
Бұл үйдің оңтүстік жағында тағы бір зәулім сарай тұр. Бір қабатты сарайдың аумағы атшаптырым. Құрылысы 2016 жылдың жазында басталып, 2018 жылы аяқталған. Мұндағы 8,5 гектар жер мен үй "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция" деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарайды. Ал дирекцияның құрылтайшысы – "Елбасы қоры". "Елбасы қорының" иесі – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл дирекцияның заңды мекенжайы Нұр-Сұлтандағы "Нұр Отан" партиясының бас ғимаратында тіркелген.
Назарбаев сарайының су жаңа екені бірден байқалады. Жасанды көлшік бар. Көлшіктің жанында ағаштан салынған үй тұр. Бір-біріне жапсарлас үйлердің қасында тікұшақ қонатын шағын екі алаң бар.
"АЛМАЛЫ" КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?
Назарбаев әулетінің салтанатты сарайлары мен жерлерімен шекаралас және кейбірін қоршап жатқан өзге жерге "Алмалы" корпорациясы иелік етеді. Бірнеше жер телімінің жалпы көлемі 85 гектарға жуықтайды. Жер учаскелерінің бірін Citic orchards cooperation деген компания жалға алып отыр. Оның артында Сингапурда тіркелген "CITIC AGRICULTURE PTE" және қазақстандық "Agriland" деген компания тұр. "Agriland" құрылтайшылары – экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың бизнестегі үш әріптесі мен өзі иелік ететін компания.
Корпорацияның артында кім тұр деген сауалға жауап беру үшін 1998 жылғы 31 тамыздағы үкімет қаулысына жүгінелік. Оған сәйкес, президент пен үкіметтің шаруашылық басқармасы "Шаруашылық басқармасы" ("ХОЗУ") жабық акционерлік қоғамы болып құрылды.
Алматыдағы көп ғимарат, нысан, мейрамхана, қонақ үй, балабақша осы акционерлік қоғамның балансына өтті. Оның ішінде әйгілі "Алатау" совхозы да бар еді. Әуелде 100 пайыз активі мемлекет меншігінде болған акционерлік қоғам кейін "ХОЗУ корпорациясы" деп аталатын жеке компанияға айналды. Осылайша ондаған гектар жер, бірнеше жылжымайтын мүлік жекешеленді. Корпорацияны Назарбаевтың 1985 жылдан бастап көмекшісі болған Владимир Ни басқарды. Ни қайтыс болған 2010 жылдан соң компания атауы "Алмалы корпорациясы" деп өзгерді.
Корпорация қазір де бірнеше мекемені басқарады. Өзі де мемлекеттік сатып алуға қатысады. Мысалы, 2021 жылы Қазақстан президенті әкімшілігі, Елбасы кеңсесі, Алматы әкімдігі сияқты мемлекеттік мекемелер өткізген тендерлерден 77 миллион теңгеге тапсырыс алған. Төлеген салық мөлшері арқылы есептегенде жылдық табысы 16 миллиард теңгедей.
"Алмалы" корпорациясын "Наурыз" корпорациясы арқылы басқаратын екі құрылтайшының бірі Голландияда тіркелген NOORD HOLLAND TRADING COMPANY B.V. деген офшор компания.
"Алмалы" корпорациясының екінші құрылтайшысы - "VERTEX HOLDING" компаниясы. Ол "Қазақмыс" корпорациясы директорлар кеңесінің мүшесі, миллиардер Владимир Жұманбаевқа қарайды. Ал Владимир Ни дүниеден өткенге дейін "Қазақмыстың" директорлар кеңесінің төрағасы болған еді.
"Алмалы" корпорациясының артында түрлі компаниялар, түрлі фамилиялар тұрғанымен, тізбектің соңы бәрібір Назарбаевтың төңірегіне апарады.
"Алмалы" корпорациясына қарасты жердің шетінде 3 гектар аумақ бөлінген. Оны 2021 жылы Қорлан Шәріпбаева деген адам сатып алған. Қорлан Дариға Назарбаеваның "күйеуі" делінетін Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Әзірге бұл жерге ешқандай құрылыс салынбаған.
ЖАҢА РЕЗИДЕНЦИЯ ҚҰРЫЛЫСЫ
"Алмалы" корпорациясына қарайтын аумақтың Дулати көшесіне жақын тұсында тағы бір жер телімі бөлінген. Оның көлемі де 3 гектар. Қоршау ішінде құрылыс жүріп жатыр. Сыртында құрылыстың паспорты ілінбеген. Заңға сәйкес, жеке тұрғын үй салғанда оны ілмеуге болады. Бірақ бұл жерде резиденция салынып жатыр.
Бұл жер телімі 2019 жылы сот шешімімен Алматы қаласы әкімінің аппаратына өткен. Әкімдіктен жерді 2023 жылдың аяғына дейін Қазақстан президентінің іс басқармасы жалға алған. Демек, пайдалану құқығы президенттің іс басқармасында болғандықтан, құрылысқа тапсырыс берушіні анықтау аса қиынға соқпайды. Азаттық тілшісі қоршау ішіне кірді. Есімін атамай, құрылыс алаңының жетекшісімін деген азамат резиденцияны "B&A Condractors" деген швейцариялық компания салып жатқанын айтты. Құрылыс шығыны қанша, кім тапсырыс берді деген сауалдарға жауап бергісі келмеді.
"B&A Condractors" "Mabetex Group" компаниялар тобына кіреді. Mabetex астанадағы "Ақорда", парламент үйі, әуежай, опера және балет театры, тағы бірқатар ғимаратты салған, негізінен мемлекеттік тапсырысты орындайтын компания.
Резиденция бойынша ресми сауалға Алматы әкімдігі мен оның жауапты басқармалары "құрылыс туралы ақпарат жоқ" деп жауап берді. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс басқармасы бұл жерде "мемлекеттік мұқтаждықтарға арналған жоба іске асып жатыр" деп хат жолдады.
ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫНЫҢ "ӘЙЕЛІНІҢ" САРАЙЫ
Жоғарыда айтқан жерлердің ұзындығы Президент саябағынан бастап 2 километр. Дулати көшесімен Алма Арасан шатқалына қарай көтерілгенде осынша қашықтық жүрген кезде оңға қарай бұрылатын алғашқы көше шығады. Назарбаев әулетінің адамдары бұл көшенің жоғарғы жағынан да жер иеленіп, зәулім сарай салған. Ал аумақ биік қабырғамен қоршалған.
Қоршау ішіндегі аумақта 5 ірі коттедж, 1 бір қабатты үй және 1 зәулім сарай орналасқан. Бұдан бөлек үй салуға лайықталған 15 жер телімі дайын тұр. Соның біреуінде күннің суығына қарамастан құрылыс қызу жүріп жатыр. Іргетас құюға дайындалған жерге қарасақ, жаңадан салынатын үй де шағын болмайды. Әр учаске кадастр жүйесінде жеке-жеке тіркелгенімен, аумақтың иесі бір адам екені байқалады. Қоршау ішіндегі 25 жер телімінің бәрін қосқандағы жалпы көлемі 12,5 гектар.
Ортадағы зәулім сарайдың жөні бөлек. Еңселі, үш бөліктен тұрады. Орта тұсы екі қабатты. Аумағы үлкен. Мобильді қосымша арқылы есептеcек, үйдің ұзындығы – 90 метр, ені – 20 метр. Сонда бірінші қабаттың ғана аумағы екі мың шаршы метрге жуықтайды. Екінші қабатпен қосқанда 2500 шаршы метр шамасында. Сырттан келген көліктің төмен қарай түсетін жолы бар. Демек, оған жертөленің белгісіз көлемін қосыңыз.
Сарайдың айналасы мінсіз безендірілген. Аулаға ақшаңқан киіз үй тігілген. Балалар ойнайтын жер мен спорт алаңы, тікұшақ ұшып-қонатын алаң жасалған.
Зәулім сарай айналасындағы учаскелердің арасында шарбақ, қоршау жоқ. Көлемі әртүрлі 5 коттедж бен 1 бір қабатты үйді ағаштан салған. Бұлардан бөлек бірнеше көлік сиятын екі ірі гараж, қызметкерлер үйі, қойма сияқты шағын нысандар бар.
Дәл осы 12,5 гектар аумақта бұрын сүт фермасы болған. Оны Алматының ескі карталарынан көруге болады. Ферманың қоралары 2012 жылға қарай күреліп, зәулім сарайдың құрылысы басталған.
Бұл салтанаты жарасқан сарайлардың иесі – Әсел Бақтиярқызы деген адам. Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының "әйелі". Үш баласының анасы. Әсел Бақтиярқызының есімі Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар компаниялардың құрылтайшысы ретінде де жиі аталады.
Қайрат Сатыбалды да – Қазақстандағы аса бай адамдардың бірі. "Форбс" 2018 жылы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған. Бірақ одан кейін елдегі ең бай елу адамның тізіміне Сатыбалды кірмеді. Ол 2018 жылы "Каспи банктегі" акциясын ресми түрде сатқаны белгілі. Алайда Сатыбалдының атына Люксембург офшорына тіркелген Skyline Investment Company S.A. деп аталатын компанияның 2018 жылғы жалпы активі 266 миллион доллар болған. Оған дейін Сатыбалды осы компания арқылы "Қазақтелеком" компаниясының 24 пайызын сатып алған.
Азаттық материал кейіпкері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және оның отбасы мүшелеріне мүліктерді қандай жолмен иеленгенін сұрап, бұған қоса түрлі мекемелерге де хат жолдады. Материал жарияланғанға дейін жауап келмеді.
Азаттық жариялаған сарайлардың көпшілігін Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметі қорғайды. Себебі Назарбаевтың жеке басына арнап шығарылған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" конституциялық заңда оның отбасы мүшелеріне күзет берілетіні жазылған.
Осы заңның 7-бабында тұңғыш президент өкілетін тоқтатқанда қызмет пәтері мен мемлекеттік саяжай меншігіне берілетіні жазылған. Дегенмен біз айтқан үйлерді, жерлерді Назарбаев пен туыстары ол президенттіктен кетпей тұрып-ақ иеленіп, меншігіне өткізіп алған. Әрі бұл Алматының бар болғаны бір ауданындағы жерлері мен жылжымайтын мүліктері.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетін түгендесек